Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Періштелер > Мидың қызметі жүйке жасушаларындағы реакциялар арқылы жүзеге асады

Мидың қызметі жүйке жасушаларындағы реакциялар арқылы жүзеге асады

2015-06-29 3892

Мидың функциясы – жүйке жасушаларындағы биохимиялық реакциялар болып табылады. Ол жайында бар білетініміз – олардың электрохимиялық қасиетінің болуы. Мәселен, адам шешім қабылдағанда ол электр ағымымен бұлшық еттерге жеткізіледі, яғни мида dopa, dopamin ACTH сигналдары секілді, т.б. реакцияға түсіп, бөліну немесе бірігулер жүзеге асады. Молекулалар ағымы, сондай-ақ электрондар саны реттеледі. Нәтижесінде ағзаларға электр ағымы өтіп, қимыл пайда болады.


Тірі ағзаларда әрбір алты ай сайын бүкіл жасушалар толығымен жаңарады. Әрбір секунд сайын он мың қызыл түйіршік (эритроцит) өліп, олардың орнына жаңалары пайда болады. Бір жасушада секунд сайын он екі синтез, ал бір сағатта шамамен қырық бес мың күрделі бірігу жүзеге асады. Яғни, осы тұрғыдан алғанда, біз әуелгі қалпымызды ешқашан сақтап қала алмаймыз. Ескірген киімдерімізді ауыстырғанымыз сияқты, ағзамызды, денемізді үздіксіз түлетіп тұрамыз.


Мидағы белгілі бір заттар реакцияға түскен сәтте қабылданған бұйрық ағзалардағы электр ағымымен бұлшық еттерге жеткізіледі. Ал үздіксіз өзгеріп отыратын осы бұлшық еттер бұйрықтарды орындайды. Егер де қимыл-қозғалысты дене мүшелері орындайды десек, онда қазіргі қолданыстағы құқық жүйесінің мән-мағынасы қалмас еді. Бұл жағдайда қазіргі құқық жүйесі күшін жойып, орнына мүлдем басқаша құқық жүйесі орнатылар еді. Осы жағдайды ойша елестетіп көрейік. Сот залында жүріп жатқан сот ісіне бірге көз салайық:


Сот төрағасы қылмыскерден:

– Бұл қылмысты қашан істедің? – деп сұрайды. Қылмыскер:

– Бір жыл бұрын, – деп жауап береді.

Мұндай жағдайда үкім белгілі. Қылмыскер босатылуы керек. Сөйтіп, соттың төрағасы өзінің үкімін оқиды:


– Қылмыстың жасалғанына бір жыл өткен. Қазір сол кезде мылтықтың шүріппесін басқан саусақтың барлық жасушалары, тіпті қылмыскердің бүкіл ағзасының жасушалары толығымен ауысқандықтан, қылмысты жасаған бастапқы қылмыскерден ешбір белгі қалмаған. Сол үшін қылмыскердің босатылуына бірауыздан үкім шығарылады!


Әрине, әлемдегі бүкіл құқық жүйесінде мұндай қылмыстық кодекс болмағандықтан, берілген үкімнің қандай баптарға негізделгенін де айта алмаймыз.


Немесе келесі бір сот залына өтіп, өзінің жазықсыз екенін дәлелдеуге тырысқан адамның сөздерін тыңдалық:


«Қадірлі сот мүшелері, әрине, бір қылмыстың жасалғаны рас. Алайда бұл қылмысты мен де, тіпті ешкім де істеген жоқ. Өйткені, маған қылмысты жасатқан шынтуайтында – миымдағы бірқатар реакцияларды жүзеге асырған молекулалар мен түйіршектер. Әрі бұл қылмыстың жасалғанына толық сегіз ай өткенін ескеріңіздер. Бұл уақыт аралығында клеткалар түгелдей ауысқаны өздеріңізге мәлім. Демек, сегіз ай бұрынғы менен ешқандай белгі қалмады. Сондықтан басқа клеткалардың жасаған қылмысын қазіргі клеткаларым мойнымен көтермейді деп ойлаймын. «Ешкім өзгенің қылмысы үшін жауапты емес»[1] деген қағида бойынша, толығымен кінәсізбін. Сол себепті мені жа-уапкершіліктен босатуларыңызды өтінемін».


Осы жерде жауапқа тартылатын рух екендігіне қатысты қағиданы басшылыққа алсақ, онда әлгіндегі өз-өзін қорғау тәсілі әбден орынды болар еді. Яғни, қылмыс істеген клеткалардың ешқайсысы қалмаған, ал жаңадан келген бейкүнә клеткалар ештеңеден хабары жоқ. Демек, олардың жазығы да жоқ. Мейлі, қателікпен, оны түрмеге қамады делік. Онда жазасы алты айдан аспау керек. Өйткені, алты айдан кейін клеткалардың бәрі өліп, орнына жаңалары келеді.


Мінеки, адамды тек қана тәннен тұратын болмыс ретінде қарастырсақ, мәселенің шынайы келбеті осы болар еді. Алайда, тәнімен бірге адамның рухы да бар. Адамның бүкіл қимыл қозғалысымен тудыратын ағзалар мен сезім мүшелерін осы рух басқарады. Дене тек қана рухтың бір құралы, сондықтан жаза рухқа беріледі.


Егер адам тұтастай материядан ғана тұрады, сана-сезім, ой сияқты бүкіл рухани әрекеттерді ми реттейді деп санасақ, онда зейнеткерлікке шығу құқыңыздан айырыласыз. Оның үстіне алты ай немесе бір жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыға алмайсыз. 25 жыл жұмыс істеген адам 25 немесе 50 дене ауыстырса, онда зейнетақыны 50 есе көп беруге ешкім келіспейтін шығар. Мейлі, зейнетке шықтыңыз делік. Онда бір жыл өткеннен кейін зейнетақы ала алмаймыз. Өйткені тер төгіп, зейнеткерлікке шығарған клеткаларыңыз түгелдей бір жылдан кейін жаңарады.


Ендеше, пәтуасы жоқ таласты қойып, бір ымыраға келіп, дене қанша өзгерсе де, өзгермейтін рухқа сол тозған денелері үшін зейнетақы беріледі деп түйіндеген жөн болар.


"Иман аясында" кітабынан алынды


[1]     Қараңыз: Әнғам сүресі, 6/164, Исра сүресі, 17/15, Фатыр сүресі, 35/18, Зумәр сүресі, 39/7, Нәжм сүресі, 53/38.

 



Оқи отырыңыз