http://akikat.kz
Адам баласы көбіне пендешілікке салынып, Аллаһ тағаланың өзіне
берген нығметтерін ұмытады. «Өзім істедім, жасадым, білдім, үйрендім, ойлап
таптым...» барлық нәрсеге өз еркіме, маңдай терімен қол жеткізгенін ойлайды.
Міне, осындай жағдайда «қадар» (тағдыр) оған: «Сендерді және жасағандарыңды
жаратушы – Аллаһ»[1] – деп дер кезінде
ескерту жасайды. Олай болса, шамаңа қара! Өзіңдегі қажыр-қайратпен бүкіл істі
істей аласың ба? Әрине, істей алмайсың», – деп, оны тәкаппарлықтан құтқарып,
сәбиді уатқандай уатады.
Адамның табиғатында жақсы мінез-құлық пен қабілеттерді иеленіп мақтанатын, тіпті шектен шығып, менмендікке салынатын тұстары бар. Міне, тағдыр адамның осы астамшылығына қарсы шығып, оны сабасына түсіру үшін ескерту жасайды және «Жақсы-лықтар – Аллаһтан, ал тап болған жамандықтар – өзіңнен»[2], – деп, бүкіл жақсылық атаулының нағыз иесі адам емес, тек Аллаһ тағала екенін, бұған керісінше, бүкіл жамандық пен күнәлардың нәпсіден туындайтынын жетер жеріне жеткізіп тұрып айтады.
Өткен өміріңізге бір көз жүгіртіп қарап көріңізші. Сонда жалған дүниеде жамандықты жалпағынан басып жүргеніңізде, тағдыр сізді иманды жандармен жолықтырып, достастырып, олардың пайдалы ақыл-кеңестерімен ой-санаңызды және жан дүниеңізді нұрландырды емес пе? Соның нәтижесінде жан дүниеңізге шабыт құйылып, құлшылық пен әдептілікке құштар болғаныңызды байқайсыз. Осыдан соң ой жүгіртіп қараңыз да айтуға аузыңыз барса: «Мен істедім», – деп айтып көріңіз!..
Бұл мәселенің басқа жағы да бар. Адам баласы көбіне «Мені де, менің істегендерімді де Аллаһ жаратқан. Оның қалауынсыз мен өздігімнен ештеңе қалай алмаймын. Мен бейне бір пешенеме жазылғаннан асып кете алмайтын бір робот тәріздімін. Сонда істеген істеріме менің қандай қатысым бар? Неге оларға жауап беруім керек?» – деп адасуы мүмкін. Міне, осындай қауіп-қатердің алдын алу үшін адамның өз қалауы араға түседі: «Жоқ, олай ойлама. Сен де жауап бересің және оған міндеттісің де. Қалайша иман етуге құлшылыққа міндетті болсаң, солайша істеген күнәларыңды да мойныңмен көтересің. Өйткені сен осының бәрін өз еркіңмен істедің», – деп таразының екінші басын теңестіреді. Олай болса, тағдыр да, ерік те адамға тосқауыл бола алмайды. Яғни адам баласы имандылық, күпірлік, жауапкершілік, күнә мен тәубе секілді мәселелерді тағдырға сілтеп, бүкіл жамандықтарынан құтыла алмайды. Сонымен бірге Аллаһ тағаланың өзіне берген ерекше дарыны мен қабілеттерін иеленіп: «Мен!» деуіне және әлсіздігі мен шарасыздығына қарамастан, өзіне берілген сансыз нығмет-ризықтарды иеленуіне негіз жоқ.
Біз тағдырға сену арқылы өзіміздегі ерекше артықшылықтарымызды иеленіп, тәкаппарланудан құтыламыз әрі өз еркімізбен жауапкершіліктен қашпақшы болған нәпсіміздің арам пиғылынан аман қаламыз. Міне, біз тағдыр мен пенденің өз еркі барына сенгенде ғана тура жолдан айырылмаймыз.
Адам баласы ізгі істер істеуге де, күнә мен жаман-дық істеуге де бейім. Сондықтан ол бір жақтан, тәубе етіп, күнәларына кешірім сұрап, нәпсісінің жамандық пен күнәға деген құмарына тосқауыл қойып, тозаққа апаратын бүкіл есіктерді тас қылып бекіту керек. Ал, бір жағынан Хақ тағалаға дұға-мінәжат жасап, игі істерге деген ынта-ықыласын арттырып, әсемдікке әуестеніп, өзін жұмаққа жетелер күш табуы тиіс.
Өте маңызды ескерту
«Өткен күнді, көрген қайғы-қасыретті тағдырдан деп, ал келешек пен күнәларды адамның өз еркінен деп қабылдау керек»[3]. Сонда ғана, адам жазмышпен тап болған кесел-кесапаттарға «пешенеме жазылғаны осы екен» деп түсініп, қайғы-қасіретке парасаттылық танытады әрі келер күнге деген өзінің жауапкершілігін де шынайы сезінетін болады.
Басқа түскен қайғы-қасіретке, не өзге де қиындықтарды «қадар» (тағдыр) ұғымы тұрғысынан дұрыс қабылдай алмаған жан қарадай жүнжіп өзін-өзі жеп бітеді. Тіпті соның салдарынан рухани тұрғыдан азғындап, үлкен күнәнің шырмауына шалынып та жатады.
Сол секілді болашаққа өзіндегі ерік тұрғысынан қарай алмаған адам да күнәларының бәрін тағдырға сілтеп, үмітсіздікке салынады. «Тағдырыма не жаздым?» , «Сұм тағдырға дауа бар ма?» деген секілді тағдырға тіл тигізетін жандардың қайғысының үстіне қайғы жамалып, жан дүниесі қарайып, жүрегін сұрқия мұң басады. Менің өз еркім жоқ дейтін адам өз еркі мен ақыл-есінің тізгінін нәпсіге, шайтан мен күнәға тапсырғаны.
Демек, біз, әркез таразының екі басын тең ұстап (тағдыр мен жеке ерік) өмірімізді соған қарай реттеуге тырысуымыз қажет.
"Иман аясында" кітабынан алынды
[1] Саффат сүресі, 37/96.
[2] Ниса сүресі, 4/79.
[3] Б.С.Нұрси, Сөзлер, 618-бет.