Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Адам және ғалам > Баянсыз байлық

Баянсыз байлық

2021-09-02 62

Ел билеген халифа Харун Рашит пен ел арасында даналығы әрі діндарлығымен танымал Шақиқи Белхи әңгімелесіп отырса керек. Бір уақытта әзірет былай деп сұрақ қойыпты:
– Ей, Халифа! Өзіңді ұшы қиыры жоқ бір шөлде жолсыз-жөнсіз адасып кеттім деп ойла. Шөл қысып өліп бара жатқан жайың бар. Сол кезде саған біреу келіп бір тостаған суық су сатпақ болса, қанша ақша берер едің?
Халифа күліп:
– Қанша қаласа да берер едім, – депті.
– Ал сол бір жұтым су үшін ол сенің байлығыңның тең жартысын сұраса берер ме едің?
– Берер едім..
Шақиқи «Расын айттың» депті де сөзін жалғастырыпты:
– Ей, Халифа! Байлығыңның жартысын беріп жаңағы суды іштің, сөйттің де біраз уақыт жан шақырып өмір сүрдің дейік. Сәлден кейін-ақ ол суды сыртқа шығаруың керек болды. Бірақ сен қанша күш салғаныңмен зәр сындыра алмай қатты қиналып өлетін жағдайға жеттің дейік. Дәл сол кезде алдыңнан біреу шыға келіп «Мен сені бұл дерттен емдеп жазамын, ол үшін сен маған байлығыңның қалған жартысын бер» десе, не істер едің?
Халифа ойланбастан:
– Әрине, разы болып беруден басқа амалым қалмас еді, – депті.
Дәл осы сәтті күткендей Шақиқи Бәлхи сол кезде:
– Олай болса, уа, барша иесі мұсылман қауымының басшысы! – депті оған өмірлік ғибратты сабақ ұқтырмақ болып, – алдымен ішіп, артынша зәр ғып сыртқа шығарған бір жұтым су құрлы құны жоқ байлығыңа сеніп ешқашан астамсып дандайсыма! Дүние-мүлкіңді айтып ешкімге де мақтанба!
Иә, өзімен бірге көрге ала кетпейтін байлыққа адам ешқашан сенбегені жөн. Тырбаңдап өмір бойы жинаған дүние-мүлкінен әп-сәтте-ақ айрылып қалуы ғажап емес. Жердің бір сілкінгені-ақ небір елді мекенді жермен-жексен етіп, топыраққа көміп тастап жатқан жоқ па?!



Оқи отырыңыз