http://akikat.kz
Әмауилік халифа Омар ибн Абдулазиз ел басқарған тұста әділдік пен кісі ақысын жемеу мәселесіне аса бір үлкен жауапкершілікпен қараған. Түндік жұмыстарына екі бөлек май шам пайдаланатын. Біреуі – мемлекеттік іс-қағаздарға, екіншісі – өз жұмыстарына жарайтын. Өзі мемлекет басшысы бола тұра бір-ақ көйлекті қанағат тұтты. Өйткені дүниелік байлық – ол үшін қолдың кірі еді.
Бірде жақындарының бірі Омар ибн Абдулазизға бір алма беріп жіберді. Алмасын қолға алып жай ғана бір иіскегеннен кейін Омар ибн Абдулазиз оны өзіне қайтарып берді. Сөйтті де алма әкелген адамға:
– Беріп жіберген кісіге алмасын ала алмағанымды айтарсың, – деді.
Таңырқаған әлгі кісі:
– Бұл қалай? Пайғамбарымыз да өзіне жіберілген сыйлықтарды алмаушы ма еді? – деп сұрағанда халифа оған былай деп жауап берді:
– Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жіберілген нәрселер таза сыйлық есебінде болатын, ал бізге келетін нәрселер пара есебінде беріледі...
Әкімдердің айлықтарын кең-молынан төлейтін. Оның себебін былай деп түсіндіретін:
– Әкімдердің айлық табысы неғұрлым жоғары болғаны дұрыс. Бұл олардың ештеңеден алаңсыз халықпен қоян– қолтық жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Бір күні түнде халифаның қасында қонағы бар еді. Бір уақытта май шамның майы таусылды. Екеуара мынадай бір әңгіме жүрді. Қонақ:
– Қызметшіңізді оятайық, шамның майын құйсын, – деді.
– Жоқ, қажет емес, оған екі жұмыс істеткім келмейді.
– Онда, мен барып шамға май құяйын?
– Жоға, қонақты жұмсау кісілікке жатпайды.
Сөйтті де өзі тұрып май шамды жақты. Қайтып келген соң:
– Мен барып май шамды жаққанда да Омар едім, қайта келіп отырғанда да сол баяғы Омармын ғой, – деді күлімсіреп.
... Екі жарым жыл ел басқарған уақтында Ислам әлемінде әділдікті ерекше үстем етті. Үлкен атасы Омар (р.а) секілді қара қылды қақ жарған өте әділ кісі болды. Алайда қырық жас шамасында көре алмаған бақталастары қызметшісін мың динарлық алтынмен жалдап, улап өлтірді. Қызметшісі өз кінәсін мойындаған кезде Омар ибн Абдулазиз ақшаны алып мемлекет қазынасына салып, өзін босатып қоя берді. Тіпті ел біліп қойса байғұсты өлтірер деп, оның қашып кетуі үшін жағдай да жасаған екен...