http://akikat.kz
«Жарату» тұрғысынан алып қарағандағы тағдыр мен қаза
Әдетте біз бір істі жасауға ниеттенгенде оны алдын-ала біліп, соған қарай жоспар жасаймыз. Екінші сатыда ойымызда істің жобасы жасалған соң біз оны нақтылауға көшіп, инженер секілді нақты іс-әрекеттің нобайын сызамыз. Егер қаласақ, осы түпнұсқаны керегінше көбейтеміз. Келесі кезекте осы жоба-жоспар жүзеге асырылады. Мұнсыз біз оны мәлімет әлемінен шынайы физикалық әлемге көшіре алмаймыз. Ал соңғы төртінші сатыда құрал-саймандарымызды сақадай сайлап, осыған дейін тек қағаз бетінде болып келген құрылысты бастаймыз.
Аллаһ тағаланың жаратуы жоғарыда айтқандары-мызға ұқсамайды, әрі ойлағандарымыздың ешқайсысы да оның дәл анықтамасы бола алмайды. Дегенмен де Оның ілімінде барлық нәрсенің бір жобасы, жоспары бар және Ол бұларды Ләухы Махфұзда жазып қойған. Сосын бұлардың уақыты келгенде, Аллаһтың құдіреті мен «қалауының» арқасында ілім күйіндегі нәрселерді жарыққа шығарады, жоқтан бар жасайды. Сөйтіп, «түпнұсқа Кітаптағы» жағдайлары бойынша ілім күйінде жазылғандар іс жүзінде жаратылады.
Сондықтан да бұған дейін жаратылған бүкіл заттар мен құбылыстар жайлы: «Демек, Ләухы Махфұзда осылай жазылған екен және сол жазылған бойынша жаратылған екен ғой», – дейміз. Ал бұған керісінше, ой-санамыз көріп-білмеген болашаққа қатысты: «Ләухы Махфұзда қалайша жазылса, солайша жаратылады» немесе «Қалай жаратылатын болса, Ләухы Махфұзда да солай жазылады екен ғой», – дейміз.
Осы мәселе туралы әрбір мұсылман, тіпті әрбір адам былай деуі керек: «Осы күнге дейін не сөйлесем де, не істесем де, қалай жүріп тұрсам да – бәрі де Аллаһтың ілімінде және «түпнұсқа Кітапта» дәл солай жазылған. Менің болашақта айтатындарым мен істейтіндерім, мен білмесем де, «түпнұсқа Кітапта» жазулы тұр. Мен өз еркіммен не істейтін болсам, Аллаһ тағала өзінің шексіз ілімімен өткенім мен келешегімді түгелдей білгендіктен, «ол өз тыңдауымен мынаны-мынаны былай істейді» деп әлмисақтан бері жазып қойған. Мен бұл жазудың шеңберінен шыға алмаймын. Алайда, істегендерімді мәжбүрліктен емес, өз еркіммен істеймін, әрі Аллаһ тағала да оларды менің өз ерік-қалауыммен істейтінімді өзінің шексіз ілімімен әуел бастан біліп жазған».
1) Жаратылыстың жалпы тағдыры мен жаратылуы Аллаһ
тағалаға қатысты. Бұған адамның еркінің ешқандай ықпалы мен қатысы жоқ. Аллаһ –
мүлік иесі, әрі мүлкін қалағанынша қолданады. Ол нені қаласа, соны істейді және
ешкім Одан есеп сұрай алмайды. Алайда, Аллаһ – өте Әділ және Хаким (асқан
дана): адамдар өздеріне зұлымдық істесе де, Аллаһ оларға ешқандай зұлымдық
істемейді[1].
Біздің еркімізден тысқары болған жаратылыстағы Аллаһ тағаланың жарату ісінде көптеген хикмет, мақсат, мән-мағына және пайдалар бар. Жер шарының айналуына біздің қатысымыз жоқ, бірақ ол толығымен біздің пайдамыз үшін айналады. Күнге: «Сәулеңді түсірме», – десек те, ол бәрібір түсіреді. Бірақ біз оның жылуы мен жарығына жанармай да жібермейміз, ақы да төлемейміз, салық та бермейміз. Яғни күн ештеңе талап етпей, түгелдей біздің пайдамыз үшін жұмыс істеуде. Ішкен-жегеніміздің қалдықтарын сыртқа шығарамыз. Бұл бізге зиян ба? Бізге тегін берілген 24 алтыннан, яғни 24 сағаттың бірнешеуін ғана қарымта етіп қайтарамыз әрі сол сағаттардың орнына бұ дүниеде періштелерді де сүйсіндіретін ерекше адами қасиеттерге толы мінез-құлыққа және о дүниеде жұмаққа ие боламыз. Қандай үлкен сый десеңші! Сахабалар жүрген сара жолмен жүріп, қазіргідей аласапыран заманда дінге қызмет етудеміз. Бұдан асқан бақыт бар ма?
2) Адамның өз қалауы ескеріліп, есепке алынған бұйрықтар мен жаратулар (шариғаттық және діни бұйрықтар): намаз, ораза, Аллаһ жолында жиһад ету және зинадан аулақ болу, т. б.
Аллаһ тағаланың «қалауы» мен «жаратуы» әрбір екі тағдыр мен бұйрыққа да қатысты, яғни Аллаһ тағала адамның ықтиярынан тысқары болып жатқан жаратылыстағы заттар мен құбылыстарды жаратуды да, адамның өз қалауын ескеріп бұйырған нәрселерді тікелей адамдардың істеуі нәтижесінде жаратуды да Өзінің «қалауымен» қалайды және жаратады. Тек ерекшелігі сол – осы екінші бөлімде жаратқан кейбір нәрселерге разы болса да, кейбіреуіне разы емес. Мысалы, намаз оқуды бұйырады да, жаратуды қалайды және адам өз еркімен намаз оқығанда, оны разылығымен жаратады. Бірақ, күпір мен күнәні жақсы көрмейді, дегенмен адам өз қалауымен соларды істеуге ниеттенсе, оны да жаратады, бірақ оған разылығы жоқ. Сол сияқты Аллаһ тағала бүлік шығару мен зұлымдық жасауды жақсы көрмейді.[2] Алайда, адам өз еркімен оны істемекші болғанда, Аллаһ тағала разы болмаса да, оларды да жаратады. Сондықтан жақсылықпен бірге (сырт көзге немесе расымен) жаман болып көрінген нәрселерді де жарататын – Өзі.
Иә, күнделікті тіршілігімізден және Құран аяттарынан түйгеніміздей, Аллаһ тағала – барлық нәрсенің жаратушысы[3]. Маңайымыздағы біздің еркімізден тыс болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға қарап адамда ерік жоқ деп ойламауымыз керек. Өз қалауымен жүрсін деп Аллаһ тағала адамдарға мүмкіндік берген, аяқ-қолымызды байлап, мына әлемге үмітсіз бейшара етіп жібермеген. Таңдау еркі – бізді қараңғылықтың тар қапасынан нұрға, жерден жұлдыздарға қауыштыратын өте маңызды себеп.
"Иман аясында" кітабынан алынды
[1] Ниса сүресі, 4/40; Юнус сүресі, 10/44; Кәһф сүресі, 18/49.
[2] Қараңыз: Бақара сүресі, 2/205; Әли Имран сүресі, 3/22-57.
[3] Әнғам сүресі, 6/102; Рағд сүресі, 13/16; Зүмәр сүресі, 39/62; Мүмін сүресі, 40/62