Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Адам және ғалам > Харижилардың тәубаға келуі

Харижилардың тәубаға келуі

2021-09-07 215

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) күнәсін бетке басу арқылы игі мұсылман баласынан ешкімді де кәпірге баламайтын. Алайда ол ғұмыр кешкен кезеңде ел ішінен шыққан харижилар тобы бүйректен сирақ шығарып, пендешілікпен үлкен күнәға бой алдырып қойған пенделерді бірден кәпірге теліп шыға келетін. Әбу Ханифаны жақсы танитын олар оның үнін өшіру мақсатында жетпістей кісімен жиналып келіп, қылыштарын жалаңдата былай деді:
– Ей, Әбу Ханифа! Ей, бұл үмбеттің дұшпаны мен шайтаны! Сені өлтіру біз үшін жетпіс жыл жиһад жасағаннан да артығырақ болып тұр.
Әбу Ханифа оларға:
– Қылыштарыңды жалаңдатып жүректі ұшыра бермей қындарыңа салып қойыңдар, – деді.
Харижилер:
– Осы қылышпен сенің қаныңды судай шашқымыз келіп тұр! – десті.
Барған сайын өршелене екіленіп бара жатқан оларға Әбу Ханифа:
– Кіжіне бермей сұрақтарың болса қойыңдар,– деп мәселенің тігісін басқаша жатқызбақ болды. Олар да бұл ұсынысқа келіскендіктерін білдіріп көкейлерінде жүрген даулы сұрақтарын қоя бастады:
– Мешіттің алдында екі жаназа. Біреуі араққа сылқия тойып, сол араққа тұншығып өлген ер адам, екіншісі ойнас жасап, аяғы ауырлағанын сезген кезде өз-өзіне қол жұмсаған әйел. Бұларға қандай үкім берер едің?– деп сұрайды.
Имам ағзам:
– Олар қай діннің өкілдері: христиан, еврей әлде мәжуси (отқа табынушы) ма? – деп сұрайды.
Харижилар:
– Олар «Алла бір, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі» деп сенген мұсылмандар, – деп жауап қатты.
Бұны естігенде Имам ағзам олардан:
– Кәлима-шәһадат иманның қанша бөлігін құрайды деп ойлайсыңдар? – деп өздеріне қайтара сұрақ қойды.
Олар бірауыздан:
– Иман біртұтас дүние болғандықтан оны бөле-жаруға келмейді, – деп жауап берді.
Имам ағзам оларға:
– Ендеше, бұлардың мұсылман екендіктерін өздерің де мойындап тұрған жоқсыңдар ма, – дегеннен кейін Харижилардың «Бұлар жұмақтық па әлде тозақтық па?» деген сұрағына:
– Ол турасында мен сіздерге әзірет Исаның одан да зор күнә істеген кейбіреулерге айтқан мына бір сөзін айтайын: «(Раббым!) егер оларды азаптар болсаң күмәнсіз олар сенің өз құлдарың емес пе?! Ал оларға кешіріммен қарасаң, онда әрине, сен өте Жомарт әрі хикмет Иесісің» («Мәида» сүресі, 118).
Имам Әбу Ханифаның бұл жауабы Харижиларға ой салып қана қоймай, олардың тәубаға келуіне жол ашты. Өздеріндегі сенімнің қате тұстарын аңғарған олар ендігі жерде түзу жолдан таймауға іштей уәде берісті...



Оқи отырыңыз