http://akikat.kz
Рух түрлі құрама бөлшектерден емес, біртұтас жаратылған.
Материя атомдардан, атомдар да әр түрлі бөлшектерден тұрады, сондықтан таралып
бөлшектенеді. Алайда рухтың болмысы тұрақты: иондарға бөлінбейді не
шашырамайды. Сондықтан да біз оны бір затты көргендей көре алмаймыз, зертханаға
апарып, зерттей алмаймыз. Дегенмен, материялық әлемде байқалған ықпалы арқылы
оның бар екенін мойындаймыз. Мойындасақ та, оны шын мәнінде елестете алмаймыз.
Асылында, бір нәрсенің бар екенін мойындау мен оның табиғатын білу – екі бөлек
ұғым.
Бір нәрсені көру үшін көз керек, алайда көз де жеткіліксіз. Өйткені, ми қызметін үздіксіз әрі ақаусыз атқармаса, көз көру қызметін жүзеге асыра алмайды. Өйткені көз терезе сияқты, ал көру миға тән функция. Мидың өзі де жападан жалғыз жұмыс істемейді. Ол да құрамындағы бүкіл бөлімдерді жұмыс істету үшін бір басқару орталығына, әрдайым басқарып отыратын бір басшыға мұқтаж. Ол басшы – рух.
Рас, ми ешқашан өзін басқарған рухқа: «Сенің табиғатыңды білмеймін, олай болса, сен жоқсың» – демейді. Шыны керек, ми өзін басқарушы үстем күшті түсіне білуі үшін өзіндегі ескірген, тозығы жеткен және материямен шектелген сезімдерінен асып өтіп, өзіндегі бүкіл қабілеттерді қолдануы керек. Тек сонда ғана бір-бірімен біте қайнасқан мыңдаған шеңбер ішінен, барған сайын үлкейе түсетін аралықтардан өтіп, рух сияқты ұшы-қиыры жоқ теңіздің қыр-сырын түсінуге жақындай алады. Мұның мына материялық әлемде жүзеге асуы мүмкін емес.
Рухтың болмысы беймәлім болғандықтан, оны суреттей алмаймыз. Рухты жоққа шығару немесе оны суреттеуге тырысу – бос әурешілік.
Рухты суреттемек былай тұрсын, кейде осы әлемге қатысты заттар мен құбылыстардың өзін шынайы әрі нақты суреттей алмай жатамыз. Мәселен, өмірінде балдың дәмін татып көрмеген адамға ешбір талантты жазушы, тапқыр шешен балды суреттеп жеткізе алмайды, балдың нағыз шырынын таттыра алмайды. Өмірінде ешқашан гүлдің иісін иіскеп көрмеген біреуге оның хош иісін тек суреттеу арқылы сезіндіре алмайсыз.
Сіздің тіліңізді ұқпайтын біреуге бір кітапты бастан-аяқ оқып берсеңіз де түсінбейді.
Осылардың бәрін қорытындыласақ, рух туралы қанша айтсақ та, оны шынайы түрде суреттей алмаймыз. Оны біздің таным қабілетімізбен түсіну мүмкін емес.
"Иман аясында" кітабынан алынды