Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Құран ілімі > Сахабалар қоғамы – Құранның мұғжизасы

Сахабалар қоғамы – Құранның мұғжизасы

2015-11-02 13371

Сахабалардың көктен түскен уахиға деген ықылас-пейілдерін, жан дүниесімен беріле бойұсынушылығын адамзат тарихында басқа ешбір қоғамнан кездестіру мүмкін емес. Сахабалар өздері өмір сүрген кезеңнің қоғамдық шарттарынан озық жүйемен және дәлдікпен Құранды Пайғамбарымыздың басшылығымен әрі жаттап, әрі жазып сақтаған және Оны бір әрпін де өзгертпестен кейінгі ұрпаққа жеткізген. Бүгінгі күні әлемнің әр түкпірінде ең танымал кітап саналатын Құран Кәрім ғасырлар бойы ешбір өзгеріссіз оқылып келеді. Қанша жерден жазба істері дамып, баспахана және байланыс құралдары секілді небір мүмкіндіктерге қол жеткізген осындай кезеңнің өзінде атақты тұлғалардың шығармаларында біркелкіліктің болмауы немесе қателіктен арыла алмауы бұл бір әріпі де өзгермей сақталған Құранның ғажаптығын көрсетеді. Біз бұл мақалада Құранның сахабалардың өміріндегі орнын, маңызын және сахабалардың оны кейінгі ұрпаққа қаз қалпында жеткізуін пайымдап көрмекпіз.

 

Құранның сахабалар өміріндегі орны

Сахабалар қоғамы – Құран мен Расулалланың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мұғжизасы болып саналады. Бұл шындықты бұрын да, қазір де талай ғұлама айтты. Мысалы, ислам құқық әдістемесінің ең танымал тұлғаларының бірі Карафа (қ.б. 684) бұл жайындағы ойын былай түсіндіреді: «Ардақты Пайғамбарымыздың пайғамбарлығына басқа ешбір дәлел болмаған күннің өзінде тек сахабалар қоғамы Алла Расулының пайғамбарлығына дәлел ретінде жеткілікті болар еді»[1]

Бәдиүззаман сахабалардың Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тәлім-тәрбиесінде қалыптасып, пайғамбарлардан кейінгі зейін-зердесі, қабілет-қарымы және адами құндылықтары жағынан теңдессіз, адамзат әлемінің ең танымал, ең қадірлі және ең діндар тұлғалары екендігіне назар аударта отырып[2], оларға былай деп баға береді: «Бәдәуилер оқу-жазу деңгейі өте төмен, әлеуметтік өмірден, өз заманының ой-пікірлерінен хабарсыз, қасиетті кітаппен таныс емес және фәтрат кезеңінің қараңғылығында тірлік кешкен бұл адамдар азғантай уақыт ішінде ең мәдениетті, ең білімді және әлемдік саясаттағы озық ұлыстар мен билеушілерге ұстаз, жолбасшы, дипломат әрі қара қылды қақ жарған әділдіктің негізінде билік құрған патша, күншығыстан күнбатысқа дейінгі жалпы жұртты риза еткен басшыларға айналды»[3].

Белгілі ғалым Фетхуллах Гүлен сахабалардың кереметін былай баяндайды: «... Құран жер жүзін нұрландырған алғашқы кезеңде адамдардың жан дүниесіне, ой-санасына және де көкірек көзіне ерекше ықпал еткені сондай, Оның (Құранның) нұрлы әлемінде өмірге жаңаша көзқараспен қараған жандар Одан басқа кереметті қажет етпестей күйде болды. Сенімі, діндарлығы, білім өресі, мінез-құлқы, құлшылықтың сырын ұғынуы мен сан түрлі қабілеттері тұрғысынан сахабаларға тең келер қауым табу мүмкін емес. Расында сол кезеңде сахаба атымен қалыптасқан бұл қауымды періштелермен тең десе, артық айтқандық болмас»[4].  

Сахабалар Құранмен етене жағын ғұмыр кешіп, бүкіл ғұмырларын Құранға арнаған. Олар Құранмен өмір сүруде және оны басқаларға жеткізуде тарихта бұрын-соңды болмаған ынта-ықылас көрсетті. Қанша азап пен зұлымдыққа қорлық пен қысымға ұшыраса да, сенім артқан құндылықтардан ешқашан бас тартпаған. Алла жіберген хабарды бойына мейлінше жақсырақ сіңіру үшін дүние-мүлкін, туған отанын тастап, басқа жерге қоныс аударған. Осы жолда жанын қиып, барын салған. Оларды бет алған бағыттарына ет жақындары да бөгет бола алмаған[5].

Сахабаның өміріндегі ең маңызды нәрсе – Құранның әрбір аятын жақсы білу және сол бойынша жүру болды. Белгілі бір кәсіппен немесе саудамен айналысатын сахабалар болса күннің бір бөлігін Құранға арнап, қалған бөлігін Алла Расулының құзырында өткізетін. Келген уахиды дереу тындап, ұғынып алу мәселесінде ешкімнен қалыспау үшін Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құзырына кезектесе келіп, бірде-бір сөздің назардан тыс қалмауын қадағалайтын. Бухаридың айтуынша, хазірет Омар Алла Расулының құзырына бір күн өзі баратын, келесі күні ансарлық көршісін жіберетін, кейін  Пайғамбарымыздан үйренген діни мәселелерді және басқа да болған оқиғаларды өзара бір-біріне айтып беретін[6]. Мұнымен қоса сахабалар арасында бүкіл уақытын Пайғамбар мешітінде өткізіп, Құран мен сүннетті үйренуге өздерін арнаған сахабалар да болды. Олар тарихта «суффа сахабалары» деген атпен қалды. Бұл туралы төменде арнайы айтатын боламыз.

Ардақты сахабалар ең қатерлі мезеттің өзінде оқып жатқан Құранын тоқтатпайтын. Мысалы, бір жорық кезінде олар кезекпен күзетке тұрады. Күзетте тұрған сахаба намаз оқитын болады. Мұны байқап қалған дұшпан оған оқ жаудыра бастайды. Сахаба тиген оққа қарамай намазын жалғастыра береді. Кейін қасындағы серіктері оған «неге бірінші оқ тиген бойда бізге хабар бермедің?» деп сұрағанда, әлгі сахаба мұның себебін былай түсіндіреді: «Намазда бір сүре оқып жатыр едім, оны бел ортасынан үзіп, намазды тоқтатуға қимадым»[7]. Көріп отырғанымыздай, сахаба намазда Құран оқу үстінде осылай өзін-өзі ұмытып, жарақат алғанына қарамастан оқып жатқан сүресін бітірмейінше намазын тоқтата алмаған.

Сахабаның Құранға көзсіз берілгендігін, Құран мен олардың жан дүниелерінің бір бүтін болып кеткендігін досы да, дұшпаны да мойындаған. Сахабалардан үнемі жеңіліске ұшырайтын Рим мен Парсы патшалары олардың осал тұстарын іздеп, сан түрлі айла-тәсілге жүгінген болған. Сахабалар арасына жіберген жансыздарынан да, олармен тікелей майдан шебінде кездескен жауынгерлерінен де бір ғана  жауап алатын: «Олар түні бойы ғибадатқа берілген тақуа, күндіз ешнәрседен тайсалмайтын сарбаз. Олардың арасында отырғанда жаныңдағы адаммен тілдесуің мүмкін емес. Өйткені олар үздіксіз Құран оқып, Алланы еске алумен болады»[8].  

 

Құранға назар аудару

Сахабаның өмірі тек Құранды арқау етіп, тыныс-тіршілігі уахидың ықпал-әсерімен өзіндік бір сипатқа ие болды. Құранда олардың ғибадаттары мен Алла жолында жүргізген күрестері, өзара қатынастары мен Ардақты Пайғамбарымызбен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сөлесу әдебі, ас ішу, қалай жүріп-тұру, тіпті көкейінде туындаған кез-келген мәселенің шешімі баяндалып, аяттар түсіп жатты[9]. Өмірлері Құранмен біте-қайнасып жатты. Мысалы, Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір күні Үбәй бин Кағбты шақырып алып оған: «Алла саған Құран оқы деп бұйырды» дегенде, Үбәй толқу үстінде: «тіпті атымды да айтты ма?», − деп сұрайды, Пайғамбарымыз «иә», − деп жауап қатқанда ол жылап жібереді (Бухари, Тәфсир, 98: 2).

Алла Тағала мәңгілік өмірді бүкіл нәрседен артық қойған сахабаларды өздері әрдайым оқып жүрген кітаптың, яғни Құранның баға жетпес құндылық екендігіне назар аудартып, оларды құлшындырып  былай дейді:

«Құранның қасиеті сол, егер (кәпірлерді иманға келтіру үшін мұғзиза ретінде) таулар көшірілсе, яки жер тілімделіп жарылса немесе өлілерге тіл бітірілетін болса, мұның бәрі тек Құран арқылы жүзеге асар еді». (Рағыд сүресі, 31-аят).

«Егер Біз осынау (қасиетті де, айбатты) Құранды тауға түсіргенімізде оның (алыптығына қарамастан) Аллаға деген ерекше құрметі мен қорқынышы себепті, бас иіп, күл-паршасы шыққанын көрер едің. Біз адамдар үшін жүйелі түрде ойланып, ғибрат алсын, деп міне осындай мысалдар келтірудеміз». (Хашр сүресі, 21-аят).

«Жалған атаулы оған (Құранға) алдынан да, артынан да жқындай алмайды....». (Фуссилат сүресі, 42-аят)

«Шүбәсіз, бұл Құран ең дұрыс, ең сенімді жолға бастайды һәм үнемі орынды да игі істер істейтін мүміндерге (алдағы нақытта) еншілеріне тиетін үлкен сый-сыяпат бар екендігін айтып, сүйіншілейді». («Исра» сүресі, 9-аят)

«Біз Құранда мүміндер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз...». ( «Исра» сүресі, 82-аят)

«...Біз Кітапта ешнәрсені қалыс қалдырмадық, титтей де ағаттыққа жол бермедік...». («Әнғам» сүресі, 38-аят)

Құран өзін үнемі оқуға, түсінуге сахабаларды шақырады. («Фатыр» сүресі, 29-30 аяттар).

Құранмен мықты байланыста болып, дінін еркін ұстанып, бойына сіңіру және оны шартарапқа жаю жолында жанын да, мал-мүлкін де құрбан етіп, ел-жұртын, отанын тастап шыққан сахабалардың, кейбір шығыстанушылар айтатынындай, Алланың кітабын қорғауда немқұрайлық танытуы мүмкін бе? Әрине жоқ.

 

Пайғамбарымыздың сахабаларын Құран оқуға ынталандыруы

Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) түскен әр Құран аятын әуелі ерлерге, содан кейін әйелдер қауымына оқып беретін[10]. Уахиды естіген сахабалардың кейбірі оны жаттау немесе жазу арқылы есте сақтайтын. Жазу білетіндер Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хабарлаған уахиларды жазатын, сосын жазғандарын жаттайтын. Жазу білмейтіндер яки жазу құралын алуға мүмкіндігі жоқтар болса, Алла елшісінің өзінен тікелей тыңдап, жаттауға тырысатын[11]. Әз Пайғамбар олардың Құранға деген ынта-ықыластарын арттырып[12], «ең игі кісі Құранды үйреніп, басқаларға үйреткен адам» екендігін айтып[13], Құранмен уақыт өткізудің Алланың құзырында жоғары бағаланатынына назар аударып[14], былай деген: «Шексіз үстемдік иесі Раббымыз: Кімде-кім Құран Кәрімді көп оқығандығынан Маған дұға етіп, бірнәрсе сұрауға уақыт таба алмаған болса, Мен оған сұраған пенделеріме бергенімнен де асырып беремін, деді»[15] .

         Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әрдайым асхабын Құран оқуға және жаттағанын ұмытпауға тәрбиелейтін[16], естен шығарудың ақыреттегі жауапкершілігін ескертетін[17]. Бір кісі «Уа, Алланың Расулы, Аллаға қайсы амалымыз сүйкімдірек?», − деп сұрағанда, ол: «Сапарыңды бітірген соң қайтадан жолға шыққаның» деп жауап береді. «Сапарды бітіріп, қайта бастау деген не?», − деп қайыра сұрақ қойғанда, «Құранды басынан соңына дейін оқып, бітіргесін қайта бастап оқу», − деді[18]. Мұнда, Пайғамбарымыз үздіксіз хатым түсіруді меңзеген. Бұған қоса Құран оқыған мүміннің цитрус жемісі секілді болатынын айтқан[19].

         Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Құран оқуға және оқытуға үндеумен қатар, өзі де ең қиын шақтардың өзінде сахабаларына Құран үйрететін. Әбу Талхадан (р.анһу) жеткен мына риуаят Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) да, сахабалар да Құран оқу және үйрету ісіне қандай ерекше мән бергенін көрсетеді: «Бір күні Расулаллаға барғанымда оның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) аштықтан бұратылып жазылмай қалған белін тік ұстау үшін ішіне тас байлап алып, суффа сахабаларына Құран оқып беріп тұрғанын көрдім»[20].

         Алла Расулы Құраннан қол үзудің айтарлықтай айып екендігін де ескертіп, былай дейді: «Ішінде Құраннан ештеңе жоқ адам қирап құлазыған үймен тең»[21].

         Сондай-ақ, Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларының арасында Құран оқу мәселесінде оқ бойы озық тұратын бірнеше кісінің атын атаған. Құранды айна қатесіз дұрыс оқуды сол кісілерден үйренуді насихат еткен.  Мәдинада қарилардың саны өте көп еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оларды алыс елдерге Құранды үйретуге жіберетін. Мысалы, Мусъаб ибн Умәйр мен Абдуллаһ ибн Умми Мәктумды һижреттен бұрын Мәдинаға жіберген болатын.

        

Сахабалардың Құран оқуға ерекше ықыласы

Сахабалар өмірлерінде ең басты орынға Құранды қоятын. Олар әр бір жаңадан түскен аятқа көктен жауған иләһи дастархан ретінде қарады. Түскен аяттардың иләһи тылсымына батып, бар күш-жігерін Құранды үйренуге, үйренгенін іске асыруға және оны басқаларға жеткізуге жұмсайтын. Олар аяттарды жаттауда, жатқа оқуда және мағынасын түсінуде құдды бірімен бірі жарысқа түскендей еді[22]. Тіпті Құраннан жаттағандарының мөлшері сахабалар арасында ізгіліктің көрсеткіші іспетті болды[23]. Кейде әйелдің қалыңмалы орнына күйеуі оған Құраннан бір сүре үйрететін. Ал, бұл өз кезеңінде әйел үшін ерекше қуаныш саналатын[24].  Түн ортасында намазға тұрып, таң сәріде Құран оқуды жайлы төсектегі ұйқыдан артық көретін[25]. Тіпті түнде үйлерінің маңынан өткендер олардың ара ызыңындай болып Құран оқыған үндерін еститін[26]. Олар жайлы Құранда былай делінеді: Сондай-ақ олар түнде аз ұйықтайтын (және Раббыларына көп құлшылық ететін). Сәресі уақытында Алладан кешірім сұрайтын[27].

Сахабалар арасында дауыстап оқылатын намаздарда, әсіресе таң намазында Бақара сүресінен бастап жеті сүре қатарынан оқу көп кездескен. Ал, хазірет Осман мен Тәмим әд-Дари секілді кісілер бір рәкатта Құранды оқып шығатындар да болатын[28].

Кей сахабалардың Құранға берілгені сондай, үш күнде бір хатым жасайтын, тіпті араларында әр түн сайын бастан-аяқ оқитындар да бар еді[29]. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Асты қасына шақырып алып, оған айына бір рет хатым түсіруін насихат еткен. Сонда ол бұдан көбіне де күшінің жететінін, яғни бұдан да аз уақыт ішінде хатым түсіре алатынын айтады. Ал Пайғамбарымыз болса, аптада бір рет оқуын ұсынады, одан аз уақыт аралығында хатым түсіруді құп көрмеген[30].

Сахабалардың кейбірі Пайғамбар мешітінің жанында Суффа деген жерде Алла Расулының қасында болып, Оның жетекшілігімен Құранды жаттап, мағынасын талқылайтын[31]. Олар Құранда ескертілгендей, өздеріне Алланың ризашылығын алуды өмірлік мақсат еткен ерекше жандар еді: «Бір Алланың разылығын ғана қалап, Раббыларына ертелі-кеш (яғни, таңертең және екінті һәм ақшам уақыттарында) құлшылық қылатын әрі дұға ететін мүміндермен бірге болуда барынша сабырлылық һәм табындылық таныт. (Дінді кеңінен жаю жолында септігі тиер деген оймен) қу тіршіліктің сән-салтанатына көңілің ауып, оларды көзіңе де ілмей, сондай-ақ, жүрегін Бізді еске алмайтындай етіп өзіміз ғапыл қылған, нәпсісінің қалауына ерген әрі бүкіл ісі шектен шыққан әлдекімге ерме». (Кәһф сүресі, 28-аят).

Суффа – Құран жатталып, шариғаттың заңдылық-қағидалары үйретілген медресе іспетті орын болатын. Сахабалар медресенің хас шәкірттері болды. Олар ешбір қарымта, қарым күтпестен, тек білім алумен шұғылданатын. Құран олардың бұл жай-күйін былай баяндайды: «(Беретін зекет-садақаларыңды ең алдымен) өзін Алла жолына басыбайлы бағыштаған кедейлерге беріңдер. Олар (қолдары қысқа болғандықтан Алла жолында қызмет ету һәм нәпақаларын айыру үшін) жер жүзін шарлап, ел аралайтын жағдайлары жоқ. Олар ешкімге қол жаймайтын арлы да, намысты жандар болғандықтан, жай-күйлерінен бейхабар жандар оларды бақуатты екен деп ойлап қалады. (Уа, Мұхаммед!) Алайда, сен оларды ибалы жүздерінен-ақ танисың. Олар елден еш нәрсе сұрамайды. Сұрауға мәжбүр болған күннің өзінде де қадалып қайта-қайта сұрамайды. Игі жолда қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де Алла оны, сөзсіз, біледі»[32]. Бұл аят суффа сахабаларына қатысты түскен болатын[33].

 

Сахабаларды Құранға құмартқан басқа да факторлар

 

Жоғарыда айтылғандардан бөлек сахабаларды Құранға құмартқан, оны  үйренуге, жаттауға итермелеген басқа да факторлар болды.

А) Сахабалардың үмми[34] болуы.

Сахабалар – үмми бір қауым еді. Олардың өзге мәдениеттің ықпалына түспеген тұнық әрі жаттауға бейім зерделері иләһи  хабардың еш өзгерместен сақталып, түсіндірілуінде өте маңызды фактордың бірі болды. Олардың арасында оқу, жазу білетін адам өте аз еді. Бір нәрсені үйрену барысында олардың ең басты сүйенетін – есте сақтау қабілеттері болды. Есте сақтау қабілеттері үздіксіз қолданыс үстінде болғандықтан өте күшті еді. Олар зейін зеректігімен, мықты ұғымталдығымен және былғанбаған пәк болмыстарымен адамзатқа үлгі ретінде ұсынылды. Бұл тау тұлғалардың әрбірі өз алдына құдды бір жыр жинағындай, енді бірі шежіре, тағы бірі тарих кітабындай еді. Олардың бұл ерекше қабілеттері уахи арқылы бағыт-бағдар алып, шыңдала түсті. Сол арқылы сахабалар өздерінен кейінгі ұрпаққа Құранның толық әрі дұрыс жетуіне маңызды миссияны жүзеге асырды[35].

Сонымен қатар, тағы бір көңіл бөлер мәселе, Құран түскен кезең араб тілінің алтын ғасыры болатын[36]. Құранның көркем тілі (бәләғат) мен мазмұн байлығына (ижаз) таңдай қаққан сахабалар оған елти берілген. Мысалы, хазірет Омар жаһилия әдебиетін, сол дәуірдің жырларын жақсы меңгерген кісі еді. Өзінің айтуынша: «Көзімді жұмып еш мүдірместен жаһилия жырынан мың бәйітті жатқа соға аламын». Міне, осы зерек тұлға Пайғамбарымызды өлтірмекке бет алып, жолға шыққанында жолай Таһа сүресін естігенде, алуан түрлі әсерге бөленіп, ақыры мұсылман болады[37]. Құранның көркем тілі мен мазмұн байлығының әсеріне бүтін болмысымен берілген сахабалардың өмірі тек Құранның аясында қалыптасты.

Ә) Құранның аят-аят, сүре-сүре болып бөлек-бөлек түсуі сахабалардың оңай жаттауына мүмкіндік берді.

Б) Намазда оқылатындығы.

Намазда белгілі мөлшерде Құран аяты оқылатындығы, ао нәпіл намаздарда көбірек оқылуының сауапты амал екендігін Пайғамбарымыздың білдіруі[38].

В) Құран үкімдері бойынша амал қылудың әрбір адам үшін қажеттілік болуы.

Ол кезеңде әр сахаба Алланың өзінен не талап етілетінін, пендесінен нені қалайтынын білуге ұмтылып, соны өмірлік қағидаға айналдыратын. Бұл өз кезегінде сахабаларды Құран үйренуге ынталандырды және мұсылмандықтың негізгі сипаты ретінде қабылданды. Мұнымен қатар,  Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кейде сахабаларының кейбірінен өзіне Құран оқып беруін сұрайтын[39]. Бұл да оларды Құранға бағыттайтын тағы бір күшті тетік болды.

 

Сахабалардың Құранды түсіндіріп жеткізуі

Жоғарыда айтып өткеніміздей, өмірі тек Құран аясында қалыптасқандықтан Құранның сахабалар көрсеткен кереметтерінің бірі болды. Құран Алла Тағала тарапынан қалай уахи етіліп, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қалай айтып, баяндаса, сахабалар тарапынан да сол күйінде жазылып, жатталып, адамзатқа жеткізілген. Ал қазір сахабалардың Құранды әрі жаттап, әрі жазғанына кеңірек тоқталып көрмекпіз.

 

Сахабалардың Құранды жаттауы

Сахабалар Құран аяттарын түскен қалпында жаттап алу үшін білетін жерлерін тәуліктің кез келген мезгілінде Расулаллаға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтып, бұған қоса, шамалары жеткенще жазуға тырысып, Құранның сақталуы мен кейінгі ұрпаққа жетуіне көп күш жұмсады[40].

Пайғамбарымыз сахабалардың санасында Құранның сақталуын былай сипаттайды: «Олардың кітаптары көкіректерінде»[41]. Бұл ерекшелік өздеріне кітап түскен басқа үмбеттерде жоқ. Олар кітаптарын бастан-аяқ жазулы мәтінге қарамай жатқа оқи алмайды және тек жазып қана кітаптарын сақтауды ойлайды. Тіпті хазірет Мұсаның (а.с.) тақтайшаларда сипатталған бір үмбеттің келетінінен хабардар болғаны және бұл үмбеттің өзінің үмбеті болуы үшін Аллаға дұға еткені, Ұлы Жаратушы: «Олар Мұхаммедтің үмбеті»,- деп, бұл игілікке Пайғамбарымыздың үмбетінің ие болатындығын білдірілгені риуаят етіледі[42]. Әр түрлі нығметке ие болумен қатар Құранның оңай жатталуы да Алланың мұсылмандарға бертен ерекше игілігі. Әлбетте, бұл жерде де сахабалардың айырықша орны мен маңызы бар.

Сахабалар арасында Құран оқуда және оны басқаларға үйретуде мына кісілер алдыңғы қатарда болды: Хазірет Осман ибн Аффан, хазірет Әли ибн Әби Талиб, хазірет Үбәй ибн Каъб, хазірет Зәйд ибн Сабит, хазірет Абдуллаһ ибн Мәсуд, хазірет Әбу Дәрда, хазірет Әбу Мұса әл-Әшғари[43].

Расулалланың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көзі тірісінде көптеген сахабалар Құранды жаттаған[44]. Олардың кейбірін атап өтелік: хазірет Әбу Бәкір, хазірет Омар, хазірет Осман, хазірет Әли, Талха, Сағд, Абдуллаһ ибн Мәсғуд, хазірет Салим, Әбу Һурайра, Абдуллаһ ибн Сайб, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас, Абдуллаһ ибн Зүбәйр, Убәдә ибн Самит, Муғаз, Мужәмми бинти Жарийя, Фәдалә бинт Үбәйд және Мәсләмә бинт. Махләт, сонымен қатар, Пайғамбарымыздың жұбайлары хазірет Айша, Хафса және Үммү Сәләмә аналарымыз да осы қатарда[45]. Тағы бір деректерде «Шәһида» есімді бір әйел затының да Құранды жатқа білгендігі айтылады[46]. Алла Елшісі қайтыс болған соң мыңдаған сахаба Құранды толық жаттап бітіреді[47].

Бұл айтылғандар Құранды жаттап Расулаллаға айтып беру бақытына ие болған және басқа сахабаларға ұстаздық еткен кісілер. Әйтпесе, Алтын ғасырда Құранды жаттағанмен, Алла Расулына айтып беру мүмкіндігі болмаған сахабалардың саны тіпті көп. Йәмәмәда 70 хафыз сахабаның шейіт болғаны тарихтан мәлім.

Сахабалар Алла Расаулы қайтыс болғаннан кейін де Құранның адамзатқа жетуінде орасан зор еңбек сіңірген. Мысалы, Абдуллаһ ибн Мәсғуд Куфада мыңдаған шәкірттерді тәрбиелеп, Құран үйретті[48]. Ал, Әбу Мұса әл-Әшари осы қызметті Басрада жүргізген. Әбу Мұса әл-Әшғаридің шәкірттерінің бірі Әбу Ражә әл-Утариди: «Әбу Мұса Басра мешітінде күнде бізге дәріс оқитын. Он-оннан айналдыра отырғызып бізге Құран оқитын»[49], - деп, сахабалардың талай адамға белгілі бір жүйе бойынша Құран үйреткенін жеткізеді. Тап солай Әбу Дәрда Шам мешітінде таңнан түске дейін Құран оқуды үйрететін. Шәкірттерін он-оннан бөліп, әр топқа біреуін басшы қылып белгілеп, өзі болса, бәрін бақылайтын. Шәкірттері бір жерде мүдірсе, оны түзететін[50].

Көріп отырғанымыздай, сахабалар жүйелі түрде әр жақта көптеген адамға Құран үйреткен. Сөйтіп, дүниенің талай жерінде Құранның бір аяты қате оқылса немесе ұмытылса, түзететін яки еске түсіретін адамның саны көбейді. Тіпті он жасында Құранды жатқа білген бала да жіберілген қатені түзете алатын жағдайға жетеді[51].

Бұған қарамастан кейбір адамдар Құранның еш өзгерместен сақталғанына күмәнмен қарап, негізсіз жалаларды алға тартты. Солардың бірі шығыстанушы Blachare Бухариде және басқа да хадис жинақтарында есімдері аталған сахабаларды негізге алып, «Пайғамбар заманында тек жеті кісінің Құранды жатқа білген» деген тұжырым жасайды. Алайда оның сол риуаяттарға ғалымдардың берген түсіндірмесіне қарамай, хадистің айтылу мақсатына үңілмей, сонымен бірге оған қатысты басқа да риуаяттарды есепке алмастан, тек сыртқы мағынасын шала түсініп тұжырым жасағаны анық[52]. Бұл мәселенің байыбына бару үшін әуелі Бухаридегі риуаяттарға көз жіберелік:

1) Абдуллаз ибн Амр ибн әл-Астан жеткен бір сахих хадисте Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Құранды мына төрт кісіден үйреніңдер», - деп, Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Сәлім, Муғаз және Үбәй ибн Каъб есімдерін атайды[53].  Пайғамбарымыз аттарын атаған бұл сахабалар аталмыш мәселеде ең алдыңғы хафыз ғана емес, сонымен қатар қари, яғни сол кезеңде Құранды ең жақсы оқитындар еді. Бұл олардан басқа Құран хафызы болмады деген сөз емес[54]. Қандай да бір мамандық бойынша білім алуды көздеген адамға сол саланың озық мамандарын нұсқап «пәленшеден үйрен» деу, сол салада басқа маман жоқ дегенді білдірмейтіні белгілі. Бұған қоса, бұл риуаяттарда аты аталған сахабалар Құран ілімінде басқалармен салыстырғанда кей тұрғыда көбірек білетін. Құранды тікелей Пайғамбарымыздан үйреніп, оның оқылуын түскен қалпындағы көркем күйінде, сөздерін дәл, қырағат үлгісіне сай білетін болуы да  мүмкін[55].

2) Катада Әнәс ибн Мәліктен Алла Расулынің тірі кезінде кімдердің Құранды жатқа білгенін сұрағанда, Әнәс: «Үбәй ибн Каъб, Муғаз ибн Жәбәл, Әбу Зәйд және Зәйд ибн Сәбиттен өзге Құранды жаттаған адам жоқ еді»[56], - деген. Хадистің басқа бір риуаятында Үбәй ибн Каъбтың орнына Әбу Дәрда аталады[57].

Катададан жеткен бұл риуаятты Катаданың өзінін басқа бір риуаятымен салыстырғанда мына нәрсені байқаймыз: Ансардың екі руы Әус пен Хазраждықтар өздерінен шыққан ізгі адамдарды жарыса айтып бір-біріне мақтанады. Әус руының адамдары: «Қайтыс болған соң Ғарыш нұрына бөленген Саъд ибн Муғаз бізден, аралардың қорғауында болған Асым ибн Сәбит бізден, сүйегін періштелер жуған Ханзала ибн Рабих бізден, куәлігі екі кісінің куәлігіне тең саналған Хузәймә ибн Сәбит бізден», - дегенде, Хазраж руынан бір кісі Әнәс ибн Мәлік Құранды жатқа білген жоғарыда аталған төрт кісіні алға тартады[58]. Демек, Әнәс Ибн Маликтің аталмыш риуаяты негізі Хазраж руының хафыз кісілері жайында. Бірақ ол риуаятта бұл нақты аталмаған[59]. Сосын, хазірет Әнәс жас сахаба еді, Пайғамбарымыздың үйіне бала жасында қызметші болып кірген, Ол қайтыс болғанда жиырмаға жаңа келіп қалған бозбала болатын. Бұл тұрғыдан сахабалардың бәрін барлық жағынан жүйрік еді деу мүмкін емес[60]. Хазірет Әнәстің Құран хафыздарына қатысты тек мұнша адам жаттаған еді деуі үшін бүкіл сақабаларды түгел аралап, бәрінен жекелей сұрап, сосын жиған мәліметін айтуы қажет. Ал бұлай істеу мүлде қиын нәрсе. Хазірет Әнәс өзіне қойылған сауалға солай деп жауап берген.

Сонымен қатар 626 жылы болған Бир-и Маунә қанды оқиғасында 70-тей қари сахабаның[61], 633 жылы болған Йәмәмә соғысында болса, кемі тағы сонша хафыз сахабаның шейіт болғанын[62] назарға алар болсақ, Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) заманында әжептәуір көп, тіпті мыңдаған хафыздың болғаны мәлім болады[63]. Кейбір риуаяттарда Йәмәмә соғысында шейіт болған сахабаның бес жүз[64] яки жеті жүз[65] болғаны айтылады, бұл дегеніңіз, аталмыш пікірді нақтылай түсері сөзсіз. Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қайтыс болған соң тағы көптеген сахаба Құранды жаттағаны тағы бар[66].

 

Сахабалардың Құранды жазып сақтауы

Сахабалар Құранды жаттаумен бірге, шамаларына қарай жазуға түсіріп Ардақты пайғамбарымыздың тексеріп, бақылауымен сақтап отыратын. Пайғамбарымыз өзіне түскен аяттарды уахи хатшыларына жаздыратын. Осы кезде кей сахабалар мүмкіндіктерінің шеңберінде өздеріне де бір-бір нұсқа жазып алатын[67]. Нәтижеде жаттау жазуға қарағанда кең етек алды. Өйткені, Құран әрі ғибадат кітабы, әрі зікір кітабы және де құқық кітабы болуы себепті оны жаттауға итермелейтін фактор өте көп болды.

Пайғамбырымыздың санаға Құранды мықтап сіңіріп, оның жатталуына ықпал жасауымен бірге, дәл сол қалпында айна-қатесіз жаздыруының мәні зор[68].

Алла Расулының көзі тірісінде түскен Құран аяттарын жазатын уахи хатшылары болды. Олардың саны қырықтан асады[69]. Басты-бастылары мыналар: хазірет Әбу Бәкір, хазірет Омар, хазірет Осман, хазірет Әли, Зәйд ибн Сәбит, Зүбейр ибн Аууам, Үбәй ибн Каъб, Халиб ибн Саид, Муавийә ибн Әби Суфиян, Ханзала ибн әр-Рәби, Муъайқиб ибн Әби Фатима, Абдуллаһ ибн Әркам, Шурахбил ибн Рәуаха, Абдуллаһ ибн Саъд ибн Әби Сәрх[70].

Алла Расулы өмір сүрген жылдарда хазірет Әли, Үбәй ибн Каъб, Муғаз ибн Жәбәл, Әбу Дәрда секілді сахабалар бетіне Құран сүрелері жазылған тері, сүйек, ағаш, т.б. нәрселерді кітап құсатып құрастырып қояды. Пайғамбарымыз мәңгілік орнына көшкен соң, хазірет Әбу Бәкір заманында Пайғамбарымыздың басшылығымен жазылған нұсқалар жинақталып, кітап болды. Мұны тікелей Әбу Бәкірдің бұйрығымен хазірет Омардың көмегімен хазірет Зәйд ибн Сәбит атқарады. Хазірет Зәйд өзіне әкелген әр аятты Алла Расулының құзырында жазылғанын дәлелдейтін ең кемінде екі кісінің куәлігімен қабылдаған[71]. Мақсат Құранды тек жазу болса, жұмыс әлдеқайда оңай болар еді. Бірнеше хафыз бас қосып, өзара оқып, соны Зәйд жазар еді. Алайда Зәйд Құранның әр аятын екі куә болғанда ғана қабылдады. Яғни, бір жағынан, Алла Расулынан тап солай жатталғанына, екінші жағынан, тап солай жазылғанына қатысты екі куә талап етті. Хазірет Зәйдтің өзі хафыздардың алдыңғы қатарлысы еді. Сол себепті де, хафыз куә талап етіп істі қиындатпаған болар еді. Бірақ діни жауапкершілігі, ықтияттылығы мен асқан тақуалығына орай «әрә өзі жазуға міндеттелген соң» өзін сахабалардың ең соңына қоятын[72]. Ұстанған орынды әдісінің нәтижесінде Тәуба сүресінің соңғы екі аяты  Хузәймә ибн Сәбиттің ғана қолында болады. Дегенмен, бұл сол аяттарды тек  хазірет Хузәймә ғана білгенін көрсетпейді. Жоғарыда айтылғандай сахабалардың көбі Алла Расулы заманында Құранды жазатын. Зәйд Құранды жинақтағанда жатталғанын емес, осы жазылғандарды негізге алып, әр бір аятты, бұған қоса, Алла Расулының құзырында ең кемінде екі кісінің жазған болуын талап етті. Тәуба сүресі кейінгі түскен сүрелер қатарында. Және де соңғы екі аятын, мәлім болғанындай, Алла Расулының құзырында тек хазірет Хузәймә ғана жазған. Бәлкім басқа жазған кісілер де бар шығар, бірақ, қайтыс болып немесе шейіт болған болуы мүмкін. Тікелей хазірет Зәйдтің өзі және басқа көптеген сахабаның Құранды жатқа білгендеріне қарамай, әр бір аяттың Расулалла құзырында, әрі бақылауында жазылғанына қатысты екі куә сұратады, Тәуба сүресінің соңғы екі аяты бұл шарт бойынша, дәл сол мезетте тек қана хазірет Хузәймәнің қолында болған. Алла Расулының жоғарыда аталған Катаде хадисінен де белгілі болғанындай, Әбу Хузәймәнің куәлігі екі куә орнына саналғандықтан және осы себепті хазірет Хузәймәнің «Зушәһәдәтәйн» (екі күәлік иесі) аты шығып мәшһүр болғандықтан, екі аят содан алынып, нұсқа тәмамдалады[73].

 Хазірет Әбу Бәкір заманында жинақталған Құранды хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омар бастаған бүкіл сахаба мақұлдаған, ешкім бір ауыз сөзге келіп қарсылық білдірмеген[74]. Сондай-ақ, хазірет Әлидің бұған қосылмай өз алдына басқа Құран жинақтаған деген жорамал жасауға болатындай бір риуаят бар: «Құранды жинап бітіргенше үйден тысқа шықпаймын, киімімді тек намаз үшін киемін»[75]. Әуелі бірден айтып өтелік, бұл риуаяттың төркініне күмәнмен қарауға болады[76]. Тіпті риуаят тұрғысынан нақты болғанның өзінде, бұл хазірет Әлидің өзгеше бір Құран жинақтағандығын көрсетпейді. Хазірет Әли де әуел бастан Пайғамбарымыздың қасында жүрген, бұған қоса, Оған уахи хатшысы ретінде қызмет еткен жан болғандықтан, өзіндегі тері, сүйек, т.б. нәрселерге жазылған Құран аяттарын өзі үшін жинақтап, өзіне бір нұсқа құрастырған болуы мүмкін. Өйткені, Суютидің «Итканы» секілді еңбектерде, әсіресе шиит деректерінде бұл қозғалады. Алайда ешкім хазірет Әли өз алдына бөлек Құран жинақтаған демейді. Шииттер де қанша шектен шыққанмен, хазірет Әбу Бәкірдің заманында жинақталған Құранның Пайғамбарымызға түскен Құранның дәл өзі екендігіне шәк келтірмейді және өзгеше сенімге күпіршілік ретінде қарайды. Тағы айтып өтер бір жай, хазірет Әли хазірет Әбу Бәкірдің Құранды жинақтағанын өте жоғары бағалап, былай деген: «Алла Әбу Бәкірге мол рақымын жаудырсын. Әбу Бәкір Құранды екі мұқаба арасына жинақтаған адам».[77] Хазірет Әли мен ұлдары хазірет Әбу Бәкір мен Хазірет Османның Құранды жинақтауына ризашылықтарын білдіріп, қол ұштарын берген[78]. Сосын хазірет Әлидің жинақтаған өзгеше бір Құраны бар болса, Хазірет Әлидің халифалық тұсында оны мәлім етіп, жариялар еді. Ал ондай нәрсе ешқашан болмаған.

Хазірет Әбу Бәкір заманында жинақталған Құран хазірет Осман кезінде тағы сол Зәйд ибн Сәбиттің жетекшілігімен сахабалардың ауызбірлігі нәтижесінде көбейтіліп басылған[79]. Және де хазірет Османның істегенін Хазірет Әли де мақұлдап, «Егер Осман істемегенде, мен орындар едім», - деген[80].

Осы тұста тағы бір жайды атап өткіміз келеді. Құранның көбейтіліп басылуында хазірет Османның Зәйд ибн Сәбитті комиссия басшысы тағайындап, Абдуллаһ ибн Мәсғудқа бұл міндетті бермегені және Абдуллаһ ибн Мәсғуддың осыған ренжігені туралы риуаят бар[81]. Алайда хазірет Абдуллаһ ибн Мәсғудтің хазірет Османға қарсылық білдіруі мүмкін еместей көрінеді. Өйткені, хазірет Зәйд ибн Сәбитке әуелі хазірет Әбу Бәкір заманында Құранды жинақтау міндеті жүктелген-ді. Осы екеуінде де Зәйд кеңес басшысы ретінде сайланған. Олай болатыны, ол ең көп уахи хатшысы болған, бұл мәселеде жинақтаған тәжірибесі бар, бұған қоса, сергек әрі зерек зердесімен танымал осы іске ең лайық тұлға болатын. Хазірет Әбу Бәкір мен Османның Зәйідті таңдауы ең үздік үлгі болған Расулалланың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) салған ізінен айнымауына байланысты[82]. Мұнымен қоса, мұндай келеңсіздік орын алған жағдайдың өзінде көпке бармаған, бір талай деректе аталғандай, Ибн Мәсғуд бұл ойынан айнып, хазірет Осман мен сахабалардың шешімімен толық келіседі[83].

Хазірет ибн Мәсғудтің игілігін, Исламмен алғаш құрметке бөленген кісілердің бірі болғандығын және Құран іліміндегі жоғары білімін сахабалардың ешқайсысы жоққа шығармаған. Бірақ сол кезде Куфада Алланың дінін үйреніп, Құранды оқытып үйрету секілді өте маңызды қызмет атқарады. Куфа Мәдинадан алыс болуы себепті оның әлгіндей алаңдаушылыққа берілуі мүмкін де емес секілді. Куфадан кері шақырылуын қажет еткен шаруаның шығуы да мүмкін емес. Ол Куфада қалып, еккен жемісін баптаумен шұғылданады[84].

 

Қорытынды

Қорыта айтқанда, сахабалар Құранды түскен қалпында әрі жазу, әрі жаттау арқылы сақтап адамзатқа жеткізген. Онсыз да тарих куәлік еткендей, зейін-зердесі алғыр, санасы ояу, көкірегі адам баласында болмаған сипатта Құранға берілген, діні үшін өміріндегі ең қымбат нәрсесін тастап, отанын, ел-жұртын тастап, күні-түні Құранмен бірге болған бұл таңдаулы кісілерді Құранды жаттап, түсініп бекітуге күш-жігерін жұмсаудан шектеп,  Құранның орнын басар ешқандай шаруаның шығуы мүмкін емес. Бір нәрсеге баса мән беріп, оны қатты қадірлеп, оны жаттау үлкен құрмет екеніне сеніп, өмірін сол үшін құрбан етуге дайын болып, алайда, кейін оның сақталуына, қорғалуына, басқаларға сол күйі жетуіне мән бермеу мүмкін бе? Әрине мүмкін емес.

Бүкіл бұл айтылғандармен бірге, Алла Тағала аяттарда Құранның қияметке дейін жатталатындығын ескертеді: «Шүбәсіз, осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз»[85] .

«Өздеріне келген осынау ұлы тәлімді (Құранды) жалғанға шығарып, күпір болғандар (о дүниеде сөзсіз тозаққа тасталады). Шүбәсіз, ол теңдесі жоқ қасиетті Кітап. Жалған атаулы оған алдынан да, артынан да жақындай алмайды».[86]

«Өйткені, оны (сенің жүрегіңе) толық жинау һәм өзіңе оқыту (яғни, Құранның толық жиналуы мен оқылуын қамтамасыз ету) Бізге тиесілі іс».[87]

Сахабалар осы илаһи кепілдіктің жоғары дәрежелі себепкері болды.

 www.akikat.kz

 


[1] Карафи, 2001, 4:305

[2] Нурси, Шуалар, 109

[3] Нурси, Сөздер, 524

[4] Гүлен, Ышығын гөрүндүъү уфук, 2000, 50-бет.

[5] Ибн Һишам, 2:112-113; Ибн Кәсир, 3: 173-176

[6] Бухари, Талақ, 83

[7] Әбу Дәуіт, Таһарат, 79; Хаким, 1: 258

[8] Ибн Асакир, 2: 96; Ибн Кәсир, 7: 16

[9] «Әнфәл» сүресі, 5-аят; «Ахзаб» сүресі, 22-аят, 53-аят; «Нұр» сүресі, 61-аят, 63-аят; «Хужурат» сүресі, 2-4-аят; «Мүжәдилә» сүресі, 1-аят; «Бақара» сүресі, 284-аят

[10] Хамидуллаһ, 42

[11] Хамидуллах, 45; Йылдырым, 60

[12] Бухари, Әтимә, 30; Мүслим, Мүсафирин, 243

[13] Бухари, Фәдаилул-Қуран, 21; Әбу Дәуіт, Салаат, 349

[14] Мүслим, Салаат-үл-мүсафирин, 251

[15] Тирмизи, Сауәбул-Қуран, 25

[16] Бухари, Фәдаилул-Қуран, 23

[17] Әбу Дәуіт, Салаат, 16

[18] Тирмизи, Қыраат, 4; Хаким, 1: 757

[19] Бухари, Әтимә, 30; Мүслим, Мүсафирин, 243

[20] Әбу Нуъаим, 1: 342; Қандәхләуи, 3: 224

[21] Тирмизи, Сауәбул-Қуран, 18; Ибн Әби Шәйбә, 6/127

[22] Зәркани, 1: 241; Тирмизи, Зүһд, 37

[23] Бухари, Жәнаиз, 73; Мүслим, Жәнаиз, 27

[24] Бухари, Никаһ: Әбу Дәуіт, Никаһ: 30

[25] Қандәхләуи, 3: 141-144

[26] Ибн Саъд, 3: 110; Ибн әл-Әсир, 3: 284

[27] Зәриат сүресі, 17-18 аяттар

[28] Хәйсәми, 9: 57; Зәһәби, 1: 9

[29] Табәрани, 6: 51; Хәйсәми, 7: 171

[30] Бухари, Фәдаилул-Қуран, 34; Муслим, Сыйәм, 181-194

[31] Кәусәри, 4; Бактыр, 30-32

[32] Бақара сүресі, 273-аят

[33] Қуртуби, 3: 340; Алуси, 3: 46; Элмалылы, 2: 940

[34] Үмми - өзгелерден ешнәрсе үйренбеген, оқу-жазу білмейтін, ой-санасы анадан туғандай таза күйінде сақталған және жаратылыс болмысына сай әрекет еткен адам.

[35] Зәркани, 1: 290-296; Кәусәри, 6

[36] Рафии, 188-208

[37] Ибн Һишам, 2: 188

[38] Бухари, Азан, 62; Әбу Дәуіт, Салаат, 123

[39] Бухари, Фәдаилулс-сахабә, 25; Тәфсир, 4/9; Тирмизи, Жәнаиз, 14; Мүснәд, 1: 374, 390, 433

[40] Кәусәри, 4; Хамидуллаһ, 43-44

[41] Табәрани, 10: 89

[42] Ибн Кәсир, 2: 250

[43] Зәһәби, Марифәт, 1: 102-126

[44] Кәусәри, 4; Әбу Шәмә, 33

[45] Айни, 16: 209; Суюти, 1: 93; Салих, 66

[46] Ибн Ханбал, 6: 405; Ибн Хузәймә, 3: 89; Бәйһақи, 3: 130

[47] Салих, 67; Әбу Шәхбә, 240

[48] Ибн Асакир, 14: 43; Зәһәби, 1: 13

[49] Әбу Нуаим, 1: 256; Кәусәри, 14: 15

[50] Кәусәри, 14: 15

[51] Кәусәри, 3

[52] Субхи Салих, 66

[53] Мәнақибул-әнсар, 16

[54] Зәркәши, 1 242; Қуртуби, 1: 41-42; Тетик, 47

[55] Зәркани, 1: 244; Зәркәши, 1: 242; Куртуби, 1: 41-42

[56] Фәдаилул-Қуран, 8

[57] Фәдаилул-Қуран, 8

[58] Тәбәрәни, 10: 40; Әбу Йаъла, 5: 329; Хаким, 4: 90

[59] Ибн Хажәр, 8: 668

[60] Зәркәши, 1: 242; Суюти, 1: 223

[61] Бухари, Жихад, 19; Мүслим, Мәсажид, 297; Суюти, 81

[62] Суюти, 1: 94; Әбу Шамә, 38

[63] Зәркәши, 1: 242; Ибн Хажер, 8: 668; Айни, 16: 209

[64] Ибн Кәсир, Фәдаилул-Қуран, 9

[65] Қуртуби, 1: 50; Ибн Хажар, 8: 669

[66] Зәркани, 1: 242

[67] Зәркәши, 1: 238; Бути, 44

[68] Зәркани, 1: 246

[69] Халәби, 3: 326; Жеррахоглу, 53

[70] Ибн Хажар, 8: 639; Айни, 16: 200

[71] Ибн Әби Дәуіт, 1: 169

[72] Рафии, 39; Бути, 47

[73] Ибн Хажар, 9: 12; Рафии, 39

[74] Ибн Дәуіт, 1: 165; Зәркани, 1: 259-260

[75] Ибн Әбу Шәйбә, 6: 148

[76] Ибн Хажар, 8: 629; Айни, 16: 197

[77] Ибн Әбу Шәйбә, 6: 148; Ибн Кәсир, Фәдаил, 8

[78] Баккылани, 1: 64-65

[79] Ибн Әби Дәуіт, Мәсахиф, 1: 185-188

[80] Ибн Кәсир, Фәдаил, 11

[81] Мүснәд, 1: 389; Әбу Дәуіт әт-Тайалиси, 2: 151

[82] Кәусәри, 10; Ибн Хажар 8: 636

[83] Куртуби, әл-Жәми, 1: 53; Ибн Хажар, 8: 666; Зәһәби, Сир, 1: 487

[84] Кәусәри, 10

[85] Хижр сүресі, 9-аят

[86] Фуссилат сүресі, 41-42-аят

[87] Қиямет сүресі, 17-аят



Оқи отырыңыз