http://akikat.kz
Дүниеге келуі және тегі
Әбу Бәкір (р.анһ) атақты Піл оқиғасынан екі жыл алты айдан соң дүниеге келген. Толық аты-жөні – Аблуллаһ ибн Осман ибн Амир ибн Амр ибн Каъб ибн Саъд ибн Мурра Тайми[1]. Жаһилия заманында Абдулат, Абдукаъба немесе Абдулузза деп аталып та жүретін. Кейін Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Абдуллаһ деген есім берді[2]. Әкесінің аты Осман болғанымен Әбу Кухафа деген лақаппен танылатын. Анасының есімі – Сәлмә бинт Сахр. Анасы Мекке халқының арасында «Уммул хайр», яғни бүкіл қайырлылардың анасы деп аталатын[3].
Лақабы
Алғашқы лақабы – «Атиқ». Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Әбу Бәкірдің (р.анһ) тозақ отынан құтылу жайында сүйінші хабар алған алған кезде, оған сол мағынаны қамтитын «Атиқ» лақабын берген. Осы сәттен бастап, Аблуллаһ ибн Осман дегенге қарағанда, «Атиқ» есімі көп қолданыла бастады[4].
Ибн Хажар «Дулаби», «Куна» атты еңбектерінде және де ибн Мәндәһ да Муса ибн Талха тізбегімен мынандай хабарды жеткізеді: «Әбу Бәкірдің бұрын ешқандай ұл бала болмағандықтан, ол өмірге келгенде анасы Кағбаның қасына барып, былай деп дұға жасаған екен: «Уа Алла Тағалам, мына қолымдағы сәбиімді өлімнен аман алып қалған Өзіңсің. Оны маған қайырлы ет!». Ибн Хажардан жеткен тағы бір хабарда Ибн Исхақ: «Ол (Әбу Бәкір) арабтардың ең текті тайпасынан» – десе, Ажли: «Оның таза текті болуымен қатар, Құрайыш тайпасының ішіндегі көзі ашықтарынан болғанын» айтады[5]. Ол Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алып келген әрбір хабарын мақұлдағанындай «Исра» түні болған оқиғаны да алғаш мақұлдағаны үшін «Сыддық» деп аталып кеткен.
Ләйс ибн Саъд және Қутайба атты ғалымдардың пікірінше: «Сыддықтың жүзі көркем болған соң Пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) «Әбу Бәкір» деген лақап берген» - деседі. Ал Әлидің (р.анһ) айтуынша: «Әбу Бәкір» лақабы көктен түскен» - дейді[6].
Түр-сипаты
Әбу Бәкірдің келбеті жарасымды, жүзі аққұба, арық та, семіз де емес, сақалы сиректеу, көзі ұяшығына батыңқы, қабағы сәл шығыңқы еді[7].
Айша анамыздан (р. анһа) ибн Саъд Уақидиге, Уақидиден Ибн Хажарға жеткен, сонымен бірге Зуһриден ибн Абид Дунияға жеткен хабардан білуімізше Әбу Бәкірдің сипаты мынадай: «Келбеті жарасымды, қимылы шапшаң, шашы бұйра болатын»[8].
Әбу Бәкір (р.анһ) жаһилия уақытында Құрайыш тайпасының беделділерінінің бірі болатын. Көптеген мәселеде сөзі тыңдалып пікірі қабылданатын. Тайпасына жанашыр болуды қалап «Қайғыларға ортақ боламыз, түрлі қиыншылықтарға атсалысамыз» − дегендей мәселелерді талқылау Әбу Бәкірдің ісі болатын. Бұған қоса, көпшіліктің ойынан шығатын, көркем мінезді әділ саудагер болатын. Арабтардың шежіресі мен тарихын терең білетін[9].
Қадір-қасиеттері
а. Исламды қабылдауы: Әбу Бәкірдің (р.анһ) исламды қабылдағанын Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай баяндайды: «Кімді Исламға шақырсамда, алғашында аздап кідіретін. Ал, Әбу Бәкірді исламға шақырғанымда еш кідірмей бірден қабылдады». Айша анамыздан жеткен бір риуаятта: «Бір күні Әбу Бәкір (р.анһ) Пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көруге бара жатқанда оған жолда кезігіп қалып былай дейді:
− Уа, Әбу Қасым, халықтың бас қосатын жиналыстарында көрінбейтін болдың. Олар Сізге: «ата-аналарын айыптауда» − деп жала жабуда – дейді.
Бұны естіген Алла елшісі:
− Мен Алланың елшісімін, сені Исламға шақырамын, – деді.
Әбу Бәкір сол сәтте мұсылмандықты қабылдады[10].
Әбу Бәкірдің (р.анһ) иманы, қағылған таулардай бекем болатын. Ол жаратылысты терең ұғынды. Ұзақ уақыт іздегені алдынан шыға келіп, Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бойұсынған болатын. Бұл оның ақиқат жолынан бас тартуды опасыздық деп білгені. Әбу Бәкірдің (р.анһ) иманының тереңдігін мына бір оқиғадан аңғаруға болады: Әбу Бәкір (р.анһ) бір сөзінде: «Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасында отырғанымда аят түсті. Аят түсіп біткеннен кейін Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) маған:
− Қазір түскен аятты саған оқыйын ба? – деді.
− Әрине, уа, Алланың елшісі, оқыңыз, − дедім.
«Кімде-кім жамандық жасаса, жазасын тартады әрі Алладан басқа өзін жазадан құтқаратын қамқор дос та, қолұшын берер медеткер де таба алмайды». «Ниса сүресі» сүресі 123-аят
Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жоғарыдағы аятты оқығанда сағы сынып, салымы суға кеткендей болды. Бұны байқаған Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):
− Уа, Әбу Бәкір, не болды? - деп сұрады.
− Уа, Алланың елшісі, қайсы біріміз қателік жасамадық дейсің? Енді сол жасаған істеріміз үшін жазаға тартыламыз ба?, - деп айтқанымда, Ол былай деді:
− Уа, Әбу Бәкір, мұсылмандар жасаған қателіктерінің жазасын осы дүниеде тартып, қиямет күні пәк болып, Алла алдына барады. Ал өзгелер қиямет күні жазаға тартылу үшін, күнәлары жинала береді, - деп жауап берді[11].
Айша анамыз әкесі Әбу Бәкірдің «Сыддық» деген лақабына қалай қол жеткізгенін былай баяндайды: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Ақса мешітіне барып келген күннің ертесіне болған оқиғаны халыққа жеткізді. Мұны естіген кейбір адамдар діннен шықты. Мекке халқы бұл оқиғаны Әбу Бәкірге (р.анһ) жеткізуге асығып оған: «Сен жолдасыңның не дегенін естідің бе? Ол осы түні Ақса мешітіне барып келгенін айтуда», - деп бұл жағдайға күдікпен қарайтындықтарын білдірді.
− Расында осылай айттыма? – деді Әбу Бәкір.
− Иә, айтты, - деген дауыс жан-жақтан жамырай естілді.
− Егер осы сөзді Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзі айтқан болса, оған титтейде шүбә келтірмеймін, - деп жауап қатты.
Бұл жауапқа таңқалған мүшріктер:
− Сен сонда Оның кештетіп Ақса мешітіне барып, таң атпай қайта оралғанына сенемісің? - деді.
− Иә, сенемін. Тіпті одан арғысына да сенемін. Мен Оның көктен күндіз-түні алатын хабарына да сенемін, − деп жауап берді. Осылайша Әбу Бәкірге (р.анһ) «Сыддық» деген лақап берілді[12].
«Иә, иман – ол нұр әрі теңдессіз күш. Шынайы иманға қол жеткізген адам, бүкіл әлемнің өзіне жасалған шабуылына қарсы тұра алады». Бір ғалымның оншақты ғасырлардан кейін айтқан осы сөзі құдды Әбу Бәкірді сипаттаған іспетті. Өйткені Әбу Бәкір (р.анһ) иман етісімен, Мекке халқының наразылығына қарамастан иман нұрын өзгелерге жаюда аянбаған. Әбу Бәкірдің (р.анһ) себепкерлігімен ислам дініне кірген ұлы тұлғалардың бір сыпырасы мыналар: Осман ибн Аффан, Зубайр ибн Аууам, Талха ибн Убайдуллаһ, Саъд ибн Әбу Уаққас, Абдурахман ибн Ауф, Осман ибн Маъзун, Әбу Убайда ибн Жаррах, Әбу Салама ибн Абдуләсәд және Арқам ибн Әбу Арқам (р.анһум)[13].
Жомарттығы
Хазірет Әбу Бәкір Меккенің бақуатты адамдарының қатарында болатын. Тарихшылардың айтуынша Ол Ислам дінін қабылдағанда қолында 40 000 дирһамы болған. Ол осы байлығының бәрін дерлік Алла жолында жұмсаған. Әсіресе, Меккеде мұсылман болғаны үшін қожайындарынан қорлық көрген құлдарды сатып алып азат ететін. Мысалға: Біләл Хабаши, Амр ибн Фухайра, Зунайра Наһдие, Ибн Амр ибн Муаммалдің күңі және Умму Убейс[14].
«Зер қадірін зергер біледі» демекші, Әбу Бәкірдің (р.анһ) жомарттығын өмір бойы үлгі етіп, құрмет тұтқан Омардың (р.анһ) аузынан естіп көрелік: «Бір күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) садақа беруімізді әмір етті. Сол уақытта менің дүнием көп болатын. Ішімнен «Әбу Бәкірден озатын күн осы болар», − дедім. Осылайша дүниемнің бәрін жинап, оларды теңдей бөліп, жартысын алып келдім. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) маған:
− Отбасыңа не қалдырдың? − деп сұрады.
− Тең жартысын, − деп жауап бердім. Сосын Әбу Бәкір келді. Қолындағы бар дүниесін әкеліпті.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) одан да:
− Отбасыңа не қалдырдың? – деп сұрады.
− Мен оларға Алла және Елшісінің сүйіспеншілігін қалдырдым, − деп жауап берді.
Сол уақытта ішімнен «Әбу Бәкірден озу мүмкін емес екен» − дедім[15].
Расында, бір дәуір ғана емес, қияметке дейінгі бүкіл ғасырларға шамшырақ болған, күн көзін бүркемек болған перделерді ысырып тастаған, адамзатқа бағыт-бағдар көрсеткен осындай ұлы тұлғалардың жанқиярлығының ең басында, анадан, баладан бас тартқандай бүкіл дүниеден де бас тарту секілді сипат тұрады. Міне, Әбу Бәкір (р.анһ) тұтас ғұмырында осыны жүзеге асырып, қолындағы бар байлығын Ислам дінінің асқақтауына жұмсаған. Тіпті Исламды қабылдағанда Мекке халқының байларынаның қатарынан табылған Әбу Бәкір, дүние саларда Ислам мемлекетінің халифасы болып тұрса да, артта қалған ұл-қыздары мен отбасына ешнәрсе қалдырмай Ұлы Раббысының құзырына жүріп кеткен.
Осындай атымтай жомарттық Әбу Бәкірді (р.анһ) қандай дәрежеге жеткізгенін бағамдап көрелік. Омар (р.анһ) жеткізген хадисте: «Бір күні Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларымен сұқбаттасып отырған. Әбу Бәкір де (р.анһ) сол жерде еді. Оның үстінде жалғыз шапаны ғана бар еді. Ол шапанының алдын бір тікенмен түйіп, ұстатып қойған екен. Сол сәтте көктен Жәбірейіл алейһиссәләм түсіп, Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сәлем бергеннен кейін:
− Уа, Расулалла! Әбу Бәкірдің үстіндегі тікенмен ұстатқан не қылған шапан?, − деді. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм:
−Уа, Жәбірейіл, бұл кісі Мекке фатхының[16] алдында бүкіл дүниесін дін жолында жұмсады, − деді. Сонда Жәбірейіл:
− Алла Тағаладан оған сәлемін жеткіз және мынаны айт: Алла Тағала одан: «Әбу Бәкір осы кедей халімен маған разы болар ма екен?» деп сұрап жатыр – деді. Сол сәтте Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Әбу Бәкірге бұрылып:
− Уа, Әбу Бәкір, Жәбрейіл алейһиссәләм саған Алланың сәлемін жеткізіп, былай деді: «Әбу Бәкір осы кедей халімен маған разы болар ма екен? - деп сұрады». Бұл сөзді естіген Әбу Бәкір (р.анһ) көз жасына ерік бере отырып:
− Мен Раббыма қалайша разы болмайын?! Әлбетте, разымын... мен Раббыма разымын, - деп жауап қатты[17].
Кішіпейілдігі
Тәкәппарлық атаулыны аяқ асты етіп, кішіпейілділікті басына тәж еткен Әбу Бәкірдің (р.анһ) әрбір ісінде кішіпейілдігі иісі аңқып тұратын.
Айша анамыз бен ибн Омар (р.анһ) риуаят еткен хадисте: « Әбу Бәкір сауда-саттықпен айналысатын. Күнде базарға барып сауда-саттығын жасайтын. Сондай ақ, азын аулақ қойлары да болды. Қойды кейде өріске өзі шығарып жаятын. Бұған қоса қарт кісілердің қойларын сауып беретін. Халифа болып тағайындалғанда бір кішкене қыз:
− Енді қойымызды саумайтын шығарсыз? − дейді. Сонда ол:
− Жоқ, ол не дегенің? Ант етейін, қойларыңды сауамын. Бұл халифалық міндет жақсы мінезімді өзгертпейді деген үміттемін, − деді.
Осылайша берген уәдесінде тұрып, қарт кісілердің қойын ұзақ уақытқа дейін сауып беріп жүрді»[18].
Ата ибн Саибтың жеткізген хабарында. Әбу Бәкір (р.анһ) халифа болғанына қарамастан, бұрынғыша базарға барып, отбасына керекті азық-түлік қамдауға шығатыны айтылады. Бірақ мемлекет ісінен босап саудаға уақыт бөлу өте қиын болатын. Бұны көріп бақылап жүрген Омар (р.анһ) бір күні базарға жол тартқан Әбу Бәкірді (р.анһ) көріп:
− Қайда жол тарттың?
− Базарға.
− Мұсылмандардың бүкіл істеріне жауаптысың, базарда не жұмысың бар?
− Базарға бармасам бала-шағамды қалай асыраймын?
− Онда, бұл мәселені Әбу Убайданың үйіне барып сөйлесейік. Саған айлық тағайындасын, − деді Омар (р.анһ).
Екеуі Әбу Убайданың үйіне барады. Омар (р.анһ) жағдайды толық баяндаған соң, Әбу Убайда р.а: «Саған орта жағдайдағы бір муһажирдің табысының мөлшеріндей етіп айлық белгілейміз. Оған қоса, қыстық және жаздық киім береміз. Ескісін тастап жаңасын киерсің», − деді.
Осылайша Омар мен Әбу Убайда ибн Жаррах (р.анһумә) Әбу Бәкірге (р.анһ) айлық ретінде, күнделікті берілетін бас-сирағынан бөлек жарты қойдың етін беруді белгіледі»[19].
Бұл қиял емес, утопия да емес, болашақты армандап қойылған қойылым да емес. Бұл көріністер өткен тарихымызда болған, қолдан қолға, тілден тілге, жүректен жүрекке жеткен ақиқат. Дос та, дұшпан да таңқалып бір ауыздан «Мұндай мемлекет басқаратындар қайта келер ме екен?» − деп, асыға күттірген тарих қаһармандары еді.
Сабырлығы
Сабырды үш тұрғыдан қарастыруға болады. Олар: Ғибадатта сабыр, күнәға қарсы сабыр және басқа төнген қиыншылықтарға сабыр. Ғибадат – адамзаттың жаратылыс мақсаты, сонымен қатар адам табиғатының қажеттілігі. Бұл ұғымдарды есту әрі көру арқылы Алла елшісінен үйренген, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мектебінің ізгі қасиеттеріy бойына жинаған, алғашқы және ең үздік шәкірті Әбу Бәкірдің (р.анһ) бойында болмауы мүмкін емес. Расында6 Ол Аллаға құл болудағы ауыр жауапкершілікті толық сезінгендіктен таң атқанға дейін намаз оқитын, нәпіл оразалар ұстайтын, бұларға қоса сырқат жандарды зиярат қылатын. Ол ғибадат пен Аллаға құлдықты өз болмысында ұштастыра білген ерекше тұлға еді.
Оның дәлелі Абу Хурайра (р.анһ) жеткізген хадисте былай баяндалады: «Бір күні Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):
− Бүгін араларыңызда кім ораза ұстады? – деп сұрады. Әбу Бәкір (р.анһ):
− Мен, − деп жауап берді. Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уа сәлләм) сұрағын қайта жалғастырып:
− Ауырған жолдастарын зиярат жасаған біреу бар ма? Тағы да Әбу Бәкір (р.анһ):
− Мен, − деп жауап қатты.
− Кім бүгін жаназаға қатысты? Тағы Әбу Бәкір (р.анһ):
− Мен, − деді.
− Кім бүгін жоқ-жітіктің қарнын тойдырды? Әбу Бәкір (р.анһ):
− Мен, − деп жауап бергені сол еді, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Кім осы амалдарды бір күнде өз бойына жинаса онда ол жәннатқа кіреді»[20], − деді.
Әбу Бәкірдің (р.анһ) басына төнген қиыншылықтарға сабырын айтар болсақ, бар байлығын дін жолында құрбан еткен Әбу Бәкірдің (р.анһ) тіске басар ас таба алмай көзіне ұйқы ілінбес кездер болатын. Тек Ол емес, ғаламның рақым нұры Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) те, Омар (р.анһ) да бірдей қиыншылықтарды бастарынан өткізетін. Түннің бір уақытында Әбу Бәкір (р.анһ) үйінен шығып мешітке келе жатады. Артынан Омар (р.анһ) «Әбу Бәкір неге бұл уақытта сыртқа шықтың?» − деп сұрады. Әбу Бәкір аштықтан сыртқа шыққанын айтты. Осылайша екеуі сөйлесіп тұрғанда Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) де келіп қалады. «Бұндай уақытта не істеп жүрсіңдер?», − деп сұрайды. «Аштықтан» − деген жауап алысымен Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уа сәлләм): «Қане, ендеше, Әбу Аюбтың үйіне барайық», − деп үшеуі жүрек жалғар дәм іздеп Әбу Аюб әл-Ансаридың (р.анһ) үйіне беттейді[21].
Хунайн соғысынан қашып Тайф қамалына жасырынған мүшріткердің атқан оғынан жазым болған Әбу Бәкірдің ұлы Абдуллаһ қырық күннен кейін дүние салады. Әбу Бәкір (р.анһ) ұлының өліміне қатты қайғырып, оқ атқан адамды іздейді. Нәтижеде ұлына оқ атқан Бани Ажла тайпасынан Саъд ибн Убайд екенін біледі. Ол өзі мойындаған да болатын. Ұлының өліміне қатты қайғыда болса да, кінәлі адамға мына сөзді ғана айтады: «Аллаға сансыз шүкір болсын. Абдулланың қолымен сені жаһаннамға жібермей, сенің қолыңмен Абдулла жоғары мақамға ие болды»[22]. Бұл не деген сабырлық, бұл не деген тәрбие?! Кеше ғана бір шыны су үшін жанжал шығарған, жылдар бойы кек қайтару үшін дауласқан адамдар, Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мектебінде өсіп-өніп, өте қысқа уақытта осындай жоғары дәрежеге жеткен болатын.
Күнәға қарсы сабыр: Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасында тәрбие алған қай сахабаға қарасақ та, ерекше екенін көреміз. «Сахабаларым жұлдыз сияқты, қайсы бірінің артынан ерсеңдер, тура жолды табасыңдар» − сөзімен де Алла елшісі (саллалаһу алейһи уа сәлләм) осы ақиқатты меңзеуде. Ал, Әбу Бәкір (р.анһ) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ең жақын досы, һижреттегі серігі, сондай-ақ, Алла елшісінен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кейін халифа болып қалатын ұлы тұлғаның ерекше болмауы мүмкін емес. Осындай сипаттарға ие Әбу Бәкір (р.анһ) мұсылман болғаннан кейін ешқандай күнә атаулыға жоламаған, тіпті жаһилия дәуірінде де адам ұялтарлық ешқандай күнә жасамаған. Зина жасамаудың айып саналып, көшелерде арсыздықтың белең алған шағында өмір сүргеніне қарамастан, зина мен ішімдікке жоламай, пұттарға табынбаған. Қорыта айтсақ, Әбу Бәкір (р.анһ) құлшылықта, күнә атаулыға қарсы тұруда және басқа төнген қиыншылыққа төтеп беруде нағыз сабыр иесі еді.
Жалғасы бар.....
www.akikat.kz
[1] Саъд, «Табақат кубра». III/169.
[2] Сайд Һаууа, «ал-Әсас фи Сунна». 3/1548.
[3] Саъд, сонда. III/169; Хажар ал-Асқалани, «ал-Исаба фи тамиз сахаба». 4/101.
[4] Саъд, сонда. III/170.
[5] Хажар ал-Асқалани, сонда. IIII/102.
[6] Жамалуддин Абу Фараж ибн алиу Жаузи, «Сифату сахаба» 1/99.
[7] Саъд, сонда. III/189.
[8] Хажар ал-Асқалани, «ал-Исаба фи тамиз сахаба». IIII/102.
[9] Хажар ал-Асқалани, сонда. IIII/102; Сайд Һаууа, «ал-Асас фи Сунна». III/1549.
[10] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба».1/67-68.
[11] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба».I/71-72.
[12] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба».I/63-64.
[13] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба».I/67-68.186. Хажар ал-Асқалани, «ал-Исаба фи тамиз сахаба». 4/103.
[14] Хажар ал-Асқалани, «ал-Исаба фи тамиз сахаба». 4/103.
[15]Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба».II/150.
[16] Фәтх – сөздікте «ашу, жол көрсету, жәрдем беру, жеңіске жету» мағыналарын береді. Ал терминдік мағынасы мұсылмандардың басқа өлкелер мен елдерде «Иъләи кәлимәтуллаһ» яғни Алланың сөзі (діні) үстем болуы үшін әрекет етулері. Адамдардың жүректерін Исламға ашу деген сөз.
[17] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». II/564.
[18]Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». II/276.
[19] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба».II/511.
[20] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба».II/109.
[21] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба».II/591-592.
[22] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба».I/337-338.