Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Аллаға иман > Сиқыршылар мен перғауын

Сиқыршылар мен перғауын

2021-07-07 123

Мұса пайғамбардың халықты бір ғана Аллаға илануға бағыттайтын тәухид сеніміне үгіттеуі нәтижесінде перғауын балқып-шалқып отырған қазіргі мына сән-салтанатымнан айрылып, жер сипап қалармын деп қорықты. Қайтсе де Мұсаны (а.с.) тұқыртып, осының алдын алу мақсатында алыс-жақын елдегі бүкіл сиқыршыларды ордасына шақыртқан перғауын оларды Мұсамен (а.с.) жарыстырмақ болды.
Келген сиқыршылар:
– Ей, Мұса! Қолыңдағы аса таяғыңды алдымен сен лақтырасың ба әлде біз лақтырайық па? – деп Мұсаға деген ілтипаттарын білдірді.
Мұса оларға Құранның «Ағраф» сүресінің 115-116-аяттарында айтылғандай:
– Сендер лақтыратындарыңды лақтырыңдар! – деді саспастан.
Сиқыршылар Перғауын мен бүкіл Мысыр халқының көзінше әкелген таяқтары мен жіп-шуларының бәрін сиқырлап жерге лақтырғанда, олар дереу жылан кейпінде жан бітіп ирелеңдей бастады. Дәл сол мезет Алланың әмірімен Мұса пайғамбар да қолындағы аса таяғын жерге лақтырды. Мұса пайғамбардың лақтырған аса таяғы демде аузынан от шашқан аждаһаға айналып, маңайындағы өзге сиқыршылардың жыландарын түгелдей жалмап, жұта бастады. Мұсадағы күштің ешбір сиқыр қисынына келмейтін иләһи яғни құдайылық мұғжиза екендігіне келген сиқыршылардың барлығының көзі анық жетті. Өйткені сиқыр күші тараған кезде жерге тасталған таяқтар мен жіп-шулар қайта қалпына келуі керек еді. Алайда бұл жолы сиқырланған дүниелердің бәрі сол күйі тып-типыл болды. Бұған көңіл көздері жетіп, Мұса пайғамбарға Алла сыйлаған ерекше күш – мұғжизаға таңғала бас иген сиқыршылар сол мезетте-ақ бірауыздан:
– Біз Мұса мен Харұнның Жаратушы Иесіне бас иіп, иман келтірдік, – дескен күйі бастарын сәждеге қойды.
Бұл тосын жайтқа Перғауын қатты ашуланды.
Ол: – Сендер менің рұқсатымсыз қалайша Мұсаның Жаратушысына бас иесіңдер?! Демек сендерге сиқырды үйретуші ұстаздарың Мұса екен. Олай болса, мен сендердің аяқ-қолдарыңды бір қол, бір аяқтан қайшылап кестіремін! – деп бұйырды.
Жүректерінде иман нұры берік ұялаған сиқыршылар Перғауынның бұл қатал үкіміне қасқая қарсы тұрып: – Сен Мұсаның мұғжизасынан артық емессің. Не істесең де өз еркің. Сенің қатігездігіңнен қорқып тұрған біз де жоқ. Көп болса бұ дүниеде есіріп, тайраңдарсың. Түптің түбінде Алла тағалаға оралған кезде кімді жеңбексің?! – десті...



Оқи отырыңыз