Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Жанашырлық

Жанашырлық

2021-06-28 252

Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір мереке күнінде қуана ойнап жүрген балаларға қарап тұрып, олардың қастарында жыртық киімді бір баланың жылап отырғанын көреді.

Бірден қасына барып: – «Балалармен бірге неге ойнамайсың? Неге жыладың?» – деп сұрады.

Бала қайғырып:

– Әкем пайғамбармен бірге пәлен соғыста қайтыс болды. Шешем басқа біреуге үйленді. Өгей әкем мені үйден қуып жіберді. Жейтін тамағым, киетін киімім, паналайтын жерім де жоқ. Әке-шешелері бар балалардың жақсы киім киініп, ойнап жүргендеріне қызығып, қорланып жылап тұрмын, – деп жауап бергенде, пайғамбарымыз оның қолынан ұстап:

– Мен – әкең, Айша – шешең, Хасан мен Хүсейннің саған – бауыр болуын қалар ма едің? – деп сұрады.

Сонда бала өзімен сөйлесіп тұрғанның пайғамбарымыз екенін біліп:

– Әрине, я, Расулалла! Қалайша разы болмаймын! – деп қуана жауап қатты.

Баланы үйіне ертіп апарып, тамақтандырып, жақсылап киіндіргеннен кейін шаттанған баланы достарының қасына қайта жіберді.

Балалар оны көргенде:

– Жаңа ғана жылап тұр едің. Қалайша қуанып қайттың? – деп сұрады.

Бала мән-жайды толық айтып бергенде, достары:

– Шіркін, біздің де әкелеріміз сол соғыста шейіт болып, біз де сен сияқты болғанда ғой, – десті тамсана...



Оқи отырыңыз