http://akikat.kz
Аллаһ Расулының және басқа да пайғамбарлардың адам болулары – олар үшін кемшілік емес, керісінше, кәмілдік. Адам емес періште немесе жындардан болғанда, адамдарға үлгі әрі жолбастаушы бола алмас еді.
Құран Кәрімде, алғаш хабар түскен қауымның ішінен, өз жыныстарынан біреудің пайғамбар ретінде жіберілуіндегі хикметті түсіне алмағандар мен түсінгісі келмегендерге: « Сонда, Алла (басқа ешкімді таппағандай) кәдімгі адам баласын елші пайғамбар етіп жіберді ме?» (Исра, 17/94) деп, қарсы шыққандарға былайша жауап берілген: « (Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Егер жер бетіндегі (адамдар секілді) жайбарақат өмір сүріп, періштелер жер басып жүрсе, онда Біз оларға көктен пайғамбар етіп періште түсірер едік», - деп айт». (Исра, 17/95)
Расул Әкрам секілді, басқа пайғамбарлар да адам еді және адам баласына жіберілген еді. Олай болмаған жағдайда, адамдар олармен сөйлесіп түсінісе алмас және олармен қарым-қатынас құру мүмкіндігі болмас еді.[1] Осы себептен Құранда: «Егер ол пайғамбарды періште етіп, періште пайғамбар жіберген болсақ, онда (солардың арасында өмір сүріп, оларға жолбасшы ретінде үлгі-өнеге көрсетуі тиіс болғандықтан) оны да ер адам бейнесінде жіберер едік...» (Әнғам, 6/9)
Адами жағын басып айтқан аяттарды қалай түсінуіміз тиіс?/
Құран Кәрімде Аллаһ Расулының адами жағына назар аударатын аяттар бар. Бұл ақиқатты өте анық түрде баяндаған: « Айт, мен де сендер секілді бір адаммын», - деген аяттар орын алады.
Құранның осы бір тұсын қате түсінгендер «Қасиеттері тұрғысынан Аллаһ Расулының басқа адамдардан ешқандай да ерекшелігі жоқ бір адам» деп тұжырымдаған. Алайда Құран Хәкімнің баян еткендеріне бір тұтас ретінде қарайтын болсақ, ондай жат пікірлілерді демейтін бір мағына көзге көрінбейді. Мысалға, Фуссилат сүресінде өткен бір аятқа контексттік мағынасы тұрғысынан қарайық: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Мен де сендер сияқты адам баласымын, бірақ (менің сендерден бір ғана айырмашылығым) маған: «Құдайларың – жалғыз Құдай», - деген уаһи келеді. Ендеше Оған тұп-тура бет алыңдар және Одан (күнәларың үшін) кешірім тілеңдер», - деген. Аллаға өзгелерді серік етіп қосатын мүшріктер қараң қалсын!» (Фуссилат, 41/6. Басқа да аяттар Кәһф 18/110)
Негізінде, «Құдайларың – жалғыз Құдай» деген сөйлем ненің меңзелгенін анық білдіреді. Аллаһ Расулының құдай еместігі және Оның бойынан ұлұһият сипаттар іздемеу керек екенін білдірген. Яғни осы және осыған ұқсас аяттарда Аллаһ Расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) басқа адамдар секілді адами қажеттіліктерінің бар екені, діни жауапкершілікке тартылатындығы, өлімді болуы (дүниеден қайтатындығы), Алла білдірмейінше ғайыпты біле алмайтындығы, күш-қуатының шектеулілігі секілді тұстарын қамтыған. (Аллаһ Расулы да әмір етілгендей Алланың бұйрығына сай әрекет етіп, терең құлшылығымен қатар, артынан ергендерге адами қажеттіліктерге жататын жеп-ішу, ұйықтау, үйлену секілді халал ләззәттар әдебін де өзі үлгі болып көрсете білген. Демек, бұл сөйлемдердің мазмұны Аллаһ Расулының жай бір адам екенін білдірмейді. Сонымен бірге бұл аят оның адамдардан тыс өзге жаратылыс емес екендігіне назар аударуда.
Осы мағынада Құран Кәрімде басқа аяттар да бар. Мысалға Исра сүресінде былай баяндалған: «Сен бізге мына (шөлейт) жерден суы атқылаған бұлақ шығарып бермейінше саған, әсте, сенбейміз. Немесе (осы арада) сенің құрма ағаштары мен жүзімге толы жайқалған бау-бақшаң болып, ондағы жеміс ағаштарының арасынан гүрілдеген өзендер ағызбағаныңша! Я болмаса, аспанды бөлшектеп төбемізге құлатпайынша немесе пайғамбарлығыңа куә ретінде Алланы және періштелерді алдымызға келтірмейінше! Яки, алтыннан соғылған үйің болмайынша немесе көкке көтерілмейінше саған, әсте, сенбейміз. Алайда есіңде болсын! Көкке көтерілгеннен кейін ол жақтан біз оқитын бір кітап түсірмесең көкке көтерілгеніңе де сенбейміз!», - деді. (Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Раббым кемшілік атаулыдан ада! Мен бар болғаны елші ретінде жіберілген адам ғана емеспін бе?», - деп айт.
Бұл аяттардан да Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) адам екеніне назар аудара отырып берілген жауап, мүшріктердің Одан (ауыр жағдайда қалдыру мақсатында) адамның шамасынан тыс, құдайға тән істерді талап етулеріне қарсы айтылғанын түсінеміз. Яғни, ол бір адам және адамның құдай болуы мүмкін емес. Сондықтан Пайғамбарымыздың адам екендігіне басты назар аударған. Бұл аяттардың мақсаты: Хазіреті Пайғамбарымыздың бірегейлігі мен ерекше жаратылысын мойындамайтындардың ойларын теріске шығару.
Бұл тақырып төңірегінде тағы да бір маңызды мәселені ескертуді жөн көрдік. Тарихта кейбір қауымдар пайғамбарлардың елшілік жағына ғана зейін қойып, адамдардан тыс, ұлы жаратылыс деп қарағандықтан адами жағына мән бермеген. Хазрет Исаға құдай делінуі осыдан. Бірақ мұсылмандар Аллаһ Расулының адами сипаттарын теріске шығармаған, бұрынғы қауымдар секілді қателікке бой алдырмаған. Мұсылмандар «Әшһаду ән лә иләһа иллаллаһ уә әшһаду әнна Мұхаммадан абдуһу уа расулүһу» деп шәһәдат (куәлік) келтіргенде, Оның елшілігінен бұрын құл екеніне куәлік еткен. Аллаһ Расулының әу бастан үмметінің ешқандай қателікке бой алдырмас үшін былай деп ескерткен болатын: «Абайлаңдар, Насараның (Христиандардың) Иса ибн Мәриямды асыра мақтап шектен шыққандары секілді сендер де мен туралы шектен шығушы болмаңдар; Мен – Алланың құлымын. Олай болса, (мені) «Мұхаммед Алланың құлы және Расулы» деп айтындар». (Бухари, Әнбия 48; Худуд 31)
Христиандардың Хазіреті Иса жайлы шектен тыс ойлары қаншалықты қате болса, бүгінгі кейбір теологтардың да Алла Расулына кәдімгі қатардағы адам деп жайбарақат қараулары да кемінде сол сияқты қателік әрі көңілді құлазытады.
Пайғамбарымыздың ерекше жаратылысы
Күмәнсіз, Расулулла (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) - бір адам. Адами жеп-ішу, ұйықтау секілді мұқтаждықтар онда да бар. Сонымен қатар Пайғамбарымызда да біздікіндей сезімдер болған. Бірақ бұл ұқсас болған тұстарымыз[2] Онымен біздің бір дәрежеде екенімізді білдірмейді. Себебі Пайғамбарымыз – адамдар арасында қабілеті ең жоғары, ахлақ тұрғысынан да ең кәмілі. Озық етіп жаратқан таңдаулысы.
«Мұғжизаты Ахмадийя» атты кітапта Пайғамбарымыздың ерекше жаратылыста болуы жүктелген міндеті тұрғысынан былай қарастырылады: «Жасаған білмей ме?! Егерде білсе, әлбетте білген сөйлейді (бұл жердегі «сөйлеу» сөзі - Жаратқан Алланың адамдардың арасынан таңдалған Пайғамбарлары арқылы жер бетіне жеткізген хабары деген мағынада). Егерде сөйлесе, сана мен ойға ие сөйлей білетіндермен сөйлейді. Егерде олармен сөйлесетін болса, әлбетте, олардың ішінен қоғамшыл әрі санасы кең адам баласымен сөйлейді. Егерде адамдардың арасынан біреумен сөйлесетін болса, әлбетте, үндеуге қабілетті әрі адамдардың ең кәмілімен сөйлейді. Егерде адамдардың жолбастаушысымен сөйлесетін болса, әлбетте, ең жоғарғы қабілетті екенін әрі ең ахлақты екенін досы да дұшпаны да мойындаған Мұхаммедпен (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) сөйлейді. Нәтижеде де сөйлеген, елші етіп тағайындаған және адамзаттқа жолбастаушы етіп белгілеген»[3].
Хазірет Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) теңдессіз ерекше жаратылыс иесі екенін мойындаған батыстық Ханзада Бисмарк былай деген екен: « Мұхаммед теңдессіз бір күш екенін мен мойындаймын. Бұдан былай Құдірет Иесінің осындай екінші бір жанды дүниеге жіберуі мүмкін емес»[4].
Ол (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) руһани ерекшеліктермен жаратылмағанда, періштелер және ұлы әлеммен байланысы болмай (Кады Йиаз, Китабуш-Шифа, 455 б.), Құран секілді мұғжиза баян оның жүрегіне қонбас еді. Себебі (Хазрет Адамнан бастап) бүкіл уаһилердің өзегі саналатын сонғы әрі жалпылама үндеудің сұхбаттасы болу - ерекше жағдай. Бұл үшін Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ерекше қасиетте жаратылуы тиіс еді.
Шынында, бүкіл жаратылыстарды қызықтырар хабарды және жер бетінің реңін өзгертер нұрды, яғни уаһиды қабылдаушы тұлғаның көзқарасы кең, санасы өте терең, ахлақы да ең жоғары дәрежеде болуы тиіс. Құранда: « Шүбәсіз сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің». («Қалам» сүресі, 4-аят) деген аят осы бір тұсты нұсқап тұр. Алланың елшісі болу міндетін атқарып жатқан тұлғаның ең жоғары дәрежеде мінез-құлыққа ие болуы оның ерекше сипаттармен жаратылуына байланысты. Шамамыз шектеулі болғандықтан, қанша тырысқанымызбен, Аллаһ Расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ерекше қасиетте жаратылысын толық түсіне алмаспыз. Себебі «қайырлылардың ішінен таңдалған» («Сад» с. 47 а.), яғни пайғамбарлардың қабілет пен ахлақ тұрғысынан ең кәміл тұлғалардың болмысындағы тереңдіктерін әр кім өзінің руһани дәрежесі деңгейінде ғана түсіне алады.
Қысқаша айтқанда, Алла Тағала сонғы пайғамбар Хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бүкіл пайғамбарлар жеткізген хабарға және мирасқа мұрагер ретінде таңдаған. Осындай маңызды бір міндетті атқарушы адам ерекше қасиеттерге ие болуы тиіс.
Пайғамбарымызға дұрыс көзқарас және құрмет
Хазрет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) - Алланың тәржімешісі әрі елшісі болу сипатымен Алла ұнатқан үлгілі тұлға, яғни үсуаи хәсәнә*. Бұл себептен оның әр пендеге бұйырылған күнделікті амалдары да елшілікке тән сипатқа толы болатын.
Пайғамбар болғаны үшін өмірінің әр бір сәтінде бізге үлгі бола білген. Шындығында, елшілік нұрымен әрекет еткендіктен, Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) күнделікті өмірдегі іс-әрекеттері де cүннет деп саналады[5]. Пайғамбар болғандықтан адамдармен қарым-қатынастары ерекше көркем ахлақ әрі үлгі-өнегеге толы болды.
Хазіреті Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) - асқан ерекшеліктерге ие болу қасиеттерімен әрі елші (расул) әрі адам. Басқаша айтқанда, Ол – сәмәуилікте* жер бетіндегілердің, ал жер беінде сәмәуиліктің өкілі ретінде бір адам. Ол жайлы кем немесе қате көзқарас бой алдырмас үшін осы бір тұсын ойда әрдайым жанды түрде тұта білуіміз керек. Мысалы, хадис және Сира кітаптарында (Пайғамбарымыздың өмірбаяны жазылған кітаптар) бір жағынан Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бәдәуи бір арабпен саудаласқаны жазылып, екіншіден Оның адам баласының ақылына сыймайтын Исра – Миғраж секілді бұрын соңды тарихта болмаған ұлы сапардың Иесі екенін[6] де естен шығармаған жөн[7]. Бұндай жағдайларда Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) нұрлы болмысына және елші мәртебесіндегі руһани тұлғасына назар аударылу керек. Әйтпесе, білместікпен, не Оны құрметтеуде жаңылысамыз не Оның ұлылығы туралы күмәндана бастауымыз әбден мүмкін.[8]
Пайғамбарды құрметтеу мәселесінде кейбіреулердің, қазіргі заманның позитивист және рационалисттерінен кері әсерленіп, тұйыққа тіреліп тұрған жәйт - кемсітіп, Алла Расулына қатардағы бір таблиғшы не хатшы деп қараулары. Хабарды жеткізген Тұлғаның өзіне қате көзқарас, Оның әкелген хабары жайлы да жаңылысудың тууына әкеліп соқтыратыны белгілі.
Оған (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) деген құрметімізді өшпестей қорғай білуіміз керек. Себебі уақыт ілгерілеген сайын жеткізген өсиет-өнегелерін зейініміз бен санамыздан солмай, әрдайым сол қалпында сезілуі және әрдайым солардан алған әсерімізді суытпай жадымызда жанды етіп, қызғыштай қорғай білуіміз Пайғамбарға деген құрметпен байланысты. Хабар мен хабарды жеткізген тұлға арасында өте тығыз байланыс бар. Оларға деген құрмет сақталғанша, ол хабарлардан алынған әсер де соғұрлым артып отырады.[9]
Қарсы пікір және жауабы
Аллаһ Расулын (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) құрметтеу керек деген ой-пікірлерді артық санайтындар былай дейді: «Ол да өзіміз секілді адам ғой. Түрлі көзқарастармен оны бізден алыстату, артынан ілесуімізге мүмкіндік бермейді»
Әрине Ол (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) арамыздан шыққан біреу. Шынтуайтында, Құранда да «өз араларыңнан бір пайғамбар» деген мағынадағы «расулан мин әнфусихим»[10] және «расулан минхум»[11] секілді аяттарға назарымызды аударады. Сонымен қатар Құран бізге Хазірет Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) таңқаларлық ерекшеліктерге толы таңдаулы бір тұлға екенін үйретеді. Мысалы Құранда Алла үшін қолданылған екі бірдей есім Хазірет Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) үшін де қолданылған: «Сендерге өз араларыңнан (яғни, араларыңда туып өскен) хақ пайғамбар келді. (Оның сендерге жанашырлығы соншалық – азапқа немесе қиын жағдайға душар болғандарың былай тұрсын), тіпті, болмашы қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, ынтызар (болғандықтан сендер үшін қатты қорқады, сендерді ойлап көп уайым жейді) әрі мүміндерге сондай жанашыр (Рауф), өте мейірімді (Рахим)»[12].
Бұл илаһи баянға сүйене отырып, Пайғамбарымыз жайлы тұжырымда мына бір нәзік түйінге абай болуымыз керек: «Йә, Пайғамбар арамыздан бір адам, бірақ еш уақытта өз деңгейімізге түсіретіндей тұлға емес. Яғни, пенде болғанымен Оның бойында бізде жоқ тереңдіктер бар.[13] Өмірінің әр кезеңінде Ол (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ахлақты жоғары дәрежеде көрсетіп[14], бірегей жолбастаушы болған. Содан болса керек, Алла Тағағала бір аятта Пайғамбарымыздың өмірімен ант ішкен.[15] («Хижр» с., 72-аят)
Пайғамбарымыздың ерекшелігін мойындамағандарға мына сұрақтарды қойып көрелік:
Әр дайым биік ойлап биік өмір сүрген тұлғаны лайықты дәрежеде түсіндіру арқылы қалайша өзімізден алыстатқан боламыз?
Пайғамбарға жай бір адам көзқарасымен қарап не табамыз? Пайғамбарды өз деңгейімізге түсірудің не пайдасы бар? Аллаға жақындата ма, әлде өмірді терендете ме? Ешқайсы
Әрине, ешқайсы да емес!
Негізінде үлгілі тұлғаның (пайғамбардың) ахлақын бағалауымыз бізді оған жақындауға итермелейді. Бұл әрекетіміз біздің өсуімізге себеп болады.
Пайғамбарлар жайлы, біліп не білмей, ортаға бір жаңсақ ой тастап, бүлік шығарып,оны іске асырудағы мақсат, ақылдан бұрын нәпсінің қалауынан туындаған. Себебі нәпсі өте қиын жағдайда күнәға бой алдырып немесе адами әлсіздігіне тез берілетін қатардағы бір пайғамбар ретінде көріп,өз күнә-қателіктерін сол арқылы оңай жасыруда. Яғни пайғамбарлар да былай істеген болса, онда (жәй адамдар үшін) қобалжитын түгі жоқ деген ой туындатады. Аллаһ елшілерінің ұлылығын қабылдағысы келмеген нәпсінің оларды өз деңгейіндегі, қатардан бір адам ретінде көруге әкеліп соқтырады.
Демек, бұндай қателікке жол бермес үшін Расулу Әкрамға нәпсінің емес, уаһидің (Құранның) танытқанындай қарай білуіміз керек. Бұл тұста мына бір аятты қайталап өтейік: « Расында, Алла (ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың ең ардақтысы Мұхаммед) пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен күнге мерейін өсіруде. Ал оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар (яғни оны шын жүректен ардақтап, оған Алланың рақымы мен есендігін тілеп, бар ықыластарыңмен дұға етіңдер және оған қалтқысыз мойынсұнған күйде сәлем жолдаңдар)!»[16]. Бұл иләһи баяннан құрмет пен ізетке ең лайықты пайғамбарлар екенін аңғарамыз. Сол себептен, олар жайлы ой, айту керек сөз бен жазуымызда өте мұқият болуымыз біз үшін бір жауапкершілік.
Қорытынды
Пайғамбарлар (алейһимуссалам) ұлы мінез-құлық иелері әрі көркем жаратылысқа ие ерекше адамдар. Олар қатардағы бір адамдар емес. Олай болса, жүрегінде сенімі бар адам бұл тізбектелген мұмтазды, әсіресе, осы тізбектің ең соңғысы әрі кәмілі болған Аллаһ Расулын (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ұлы тұрпаты мен ерекше жаратылысын қаз қалпында сақтауды өзіне міндет деп санағаны жөн.
[1] Бұл турасында анықтамалар, Кады Йиаз «Китабуш-Шифа», 455-456 бб..
[2] Негізінде бұл жерде де көзден таса қалмау керек жәйт бар. Хазіреті Пайғамбар, жеп-ішу және ұйықтау ерекшеліктері тұрғысынан бізге ұқсайды, бірақ жеп-ішу, тынығудағы мөлшері біздікінен әлдеқайда басқа. Өмір бойы аз ғана ұйқы мен өмір сүре алатындай деңгейде тамақтанған. Бұнымен қатар Пайғамбарымыз тәндік жаратылысы да өте үлкен ерекшелікпен жаратылғанын нұсқайтын сахих риуаяттар да кездеседі. Мысалға, Бухари бастаған көптеген қасиетті хадис кітаптарында Аллаһ Расулына, жай адамдарға қарағанда, отыз есе көп еркектік күш берілгені жазылған. (Буһари, Ғұсыл 12; Ибн Хәнбал, Муснад, III, 291.) Осылай бола тұра, Ол (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бөгде әйелге көз қырын салып та қарамаған. Бұл Оның әйел затына деген қызықпаушылықтың жоқтығынан немесе табиғатында жоқтығынан емес. Оны мұндай пәктікке жеткізген Аллаға деген құрмет пен Алладан қорқу сезімдері еді. Себебі Раббі Оны күллі көркем қасиеттердің жаршысы ретінде жаратқан болатын. (М. Фетхуллаһ Гүлен, Енгинлиийле Бизим Дуниямыз, 74-б.)
[3] Саид Нурси, Мужизаты-Ахмедийе, Шахдамар басп., Истанбул 2008, 5-б
[4] Мустафа Атешмен, Аврупа Гөзуйле Ислам, Й. Асия басп., Истанбул 1973, 196-б
* үсуаи хәсәнә – жақсы үлгі, өнеге (Мумтахана сүресі, 6. Аят)
[5] Аллаһ әдептің әр бір түрін ең көркем түрде Оның бойында жинаған. Аллаһ Расулы бұл ақиқатты қуаттандырарлық мына бір хадисы бар: «Раббім маған әдепті ең көркем түрде дарытқан». Мүнави, Фейзуль-Кадир, I, 225
* сәмәуи - илаһи
[6]Аят үшін: Нәжм 53/1-8, Хадис-шәріп үшін: Буһари, Сәлат 1, Муслим, Әнам 259; Әбу Дәуіт, Әдеп 35; Ибн Хәнбал, Мүснад, III, 148
[7] Аллаһ (жәлла жәлалаһу) бұл шақырумен ең таңдаулы құлын жаратылған мүлік пен періштелер әлемін жеке-жеке аралатып, мүмкіншілік пен міндеттелгеннің арасына (кабы-кавсеин) ұластарған. («Нәжм» с. 9-аят)
[8] Бәдиуззаман Хазіреттерінің көзқарасы бойынша Мужизаты-Ахмедие, Шахдамар басп., Истанбул 2008, 18-19 бб..
[9] Қысқартылған бұл болжам үшін, М. Ф. Гүлен, Сохбети – Джанан, ЖИВ басп., Истанбул 2004, 55-60 бб..
[10] Әли-Имран сүресі, 164-ші аят
[11] Жұма сүресі, 2-ші аят
[12] Тәубе сүресі, 128-ші аят
[13] Бұл аят арқылы, Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бойындағы теңдессіз екі тереңдігі баяндалады: 1. Ең әуелі Ол (саллаллаһу аләйһи уә сәллам), өзін ұмытып, өзгелерді өзі секілді көріп солардың уайым-қайғысымен өмір сүретін: 2. Оның адамдармен, әсіресе иман еткендермен қатынасы тек олардың қайғысымен ортақтасу ғана емес, олардың ақыреттеріне қауіп төндіретін мәселелерді шешу жолында үлкен қажыр-қайрат жұмсайтын
[14] Шындығында бұл тұста Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өзінің мына пайғамбарлық баяны назарымызды аудартады: «Мен ұлы мінез-құлықты толықтыру (кемеліне жеткізу) үшін жіберілдім (тағайындалдым). Муватта, Хүснүль-Хулуқ 8
[15] Хижр сүресі, 72-ші аят
[16] Ахзаб сүресі, 56-ші аят