Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Сын түзелмей, мін түзелмейді

Сын түзелмей, мін түзелмейді

2015-11-11 9429

Қате-кемшіліктеріміздің бізге жөнімен айтылуы және біздің сол сынды дұрыс қабылдауымыз – кемелдікке жету тұрғысынан маңызды болмақ. Көпшілік адамдардың аса ұната бермейтін осы сын айту мәселесінде сын айтушының басты ұстанымы қандай болуы керек? Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сын айтудағы тәсілдері қандай еді? Орынсыз теріс сын айтуды әдетке айналдырған адамдардың бейсанасында қандай түсінік болуы мүмкін? Ондай теріс сын айтатындардың қоғамдағы орны қандай? Сынның жеке тұлғаға және қоғамға беретін зияны қандай? Қысқасы сын айтуда негізгі ұстанымымыз қандай болу керек? 

 

Барлық нәрсені сынның астына алатын бір адам тамаша бір картинаны көрген кезде оны да жарытпай сынаған екен. Сөйтсе қасындағы жолдасы «Сен өзің осындай тамаша өнерді жасай алар ма едің?» – деп сұрапты. Сонда ол: «Менің қолымнан жұмыртқа жасау келмейді. Бірақ, жұмыртқаның бұзылып-бұзылмағандығын ажырата аламын»,[1] – деген екен.

Жалпы өмірде айналамыздағы адамдардың бірі басқаларға сын айтып жатса, енді біреулері сынға ұшырап жатады. Адамдар неліктен сын айтады? Сын айтудың астарындағы қандай психиология жатыр? Сынның пайдасы бар ма? Орынды сын қалай болады? Сынның адам психологиясына әсері қандай?

 

Сын айту – тілмен, жазу арқылы немесе әрекет арқылы болады. Сөз жүзінде айтылатын сын дегеніміз – қандай да бір адамның еңбегінің дұрыс-бұрыс, жеткілікті-жеткіліксіз, жақсы-жаман жағын көрсету. Сынның ахлақ тұрғысынан жақсы немесе жаман болуы, оның кімге бағытталғаны, қашан, қай жерде, қандай мөлшерде, қандай мақсатта және қандай ниетте айтылғанына байланысты. Осы жағынан қарағанда сынды екіге бөлуге болады. Бірі орынды сын (түзетуші, пайдалы) және теріс сын (қиратушы, зиянды). Сынның әсері немесе нәтижесі жоғарыда айтқанымыздай жағдайға қарай өзгеріп отырады.

 

Адам не үшін сын айтады?

Жеке және қоғамдық өмірдің жақсаруы үшін қателіктер мен олқылықтар жіті бақыланып, оған орнымен сын айтылуы қажет. Алайда кемшіліктерді айту барысында адамның ниеті тура болып, айтқан сыны өзіне және қоршаған ортасына зиянын тигізбеуі тиіс. Орынды айтылған сын әрқашанда келеңсіздіктерді түзететіні анық.

 

Отбасында болсын, көпшілік арасында болсын әрдайым теріс сын айтып жүретіндер, уақыт өте келе тырнақ астынан кір іздейтін қытымыр адамға айналады. Тіпті бұл оның үйреншікті әдеті болып кететінін күнделікті өмірден көріп те жүрміз.

 

Теріс сынның астарында көбінесе сезім мен нәпсінің әсері болады. Бәсекелестік пен қызғаныш адамды әрдайым өзгелерді сынауға итермелейді. Ал, мұндай жағдайда сын айтуға түрткі болған нәрсенің тігісін жатқызып, мәселені шешуге тырысу керек. Әйтпесе, ниеттің дұрыс болмауы себепті екі тарап та бұдан зиян шегеді. Қысқаша айтсақ, сынды «жүзім сатып алып жеудің орнына, оны сатып тұрған саудагерді соққыға жығу» ниетімен айтпау керек. Сынды айтқанда нәпсіге еруден сақтанып, мейлінше шынайы болуға тырысу қажет. Сонымен қатар сынның орны мен өлшемін біліп, дұрыс тәсілмен жүзеге асырмаған жағдайда ол бәрібір нәтижелі болмайды.

 

Теріс сынның қоғамдық ауруға айналып кетуі де ғажап емес. Мысалы, айтулы тұлғалардың БАҚ-та сезімге ерік беріп, өзгелердің атынан теріс сынды жаудырып жататын кездері болады. Теледидардағы біршама айтыс-тартыс бағдарламаларында айтылатын сыни пікірлердің астарында жағдайды түзету ниеті емес, қарсысындағы адамға материалдық һәм рухани зиян тигізу мақсаты көзделетіні белгілі. Оның басты ұстанымы қарсы тараптағы адам не айтса да, оған қарсыласа беру. Қоғамдық өмірдің тамырына тереңнен бойлай бастаған осы келеңсіздік жаңа жетіліп келе жатқан жас ұрпаққа сіңісіп кетпей тұрғанда одан тез арада құтылуымыз қажет.

Бүгінгі таңдағы батыстық мәдениеттен туындаған «тұлғаның дамуындағы» жекешілдік түсінігі жетістікке жеткізуші күшке ие деп есептелгенімен, ол өзімшілдік пен менмендікті шектен тыс арттыруда.

Күннен күнге «бар болу үшін жоқ ету» немесе ең табысты адам болу үшін басқаларын басып озу, басқа адамдарды орынсыз сынап-мінеу, жеке бас пайданы көздеу артып барады. Өзімшілдік пен менмендіктің теріс сынды арттырғандығы байқалуда.

 

Сын айтушының психологиясы

Теріс бағыттағы бүлдіруші сында аяушылық болмайды, сондықтан да оны қарсы тараптағы адамның психологиялық жағдайы ойландыра бермейді. Ал жүрегінде аяушылық сезімі бар жандардан кері бағыттағы сын көп шықпайды.

 

Негативке жақын яғни мағынасыз қарсыласу ұстанымындағы адам мен пессимист* адамдарда өзгелердің кемшілігін көру жиі кездеседі. Баршаның қателігі мен кез-келген оқиғаның кемшілігі оларға қатты әсер етеді. Бақытсыз және дистимиядағы* адамдарда ерікті-еріксіз түрде пессимистік сыни көзқарас артады. Бұл жағдайдағы адамдар өздерінің ішінде болып жатқан процесті аңғармауы мүмкін. Мұндай кезде жанындағы адамдар оған жәрдемші бола білуі керек. Мысалы, пессимист бала ойын ойнап жатқанда, жолдастарының қалыпты әрекетінің өзін, «олар мені жақсы көрмейді, әдейі осылай жасады» деп ойлап, оларды сынай бастайды. Мұндай жағдайда ол балаға жақындары тиісінше көңіл бөліп, онымен жұмыс жасауы керек.

 

Шектен тыс кәмілділікті қалайтын адамдарда өзін және басқаларды әрдайым бағалап отыру, қателіктерді түзету, барлық нәрсенің кемшіліксіз болғандығын қалау сезімі бар. Кәмілділікті қалайтын адамдар айналасындағы адамдардың кемшіліктерін тауып, көп жағдайда стресстің артуына себеп болады. Мысалы, кәмілділікті қалайтын ана баласының сабақтан төрт алғандығын еш қабыл ете алмай, әрдайым бес алса екен дейді. Бұл керісінше, балада стрессің артуына, жетістігінің азаюына әкеп соғады. Әрдайым ең кәмілін қалау және соны басқалардан күту кейбір жақсылықтардан айрылуға алып келуі мүмкін.

 

Сын айтушының бейсанасында «мен одан жақсы білемін», «одан жақсы жасаймын» деген ой жатуы мүмкін. Осы ойдың жетегімен адамдардың немесе жағдайдың әйтеуір бір қате тұсын іздеп табады. Содан қарсы тараптағы адамнан жақсырақ білетіндігін өзінше дәлелдеп, менмендігі мен өзімшілдігінің одан да жоғарылауына себеп болады. Сынаудың бұл түрі уақыт өте келе әсер еткіш күшке ие болады.

 

Ал, кейбіреулер өздерінің қателіктерін жасырып, өзгелерге көрсетпеу үшін өздері байқамай сын айтып жатады. Бұл көбінесе қоғамдық жерлерде жиі кездесіп жатады. Басқалары сынға ұшыраған кезде немесе кемшіліктері айтылған кезде сыншы өзінің дұрыс екендігін, қателіктерінің беті жабылғандығын ойлайды. Отбасы ішінде де қателіктерді әрдайым басқалардан көру, адамның өзінің қателіктерін түзетуіне бөгет жасайды және отбасылық қарым-қатынасының бұзылуына жол ашады. Әрдайым барлық нәрсені және барлығын теріс көзқараспен бағалаған адамдар, өздерін күйзеліс пен қайғыға итермелеуімен қатар қоршаған ортасына жағымсыз энергия таратқандықтан жалғыздыққа ұшырайды.


Сыналушының психологиясы

Айтылған әрбір сөз қарсы тараптағы адамға әсер етеді. Бұл әсер оң немесе теріс болуы мүмкін. Бір нәрсені талқыға салған кезде нені не үшін сынағанымызды, оның нәтижесінде кімге қаншалықты пайдалы болатындығын есепке алу керек. Айтылған сөзбен қарсы тараптағы адамға тек қана ескерту жасаумен ғана шектелмей, ол адамның жалпы жағдайы мен әрекетіне әсер ететінімізді де ұмытпайық. Сын орынды болмаған кезде қарсымыздағы адамға зиянымызды тигізетінімізді де естен шығармауымыз керек.

 

Сын көп жағдайда сынға ұшыраған кісіні күйзеліске душар етеді. Оның әсерінен адамдардың бір-бірінен алшақтауына, уақыт өте келе арадағы қарым-қатынастың үзілуіне себеп болады. Барлық нәрсені бұза-жара сын айтатындардың отбасы ішінде жалғызсырап қалатыны жасырын емес. Ешкім ол адамға ештеңе айта алмайтын халге келеді. Өйткені, қарсысындағыдан әрдайым жағымсыз көзқарас көреді. Нәтижеде тыңдаушыда өкпе, реніш туындауы мүмкін. Бір адамның кемшіліктерін әрдайым бетіне басып айта беретін болсақ, ол адамның өзіне деген көзқарасы да дұрыс болмайды. Бұдан кейін ол өзіне сенімсіз болады, өзін төмен санайды да, уайымы одан бетер арта түседі. Уайымы мен күйзелісі артқан адамдардың қателіктері де көп болады. Яғни, бір-бірін қуалаған тізбекті шеңбер қалыптасады. Сынау күйзелісті, ал күйзеліс болса өзімен бірге қателікті алып келеді. Жиі-жиі қателік жасаған адам, одан да көп ескерту алады.

 

Анаған-мынаған кемшілік пен қателік таққандар, өздерін көрсету үшін барлығын қор санайды. Олар өздерін қалағанындай таныта алмай, айта алмағандары үшін әрқашан өзгелердің кемшілігін іздеумен әлек болады. Өзгені жамандаған адамның өзі жаман екендігін ескерткен Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Адамдар құрдымға кетті деген кісінің өзі құрдымда» деген. Адамның ожданы мен жүрегі таза болса, барлық нәрсені дұрыс көре біледі. Әрдайым өзгелерден кемшілік іздейтіндер тіпті Жәбірейіл аләйһис-сәләмның өзін қаралап, «Қайтсем аяғын тайдыра алам» деп одан «қателік табады». Негізінде, мұндай адамдардың түпкі ойында бұзықтық жатады. Олардың мінез-құлық турасындағы түсініктері – қалай да адамдармен түсінісе алмау. Ешкіммен сыйыса алмайтын мұндай адамдардың дерті – өздерін тым қатты жақсы көрулері. Олар ел-жұрттың әрдайым өздері туралы айтқанын қалайды. Өзгелерден оқ бойы озық тұруды, қадірлі болуды жан жүрегімен аңсайды. Мәселен, сіз қандай да бір істі жақсы нәтижемен аяқтаған кезіңізде: «Егер бұл істі басқа біреу жасағанда нәтижесі әлдеқайда жақсырақ болар еді» деп айта аласыз ба? Иә, бұл – Құран рухы мен пайғамбар ұстанымы. Ал, әрдайым жасаған істерінің қарымын күтіп, өзін алдыңғы қатарға шығаруға тырысытындар болса, рухани дертке шалдығып, қисынсыз сандырақтағандар болса керек.

Сын айту қарсы тараптың батылдығын бәсеңдетіп, оны енжарлыққа итермелеп немесе ашу-ызасын арттырады. Әрдайым жағымсыз сөздер еститін адамдарда сынға ұшыраудан қорқу мен жалтақтық басталады. Сынға ұшыраған адамның ішіндегі бізге деген өкпесі мен ренішінен арадағы диалог бұзылады.

 

Бір адамның немесе бір істің қаншама жақсылықтарын ысырып қойып, тек кемшіліктерін ғана көру – әділеттілікке сай келмейді. Сынға ұшыраған адамның жақсы жақтарының бағаланбауы оның жақсы қасиеттері мен ізгіліктерінің азаюына себеп болады. Мысалы, бақшада қаншама әдемі гүлдер болса да, тек жабайы гүлдерге назар аударуымыз уақыт өте келе әдемі гүлдердің азаюуына әкеп соғады. Адамға үздіксіз сын айту оны бақытсыз һәм тұйық болып кетуіне итермелеуіміз мүмкін.

 

Орынды сын қалай болады?

Сыналып отырған нысан алдымен жан-жақты зерттелуі керек. Содан кейін сын ол адамның көңіліне тиіп, ренжітпейтіндей жұмсақ түрде айтылуы қажет. Егер де мәселені шешудің баламалы тәсілін кішіпейілдікпен сыпайы түрде жеткізсеңіз, қарсы тараптағы адам да айтылған сынды дұрыс қабылдап, пікіріңізге құлақ асады. Тіпті сізбен пікірі келіспейтін адамның өзі биязылығыңыздың себебінен өз пікірін өзгертіп, сіздің ыңғайыңызға жығылуы ықтимал. Ондай сәтте сіздің де ішіңіз жылып, ол адаммен ортақ тіл табысасыз. Сондықтан да жалпы ақиқатты дүйім жұрт қабылдасын, руханиятымыз хақ жолға негізделсін десек әрқайсымыз өзіміздің ішіміздегі менмендігімізді жеңіп, «мен білемін» деуден алыстауымыз қажет деп ойлаймыз.

 

Бір мәселе жайлы сөз болғанда «менің пікірімше, менен сұрайтын болсаң, менің түсінігіме қарай» деген сөздерді қолдануыңыз тыңдаушының қарсылығын тудыруы мүмкін. Сол себепті мәселеге объективті түрде қарап, іргелі қайнаркөздерге сүйене отырып, «пәлен кітапта жазылғанындай», «түгенше ғалымның айтуынша» деген сөздермен бастау жақсы нәтеже берері сөзсіз.

 

Көп жағдайда басшылардың немесе білімі мен тәжірибесі мол адамдардың айтқан сындары дұрыс қабылданады. Өйткені, ондай тұлғалардың қандай да бір мәселеге пікір білдіруі жақсы нәтижеге себеп болары анық. Көптеген адамдар мұндай тәжірибелі кісілердің тарапынан айтылған сын арқылы өздерін жетілдіріп, кемшіліктерін түзетеді. Себебі сынның айтылуы жетілу үшін және өзгелерді жетілдіру үшін қажетті фактор.

 

Сын айтудағы мақсатымыз адамның қандай да бір қателігін түзету болғанымен, кейде байқаусызда ол адамның қателігінің артуына себеп болып жатамыз. Сондықтан оның кемшілігін бас салып айтпастан бұрын, мәселенің болымды жағын бірінші айтып, негізі қандай болуы қажет екенін білдіру маңызды. Ал егер ол адам кемішіліктерінің айтылғанына бойы үйреніп қалған болса, оны қайта-қайта айта берудің тіптен қажеті жоқ. Себебі мұндай жағдайда сын айту еш нәтиже бермейді. Керісінше, жағдайды ушықтырып, оның қателіктерінің көбеюіне ықпал жасауымыз мүмкін. Осындай типтегі адамдарға сын айтқанда алдымен оның жақсы қасиеттерін тілге тиек етіп, соның арасында кейбір қателіктеріне ишара жасай отырып көркем түрде жеткізуге тиіспіз.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кісінің кемшілігін ешқашанда бетіне баспайтын. Ондай адамның қателігін көпшілікке жалпылай айту арқылы жеткізетін. Жалпы адамның кемшіліктерін бетіне тура айту оған психологиялық жайсыздық береді. Сол себепті бұл тұрғыда Алла елшісінің сүннетін басшылыққа алуымыз керек.

 

Балалармен қарым-қатынас барысында олардың жақсы жақтарын айтып, қолпаштап отыру маңызды. Мысалы, сыныпта балаларға бір сұрақ сұрадыңыз делік. Оқушылардың бірі бұл сұраққа жауап берді, бірақ берген жауабы қате. Мұндай жағдайда берген жауабың мүлде дұрыс емес деп бетіне баспай, жауаптың кейбір дұрыс жақтарын айтып, оны ыңғайсыз жағдайдан құтқару қажет. Содан кейін ғана жауаптың дұрыс болмағанын айту керек. Осылайша оқушы өзін жақсы сезінеді, сөйлеу барысында әрдайым батыл болады.

 

Көпшілік болып бірігіп қызмет істейтіндер әріптестерін сынап-мінеуден мүмкіндігінше аулақ болғаны дұрыс. Себебі бір адам сын айтса, басқалар да айта бастайтын болады. Нәтижесінде өсек пен ғайбат көбейіп, бірлік рухы әлсірейді. Адамдар әрдайым басқаның кемшілігін ғана көретін болады. Бауырластық пен достық келмеске кетеді. Бәдуиззаман Саид Нұрси бұл жайлы былай дейді: «ЕКІНШІ ДӘСТҮР: Құран үшін қызмет етіп жүрген бауырларыңды мінемеңдер. Оларға «менің адамгершілігім сенікінен жоғары» деген секілді қызғаныш сезімін оятатын, қытығына тиетін сөздерді айтпаңдар. Себебі, адамның бір қолы екінші қолымен бәсекелеспейді, бір көзі екінші көзін сынамайды, тіл құлаққа қарсы шықпайды. Көңіл рухтың айыбын көрмейді. Керісінше бір-бірінің нұқсандықтарын толтырып, жыртығын жамап, қажет кезінде демеп, міндетін дұрыс атқаруына жәрдемдеседі. Ал бұлай болмаған жағдайда ағза өмірін жалғастыра алмайды[2].

 

Жапы сын айту мен Құран Кәрімдегі «насихат арқылы жамандықтан тыю» әдісінің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Мұсылман адам бауырының бойынан көрген қателіктерін дұрыс ниетпен айтуы қажет. Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз былай болуы керек: «Әр нәрсені сынай беру, барлық нәрсеге қарсылық білдіре беру – бұл тек бүлдіру әрекеті болмақ. Адам бір нәрсені ұнатпаса, онда өзі одан жақсырағын жасауы керек. Бүлдірудің нәтижесі – қираған үйінділер болса, түзетудің нәтижесі – гүлдену, даму болмақ»[3].

 

Сынаудың пайдасы бар ма?

Дұрыс сынның пайдалы болғаны секілді орынсыз сынның да зияны бар. Қателіктердің қайталанбауы үшін сын айтылу керек. Адам өзінің бойындағы кемшіліктерді айнаға қараған кезінде көретіні белгілі. Орынды айтылған сын да дәл сол айна іспетті. Адам осы айнаға қарап қателіктерін түзетеді. Адамдардың бірігіп жұмыс жасайтын жерлерінде орынды сынның болуы аса қажет. Бірақ орынсыз айтылатын сын көп жағдайда кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан орынды сын айтылуы керек.

Мүмін адам қандай да бір келеңсіздікті көрсе, оны мүмкін болса қолымен, егер оған шамасы келмесе тілімен, ал оған да шамасы келмесе жүрегімен қарсылық білдіреді. Сол арқылы қателіктің алдын алады.

Адам баласы негізінде кемшіліктерінің айтылуын ұната бермейді. Бірақ өзіне бағытталған орынды сынды дұрыс қабылдауы бұл «кәміл адам» межесіне ұмтылуға септігін тигізері сөзсіз.

Орынды сынның айтылуы оқу-білім саласына да оң әсерін тигізеді. Білімнің сапасын арттырып, оқыту әдістерінің дамуына үлес қосады.

Біз мейлі басшы болсақ та, қосшы болсақ та, ең азы отағасы ретінде әрдайым дұрыс көзқараста, тура ниетте болуымыз қажет. Сонда ғана өмірде табысқа жетіп, айналамыздағы адамдарға жағымды боламыз.

 

Қорытынды

Әр нәрсені сынаушылар, ең алдымен өздерінің нәпсісін сынға алмаса, өз кемшіліктерін көре алмай қалады. Әрдайым өзгелерді сынаушылар, өздеріне де сондай сын көзбен қарауы тиіс.

Сын айтушылық – өсек пен ғайбатқа итермелейді. Сол себепті сын айтатын адам көп жағдайда уақыт өте келе өзінің қалайша өсек пен ғайбатқа бет бұрғанын байқамай қалады.

Түзетуші болу және жақсылықты бағалау қашан да мақтаулы әрекет. «Жақсылықты көре білген адам жақсы ойда болады. Ал жақсы ойда жүретін адам өмірінен ләззат алады» деген сөз біздер үшін негізгі ұстаным болуы керек. Міне, осындай ұстаныммен жүрер болсақ, ешкімді де ренжітпесіміз анық.

Бір нәрсені бұзудың, қиратудың жөндеуге қарағанда әлдеқайда оңай екендігі белгілі. Соған қарамастан орынсыз сынның қоғамымызда кең етек алып жатқанына куә болудамыз. Орынсыз сынның келеңсіздік туындату және орынсыз сынаушыларды қолдайтын адамдардың табылатын ортасында дұрыс әрекет ету қиын екені рас. Адамды сынаудан алдын оның рухани халін есепке алу және өз нәпсіңді есепке тарту қажет.  

 

www.akikat.kz

 


[1] Ибраһим Сыддық Имамоғлу, Бүюк дини хикаелер, 1 том, «Османлы» баспасы, Стамбұл, 1980, 407-бет.

* Пессимист – болашаққа сенімсіздікпен қарап, сары уайымға салынушылық.

* Дистимия – ұзаққа созылған психологиялық тоқырау.

[2] Бәзуиззаман Саид Нұрси, Рисале-и Нұр куллиаты, Лемалар, 21-лема, Ықылас рисалесі.

[3] Фетхуллаһ Гүлен, Өлчү ве иолдаки ышыклар, «Төв» баспасы, Измир, 1993, 2 том, 70-бет.



Оқи отырыңыз