Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Адам және ғалам > Дәрінің бойға тарауы

Дәрінің бойға тарауы

2015-10-20 5723

Ауруға шалдыға қалсақ, дереу одан айығу жолдарын іздейміз. Ол үшін кейде ұйықтаймыз, кейде дұрыс қоректенуге тырысамыз немесе дәрі ішеміз. Дәрі ішектерге қалай сіңіп, денеге қалай тарайды? Қалайша тура ауырған жерге жетеді және қайтіп емдейді? Аурудың әсері қалайша жоғалады? Қабылданған дәрі адам бойынан қалай тазарады? Бұл процесстерге қандай факторлар әсер етеді?

 

Кейбір дәрілер тікелей ауырған жерге қолданылады. Кейбіреулері қажет жерге қан айналымы арқылы барады. Дәрілер көбінесе ауыз қуысымен қабылданады немесе ине арқылы егіледі. Дәрі қан айналымына жеткенде бойға сіңген болып есептеледі. Мысалы: инемен бұлшықетке егілген дәрі бұлшықет жасушаларының арасындағы қылтамырларға кіреді. Ал ауызбен қабылданатын дәрі асқазан-ішек жүйесіндегі қантамырларға тарап сіңеді.

 

Ауыз арқылы қабылданған дәрінің денеге сіңуі оның асқазан-шек cөлінде еруімен байланысты. Әуелі асқазан қышқылы және сіңіру энзимдерінің әсерімен дәрі бөлшектенеді. Сосын дәрінің құрамындағы химиялық молекулалар асқазан-ішек сөліне өтеді. Бұны шайда еріген шақпақ қантқа ұқсатуға болады. Қант алдымен ыдырайды, сосын толығымен ериді. Оны қасықпен араластыру бұл процессті жылдамдатады. Сол секілді асқазан мен ішектің қозғалысы дәрінің еруіне әсер етеді. Сұйық дәрілер асқазан-ішек сөлінде тез еріп, денеге тез сіңеді.

 

Дәрілер көбінесе аш ішекте сіңеді. Аш ішектің негізгі атқаратын қызметі – қоректі сіңіру. Бұл органның ұзындығы шамамен үш метр, диаметрі төрт сантиметр болады. Оның ішкі бетінде виллус деп аталатын талшықтар бар. Бүрлердің үстіне микровиллус деп аталатын одан да кішкентай талшықтар орналасқан. Хикмет Иесі Алла Тағаланың аш ішекті осылай жаратуында үлкен мән бар. Егер ішекті жазатын болсақ 200 м2 қа тең болады. Ал бұл жәйт өз кезегінде сіңіру процессін жеңілдетеді. Аталмыш талшықтар ішек жасушаларынан құрылған. Дәрінің молекулалары бұл жасушалардан өтіп, қылтамырларға барады. Сосын қылтамырлардың жасушаларынан өтіп, қанға араласады. Ішек жасушаларының қабықшасында ақуыз (протеин) орналасқан. Бұл ақуыздың атқаратын қызметі – жасушаға кірген зиянды заттарды ішектің ішіне кері қайтару. Осылайша зиянды заттар ішектің сіңірмеген басқа да заттарына қосылып, денеден шығып кетеді. Сол секілді кейбір дәрілердің бір бөлігі осы ақуыз тарапынан тосылып, ішектің ішіне кері қайтарылады. Нәтижеде дәрінің бойға сіңуі бәсеңдейді.

 

Бауыр – дәрінің зиянды әсерін жоюшы орган

Ішектегі дәріні өзіне тартып алған қан ең алдымен бауырға барады. Бауыр атқаратын көптеген міндеттердің бірі – денеге кірген зиянды заттарды тазарту. Сондықтан ішектен келген заттар әуелі бауырға жіберіліп, сол жерде химиялық өзгерістерге ұшырайды. Бауырдағы зат алмасудың (метаболизмнің) бір хикметі – бұл процесс арқылы бойдағы зиянды заттар өз әсерін жойып, денеден шығып кетеді. Сол секілді дәрілер де буырдағы зат алмасудың нәтижесінде залалсыздандырылып, бойдан тазарады.

 

Көп дәрілер бір-бірінің зат алмасуына әсерін тигізеді. Егер бір дәрінің зат алмасуы тежелсе, ол дәрінің қандағы деңгейі артып, жағымсыз әсерінің көбеюі мүмкін. Өйткені әр дәрінің өзіне тән жағымсыз әсері болады. Сондықтан дәрілерді қалай болса солай ішуге болмайды. Дәрінің өзіндік жағымсыз әсерлеріне қоса, дәрілердің өзара әрекеттесуі де үлкен зиян алып келуі мүмкін. Тағы бұдан басқа, кейбір қоректердің зат алмасуына түрлі әсері бар. Мысалы грейфрут дәрінің зат алмасуына кедергі жасағандықтан, дәрінің қандағы деңгейі артып, жағымсыз әсерге апаруы мүмкін. Ал брокколи, қырыққабат, отқа қуырылған ет секілді кейбір азықтар түрлі дәрілердің зат алмасуын арттырады. Сөйтіп дәрілердің қандағы деңгейі төмендеп, тигізетін пайдасы азаюы мүмкін. Сондықтан үнемі дәрі қолданатын науқас жандар аталмыш азықтармен көп қоректенбегені дұрыс. Зат алмасудан аман қалған дәрілердің молекулалары мүшелерді қорекпен қамтамасыз ететін қантамырларға жіберіледі. Кейбір дәрілердің бауырдағы зат алмасу процессі әр адамда әртүрлі жүзеге асады, яғни, зат алмасу мөлшері әртүрлі. Сондықтан бір дәрі кейбіреулерде қажетті қан деңгейін қалыптастырса, басқа біреуде бұл деңгейге жетпейді. Ал тіпті кейбір адамдарда керісінше, қан деңгейі артып, зиян беруі мүмкін. Сондықтан дәріні дәрігердің рецепті бойынша ішу абзал.

 

Өттің міндеті

Бауыр мен өт қабынан шығатын сұйықтық өт деп аталады. Өттің маңызды рөлі – қоректегі майларды сіңіру, қорыту. Өт майларды ыдыратып, майларды қорытатын энзимдерге көмекші болады. Осылайша майлар және майда еритін A, D, E, K секілді дәрумендер сіңіріледі. Сол секілді асқазан-ішекте толық ерімей қалған дәрілерді ерітіп, сіңуін жеңілдетеді. Өтке жүктелген тағы бір міндет – қалдықтарды бойдан тазарту. Өттен ұлтабарға (он екі елі шекке) құйылған артық заттар қорыту каналымен сыртқа шығады. Кейбір дәрілер де осы жолмен сыртқа шығады.

 

Дәрілердің аш немесе тоқ қарынға қабылдануы

Дәрілердің жағдайға қарай аш қарынға немесе тоқ қарынға қабылданатыны белілі. Дәріні тоқ қарынға қабылдау ас қорыту жүйесінде белең алуы мүмкін жүрек айну, ауыртпалық сезіну, қорыта алмау секілді жағымсыз әсерлерін азайтады. Ал егер де тамақ кейбір дәрілердің ағзаға сіңуін бәсеңдететіндіктен ондай дәрілерді аш қарынға қабылдау қажет. Дәріден кейін бірден ас жеу аш қарынға қабылданған болып есептелмейді. Себебі екеуі асқазанда араласып кетеді. Дәрі ішкен соң шамамен 60 минут тамақтанбау керек. Дегенмен дәрінің аш немесе тоқ қарынға қабылдануы оның сіңірілетін мөлшеріне қатты әсерін тигізбейді. Бірақ аш қарынға қабылданған дәрі асқазанда ұзақ тұрмай, ішекке өтетіндіктен тез сіңіріледі. Әсіресе ауруды тез арада басу керек болған жағдайларда аш қарынға ішу маңызды.  Дәріні қабылдағаннан кейін көбірек су ішу оның тез әрі жақсы сіңуіне ықпал етеді.

 

Кейбір дәрілер желатин іспетті заттардан жасалған капсулалардың ішінде болады. Дәмі мен иісі жағымсыз дәрілерді адамдарға осылай ұсынуға болады. Сондай ақ, егер дәрі асқазанға зиянын тигізетін болса немесе асқазан қышқылы сол дәріні бұзатын болса бұндай дәрілер асқазан қышқылына төзімді, бірақ ішекте еритін капсула халінде жасауға болады. Сондықтан капсула түріндегі дәрілердің сыртын ашып, ішіндегісін ішуге болмайды. Соған ұқсас кейбір таблеткалар да дәрі молекулалары ішекке бейімдеп арнайы түрде жасалады. Бұндай дәрілерді бүтіндей ішу керек. Әйтпесе әсері болмайды немесе керісінше, зиянды болуы мүмкін.

 

Дәрілердің қажет жерге жеткізілуі

Қанға араласқан дәрі молекулалары әуелі қан айналымымен бүкіл денеге тарайды. Сосын қыл тамырлар арқылы дене мүшелеріне өтеді. Алайда дәрілердің миға жетуі қиындау. Өйткені өмір үшін өте маңызды бұл орган денеге сырттан келетін түрлі заттардың ықтимал қауіптеріне қарсы ерекше қорғауға алынған. Мидағы қыл тамырлардың денедегі басқа қыл тамырлардан айырмашылығы – тамыр жасушалары арасында бос орын қалдырмай жаратылған. Бұл жасушалар өзара тығыз орналасқан. Тағы бір ерекшелігі: тамырларының сыртында басқа қыл тамырлардікінен қалың қабықша бар. Соған қоса бұл қабықшаның айналасында да тамырды ораған әртүрлі жасушалар бар. Осы және басқада себептермен дәрілер миға өте аз мөлшерде сіңеді.

 

Дәрі молекулаларының әсері органдардағы рецептор (қабылдаушы) деп аталатын ақуызға қосылғанда байқалады. Әрбір дәріге арналған бұл ақуыздар жасушаның қабықшасында немесе ішінде орналасқан.

Кейде дәрі молекулалары өзіне тән емес басқа рецепторларға аз мөлшерде қосылады. Бұл қосылу дәрінің жағымсыз әсерін тигізуге алып барады.

 

Дененің дәрілерден тазаруы

Дәрілер бауыр мен бүйрек арқылы бойдан сыртқа шығарылады. Бұл органдардың көптеген міндеттерінін бірі – қанды бөтен заттардан тазарту. Ішекте сіңірілген заттар ең алдымен бауырға барып, белгілі бір мөлшерінің бауырда зат алмастырылатыны, ал қалғаны басқа мүшелерді қоректендіретін қан айналымға кететіні жайында жоғарыда айтқанбыз. Қан тоқтаусыз айналғаны үшін бауырдан өткен дәрі молекулалары қайта қайта бауырға айналып келе береді. Бауырға әр келген сайын бұл молекулалар зат алмасуға ұшырайды. Зат алмасудан өткен дәрі молекулалары бүйректер арқылы денеден шығып кетеді. Аз мөлшері өт жолымен шығады. Дәрі молекулаларының белгілі бір бөлігі ғана зат алмасуға ұшырамастан бүйректер арқылы денеден шығады. Кейбір дәрілерде бұл өте көп кездеседі. Бұндай дәрілер бүйрек жолымен шығады деп айтылады.

 

Кейбір дәрілер бауырда зат алмасудан өтпейінше бойдан тазартылмайды. Өйткені зат алмасу процессі дәрілердің бойдан оңай шығып кетуін жеңілдетеді. Мұндай дәрілер зат алмасуға ұшырамаса бүйректен сүзілгеннен кейін зәрге өтпестен қайтадан қанға барады. Ал бауырдың бүйректегі бұл процессті білуі мүмкін емес. Демек, бауыр мен оның әрбір жасушасы оларға үкім жүргізетін Құдірет тарапынан тағайындалған қызыметшілер. Бауыр мен бүйрек бойдағы дәріні тазалаушы мүше болғандықтан дәрі молекулалары бұл органдарда көбірек жиналады. Сондықтан аталмыш мүшелерде дәрінің зиянды әсерлері көбірек байқалады. Сол үшін қерек емес дәрілерді пайдаланудан аулақ болуымыз керек. Әйтпесе бұл мүшелердің саулығы бұзылып, өз міндеттерін атқара алмайтын халге келеді.

 

Белгілі болғанындай асқазанымыздан ішекке дейінгі көптеген мүшелер дәрілердің денеміздегі әрекетін өзгертіп, осыған орай өз әсерін де өзгертеді. Ағзамызда болып жатқан бұл процесстердің әрбірін мұғжиза деуге болады. Жаратылысымыздың осындай кереметін көрместен мұнын барлығын соқыр табиғатқа, себептерге, дәрігер немесе дәрігердің берген дәрісіне байланыстыру үлкен қателік екені анық. Дертті де дауаны да сынақ үшін беретін Алла. Ауырған адамның міндеті – дәрігерге бару, дәрілерді уақытында қабылдау. Сонымен қатар, шипаны беретін себептер емес Алла екенін естен шығармау.

www.akikat.kz

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

- Textbook of Medical Physiology. Guyton. 1991.

- Anatomy & Physiology. Thibodeau, Patton. 1993.

- Pharmacology. Rang, Dale, Ritter. 1999.

- The Pharmacological Basis of Therapeutics. Laurence, Lazo, Parker. 2006.



Оқи отырыңыз