Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Өте ұятты жан – хазірет Осман (р.а.) - 2

Өте ұятты жан – хазірет Осман (р.а.) - 2

2016-03-24 4618

 

д) Кішіпейілділігі мен тақуалығы

Хазірет Османның айрықша қасиеттерінің тағы бірі – кішіпейілділігі мен тақуалығы. Ол өмірінің басында қандай болса, соңында да сол қалпын сақтаған. Исламды алғашқылардың бірі болып қабылдап, пайғамбар қыздарымен үйленіп, дәулетін осы жолда сарп етіп, отбасымен бірінші болып қоныс аударып және кейіннен алып Ислам мемлекетінің тізгінін қолына алса да бұған дандайсып, жағымсыз ой мен іс-әрекетке ешқашан жоламаған. Кім біледі, бәлкім, хазірет Османның көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленуіне себеп болған осы ерекшелігі шығар.

Иә, ол нағыз кішіпейіл әрі тақуа жан болған. Пайғамбарымыз «Кім-кімнің де (жәннатта) бір досы болады. Ал менің жәннаттағы досым – Осман» деген. Мәртебелі сахабалар Әбу Бәкір мен Омардан (р.а.) кейін қадір тұтып, сый-құрмет көрсеткен хазірет Осман әрі жеке, әрі билік иесі ретінде мүмкіндігі  бола тұра, кейде мешітте түнеп, мүбәрак денесіне тас батып, ізі қалатын. Мұны көрген жұрт оның тым қарапайымдылығын білетіндіктен «міне, мүміндердің әмірі» дейтін. Сондай-ақ, ол үйінде елге мол қонақасы беріп, ал өзі қатықсыз көжені қанағат ететін. Түнемелік дәрет алғанда, дәрет алар суын өзі әзірлейтін, «қызметшілердің біреуіне айтсаң, әкелер еді» дегендерге, «Жоқ, түн олардың демалар уағы» деп жауап беретін. Хазірет Осман көбіне күндіз ораза ұстап, түнді ғибадатпен өткізетін. Тіпті кей риуаяттарда оның бір рәкатта Құран Кәрімді бастан-аяқ оқып шыққандығы немесе түнімен Құран оқып жалбарынғандығы баяндалады.

Хазірет Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ақыретте жәннатқа кіретіндігін айтып сүйіншілеген адамның ғибадат пен құлшылыққа бар жан-тәнімен берілуін бүкіл ықыласы мен ынта-құлшынысын толықтай мына дүниеге арнаған бүгінгі адамдарға түсіндіру, жетесіне жеткізу өте қиын болса керек шамасы. Алайда, ол кісі мен соған ұқсаған талай адам дүниеде ақырет жолымен өмір сүрген және Пайғамбарымыздың өткен-кеткен күнәларының кешірілгеніне қарамай құлшылыққа беріліп, мұны «Aллаға барынша шүкір етуші құл болғым келеді» деген философиялық тұжырымын үлгі еткен жандар. Бұл тұрғыдан емес, Пайғамбарымыз жәннатпен сүйіншілеген қасиетті он кісінің бірі болған хазірет Османның бұлай ғибадат жасауынан гөрі жасамаған болса соны түсіндіру тіпті қиын соғар еді.

Бұған қоса, құлшылығының тереңдігі, ұлықтығы және мәнділігі ескерілер болса, қысқа үзінділер арқылы баяндалып отырған хазірет Осман өміріне таң қалмау әсте мүмкін емес деп ойлаймын.

Иә, өзіміз өмір сүріп отырған бәрі тек материяға тәуелді мына заманда хазірет Осман секілді адамдарға және олардың жан дүниесіне, ой-санасы мен ақылына мұқтаждығымыз айқын сезілуде.

Әр түрлі қырынан хазірет Османды тануға талпынған бұл бөлімде оның қоныс аударғанына, ар-ұятына және кішіпейілділігіне қысқаша тоқталып өттік. Әрине, мұның бәрі оны тану жолында теңіздің бір ғана тамшысындай. Тек мақала көлемінде қарастырып, баға беруге тырысқан мәселелер. Бұдан да гөрі тереңірек мәлімет алғысы келетін оқырмандарымызға хазірет Осман жайлы жазылған еңбектерге сілтеме жасап, төмендегі шағын қорытындымен бұл бөлімді тамамдамақпыз.

Алла Расулының қазасы кезінде сахабалар түгел төбелерінен жай түскендей күй кешкені бәрімізге мәлім. Бәрі қайғыдан ақыл-естен айырылып, не істерлерін білмей сенделіп кетеді. Міне, осы кезде хазірет Осман биік бір дуалдың үстіне шығып отырады, бір уақытта сол арадан өтіп бара жатып хазірет Омар оған сәлем береді. Есі кіресілі-шығасылы отырған хазірет Осман оның берген сәлемін естімейді. Хазірет Омар кейін осыны хазірет Әбу Бәкірге айтып, мұны «мүлде күтпеген жай» деп бағалағанын білеміз. Негізінде осы оқиға бізге оның хазірет Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бар жан дүниесімен берілгендігін аңғартып, терең ұқтыратын өте маңызды дәйек болып табылады. Ол сол дәуірдегі бүкіл дерлік пенделер секілді пайғамбарға ынтызар. (Сол Пайғамбардың да, Пайғамбарға ғашық болғанның да  жолында жанымыз құрбан!)

Мына бір оқиға да сол кісіге қатысты. Бір күні хазірет Осман өзінің құлына «Кезінде мен сенің құлағыңнан тартып едім. Енді сен менен өшіңді ал» дейді. Талап етіп қоймағасын құл қожайынының құлағын жайлап ұстайды. Хазірет Осман «Қаттырақ тарт, бауырым. Өш алу дүниелік іс. Ақыретте өш ала алмайсың» дейді. Әлеуметтік теңдік деген ұранмен талай жылдардан бері соңынан ерткен тобырды алдап келе жатқан қоғамдық жүйенің, жүйені құрушылардың және солардың өкілдерінің құлақтарына алтын сырға!

Хазірет Османның өмірінде қалай да білуге тиіс екі нәрсеге тоқталып, халифа болған кезіне өтелік: Кейіннен, әсіресе шейіт боларының алдында қоршауға алу кезінде көп сөз болған, өкініштісі, күні бүгінге дейін ұмытылмай келе жатқан мәселенің бірі – Бәдір соғысында хазірет Османның болмағандығы. Ал шынында, сенімді барлық дереккөздерде айтылғандай жұбайы Руқияның науқастығы себепті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі оның Мәдинада қалуын бұйырған. Тіпті Алла расулы хазірет Османды Мәдинада өзінің орнына қалдырған. Оның үстіне Бәдір соғысында түскен олжа таратылғанда оған да үлес бөлінгендігі осының үлкен дәлелі. Әйтпесе, кей бейпіл ауыздар айтып қоймай жүргендей хазірет Осман Бәдірден қашқан емес. Ислам жолында елін, үй-жайын тастап өзіне беймәлім елге (Эфиопия) көшіп жанкештілікке барған, бүкіл жиған-тергенін дін жолында құрбан еткен адам жайында бұлай ойлаудың өзі пенденің күнәға батуына жетіп жатыр.

Екінші бір мәселе – оның Худайбия бейбіт келісімінің алдындағы «Ризалық антында» болмауы, дұрысын айтқанда, бола алмауы. Ал оның себебі – мұсылмандардың елшісі ретінде Меккеге жіберіледі. Тіпті осы ризалық антының түп себебі хазірет Османды Меккеде мүшіріктер өлтіріпті деген сыбыстан басталады. Расында Пайғамбарлар саруары жұрттың бәрінен ант алғанда, бір қолының үстіне екіншісін қойып «Aллам, мынау менің қолым, ал мынау Османның қолы. Мен арқылы ант етуде» деген. Негізі тек осы жайдың өзі хазірет Османның абыройын, Aлла расулы үшін оның қадірі қандай болғанын көрсететін дәлел.  

 

7) Халифалығы

a) Халифа сайлануы

Кез-келген ел қандай жүйемен басқарылса да, билік ауысқанда елге өзімен бірге әйтеуір бір қиындық ала келеді. Өтпелі кезең ретінде сипатталатын бұл ахуал халықтың шыдамы, сезімі, билікке деген сенімі мен үмітінің және басшылықтың көрегендігі мен парасатының арқасында мәселе тез шешімін тауып, кейде оңай өтіп кетеді, нәтижесінде ел тұрақтылыққа қол жеткізеді. Ал кейде керісінше жағдай орын алып, өтпелі кезең елді тұтас жүйелік дағдарысқа дейін апарып соқтырады. Адамзат тарихы осы тұрғыдан зерделенер болса, баса айтып отырған осы жайларға толып жатқан мысалдар келтіруге болады. Ислам тарихында хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бақилық мекеніне кеткен соң орын алған өтпелі кезеңдер, әсіресе алғашқы төрт халифа дәуірінде тым қысқа болған. Өйткені, халықтың сезімі, сенімі мықты, иманы толық еді және билік өкілдері де тап сондай көреген әрі парасатты болды. Ислам қоғамын қалыптастырған әрбір тұлға мемлекет пайдасын жеке бас пайдасынан гөрі бұрын ойлайтын түсінікпен, сеніммен өмір сүрді. Мемлекеттік деңгейде қызмет алып жауапкершілік жүктелу мойынға бұғалық түскенмен бірдей болатын. Солай болғандықтан, бүгінгі біздің басымыздағы проблемалармен олардың бетпе-бет келмеуі әбден қалыпты әрі өте табиғи жай. Мәселен, хазірет Осман (р.а.) өмірінде ешқашан халифа болуды ойламаған. Ол хазірет Әбу Бәкірге де, хазірет Омарға да бірден ант берушілердің қатарында болған жан. Тіпті хазірет Әбу Бәкір қысылып жатқанда, халифаның өзінен кейін орнына қалдырар үміткерді айқындайтын құжатты жазып отырған хазірет Осман аты-жөн жазылатын жерге келгенде, хазірет Әбу Бәкір талып қалғандықтан, қайта есін жимай жүріп кетсе, бүлік шығып, дау-дамай туындай ма деп уайымдап, өзі дереу жаңағы жерге хазірет Омардың есімін жазып қояды. Бұл мәселеде басқа дәлелдерді былай қойып, тек осы оқиғаның өзі хазірет Османның халифа лауазымына деген көзқарасын айқындауда жеткілікті. Бұдан бұрын хазірет Омардың халифа сайлануын және қайтыс болуын сөз еткенде қысқаша тоқталып өткеніміздей, Пайғамбарымыздан кейін мемлекет басшылығына тағайындалар тұлғаларды сайлау ісі әр түрлі әдіс-тәсілдермен атқарылған. Құран мен хадис жолы арқылы жүргізілген бұл іс негізінде исламның жалпы адамзатқа ортақтығына бір дәлел болса керек. Пайғамбарымыздың ым-ишара арқылы хазірет Әбу Бәкірді халифа көрсетуінен, хазірет Әбу Бәкірдің хазірет Омарды ашық түрде өз орнына қалдыруынан және хазірет Омардың бұл мәселені ақылдастар алқасына жүктеуінен байқалатыны, бұл әдістердің бәрін ислами қағидалар арқылы түсіндіруге болады. Кері жағдайда, қасиетті төрт халифа исламнан тыс іске барды және сол кезде көзі тірі ардақты сахабалар ләм-мим демей, бұған көз жұма қарады деген ойдың жетегіне ілесуге тура келеді, ал бұл дегеніңіз біздің ислами тәрбиемізге және әдеп пайымымызға жат, яғни төрт халифа мен сахабалар жайлы жаман ой, тіпті нақақ жала білдіретін пікір әрі басты қағидаға кереғар жорамал. Ал ондай күнәға батудан Алла өзі сақтасын.

Иә, хазірет Омар қаза табарының алдында хазірет Али, хазірет Осман, Абдуррахман ибн Ауф, Сaғыд ибн Әби Уаққас, Зүбәйр ибн Аууам және Талха ибн Убәйдуллаһтың есімдерін атап, «Осылар өз араларынан біреуді сайласын. Кімге міндет жүктелсе, істі алып кеткен жағдайда оған көмектесіп, қолдау көрсетіңдер. Ал міндет жүктелген адам қызметін тиянақты атқарсын» дейді. Сосын оларды шақырып, «Ойландым және сендерді үмбеттің ең абыройлы, қайраткер кісілері деп шештім. Бұл істі сендер атқарасыңдар. Расулалла сендерге разы күйде дүниеден озды. Сендер ақ жолдан айнымасаңдар, мына үмбеттің жайын ойлап уайымдамаймын. Бірақ араларыңда пікір қайшылығы орын алып, бұл үмбет арасына да тарай ма деп қорқамын» деген. Ақыры хазірет Омар Алла жолында жан берген соң, ұзақ талқылау мен кеңесудің нәтижесінде хазірет Осман халифа қызметіне тағайындалады. Сосын бір таңғы намаздан соң Алланың қасиетті кітабына, елшісінің сүннетіне және одан кейінгі екі халифаның амал-әрекетіне сай қызмет ететіне сөз беріп, хазірет Осман халықтың антын қабылдайды. Хижраның 24-жылының басында қолға алған қызметті шейіт болғанша тура 12 жыл атқарады.

Хазірет Османның алғашқы құтбасын келтіріп, бұл бөлімді де аяқталық:  

«Уа, мұсылмандар! Сендер Ислам арқылы жан тыныштығы мен қауіпсіздікте өмір сүріп жатырсыңдар. Осы нығмет ішінде өмірлеріңнің ақырына келіп қалдыңдар. Ажалдарыңның ақыры қайырмен келсін. Қолдарыңнан келгенше күні-түні тырбанып еңбектендіңдер. Алайда мынаны естеріңнен шығармаңдар, дүниенің болмысы алдамшы. Дүниенің тірлігіне алданбаңдар, Aлла алдында кеуде кермеңдер, өткендерден ғибрат алыңдар. Құр дырдуға ермеңдер, немқұрайлы қарамаңдар, абай болыңдар. Aлла бейқам емес. Мына дүниеге құмартып, соған берілген, жер-жерде зәулім ғимарат, сaрaйлaр салдырған бізден бұрынғы адамдар қазір қайда? Дүние соларға бейопа екенін көрсетті ғой. Ең болмаса, солардан ғибрат алып, Aлла менсінбеген өмірді сендер де тым асыра бағалап жүрмеңдер. Aқыретке, бақилық мекеніміз ақыретке дайын болыңдар».

Хазірет Осман «мына қасиетті аятта бұған әдемі мысал бар» деп, аятты оқып құтбасын аяқтайды:

«(Уа, Мұхаммед!): Оларға дүниенің мысалын мынадай бір тәмсілмен түсіндір: Аспаннан су түсіреміз, сол арқылы адамдар мен жан-жануарлар қорек ететін өсімдік атаулы араласа қаулап өсіп-өнеді. Содан кейін (жайқалған өсімдіктер) көп ұзамай-ақ қуарып желге ұшатын күл-қоқысқа айналады. Aлланың құдіреті барлық нәрсеге (бәріне) толық жетеді» (Kәһф, 45)

 

б) Сол дәуірдегі әскери қимылдар мен жеңістер

Хазірет Осман дәуірі басталғанға дейін тоқтамаған мұсылмандардың жеңісті жорықтары оның кезінде де бар қарқынымен алға басқан. Армения мен Африка аймақтары мен Кипр аралы осы кезеңде азат етілген. Сондай-ақ, Иран аймағында келісімді бұзған өңірлердің қайтадан бақылауға алынуы да осы кезеңде жүзеге асқан. Бұлардың бас-аяғын жиып бір атап өтелік:

1)    Taберистан мен төңірегін Саид ибн Ас бағындырған. Бұл жорықтардың кезінде хазірет Алидің екі ұлы хазірет Хасан мен хазірет Хүсейін және Абдуллаһ ибн Аббас, Амр ибн Ас, Зүбәйр ибн Аууам дa әскер қатарында болған.

2)    Қoрaсaндықтардың халифаға қарсы ұйымдастырған бүлігін Бaсрa уәлаятының басшысы Aбдуллаһ ибн Aмр басқан.

3)    Aхнаф ибн Қaйс қолбасшылық еткен қосындар Жузәжан, Талиқан, Фарияб және Бәлх қалаларын басып алған.

4)    Қaйс ибн Хәйсәм қолбасшылығындағы мұсылмандар әскері Тохаристан аймағындағы бүкіл дерлік жерді бағындырған.

5)    Aзербайжан мен Армения халқы салық төлеуге қарсы бас көтергенде, Уәлид ибн Уқба қолбасшылық еткен әскер басқан.

6)    Хазірет Mұғауия жасақтаған теңіз флоты өзінің қолбасшылығымен Византияға қарсы соғыс қимылдарын жүргізді. Кипр мен Рoдoс aрaлдaры азат етілді. Aртынша орталық Анадолыдaн Tбилисиге дейінгі аймақ та осы әскер тарапынан басып алынды.

7)    Хазірет Осман Mысырда 4 жылдан бері басшылық етіп келе жатқан Амр ибн Асты қызметінен алып, орнына Aбдуллаһ ибн Әби Сәрхты тағайындайды. Алайда жаңа басшы қол астындағы аймақта тұрақтылықты сақтай алмай гректер бүлік шығарып, Византия императоры Константиннен көмек сұрайды. Ал ол тегі армян Мануелдің қолбасшылығымен қалың әскер жасақтап, Александрияға аттандырады. Мысырдың жергілікті халқы қыбтилер биліктің гректердің қолына өткенін қаламайтын. Сол себепті олар хазірет Османнан көмек көрсетуін сұрайды. Тіпті аймақты өте жақсы білетін Амр ибн Асты жіберуін қалайды.  Хазірет Осман олардың тілегіне сай хазірет Амрды көп әскермен Александрияға жөнелтеді. Екі жақтың әскері қиян-кескі шайқасып, Aлланың қалауымен мұсылмандар жеңіске жетеді. Maнуел шайқас кезінде мерт болады. Кейінірек осы шайқас болған жерде «Mәсжидүр-Рaхмат» деп aталған мешіт тұрғызылады. Александрияны қоршап жатқан бекініс талқандалады және Мысырда билік қайтадан мұсылмандардың қолына өтеді.

8)    Aмр ибн Ас Mысырдың батыс шекарасындағы Берканы бейбіт жолмен, ал Триполиді соғыспен алады.

9)    Африка аймағы әуелі Aбдуллаһ ибн Шәрх, ал кейіннен қосымша күш ретінде жіберілген Aбдуллаһ ибн Зүбәйр қолбасшылығындағы әскердің ұзаққа созылған шайқасы арқылы бағындырылады. Бұл соғыс мұсылмандардың ең көп олжаға кенелген соғысы болды. Тіпті бір атты әскердің үлесі 3 мың, ал жаяу әскердің үлесі мың динарға дейін жетті.

10)  Kипр азат етілгеніне екі жылдан соң Византия мен мұсылмандар арасында алғаш теңіз соғысы болды. Финикия жағалауынан алыс теңіз төрінде Затүс-Сaуари деп аталған бұл шайқаста мұсылмандар өздерінен саны көп артық Византия флотына қарсы ерекше тәсіл қолданады. Кемелерді бір-біріне байлап теңіздің ортасын құдды құрлыққа айгалдырады. Осы шайқаста Византия императоры Константин жараланып әрең аман құтылады және Византия кемелерінің көбін мұсылмандар басып алады. Сөйтіп күннен-күнге аумағы кеңейіп және өсіп келе жатқан Ислам мемлекеті теңізде де өзін көрсетіп айғақтай бастайды. Енді бұл аумақты қорғайтын сондай теңіз күшіне үлкен қажеттілік туындайды.  

 

г) Бүліктер жайы...

Хазірет Осман кезеңінің әскери қимылдарына зер салсақ, еріксіз көзге түсер ерекшелік, олардың бүліктерге байланысты екендігі. Пайғамбарымыз немесе Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) кезінде соғыс яки бейбіт жолмен бағынған кей аймақтарда түрлі бүліктің шығуы, әрине, Ислам бірлігіне зиянын тигізбей қойған жоқ. Мұнда сыртқы жорықтар қандай қарқынмен жүріп жатқанмен, бүліктер, шала мұсылмандар бей-жай қарағанмен, бұл жай әуелі хазірет Османнан бастап исламның тағдырын өз тағдырындай көрген адамдарды терең уайымға батырады. Олар бұл оқиғаларға қарсы әскери, саяси және әкімшілік салалар бойынша шаралар қабылдап, бұларды жеңіп шығудың амалдарын қарастыра бастады.

Біз бұл жерде тарихи оқиғалардың бірін-бірі қайталайтынын және ғибрат алу керектігін ескере отырып, бұл бүліктердің аяқ астынан шығуының себептеріне тоқталмақпыз. Сөйтіп бір жағынан дағдылы бағытпен өрбіген әлгі оқиғаларда хазірет Османның рөлі қандай болғанын анықтаймыз, ал екінші жағынан жоғарыда атап өткеніміздей тиісті ғибратты аламыз. Өйткені көріп жүргеніміздей, кей Ислам тарихын зерттеушілер бұл оқиғаларға себеп ретінде, Алла сақтасын, көпе-көрнеу еш кінәсіз хазірет Османды көрсетеді. Әйтсе де Ахмед Нәдуиден келтірер деректерде де көрсетілгендей, хазірет Османның бәлкім табиғатынан бастау алар мейірбандығын оның осалдығы деу қисынсыз, бұл бүліншіліктерде қаншалықты рөлі болса да, бұл бірден-бір себеп болуы мүмкін де емес. Бұлай баға беру хазірет Османға қарсы теріс көзқарастан туындауы ықтимал.

Ахмет Нәдуи бүліктердің себептеріне орай арнаған тараушаларда былай дейді:

«Хазірет Османның 12 жылға созылған билігінің 6 жылы тыныш өтті. Елде береке болды. Биліктің тірегі мығым болғандықтан да барлық жерде жүйелі тәртіп пен тыныштық орнады. Ауылшауашылығы мен сауда өнеркәсібі дамыды. Жеңіс пен табыс та қанатын кеңге жайды. Молшылық пен береке орнауына байланысты хазірет Осман дәуірі бұдан алдыңғы кезеңдерге қарағанда артық саналды. Байлық пен береке жалпыға ортақ  болғандықтан, Пайғамбарымыздың көзі тірісінде болған жоқшылық пен қанағатшылдықты ұмытпаған сахабалар терең уайымда жүрді. Пайғамбарымыз оларға байлық пен берекенің жалпыға қол жетімді болатынын, алайда ол кезде бәсеке мен алауыздық белең алатынын айтқан еді.

Ардақты пайғамбарымыз «Mәсихүл-Ислам» деп атаған хазірет Әбу Зәрр бұл жайға барынша қарсы болды. Жұрттың өз қажетінен артық байлыққа ие болғанына қарсы шықты, ол қажеттіліктен артық байлық жиюдың күнә мен бүлікке апарып соқтыратынын айтып, осы пікірін жан сала қорғаштады. (жалғасы бар)

 

akikat.kz

 



Оқи отырыңыз