http://akikat.kz
Иләһи ілім тұрғысынан алып қарағанда, тағдыр мен қаза –
ақырзаманға дейін болатын бүкіл заттар мен құбылыстардың жоспары мен
бағдарламасының Аллаһ тарапынан жазылуы және оларға белгілі бір пішіннің
берілуі. Жаратылыс әлемі жаратылмай тұрғанда, хадис-те айтылғандай, «Аллаһ
бар еді және Одан басқа ештеңе жоқ еді»[1]. Мына әлем жаратылмай тұрып,
Аллаһ өзінің шексіз ілімімен барлық нәрсенің тағдырын белгілеп жазып қойған.
Бұл – барлық нәрсенің Аллаһтың ілімінде белгіленуі және тағдырының жазылуы[2].
Аллаһ тағала адамның ойына келетін барлық нәрседен пәк әрі ұлық және Ол өзінің құлдарына мүлдем ұқсамайды. Дегенмен иләһи ілім жағынан тағдыр мен қазаны түсіндіру үшін шартты түрде мынадай мысал беруге болады:
Адам істейтін нәрселерін ең алдымен ой елегінен өткізіп, қиялында бейнелеп, содан кейін жоспарлайды да оларды біртіндеп жүзеге асырады. Міне, бұл ілім жағынан алғанда бір нәрсенің жүзеге асу сатылары болып табылады.
«Жазу» жағынан алып қарағанда тағдыр мен қаза
Аллаһ тағаланың шексіз ілімінде белгіленген жоспарлар мен программалар «ашық баяндаушы Кітапқа» жазылады: «Әрине ол – Ләухы Махфұзда болған теңдессіз ұлы Құран»[3]. Құранда бұл Кітапқа бір-бірінен аздап өзгеше екі атау берілген: «Имам мубин»[4] мен «Китаб мубин»[5] және болатын барлық нәрсенің алдын-ала осы «анық баяндаушы Кітапқа» жазылатындығы[6] әрі сол Кітапта жазылмай қалған еш нәрсенің жоқтығын баян етеді[7]. Бұл Кітап – «түпнұсқа Кітап» және онда жазылған нәрселерде ешқандай өз-геріс болмайды. Ләухы Махфұз – иләһи ілімнің басқаша бір атауы және шартты түрде салыстыратын болсақ, ол – негізгі тіркеу журналы және «түпнұсқа Кітап» іспетті[8]. Осы «түпнұсқа Кітаптың» негізінде көшірмелер жасалып, басқа журналдар мен кітаптар жазылып жатады.
Аллаһ тағаланың тағы да «Ләух маху және исбат» атты кітабы бар[9]. Мұнда өзгертулер мен түзетулер жасалады.
Жазу, «көшірме нұсқа» және оның түрлері
Аллаһ тағала әр кезеңде әр қилы жазу түрлерін қолданады. «Түпнұсқа Кітаптан» алынған көшірме нұсқалардың беттері кішкене дәптерлерге көшіріліп жазылады. Мысалы, шартты түрде салыстыратын бол-сақ, төлқұжат бөлімшесінде негізгі «тіркеу журналы» бар делік. Осы «тіркеу журналының» түпнұсқасынан әрбір адам үшін оның бір көшірме нұсқасы шығарылады. Дәл сол секілді әрбір адамның өмір бойы істейтін нәрселері «түпнұсқа Кітаптан» көшіріліп, оның пешенесіне жазылады.
«Көшірме нұсқа» – періштелердің әр адамның істейтін істерін «түпнұсқа Кітаптан» көшіріп алып жазуы. Бұл туралы Құранда «Шынында, Біз сендердің істеген істеріңді жазып тұрдық»[10], – деп айтылады.
Адамдардың пешенесіне жазылған кітап пен Кирамән Кәтибин періштелері жазған кітап арасында ешбір айырмашылық жоқ. Ләухы Махфұздағы «түпнұсқа Кітаптың» бір көшірме нұсқасы болып адамның пешенесіне жазылған кітаптың[11], яғни «көшірме нұсқаның» сыртқы пішіні мен негізі жоқ, тек көрінбейтін мәліметтері бар. Мына пәни өмірде адамның дербес қалауы мен істері кітап түрінде бекітіледі. Осылайша, адамның ақыретке жібергені де, артына қалдырғаны – бәрі де еш кем-кетіксіз бір-бірлеп жазылады.[12]
Міне, осы екі кітапты бір-бірімен салыстырсақ, араларында ешқандай қарама-қайшылық болмайды, керісінше, дәлме-дәл үйлесімділік пен ұқсастық бар екендігі байқалады. Періштелер: «Ей, Жаратқан Иеміз, біздің жазғандарымыз мыналар», – дейтін болса, Аллаһ тағала да: «Менің жазғаным мынау», – деп жауап береді. Рамазанда қарилардың[13] оқыған Құраны мен оларға ілесіп қайталап отырған жамағаттың Құраны бірдей, сол секілді Аллаһ тағаланың Ләухы Махфұздан алып жазған ілім түріндегі кітап пен періштелердің адам амалдарын жазған кітабы арасындағы үйлесімдікті көруге болады. Бұл – адамның өмір шежіресіне қатысты барлық нәрсенің алдын-ала Ләухы Махфұзда белгіленіп қойылғанын көрсетеді. Дегенмен тағдыр жайында мына маңызды мәселені жақсылап түсініп алған жөн: адам өзінің тағдырының Ләухы Махфұзда алдын-ала белгіленіп жазылғандар бойынша жүріп-тұрмайды, керісінше, мына өмірде өзіндегі ерікпен не істейтіні алдын-ала білінгендіктен, оның тағдыры жазылады. Мұны қысқаша бірнеше сөйлеммен қорытындылайық:
− Аллаһ тағала өзінің шексіз ілімімен адамның не істейтінін алдын-ала біліп, Ләухы Махфұзға, ал оның бір көшірме нұсқасын адамның пешенесіне жазған;
− Адам осы көшірме нұсқада жазылғандарды өз қалауымен істейді;
− Аллаһ тағала адамның істегендерін жаратады;
− Періштелер адамның осы істегендерін бір-бірлеп жазады;
Періштелер жазады, өйткені адам сөзі, қимылы және өз қалауымен жасаған амалдары бойынша жаздырған кітабы немесе түсірген ғұмырнамалық фильмі ақыретте оның алдынан шығып, оған «Кітабыңды оқы!»[14] – делінеді. Сөйтіп, адам өзі түсірген ғұмырнамалық фильмін өзі тамашалап, қарсы шағымдануға ешқандай себеп-сылтауы қалмайды.
Ар-ұждандағы жазу
Рухтар әлемінде, мысал әлемінде немесе атомдар әлемінде болғанда, бізден уәде алу арқылы Жаратушымыз тарапынан жазылған бұл кітаптың көрінбейтін жазуларын ар-ұжданымызда бейне бір рухтың көзімен көріп, айқын сезінгендей боламыз. Әлі сперма немесе атомдар әлеміне өтпей тұрып, бүкіл атомдарымызға басшылық еткен рухтың өз әлемінде өз құлағымен естіп, өз аузымен жауабын берген, әрі ар-ұжданға жазылған осы жазу «Ә ләсту бираббикум? – Қалу бәлә» «Мен сендердің Жаратушыларың емеспін бе?» Олар: «Әрине, Сенсің», – деді»[15] әлемінде жазылған жазу болып табылады.
Жатырдағы нәресте үшін жазу
Адам баласы жатырға түскен сәтте періштелер тарапынан өз алдына бөлек жазу мен «көшірме нұсқа» жазылады. Періштелер үлкен кітап – Ләухы Махфұздан оның еншісіне тигенін, яғни «жұмақтық бола ма, тозақтық па»[16] т.с.с. жазады.
"Иман аясында" кітабынан алынды
[1] Бұхари, Бәдъул-халқ 1.
[2] Қараңыз: Хижр сүресі, 15/21.
[3] Буруж сүресі, 85/22.
[4] Иәсин сүресі, 36/12
[5] Әнғам сүресі, 6/59; Юнус сүресі, 10/61; Һуд сүресі, 11/6; Хажж сүресі, 22/8; Нәмл сүресі, 27/75; Лұқман сүресі, 31/20; Сәбә сүресі 34/3.
[6] Тәубә сүресі, 9/51.
[7] Әнғам сүресі, 6/38.
[8] Рағд сүресі, 13/39
[9] Рағд сүресі, 13/39.
[10] Жасия сүресі, 45/29.
[11] Жасия сүресі, 45/29.
[12] Қараңыз: Исра сүресі, 17/13.
[13] Құранды бастан-аяқ жаттап алған кісілер (ауд.).
[14] Исра сүресі, 17/14
[15] (Ағраф сүресі, 7/172.)
[16] Бұхари, Хайыз 17; Әнбия 1; Қадар 1; Мүслім, Қадар 5.