Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Періштелермен пәктелу

Періштелермен пәктелу

2021-08-17 121

Сахабалардың бірі Ханзаланың (р.а) жаңа үйленген ең алғашқы түні. Дәл сол түні таңға жуық сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларын жинап үлкен дайындықпен, Исламға тұтқиылдан тап берген дұшпанға қарсы соғысқа жиналуды шұғыл түрде бұйырды. Хабаршыдан соғыс хабарын естігенде Ханзала (р.а) да дереу киіне сала, ғұсыл дәретін алуға да мұршасы келмей, апыл-ғұпыл соғыс майданы Ұхыдқа қарай құстай ұшты.

Соғыс бітіп, мұсылмандар Мәдинаға қайта бастады. Әркім-ақ аман қайтқан жақындарын іздеп жол бойына тізілді. Бұлардың арасында үйленгеніне бір-ақ күн болған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұйрығына мойынсұнып ертемен соғысқа аттанып, дұшпан қолынан шейіттік шәрбатын ішкен Ханзаланың (р.а.) жесірі де бар. Елдің бәрі жапа-тармағай аман қайтқан өз жақындарын сұрастырғанымен, сахабалардан ешкім тіл қатпастан жай ғана пайғамбарымызды мегзесті. Сұралған сұрақтардың бәріне де Пайғамбарымыз өзі жауап беріп келе жатты. Ең соңынан Ханзаланың (р.а) әйеліне кезек келгенде, ол да Пайғамбарымызға имене жақындаған күйі:

– Уа, Алланың елшісі! Ханзала қайда?– деп сұрады.

– Ханзала шейіт болды, – деп жауап берді ол.

Сол кезде Ханзаланың әйелі:

– Уа, Расулалла! Менің сізге айтпағым, бәлкім, отбасылық сыр болар. Кеше ғана үйленгенімізді өздеріңіз де білесіздер. Түннен шыққандықтан күйеуім таң ата ғұсыл дәретін алып үлгірместен соғысқа аттанып кете барды. Соғыста шейіт түскені мәлім болды. Енді рұқсат етсеңіз, сол жуынуға мүмкіншілігі болмаған күйеуімді жуғызып, арулап көмсек деген тілек айтпақпын,– дегенде Пайғамбарымыз оған:

– Сен Ханзаланы уайымдама! Мен періштелердің оны рақым суымен жуып-шайып жатқанын көрдім,– деп үлкен сүйінші хабар айтты.

Бұны естіген сахабалардың бәрі Ұхыдқа бет түзеп, Ханзаланы іздестірді. Бір таңғаларлығы, сахабалар Ханзаланы денесі әлі кеппеген су қалпында тауып алды. Сүйікті Пайғамбарымыздың бұл жолғы айтқанының да рас шыққанына елдің тағы бір рет көзі жетті. Сондықтан Ханзаланы ел «Ғасилул-мәлаика» («Періштелер жуған Ханзала») деп еске алатын болды.

Кейіннен Ханзаланың артта қалған әйелінен үлкен сахабалардың бірі, асылдың сынығы Абдулла дүниеге келді.



Оқи отырыңыз