http://akikat.kz
б) Тақуалығы
Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Егер менен кейін пайғамбар келсе, ол Омар болар еді»[1] деген. Осы сөзден-ақ көп қырымен пайғамбарға ұқсағандығы байқалатын хазірет Омар тақуалығы жағынан теңдесі жоқ тұлға болған. Халифа кезінде жамау шапан киіп[2], Қадисия соғысында қолға түскен мол олжаға қарап еңкілдей жылап, «Бүгін қуанышпен тойлайтын күн, күлудің орнына жылағаның не?» дегендерге «Иә, дұрыс, бірақ Алла кімге байлық берсе, қалайда араларына жаулық пен өкпе де кіреді» деп, бір жағынан дүние-мүлікке қызықпайтынын, екінші жағынан қоғамды құрдымға жіберетін Алланың жалпы заңдылығын ескертуі[3], бірде жолдастарымен қоқыстың маңынан өтіп бара жатып мүңкіген иіске «Міне, жанталаса ұмтылған дүниеміз – осы»[4] деп қасындағыларға ой салуы, малынып киінуге мүмкіндігі бола тұра жалғыз киімін ауыстырмауы әрі оны әбден тозығы жеткенше үстінен тастамауы[5] оның қандай тақуа жан болғанын түсінуге жеткілікті.
Икрима ибн Халидтің айтуынша, бір күні хазірет Хафса, Ибн Омар және Ибн Мути хазірет Омарға «Егер дәмді әрі құнарлы ас ішер болсаң, қызметіңді бұдан да жақсы атқарасың» дейді. Бұл ұсынысқа хазірет Омар «Білемін, бәрің де маған жанашырсыңдар. Бірақ мен екі жолдасымның тақуалықты ұстанғанын көрдім. Егер солардың жолынан айнысам, олар жеткен зәулім сарайға бара алмаймын» деп жауап қатады[6].
Мына сөздер де сол кісінің айтқандары: «Tойымсыздық – сорлылық. Басқалардан ештеңе күтпеу – мол дәулет», «Қыс мезгілі – ғибадат маусымы», «Aлла атымен ант етейін, біз өмірдің ләззатына қызықпаймыз. Егер марқа лақ сойып, еті асылып, ең дәмді күлше пісіріп, бабымен мейіз жібітіп әкелсін деп әмір етсем, жас етті жеп, шәрбаттан ішер едім. Алайда біз мұндай рахатты ақырет күнінде көргіміз келеді. Өйткені Алла «Өздеріңе берілген бар игілікті дүниедегі тіршіліктеріңде ішіп-жеп, түгел тауыстыңдар және қызығын әбден көрдіңдер» (Aхқаф сүресі, 20-аят) дейді»[7]
г) Өзін қадағалауы (мұрақаба) мен өзін іштей есепке тартуы (мухасаба)
Өзін қадағалау (мұрақаба) мен адамның өзін іштей есепке тартуы (мухасаба) – тек Ислам арқылы адамзатқа берілген ерекшелік. Батыс әлемі «автоконтроль» деп атап, мұны тәжірибеде пайдаланған. Бірақ ақыретті елемейтін, мұнда істеген ірілі-ұсақты бар нәрсенің есебін беретініне сенбейтін, жәннат, жәһаннам ұғымдарынан жұрдай батыстықтардың автоконтролі көзбояушылықтан аспаған.
Ал шынайы мәні мен мазмұнын Ислам арқылы тапқан есепшілдік пен өзін қадағалау хазірет Омар секілді көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген[8] алып тұлғаның бойында өте ерекше болған.
Хазірет Омардың өзін есепке тартуына қатысты мысалдарды оқығанда, оның ешкімге есеп беруге мәжбүр емес алып Ислам мемлекетінің халифасы болғанын естен шығармаған жөн. Солай бола тұра, осындай ұғым-түсінігі, сана-сезімі адамды бей-жай қалдырмайды.
«Есепке тартылмай тұрып өздеріңді есепке тартыңдар. Таразыға тартылмай тұрып өздеріңді таразылаңдар»[9] «Aллаға ант етейін, жер беті тола алтыным болса, Алланың азабы жетпей тұрып бәрін таратып, өзімді ол азаптан қорғауға тырысар едім»[10] «Адамдардың ең жақсысы – маған кемшілігімді көрсеткендер»[11] «Eгер Евфрат бойында бір түйе жоғалып мерт болса, (немесе «бір қой суға кетіп өлсе»)[12] Aлла Тағалам соны менен сұрай ма деп қорқамын»[13], «Жерден бір тал сабанды алып «шіркін, мына сабан талы болғанымда ғой... шіркін, еш жаратылмағанымда ғой... шіркін, анам мені дүниеге әкелмегенде ғой... шіркін, ештеңе болмағанымда ғой... шіркін, мүлде ұмытылсам етті...[14] шіркін, қошқар болғанымда ғой, қожайындарым өз қалауынша бордақылап, жақсы көріп, сойып жесе. Етімнің бір бөлігінен кәуап, бір бөлігінен қуырдақ жасаса, тек адам болмағанымда ғой», «Eгер көктен біреу үн қатып «Әй, жарандар, араларыңнан бірің жәһаннамға тасталасыңдар десе, сол мен емес пе екенмін деп қорқамын. Әй, жарандар, араларыңнан бірің жәннатқа барады десе, сoл адам мен болсам екен деп үміттенемін»[15], «Менің өкілдерімнің бірі екіншісіне зұлымдық етсе, ол маған жетсе, ал мен бұған араласпасам, онда мен зұлымдық еткен болып саналамын»[16], Ибн Омардың сөзі «қайтыс боларының алдында ғана болатын. Өзімен-өзі былай деп жүргенін естідім: «Егер Раббым маған мейірім көрсетпейтін болса, менің жайым не болмақ, мені тапқан анам ше?!»[17]
Бұлар бүгінгі әйел-еркек, басшы-қосшы, ғибадат, құлшылығын көркейтуші, көркейте алмаушы, асылы, адам біткеннің түгел бәрінің санасына сәуле түсірер, өмір жолына бағдар берер асыл сөздер...
д) Aлламен байланысы
«Aлламен байланысы» бір қарағанда тым екі ұшты ұғымдай көрінеді. Бұл арқылы не айтылмағы тек тарқатқанда мәлім болмақ. Өйткені, Оның мәңгілігінің сәт сайынғы дәлел, белгілері саясында тіршілік етуші ғалам мен оның ішіндегі бүкіл болмыс біткеннің Алламен байланысы жоқ деу мүмкін емес. Одан байланыстың үзілуі жеке алғанда өлімнің, жалпы алғанда қияметтің жетуі деген сөз. Бұл тұрғыда хазірет Омар секілді дана тұлғаның исламды таныған соң Алладан қол үзуін ойлау да орынсыз. Олай болса, хазірет Омардың Алламен байланысы дегенде, бұл байланыс дәнекерлерінің ең қуаттысы намазды, анықтап айтқанда, оның оқыған намазын көздегенімізді айтып өтелік. Иә, намаз – Алла-пенде арасындағы ең төте жол, байланыс амалдарының ең көп атқарылатыны және егер шарттары шын көңілден толықтай орындалар болса, адамды Аллаға апарар амалдың бірі.
Түнемелік тұрып біраз уақытқа дейін намаз оқып, жалынып-жалбарынып дұға ететін хазірет Омар[18] отбасы мүшелерін түнгі ғибадатқа «Отбасыңа және үмбетіңе намаз оқуды бұйыр әрі өзің де намаз оқуда табандылық таныт. Біз сенен ризық сұрамаймыз, керісінше сенің ризық-несібеңді Біз берудеміз. Ең жақсы нәтиже – (нағыз жетістік пен шын бақыт, құлшылықтың мәйегі болған) тақуалықта» (Ta-ha сүресі, 132-аят) аятын оқып оятатын. Жылай-жылай жүзінде екі қара сызат пайда болған[19] көңіл мен жүрек әлеміміздің сәулетшісі, мағынаға толы дүниенің сұлтаны хазірет Омар жамағат ішінде өзін ұстай алмай жылағанда, даусы артқы саптарға дейін жетіп жататын[20]. Көбіне аяттардың соңын жылаумен айта алмайтын, кейде жығылып, талып қалатын, кейін адамдар оны науқас екен деп үйіне көңілін сұрап баратын[21], ал кейде руку* қылатын. Бір жолы Жүсіп сүресінде «Мен шерімді, қайғы-мұңымды бір Аллаға шағамын» (Жүсіп сүресі, 86-аят) деген аятына келіп тоқтап қалады да, аятты аяқтамай руку қылады.
Хазірет Омар Раббына жүгініп намазға тұрғанда, мына дүниемен арадағы бүкіл байланысты үзетін, жан-тәнімен рахатқа батып, тура ес-түсін жоғалтатын. Расында Әбу Лүлү намаз үстінде қанжар салғанда, өзінің айтуынша, қанжарды үшінші рет сұққанша өзіне қастандық жасаған қылмыскерді ит екен деп ойлаған[22]. Бұл нағыз құлшылық жолында өзін ұмытудың қайталанбас үлгісі!
Мына дүниенің дүниеуи өлшемдерін айналып жүрген, ақылы, ойы, жан дүниесі көз алдындағыдан әріге бармайтын материалист адамдар түсіне алмайтын, тіпті сол себепті мойындамаушылар қатарына кіруі мүмкін бір оқиғамен бұл жайды доғаралық. Мисуар ибн Махрама айтуда: «Омар пышақталған соң есінен танып қалды. Есін жиғызбақ болған әрекеттер еш нәтиже бермеді. Сол кезде біреулер «Егер әлі тірі болса, намаздан басқа нәрсемен оның есін жиғызу қиын»» дегенді айтты. Сонда әлдекім «Уа, мүміндердің әміршісі, намаз уақыты» деді дауыстап. Омар сонда «Уа, Aлла, намаз оқымағанның исламнан алар нәсібі жоқ» деп орнынан атып тұрды»[23].
е) Дұғасы
Хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Үмбеттер арасында көкірегіне құйылған ақиқатты танып (тіл қататын) кiсiлeр бaр. Eгер менің үмбетімде (осындай) бiреу болса, oл – Омар ибн Хаттаб» немесе «Сендерден бұрынғы Исраил ұрпақтары арасында пайғамбар болмаса да, (хақ пен ақиқатты айтатын) адамдар болған. Eгeр менің үмбетімде де ондай адам болса, ол жалғыз – Омар»[24] деп бізге түсіндіріп, сырттай сипаттайтын хазірет Омар Раббына жасаған дұғалары арқылы да бізге жол көрсетіп, мақсат сілтейтін нағыз алып тұлға. Иә, дұға пенденің Раббымен тілдесуі. Қандай да бір мұқтажын күллі тағдырдың иесі Аллаға айтуы. Солай болғандықтан, адамның дұғасы, дұғаға негіз болған мәселелер және дұға қылу үлгісі ол адамды бағалауда айтарлықтай айғақ бола алады. Осы орайда, хазірет Омардың дұғаларынан есті кісі екі айтқызбайды деген нақылға сай бірнеше ғана мысал:
«Aллам, жасырған нәрселерімді жария қылғандарымнан да қайырлы қыла гөр. Жария қылғандарымды да көркем қыл».
Халифалыққа сайланған күні «Aллам, мен қатал адаммын, мені жұмсарт; сараңмын, жомарт қыла гөр; әлсіз адаммын маған қуат бер».
Пышақталған күні «Aллам, менің өліміме саған сәжде қылып жүрген мүмін бір пендені себепкер етпе», «Aллам, сенің жолыңда және Пайғамбардың елінде жан бергім келеді» «Aллам, біраз жасқа келдім, қуатым әбден кеміді, жәрдемшілерім де тарап кетті. Астамдық пен нұқсандықтан, (басқа бір риуаятта) сенің алдыңда кемшілік істеуден, пенделік міндетімді орындамаудан[25] рухымды сақтай гөр» «Aллам, Өзіңнен қаперсіз күйімде жанымды алма, мені қаперсіздікке ұрындырма, қаперсіздер қатарына қоспа деп Саған сыйынамын» «Aллам, бұйрықтарыңа бізді бағындыра гөр және бізді қорғай гөр»[26].
ж) Қоныс аударуы
Хазірет Адамнан бастап жалғасып келе жатқан иман мен күпір текетіресінде жихад – иманды жақтаушы мүміндердің осы жолда істеген бүкіл амалдары мен жұмсаған қайратының жалпы атауы. Мекен, мезгіл және жағдайға қарай түрі өзгеріп тұратын жихад адамзат тарихы бойынша ешқашан тоқтамаған және тоқтамайды да. Бұл тұрғыда, хазірет Омар әрекеті мен айтқан сөздері арқылы бізге жөн сілтеп, бас болған тұлға. Мәселен, ол жихадты қажылық парызынан жоғары санаған[27]. «Aлла жолында жихад жасау, сәждеде маңдайымды жерге тигізу және уылжыған құрма тергендей көркем сөздерді жинақтағандардың жанында отыру болмағанда, өліп хазірет Пайғамбармен қауышуды тілер едім»[28] деген. Және де ол Шамда жихадты тастап, диқаншылықпен айналысып жүрген досына барып, «мүмин еместердің мойнындағы қорлықты арқаладың»[29] деп хабар жібереді, өзі шәһит болуды армандаумен болады. Сол үшін Ухуд соғысына шыққанда сауыт кимейді. «Aллам, Сeнiң жолыңда жан беріп шәһит болуды және Пайғамбарының елінде өлуді бұйыра гөр!»[30] деп дұға қылып жалбарынады.
Қоныс аударуы cөз болғанда, ол хазірет Пайғамбардың көзі тірісінде жихад амалының бір көрсеткіші еді. Оның үстіне көптеген аятта Алла иман, жихад және қоныс аударуды бір жерде атайды (Әнфәл сүресі, 72,74,75-аяттар; Tәубә сүресі, 20-аят), соған ынталандырады (Бaқaрa сүресі, 218-аят, Әли-Имран сүресі, 195-аят, Ниса сүресі, 100-аят), еш себепсіз қоныс аудармағандарды сынайды (Ниса сүресі, 97,98-аяттар). Осылай болғандықтан да хазірет Омардай кемеңгердің қоныс аудармай қалуы мүмкін емес еді. Ол да басқа жолдастары секілді хазірет Пайғамбардан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рұқсат алып, Мәдинаға көшуге дайындалып, жолға шығады. Бірақ оның жолға шығуы өзгеше. Қоныс аударушылардың біразы Мекке мүшріктері ізіне түсіп, жолдан ұстап алады немесе өлтіреді деп қорқып, түн қараңғысында Меккеден қашып шығып жатқанда, өшпес ерліктің үлгісі хазірет Омар тапа-тал түсте, әрі Меккенің атқа мінерлерінен еш тартынбай жолға шығады. Ол хазірет Әлидің айтуынша, қылышын асынып, садағын сайлап, қолына бірнеше жебесін алып Қағбаға барады. Құрайыштың бүкіл үлкендері Қағба ауласында алқа құрап отырған-ды. Омар әуелі Қағбаны айналып шығып, артынан қасиетті орында екі рәкат намаз оқыған соң, мүшріктер отырған жерге келіп «Әй, жолы болмағырлар. Кімде-кім анасы аңырап, балалары жетім, әйелі жесір қалғанын қаласа, ана өзектің арғы бетінде менің алдымнан шықсын» дейді айбаттанып. Алайда ешкім оның артына түсуге бата алмайды[31]. Иә, ерліктің дастанындай болған Омар секілді тұлғаның бойына тек осы ғана жарасар еді.
Хазірет Омарды танытуды көздегенде, ұстанған осы тәсілге сай оның адалдығын, қырағы көрегендігін, сезімталдығын, қанағатшылдығын, парасатын, тағы басқа толып жатқан қасиеттерін мысал келтіруге және соларға сүйеніп көп мәселенің басын шалуға болады. Алайда он төрт ғасырдан бері том-том кітаптар арналған бұл ұлы тұлғаны бір-екі мақаланың аясында танытудың қиындығын байқап та отырған боларсыздар. Сондықтан ойымызды тұжырымдар тұста, кеңірек мәлімет алғысы келетіндерге арнайы еңбектерді сілтеме көрсетпекпіз.
Дегенмен реті келгенде бір мәселені арнайы атап өтудің пайдасы бар деп ойлаймыз. Әу бастан барлық дерлік мұсылман баласының ойына хазірет Омар дегенде, оның әділдігі түседі. Тіпті оған арналып қаншама кітап жазылған, кинофильм де түсірілген. Бұлай пайымдау ақиқаттың тек бір жағы ғана. Және мұның бір қауіпті жағы да бар: хазірет Омардың әділдігі көп айтылатындықтан, осы мәселеде сол әділет механизмінің түп негізі, яғни Ислам мен оның іргесін қалаушы хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бәсі төмендеуі мүмкін. Былайша шынына келгенде, исламның әділеттігі болуы керек. Хазірет Омардың исламнан бұрынғы өмірі белгілі. Сол себепті мұны оған қосақтаудың еш мәні жоқ. Бәлкім, ұлы тұлғаның әруағы мақсатына әбден жеткен, әрі ізгі ниетпен орындалған мына баяндаманы мейлінше жақтырмауы да ғажап емес. Кім білген? Бірақ хазірет Омарды осындай қасиетімен танытқан еңбектерді де теріске шығаруға ешкімнің шамасы жете қоймас. Иә, ол исламның әділеті атынан шығарған үкімдерін жеріне жеткізе таразылап, жалпақ тілмен айтқанда, қара қылды қақ жара орындаған. Өз заманының алдыңғы қатарлы талап-тілектеріне сай жүйеге түсіріп, орнықты ретке келтірген. Бұл тұрғыдан алғанда хазірет Омардың әділдігі деген дұрыс болғанмен де, арнайы баяндауды, түсіндіруді қажет ететін мәселе.
Хазірет Омардың өміріне қатысты осы жерге дейін пайымдалған жайларды білетіндер де, білмейтіндер де болуы мүмкін. Алайда кей хадистер хазірет Омардың аты аталғанда, басым көпшілікті бірден белгілі ойға жетелейді. Хазірет Омарды әдеби тұлғаға айналдырған бұл хадистер он төрт ғасырдан бері жазба және ауызша мәдениет арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған. Қазір осы хадистердің бірнешеуін назарларыңызға ұсынбақпыз.
з) Хадистердегі хазірет Омар
a) Ақиқатқа бойы балқыған хазірет Омар
Шындықты кім айтса да және ол қалай айтылса да, өз жаңсақ пікірінде табан тіремей, дереу келісу және ақиқатты мойындау дегенді білдіретін, арабтар «әл-уаққаф индәл һақ» атайтын сипат толықтай хазірет Омарға арналғандай. Кімді болмасын өз ойынан, қалыптасқан және беріле құптайтын пікірлерінен бірден бас тартқызу анау айтқандай оңай нәрсе емес. Бірақ ақиқатқа жаны құмар, хазірет Мұхаммед мектебінің берілген шәкірті хазірет Омарға келгенде, бұл тіпті де қиындық тудырмайды. Енді айтулы бір-екі мысалға тоқталсақ:
Өзі сырттан көшіп келсе де, мәдиналық ансарларға ыстық ықыласын үнемі айтып жүрген, басшылық қызметте болғанда жауапты орынға ансар, мухажир деп айырмай қабілет-қарымына қарай отырғызып, тіпті біліктіліктеріне орай ансарлықтарды артық көрген[32], хазірет Біләлдің айтуынша, қандай да бір себеппен ашуланғанда хазірет Біләл оқыған Құран аяттарын естіп сабасына түскен[33] хазірет Омар бір күні ансар мен мухажирлер бас қосқан жиында «Қандай да бір істе осалдық танытсам, не істейсіңдер?» деп сұрайды. Хазірет Омар мұны екі не үш қайталаған соң Бәшир ибн Сағыд (р.а.) «Егер сен олай қылсаң, сені оқтай жонып түзетеміз» деп жауап береді. Жамағаты берген мына жауапқа мейлінше қуанған хазірет Омар «Міне, сонда өркендейсіңдер» деп, қуанышын жасырмайды[34].
Умейр ибн Уәһб – көп жыл ширк қосушыларға басшылық еткен адам. Алайда, бірде пайғамбарлық нұрының сәулелері оны жүрегіне де құйылып, Умейр Ислам құрметіне бөленеді. Хақ пен ақиқат алдында мал-мүлікке, атақ- дәрежеге, тіршілік қамына, ұлықтыққа... ештеңеге қарамай, бәрін тәрк ете білген хазірет Омар мына оқиғадан соң былай дейді: Бұған дейін доңызды көргенді Умейр ибн Уәһбті көргеннен артық санайтынмын. Ал бүгін оны кей өз ұлдарымнан да артық жақсы көремін»[35]. Хазірет Омардың ойын өзгертуіне не себеп болды? Қалай ойлайсыз?
Тағы бірде хазірет Омардың көзінше, Омарды хазірет Әбу Бәкірден артық көргендей әңгіме болады. Мұндай қалжыңның өзін көтере алмайтын хазірет Омар бұған қатты ашуланады және «Aллаға ант етейін, Әбу Бәкірдің бір түні Омардың бүкіл әулетінен артық»[36] деп олардың ойларын өзгертеді.
Абдуллаһ ибн Жәданның айтуынша: Бір күні хазірет Омар біреудің «Аллам, мені аздың бірі қыла гөр!» деп дұға оқығанын естиді. Одан мұның мағынасын сұрағанда «Сен Алланың «Ал онымен бірге иман еткендер өте аз еді» (Һуд сүресі, 40-аят), «Құлдарымның арасында лайықты түрде шүкіршілік ететіндер неткен аз еді!» (Сәбә сүресі, 13-аят) дегенін естімедің бе?» деген жауап алады. Мына ақиқатқа бойы балқыған хазірет Омар кетіп бара жатып «Жұрттың бәрі әйтеуір Омардан артық біледі» дейді[37].
Хазірет Омар осы сөзді басқа бір жолы, құрайыштық бір әйел өзіне ескерту жасағанда айтады. Ибн-и Кәсирдің айтуынша, Әбу Яғланың Шаби мен Масруқ жолымен жеткізген риуаятындағы хабарда хазірет Омар бірде хұтба кезінде әйелдерге мәһір ретінде 400 дирхамнан артық берудің қате екенін, Алла Расулы мен асхабының 400 дирхамдай ғана мәһір бергенін айтады. Артынан құрайыштық бір әйел хазірет Омарға жаңа айтқанының дұрыс еместігін, Құранда Құдіретті Хақтың «Әйелдеріңе кезінде үйіп-төгіп мәһір берген болсаңдар да...» (Ниса сүресі, 20-аят) деген аятын еске салады. Міне, осы кезде хазірет Омар тағы да өзіне жарасымды кейіппен «Әйтеуір, барлығы Омардан артық біледі» деп, мінбеге шығып айтқан сөзін қайтып алады. Қол астындағыларды мәһір мәселесінде қалағанын жасауға рұқсат береді[38].
б) Худайбия және хазірет Омар
Худайбия – Ислам тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Келісімнің талаптарына орай мұсылмандарға кереғардай көрінгенмен, Худайбия бейбіт келісімі Құран сөзімен айтқанда – «aп-айқын жеңіс» (Фатх сүресі, 1-аят). Тек бір қарағанда, мұның жеңіс екендігін түсіне білу үшін мекен мен мезгіл аясында шектелмей ілгеріні көре алатын, оқиғалардың астарындағы пайғамбар қисынын, қырағы көрегендігі мен зерек зейінін пайымдай білу керек.
Бұл жерде бастан-аяқ Худайбия оқиғасын талдап жататын мүмкіндігіміз жоқ. Мұны осыған қатысты жазылған арнайы кітаптарға сілтеп, хазірет Омар мен Худайбия мәселесіне келелік. Худайбия келісімінде екі жақ келісе қабылдаған шарттар мынадай:
1) Mұсылмандар биыл Меккені зиярат қылмай кері қайтады.
2) Зиярат келесі жылы болады және үш күнге созылады.
3) Бұл кезде мұсылмандар өздерімен қару алмайды, бәрі әдеттегідей қылыш асына алады, бірақ ол қынында тұрады.
4) Mеккеден Mәдинаға кеткісі келетіндер болса, олардың тілегі орындалмайды, Meккеде қалады, керісінше Mәдинадан Меккеге көшкісі келетіндерге кедергі болмайды.
5) Aрaб тайпаларының қалаған жағына қосылуларына рұқсат етіледі.
Көріп отырғанымыздай, бір қарағанда, барлық талап-шарт мұсылмандарға қарсы. Әсіресе төртінші бап мүлде келісуге болмайтын нәрсе[39]. Алайда, амал жоқ, Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Мен Алланың құлы және елшісімін Оның бұйрығына қарсы келе алмаймын. Ол мені зиянға ұшыратпайды»[40] дейді. Міне, хазірет Омар осы тұста өз ойын тежей алмай хазірет Пайғамбардың алдына барып, Оған «Бiз хақ жолында емеспіз бе? Мына кемсітуге қалай төземіз?» «Сiз бiзгe Қағбаны зиярат етеміз демеп пе едіңіз?» деп, үсті-үстіне сұрақ қояды. Артынша хазірет Әбу Бәкірге барып, жаңағыны қайталап сұраған хазірет Омар кейіннен бұл ісіне қатты өкінеді. Осы өкінішті ауыздықтай алмаған сезімінің белгісіндей өмірінің ақырына дейін сақтап, өзін кешіре алмаған хазірет Омар, өзінің айтуынша, сол істегені түбіме жетеді-ау деген уайыммен өмір бойы садақа беріп, намаз оқып, ораза ұстайды және қаншама құлды азат етеді[41].
Негізінде «Aлла бізді дініменен әзиз қылды» қисынына бағынушылардың арасында ең алдыңғы сапта болған хазірет Омардың өз ұғымынша хақ пен ақиқатқа кереғар бұл келісім-шартқа келіспейтіні анық еді. Бәлкім, алдыңғы қатарлы сахабалардың бәрі солай ойлаған болуы мүмкін. Расында олардың хазірет Пайғамбардың құрбандықтарын шалып, ихрамдарын шешу жайлы бұйрығын естігенде біраз уақыт «Апыр-ай, кері қайтамыз ба?» деп аңырап тұрып қалғандары соны білдірсе керек. Бірақ оны Aлла Расулына айтуға батылдары жетпейді. Оқиғаға осы тұрғыдан қарағанда, хазірет Омардың ашуы адамзаттың мақтанышы пайғамбарға, оның ұстанымына қарсы шығу сипатында болмағаны анық. Алла Расулының хазірет Омарға осы әрекетіне байланысты өмір бойы ештеңе демеуі осының ең айқын дәлелі. Шынында хазірет Пайғамбарға қарсы шығу пікірі болғанда, олардың жойылуы еш қиындық тудырмас еді.
Бүгінгі күні күдікшіл кейбіреулер хазірет Омардың осы әрекетін негізге алып кінәлайды, оны Алла Расулына бойұсынбаған деген жаламен жазғырғысы келеді. Кінәлау мен жазғыруды былай қойып, Құранда «Алла оларға разы болды, олар Аллаға дән риза» (Мужәдилә сүресі, 22-аят; Тәубә сүресі, 100-аят) деп аталған сенімі шексіз бұл алып тұлғаларға қатысты төрелік етіп, кінә таққанша, исламға берілу мәселесінде өзімізден бір жауап алып көрсек, өте орынды болар еді! Шіркін-ай, мына біз де исламға қатысты қандай да бір мәселеде хазірет Омардай ойлана білсек, сол ойымызды өмір қағидасына айналдыра алсақ қой, мына үлкен Ислам әлемі қазіргідей адамы да, отбасы да, экономикасы да, саяси жағдайы да, мәдени өмірі де пұшайман күйде болмас еді шамасы. Оның ұлы тұлға екендігін білетін елдерде Ислам әлеміне қарсы мұндай жүгенсіз әрекеттер ұйымдастырып, қанқұйлы қимылдарға бара алмас еді...
www.akikat.kz
[1] Tирмизи, Mәнақиб, 18
[2] Әбу Нуаим, атал. еңб., 1/48
[3] Й. Kaндехлауи, aтал.eңбек, 2/261
[4] Әбу Нуаим, атал. еңб., 1/48: Aхмед ибн Ханбәл, Kитабуз-Зүхд, 175
[5] Әбу Нуаим, атал. еңб., 1/45
[6] Й. Kaндехлауи, aтал.eңбек, 2/282
[7] Әбу Нуаим, атал. еңб., 1/50
[8] Tирмизи, Mәнақиб, 18
[9] Aхмед ибн Ханбәл, атал. еңбек, 177
[10] Әбу Нуаим, атал. еңбек, 1/52
[11] Ибн-и Сaғыд aтал.eңбек, 3/293
[12] Әбу Нуаим, атал. еңбек, 1/53
[13] Ибн-и Сaғыд aтал.eңбек, 3/305
[14] Ибнул-Жаузи, атал. еңбек, 1/118; Й. Kaндехлауи, aтал.eңбек, 2/110
[15] Әбу Нуаим, атал. еңбек, 1/52
[16] Әбу Нуаим, атал. еңбек, 1/53
[17] Ибн-и Сaғыд aтал.eңбек, 3/305
[18] Әбу Нуаим, атал. еңбек, 1/52
[19] Ибнул-Жәузи, атал. еңбек, 1/118
[20] Әбу Нуаим, атал. еңбек, 1/122
[21] Әбу Нуаим, атал. еңбек, 1/51
* руку – намазда қос қолмен тізеге таянып еңкейе иілу (ауд.)
[22] И. Сағыд, Taбaқaт. 3/348
[23] И. Сағыд, Taбaқaт, 3/350; И. Kaндeхлауи, aтал.eңбек, 3/194
[24] Бухари, Фәдаилул-Aсхаб. 6
[25] И. Сағыд, атал. еңбек, 3/335
[26] Әбу Нуаим, 1/53-54
[27] И. Kaндeхлауи, aтал.eңбек, 1/451
[28] И. Kaндeхлауи, aтал.eңбек, 1/451
[29] И. Хaжер, aтал.eңбек, 3/88, [29] И. Kaндeхлауи, aтал.eңбек, 1/471
[30] И. Нуаим, атал. еңбек, 1/53
[31] И. Kaндeхлауи, aтал.eңбек, 1/541
[32] И. Kaндeхлеви, aтал.eңбек, 1/377.
[33] И. Сағыд, атал. еңбек, 3/309.
[34] И. Kaндeхлауи, aтал.eңбек, 2/75
[35] И. Kaндeхлауи, aтал.eңбек, 1/194, Н. Хәйсәми, aтал.eңбек, 2/286
[36] И. Kaндeхлауи, aтал.eңбек, 1/339
[37] Aхмед ибн Ханбәл, Kитабуз-Зүһд, 169
[38] Исмаил ибн Касир, Mухласару Ибн-и Kасир, 1/329
[39]И. Kaндeхлеви, aтал.eңбек, 1/157
[40] И. Хашим, атал. еңбек, 3/331
[41] И. Хашим, атал. еңбек, 3/331-332