Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Ақырет ақиқаты > Сенім жемісі және Хашр 2-бөлім

Сенім жемісі және Хашр 2-бөлім

2015-06-17 6409

Пайғамбарлар Пайғамбары (с.а.у.) ақтық сәтінде Хазіреті Айшаның алақанынан қолын тартып: «Аллаһым, ендігі жерде о дүниені қалаймын»[7] – дейді. Ал бір күн бұрын Оның (с.а.у.) былай дегені бар еді: «Аллаһ құлының еркіне қалағанынша бұл дүние нығметтері мен Өзінің қасында бар нәрселердің арасында таңдау құқығын берді. Құл Аллаһтың қасындағы игіліктерді таңдады»[8].

Дүние мен ақырет арасында таңдау еркі берілген құл – Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) өзі еді. Мәселенің байыбына барған сахабалар сол кезде көз жастарына ие бола алмады. Ол қолын Хазіреті Айшаның қолынан босатты да, Рәфиқ А‘ланы (Ұлы Досын) таңдады.

Тура солай алып тұлғалы Хазіреті Омар да маңдайын жерге тигізіп, «Аллаһым, мына жауапкершілікті менің мойнымнан ал, бұдан былай көтере алмаймын», – деп ақыретке деген сағынышын білдіреді. Ақырет сенімі, әсемдіктердің мекені – ақырет елі, тіпті бәрінен бұрын Жәмал Бақиды (Мәңгі Сұлу – Аллаһ Тағаланы) көру құштарлығы Пайғамбарымызға және өзгелеріне де осы сөздерді айтқызып, мәңгілік өмірді армандау тілек-қалауын оятқан еді.

Намысын, арын қысым көрсетушінің жауыз қолынан құтқара алмаған, кек алуды жан-тәнімен қаласа да шарасыз аласұрған жәбірленуші де жанын жаралаған залым адамның жағасына Аллаһтың жазалайтын қолы жететін күнді және бұл дүниеде көрген қиыншылықтарының есесін ақыреттегі игі сыйлармен қайтатынын ойлаумен көңіліне жұбаныш табады. Себебі, жәбірленуші мынаны анық біледі: өзіне зұлымдық жасаған залымның сорақы әділетсіздігі ақыретте өзімен бірге жоғалып кетпейді. Ұлы сотта қаралып, бәрі жіті тексеріліп, залым жазасын, қиянат шегуші сый-сыяпатын алатынын ол біледі.

«Күйретейін десе, Аллаһ азғындар қауымын осылай күйретеді. Шындығында Оның қаһары өте қатты».[9]

Яғни, Аллаһ Тағала егер залым қауымды жазалаймын десе, уәдесінен ешбір айнымайды және қабылдаған шешімін үзілді-кесілді орындайды. Ендігі жерде оларға кешірім жасамайды. Қиянат шегуші осылайша залым мен өзінің шамасы келмейтіндерден кегін алып, жаны жай табады.

Табиғи апаттардан зардап шегушілер... Табиғат апаттарына ұшыраған, бау-бақшасын бұршақ ұрып, сел шайып кеткен, үйі зілзалада қирап, ойлаған армандарының күлі көкке ұшып, отбасы мен ошағы күл-талқан болған және осы секілді зардап шегушілердің бәрі де өлімнен кейін қайта тірілуді ойлаумен ғана жұбанады. Себебі, осы сенім бойынша зардап шегушінің қолынан кеткен дүние-мүлкінің бәрі оған садақа болып жазылып, адамдар қаза болса шәһид дәрежесіне көтеріледі. Осы ой арқылы ол көңілі жай тауып, тынышталады.

Сонымен қатар, ақыретке деген сенім арқылы әрбір отбасының өмірі пейіштің бір бұрышына, ал егер бұл иман жүректерден өшіп, ұмыт қалатын болса, сол мезетте-ақ тозақтың шұңқырына айналады. Балалары – діни сенім мен құндылықтардан жырақ, ересектері – нәпсісінің құлы, өлім аузындағы науқасы – жалғыздықта жан күйзелісімен арпалысып жатқан отбасы ішінде адамдары бола тұра шаңырағына өлім құсы қонып, ұя салған моладан еш айырмашылығы болмай қалады. Мұндай үйдегі адамдардың қабағы қатыңқы,  жүздері түрменің суық қабырғалары секілді жабырқау. Тіпті, бұдан да ең қорқыныштысы – қиындық атаулының бәрінен қашамын деп, өз болмысынан тым алыстап, ойын-сауықпен өзін-өзі алдап-арбауы. Міне, мұндай отбасына бақ пен бақыттың төрге озуы тек қана хашірге, яғни өлгеннен кейін қайта тірілуге иман ету арқылы ғана мүмкін болады.

Егер  жетіден жетпіске дейінгі барша адамға жан бақытын сыйлағыңыз келсе, онда адамдардың жүрегіне ақыретке деген сенімді ұялатуға тырысыңыз... Себебі, сол кезде ғана жастар тәртіп пен тәрбиеге бойсұнып, балалар бұзықтығын тоқтатып, қариялар өздерін жәннаттың жолаушылары ретінде сезініп, бақытқа кенеледі және осындай отбасына бақыт құсы оралып, шаңырағына қонақтайды. Имандылық салтанат құрған мұндай үйде ақыретке кетпей тұрып-ақ ақыретте берілетін бар сұлулық, игілік атаулының сәулесі нұр шашып, бұл дүниеде болса да жәннат бақшасында жүргендей күй кеше бастайды.

Қала мен мемлекет – адам баласы үшін үлкен үй екені даусыз. Жастары құлқынының құлы болса, қариялары үмітсіздік пен бақытсыздықтың шырмауында қалып, өмірден күдер үзсе, залымдары  байғұс жәбірленушілердің аянышты үнінен ләззат алып, тұмсығын көкке көтеретін болса ол жерде бақыт пен бейбіт өмірдің болуы мүмкін емес. Мұндай дүниеде қалалар, мемлекеттер мен ұлттар да бақытсыз. Себебі, баянды бақытқа жеткізетін негіздер қаланбаған. Мысалы, намаздың намаз болуы үшін белгілі бір тәртіптері бар. Осы тәртіптердің шын ықыласпен орындалуы арқылы намаз кәмілдікке жетеді. Адам намазымен миғраждың самал лебін көкірегімен сезіне алады. Кейде, тіпті мың жылдық өмірге татитын бір тәтті мезетті басынан өткізуі мүмкін. Сол секілді түрлі мемлекеттер мен ұлттарда бақыт пен тыныштық салтанат құруы үшін оның тұрғындары бақыттың  белгілі бір тәртіптеріне толығымен мойынсұнуы қажет. Үлгілі қаланың іргетасы тек озық жүйе арқылы қаланады. Платон өзінің «Мемлекетінде» осындай мемлекетті армандаса, әл-Фараби «Қайырымды қала» атты еңбегінде мұның нобайын белгілеуге тырысса да, олар ешқашан мұндай үлгілі қаланың іргетасын қалай алмайды. Себебі, оның негізін қалайтын тіректері жоқ. Иә, өмірде хас бақытқа жол ашатын ең негізгі тірек – хашір сенімі яғни, тек ақыретті аңсайтын сана мен түсінікті қалыптастыру болса керек.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құрған үлгілі қоғамының басты ерекшелігінің бірі – ақырет пен Жаратушы алдында есеп беруге деген сенімге негізделгендігінде. Бұл өмір – бір жағынан алып қарағанда ақыреттің кіріспесі, әрі ақыретке дайындайтын егістік алқабы және адам көңілінде ақырет шуағының сәулеленуі үшін берілген зор мүмкіндік. Сол үшін бұл өмірді «яумуд-дуния» (Дүние күні), о дүниені «яумул-ахир» (Ақырет күні) деп атаған. Бұл дүниеде жасалған амалдардың бәрі ақырет үшін де жасалған болады. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) ақыретке деген сенімнің өшпейтін ұшқынын адамдардың жүрегінде тұтата біліп, ұлы қуанышпен жұбататындай өмірлік сабақ берді. Жүректер ақырет иманымен нұрланғаны сондай, сахабалар дүниеден баз кешіп, жалғанның барша жылтырақ алтынына көздерін тас жұмды. Төмендегі мысал мұны барынша аша түседі:

«Аллаһ Расулының алдына бір байлықты бөлісе алмаған екі сахаба келеді. Олардың әрқайсысы өзінікін дұрыс деп санайды. Екі жиһан Сәруары (с.а.у.) екеуін де тыңдап болған соң:

– Қазір біреуің өз арыз-шағымын жақсы жеткізіп, маған өзінің пайдасына  үкім айтқыза алады. Мен де сендер сияқты пендемін. Кімнің дәлелі көңіліме қонымды болса, соған қарап үкім беруім мүмкін. Бірақ, ақыретте істің ақиқатына қарай үкімдер беріледі. Залым жазасын, жәбірленуші де сыйын сол жерде толық алады, – деуі мұң екен, екеуі де бірден қосарлана:

– Уа, Аллаһтың Расулы, маған тиесілі болған да оныкі болсын. Маған ешнәрсенің керегі жоқ, – дейді. Сонда Аллаһ Елшісі (с.а.у.) оларға мынаны өсиет етеді:

– Байлықты әділетті түрде бөліңдер. Сосын жеребе тастаңдар. Кімге не түссе, үлесіне разы болсын. Бір-бірлеріңе өткен ақыларыңды да кешіріңдер»[10].

Байқап отырғандарыңыздай ақыретке деген иманның саясында өмір осылайша берік тәртіпке негізделіп құрылатын. Бұл тәртіптің күштілігі сондай, тұлға бір күнә жасаса, кешірілгендігіне байланысты бір хабар алғанға дейін өз-өзін бөренеге байлап жазалайтын.  Мұндай мәселелерге сахабалардың мән бергені сондай, жасаған күнәларының тек қана шәһидтік қанымен жуылатынына сеніп, олар еш ойланбастан Аллаһ жолында жанын құрбан етіп, шәһидтік шәрбәтінен ішу үшін аққан қанымен о дүниеге тап-таза болып баруға тырысатын.

Саад б. Рәби‘ (р.а.) Ухуд тауының бөктерінде рухын Аллаһқа тәслім етер сәтінде Аллаһ Елшісінің сәлемін жеткізген Мухаммед б. Мәсләмәнің дауысын естиді. Сәлеміне жауап ретінде Саад б. Рәби‘ де: «Аллаһ Расулына менен сәлем айт. Уаллаһи Ухудтың арғы жағынан жәннаттың иісін сезіп жатырмын!..» – дейді.

Иә, адамға өлім сәтінде де осындай бақыттың бал шырынын таттыратын ақыретке деген иманнан өзге артық не бар? Адамзат құрған қандай жүйе тұлғаға, отбасына және қоғамға мұндай бақытты ұсына алады?

Енді әлемдердің мақтанышы ─ ұлы Пайғамбардың (с.а.у.) үмметіне хашір сеніміне байланысты қандай тәлім-тәрбие бергенін көру үшін Оның мүбәрак аузынан шыққан інжу-маржандардың бірнешеуін мысалға келтірейік:

«Ей, адамдар! Сендер жалаң аяқ, жалаңаш және сүндеттелмеген күйде қайта тірілтілесіңдер. (Негізгі молекулаларыңызбен, рух және тәніңізбен қайта тірілесіздер. Ожданыңызбен сезіп, бірақ көзіңізбен көре алмаған жәннатты, тіпті есімдерінің шағылдарын қызықтағаныңыз-бен ақиқатына қол жеткізе алмаған Мәуланы (Аллаһ Тағаланы) көру үшін тірілтілесіздер.) Байқаңдар! Ақыретте ең бірінші үстіне киім кигізілетін Хазіреті Ибрахим пайғамбар (а.с.) болады. Абайлаңдар! Ол күні үмметімнен кейбір адамдарды сол жағынан ұсталған күйінде алып келеді. Мен: «Ей, Раббым! Олар менің асхабым!..» – деймін. Аллаһ Тағала маған: «Ей, Мұхаммед! Сен олардың сенен кейін не істегендерін білмейсің», – дейді. Сонда мен салих бір құл болған Иса пайғамбардың (а.с.) айтқаны секілді былай деймін: «Мен олардың арасында болған кезең үшін мен оларға куәгерлік етемін. Мені олардың арасынан алып кеткеннен кейін, оларды Сен бақыладың. Сен барлық нәрсеге куәгерсің. Оларға азап берсең, әрине олар Сенің құлдарың. Егер оларды кешірсең, күш иесі, Хаким болған тек қана Сенсің!.»[11]

Ахмет б. Ханбәлдің хазіреті Әнәстан (р.а.) риуаят еткен бір хадисінде Аллаһ Елшісі (с.а.у.) былай дейді:

«Адам баласы Аллаһ Тағала оны жаратқанынан бері өлім сияқты басқа ешқандай қорқынышты нәрсеге тап болмаған. Алайда өлімнен кейінгі адам басына келетін өзге қиындықтармен салыстырғанда өлімнің өзі жеңіл болып қалады. Ол күнгі қиындықтан маңдайдан аққан тер (көл болып) иегтеріне дейін жетеді. Тіпті, аққан терлері олардың иектеріне тағылған ауыздық тәрізді болып көрінеді. Терлері теңіздей боп, кемелер жүздіруге болады».[12]

Имам Бухари мен имам Муслимнің Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен мына хадисі жоғарыдағы хадистің мағынасын аша түседі. Аллаһ Расулы (с.а.у.) бұл хадисте:

«Адамдар қиямет күні үш жағдайда тірілтіледі. Бұлардың ішіндегі бірінші топ –  осы өмірде үміт пен қорқу тепе-теңдігін сақтай білген адамдар. (Яғни, олар – жүрегінде Аллаһқа деген сүйіспеншілігі көл-көсір болып, іс-әрекеттерін Аллаһтың алдында есеп беретінін ескере отырып белгілегендер, ең үмітсіз оқиғаларда да Хақ Тағаланың рахметінен үмітін үзбегендер. Олар – Аллаһ Тағаладан соншалықты қорықса да күпірліктің белгісі болып саналатын үмітсіздікке салынбағандар. Олар – үміт пен қорқу арасында өмір сүргендер.) Екінші топтағылар – жәннатқа кіру үшін екі, үш, төрт... және он кісіден бір атқа мінгесіп алғандар. (Бір жануардың үстіне осынша адам мінгесіп, зорға дегенде құлап-сүрініп Аллаһ Тағаланың құзырына баруға жанталасады. Бұл дүниеде күнәларымен құлап-сүрініп өткізген өмірлерінің беделіне арғы дүниеде есеп беруге де солай жетеді.) Үшінші топтағылар болса – оларды тозақ өзіне қарай тартып алады. (Тозақтың ұшқын атқан жалынына еріп, еріксіз солай қарай бет алады.) Бір сәтке көз іліп алғысы келсе тозақ олармен ұйқысын қандырады, түнгі ұйқыға жатқысы келсе, тозақ олармен бірге түнгі ұйқыға жатады. Таңертең оянса, тозақ олармен бірге көзін ашады. Ақшамды болдырғанда, тозақ та бірге кешті қарсы алады...»[13] – дейді.

Себебі, олар рух пен ождандарында тозақтың тұқымын осылай алып жүрген болатын. Тозақтың тұқымымен бірге түнеп, бірге таңды атқызған. Сол үшін қалай өмір сүрсе, солай қарсы алынады. Әлгі тұқым ақыретте өсіп-өнген ағаш болып, жағасына жабысады.

Міне, осы секілді сабақтармен Аллаһ Расулы (с.а.у.) үмметінің бойына нағыз ақырет сенімін егіп, ал сахабалар өздерін өмір пердесінің ар жағынан жантүршігерлік қорқынышымен тозақты көріп, бар байлығымен жәннатты да тамашалағандай сезініп, соған қарап әрекет ететін.

Иә, өмірде құдайлық таза жолды таңдап, жан дүниеңді игіліктермен байытудың бір ғана шарасы осы әдеппен жүріп және ақырет өмірінің маңызын осы дүниеде бүтін болмысына сіңіре білу. Әйтпесе, ақыретке деген иманы жоқ қоғамда игіліктің ауылы алыс болып, түзу жолдың қарасы көрі&



Оқи отырыңыз