Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Исламда соғыс пен бейбітшілік

Исламда соғыс пен бейбітшілік

2015-06-08 3324

 

Исламда қан төгу, жер иемдену, олжа түсіру үшін соғысқа жол берілмейді. Исламда соғыс көбіне қорғану мақсатын көздейді. Жихад тек Алланы тануға кедергі жағдайлармен күресуді, халыққа Алланы жақынырақ таныта түсуді білдіреді. Соғыс болса қасиетті әрі ірі қозғалыс болып табылатын жихадтың бір бөлігі. Бірақ дереккөздерінде жихад кейде соғыстың орнына жүреді. Яғни жихад соғысты да қамтитын қозғалыс. Алайда соғыс сөзі жихадтың мазмұнын толықтай қамтымайды. Жихад қияметке дейін үздіксіз жалғасатын қозғалыс. Исламды дұрыс түсіну, түсіндіру, сүйдіру мақсатында жасалған барлық талпыныстар жихад түсінігінің аясына кіреді. Соғыс болса қажет кезінде ислам дұшпандарымен жасалған практикалық күрестің тек бір бөлігі.

 

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) үнемі бейбітшілікке маңыз беретін. Хұдайбия келісімі оның өміріндегі ірі жеңіс болып табылған. Ұлық пайғамбар өзіне жасамаған жамандығы қалмаған, өзін көшіп кетуге (хижретке) мәжбүрлеген меккеліктерге мейіріммен қарап, Меккені қан төкпей азат еткен. Шынтуайтында, қаласа, меккеліктердің бәрін қырып салуына болар еді. Алайда мейірімділік жаршысы ретінде оған бармады.

 

Исламда бейбітшілік негізге алынады

Исламға біржақты қарап, исламды жетік білмейтін әлдекімдердің айтқанындай, ислам қылыш пен зорлықтың діні емес. Рас, Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) қылыш ұстады. Тіпті оның қылыш ұстайтынын бұрынырақта хазірет Иса пайғамбар Інжілде хабар беріп: «Оның қолында шоқпары, я қылышы болады» деді [1]. Яғни, реті келгенде сол соғысты сұрағандармен күреседі [2]. Алайда бейбітшілік пен толеранттылық тұрғысынан Құранға көз салғанымызда, осы тақырыпқа қатысты ондаған аяттарды кезіктіреміз. Құранда кейбір жеке жағдайлардың тысында үнемі кеңпейілділік пен бейбітшілік ұстаным байқалады. Міне, бұл жағдай Ислам дінінің баршаға құшақ жаятын яғни оның әмбебаптылығын байқатады. Исламдағы толеранттылық шеңбері Әхлі кітапқа, тіпті бір мағынада кім болмасын әлемдегі барша адамдарға қатысты.

 

 

Ислам ақидасы – сүйіспеншілікке сүйенетін бейбітшілік діні. Адамзаттың барлығын бір-бірімен танысатын, бір-бірін жақсы көретін бауыр күйіне әкелуді мақсат етеді. Өзге дін өкілдері мұсылмандармен тату тұрғысы келсе, ислам қайткенде де соғысты алға тартпайды. Онсыз да ислам бұндай жауластық пиғылды көздемейді. Тіпті дұшпан болған күннің өзінде жүректегі сүйіспеншілік нышанын сақтап қалады. Ол үнемі ізгі қатынас жасауға және әділеттілікті ұстануға шақырады.

 

Ислам – адамдардың жер бетінде тыныштықта өмір сүруін қамтамасыз ететін дін. Исламды ұстанудың негізі бейбітшілік. Соғыс болса, тек мәжбүрлік туғанда, яғни басқаша әрекет етуге жол қалмаған уақыттарда барылатын қадам. Неге десеңіз, ислам адамдар дүние мен ақыретте мұратқа жетсін, бақытты өмір сүрсін деп соған талпыныс жасайды.

 

Исламда соғыс ұлы мақсатқа, ой-пікір бостандығына, адамдыққа жетелейтін жолдарды ашу үшін жасалады. Бұған қоса, қажет кездерде бейбітшілікке, бітімге бару да назардан тыс қалмайды. Өйткені ең негізгі нәрсе бейбітшілік, ал соғыс болса, артқы кезекке ысырылады. «Әй, иман келтіргендер, бәрің бірге бейбітшілікке еніңдер. Шайтанға ермеңдер. Ол сендерге анық дұшпан» (Бақара, 2/208). Иә, міне осы және осыған ұқсас аяттар мұсылмандарды бейбітшілікке шақырып, оларды соғыс жағдайларының өзінде орта жолды ұстану  мен бағытты көрсеткен. Оның тысындағы жүйелердегі соғыстар болса, айуандықтан өтіп, бітімдерінің өзі соғыстан айырмашылығы болмаған.

 

 Исламда адам өмірінің маңызы

Дұшпан жағын бейбітшілікке тарта отырып Расулалла (с.а.у.) бітімге келуге дайын тұратын. Өздігінен ешбір соғысты бастатқан жоқ, тек дұшпандар жағының соғысқа итермелеу әрекетіне тап болды. Соғыста негізгі мақсаты шабуылды тойтару, озбырлыққа жол бермеу, әлемде бейбітшілік орнату еді. Құран бұл ұстанымды мына аятпен түсіндірген: «Егер олар бітімге жақындаса, сен де (бітімге) жақында. Аллаға сенім арт. Өйткені Алла барлық нәрсені толықтай білуші» (Әнфал сүресі, 8/61). «Егер мүшріктердің бірі сені паналап, жаныңа келгісі келсе, сен оған пана бол, сенімділік ұялат, сонда барып ол Алланың сөзін естіп, ойланады. Артынан мұсылмандықты қаламаса, оны өзін қауіпсіз сезінетін (отанына) жеткіз».

 

Мұсылмандардың негізгі мақсаттарының бірі әлемде бейбітшілік орнату болғандықтан, олар сол мақсатқа жетуде ынтымақтастыққа дайын мемлекеттермен бейбітшілікті ұстап тұру үшін қолынан келген мүмкіндіктің бәрін сарп етеді. Ондай қарым-қатынас орнатқысы келген барлық елмен достық келісімге баруға, ынтымақтастық орнатуға үнемі ықыласты екенін білдіреді. Бұндай келісім мен талаптарын келесі жақ ресми түрде бұзбайынша өзі де бұзбайды. Келісімдер мен пактілерге құрмет көрсету исламның негізгі ұстанымы, бұны бұзуға мүміндерге рұқсат етілмейді. Бұған қоса, келесі жақ келісімді бұзғанда, мүміндер енді келісімнің талаптарына бағынышты болмай, еркін әрекет ету құқына ие. Халықаралық қатынастарда, ислам мемлекеті мүмкіндігінше, қажетті бейбітшілік пен тәртіпті орнату, қажет боса, жауластық пен қақтығыстан қашу үшін қолынан келгенді жасайды. Бітімге шақыратын бейбіт шаралар түгесілгенде ғана барып, соғысқа қатысады.

 

Пайғамбарымызбен жауласқандар оның өзге адамдарды бейбітшілік пен бақытқа шақыруына кедергі келтірді, іс-әрекеттеріне қарсылық танытты. Оны жамандады, сахабаларына қоқан-лоққы жасады. Расулалла жамандықтарын ұнатпады, бірақ сонда да бейбітшілік жолына шақыруын тоқтатпады. Оларға «Енді сен олардан бетбұр, сөйт те «Сендерге сәлем!» де» (Зұхруф, 43/89) деп жауап қатты. Оларды Алланың заңдарына бағыну үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке келтіру үшін жүргізген күресінде ешқашан босаңдыққа жол бермеді.

 

Ислам адам өміріне қатты маңыз бере отырып, адам өмірін қорғау әрі құтқару үшін барынша жағдай жасаған. Құранда былай делінген: «Алланың тыйым салғанын нақақ өлтірмеңдер!» (Әнғам, 6/151). Бұл адам өмірін Алланың қорғап, жария етуі. Егер біреу басқа адамдардың өмір сүру құқын құрметтесе, (сол ісін тоқтатпайынша) ешкімнің оны өлтіруіне рұқсат етілмейді.

 

Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с.) осы ұстанымды адамдарға Қоштасу құтпасында анық түсіндірген: «Осы күн, осы ай және осы аймақ құрметке лайық әрі қол сұқпайтындай етілгендей (араларыңда) қандарың, жандарың және ар-ұяттарың да құрметке лайық әрі қол сұқпайтын ерекшелікке ие» [3]. Тағы бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) ең үлкен күнәлардың арасында Аллаға серік қоспау мен адам қанын төкпеу барын айтқан [4].

 

Жихадтың парыз етілуі

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мекке кезеңінде іс жүзінде (практикалық тұрғыда) күрес жүргізбеген. Маңайындағы адамдарға үнемі тыныштықты, байсалдылықты, сабырды насихат ететін. 13 жыл бойы халықтың жүрегіне жол табуға тырысты. Иә, Пайғамбарымыз тура 13 жыл «ұрғанды ұрмау, тілдегенді тілдемеу, ислам жолында ешкімге ренжімеу керек» деді. Көз алдында сахабаларын өлтіріп жатты, ұрып-соғып, қинап жатты. Бірақ ол өз басындағы ауыртпалықтармен қатар осылардың барлығына шыдады. Бірақ меккелік кәпірлер барынша қаныпезер еді. Мүминдерді кіндік қаны тамған, өскен жерден, емін-еркін өмірден, бала-шаға, жанұясынан ажыратып, алысқа қуды. Мұсылмандар 500 шақырымдық жолды шөлдің аптап ыстығында жүріп өтуге мәжбүр болды.

 

Иә, мұсылмандар ата-мекендерінен қуылды. Бірақ мүшріктер әлі де дұшпандықтарын тежей алмай бір күні өзара ақылдасып, ауыр бір шешім қабылдады. «Олардың мал-мүліктерін тартып алып, егіс алқаптарын да өзара бөліп алайық» десті.

 

Бір күні Меккеліктер осының барлығы жетпегендей тартып алған мұсылмандардың дүниесі тиелген керуен Шамға бара жатқанда, Мәдинаның маңынан өтіп бара жатты. Тура бір «Қане, не істей аласыңдар?!» деп доқ көрсеткендей еді. Тіпті, мұсылмандардан тартып алған төрт түлікті де алдарына салып айдап отырды.

 

Хижретке дейін осындай қиындықтар шеккен мұсылмандар бетпе-бет мүшріктермен соғысуға рұқсат сұрайтын. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Алладан рұқсат жоқ» деп, оларды сабырға шақыратын әрі сол бұйрықты күтуге шақыратын [5]. Соңында Алла былай деп рұқсат етті: «Өздеріне (жау жағы) соғыс ашқан мүминдерге соғысу үшін рұқсат етілді. Өйткені олар зұлымдыққа тап болды. Алла оларға жеңіс беруге әрине құдіретті. Олар кінәсіз, тек «Раббым Алла» дегені үшін ата қоныстарынан қуылды» (Хаж, 22/39-40).

 

Бұл соғысқа рұқсат берген алғашқы Құран аяты. Бұл аятта нақақтан нақақ атақоныстарынан қуылған мұсылмандарға жасалған шабуылдардан өздерін қорғау үшін қарулануға рұқсат етілді. Осыдан кейін келген Құран аяты қорғану үшін соғысудың маңызы мен қажеттілігін пысықтап, бұған қоса, мұсылмандарға соғысуды бұйырған: «Өздеріңмен соғысқандармен сендер де Алла жолында соғысыңдар. Бірақ нақақ шабуылдамаңдар. Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (Бақара, 2/190).

 

Байқалғандай, соғысқа әуелі рұқсат, содан кейін бұйрық берілуі исламға және соны ұстанушыларға деген орын алған жауластық пиғылдың нәтижесінде болған. Яғни, бұл бір мағынада сенімін және дін еркіндігін қорғау үшін заңды түрде қорғанудан туған қажеттілік. «Сендерге ұнамаса да соғыс сендерге парыз етілді» (Бақара, 2/216) деген аятпен «Әй, адамдар, дұшпанмен бетпе-бет келуді қаламаңдар. Алладан кешірім тілеңдер. Бірақ дұшпанмен бетпе бет келгенде, сабыр етіңдер. Біліп қойыңдар, жұмақ қылыштың көлеңкесінде» [6] деген хадис те осы ақиқатқа ишарат етуде. Сондықтан исламдағы соғыстың негізгі мақсаты, адамдарды өлтіру, олжа табу, жер бетін қирату емес. Керісінше озбырлыққа жол бермеу, өзге дін өкілдері үшін хидаятқа бастайтын жолдағы кедергілерді болдырмау. Осы себепті Ислам отарлау, қанау, империалистік құнығу мен мемлекет аумағын кеңейту әуестігімен соғыс ашу түсінігін қабылдамайды [7].

 

Исламда соғыстың себептері мен мақсаттары

Исламда соғысқа тек белгілі бір шарттармен ғана рұқсат етілген. Өзге дін өкілдерімен соғысты тек мемлекет басшысы белгілі себептер мен мақсаттарды көздеп жариялауы мүмкін. Әйтпесе, кез-келген бір мұсылман немесе топ исламның атынан қалаған кезінде соғыс аша алмайды, өз бетінше шешім қабылдап, террор мен теракт ұйымдастыра алмайды. Ал енді осы себептер мен мақсаттарға көз жүгіртсек:

 

  • Қорғану (заңды қорғану). Ислам кез келген ұлттың не адамның өзіне қауіп төнгенде, жанын сақтау үшін өзін өлтірмек күшке қарсы тұруға, өзін қорғауға рұқсат етеді. Тіпті кей жағдайларда оны бұйырады. Мысалы, мына аятта ол анық айтылған: «Өзіне соғыс ашылған мүминдерге соғысу үшін рұқсат берілді. Өйткені олар озбырлық көрді. Әрине, оларға жеңіс беруге Алланың шамасы жететіні анық» (Хаж, 22/39). «Өздеріңмен соғысқандармен сендер де Алла жолында соғысыңдар. Бірақ нақақ шабуылдамаңдар. Алла шектен шыққандарды жақсы көрмейді» (Бақара, 2/190). Бұдан бөлек, мына аят та қорғану үшін соғысуға болатынына, тіпті оған мәжбүрлік барын білдірген: «Ендеше, кім сендерге шабуылдаса, дәл солай қарсылық танытыңдар. Аллаға қарсы келуден сақтаныңдар. Біліңдер, Алла тақуа құлдарымен бірге» (Бақара, 2/194).

  • Озбырлықты тоқтату немесе әділетсіздікке тап болған мұсылмандарға көмек беру үшін күрес. Ислам тарихындағы іс-тәжірибе бойынша, заңды соғыстардың тағы бірі өзге дінге қарайтын мемлекетте өмір сүріп, бірақ сол елде  озбырлыққа ұшырап, құқықтары аяқ асты етілген, азшылық жағдайындағы мұсылмандарға (әлсіздерге) көмек ретінде жасалатын соғыс. Бірақ бұл өзге діндегі мемлекет пен көмек сұралып отырған мұсылман мемлекеті арасында өзара шабуыл жасамау туралы келісім болса, онда «Әнфал» сүресінің 72-аятында реттелген үкім бойынша соғыс туралы сөз болмайды. «Иман етіп, Алла жолында хижрет еткендер, дүниелерімен және жандарымен Алла жолында жихад еткендер мен оларды паналатып, көмек берген ансарлар бар ғой, міне бұлар бір-бірлерінің уәлиі (мүлікте бір-бірінің мұрагері). Иман етіп, хижрет жасамағандарға келсек, олар хижрет жасамайынша, сіздер үшін оларға мұрадан уәлилік жоқ. Бұған қоса, егер дін мәселесінде сендерден көмек сұраса, сендермен арада келісімі бар көпшілікке қарсы келмеу шартымен оларға көмек берулерің керек. Алла бүкіл істегендеріңді көруде» Мәулана Жалаладдин Руми «Соғыс залымдардың қолындағы қылышты алу үшін парыз етілген» дейді.
       
  • Дін насихатының (иршад) еркіндігі. Исламда соғыс пен жихад ислам дінін жаю еркіндігіне шек қойылғанда, сол еркіндікті қорғау, қалыпқа келтіру үшін жасалады. Ислам дінін жаю үшін соғыспайды. Ақиқатты жаюға кедергі болған жағдайда, сол кедергіні жою үшін соғысқа жол беріледі. Исламды әлемге жаюға кедергі жасалса, тек сонда барып, сол кедергілерді жоюға талпыныстар жасалады. Өйткені кедергі келтірушілердің бұл әрекеті адамдардың дербес ықтиярымен жұмаққа баруына кедергі келтіреді. Яғни жихад бір жағынан алғанда Алла мен құл арасындағы кедергілерді алып тастауды білдіреді [8].

  • Жасалған бейбіт бітімді дұшпан жағының бұруы нәтижесінде басталған соғыс. «Егер келісімнен кейін анттарын бұзып әрі діндеріңе шабуылдаса, онда кәпірлердің жетекшілерімен соғысыңдар. Өйткені олардың іс жүзінде анттары мен серттері қалмаған. Мүмкін тым болмаса бұл жағдайда Құдайды мойындамау (инкар) мен шабуылдарынан бас тартар. Анттары мен серттерін бұзып, Пайғамбарды отанынан қуғандармен соғыспайсыңдар ма? Әсілі сендерге алғаш соғыс бастағандар өздері еді. Жоқ, олардан қорқасыңдар ма? Егер мүмин болсаңдар, Алладан тартынғандарың жөн» (Тәуба, 9/12-13) аятынан да байқалғандай, бейбіт келісімді бұзған дұшпанды жөнге келтіру үшін соғыс ашуға болады әрі ашылуы керек те.  Хижреттен кейін Құрайышпен басталған соғыс кезеңі, 6 жылғы Хұдайбия келісімімен аяқталған. Бірақ құрайыштар жағы кейіннен бұл келісімді де бұзған. Ардақты расул (с.а.у.) осыдан кейін оларды жөнге келтіру үшін Меккені азат еткен.

 

Исламда соғысқа себеп өзге дін өкілдерін дінге тарту емес. Мұсылман заңгерлердің басым көпшілігінің айтуынша, соғыстың себебі дұшпанның исламға және мұсылмандар еліне шабуыл жасауы [9]. Соғыстың негізгі қажеттілігі мынау: «Өздеріңе соғыс ашқандармен Алла жолында сендер де соғысыңдар. Тек шектен шықпаңдар» (Бақара, 2/190). Басқаша айтқанда, соғыстың себебі, өзге дін өкілдерін исламға кіргізу емес. Өйткені бұған Құранда тыйым салынған «Дінде күштеу жоқ» (Бақара, 2/256). Егер бұлай болмаса, әйел-еркек, кәрі-жас, дін адамы, жай адам бәрі өлтірілуі керек болар еді. Бірақ ислам тарихында ондай оқиға кездеспеген. Мұсылмандар қаламай, бірақ дұшпанмен соғыс жағдайы орын алса да, нақты түрде әйелдерді, балаларды, кәрілерді, мүгедектерді, дін адамдары мен тіпті соғыста белсенді міндет алмаған жай адамдарды өлтірмеген. Жаппай қырмаған.

 

Нәтижеде исламда бейбітшілік негізге алынады, соғыс болса ол төтенше жағдай. Ислам құқығында соғыс заңдылығы жоғарыдағы жағдайларға байланысты. Оның тысындағы империалистік мақсаттарға бағытталған немесе олжа, дүние үшін, жеке құмарлық не әйгілену үшін жасалған соғыстардың бәрі заңсыз әрі бұндай жағдайлар жер бетінде бүлік шығару ретінде қабылданып, айыпталған.

 


Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Қады Ияз, әш-Шифа, Бейрут 1988, 1/234.

2. M. Фетхуллаһ Гүлен. Сонсуз нур. Стамбул 1994, II, 9.

3. Бұһари, Стамбул, ж.к., Ілім 9; Мүслим, Стамбул 1955, Хаж 147. 

4. Бұһари, Әйман 16. Бұдан бөлек қараңыз: Тирмизи, Мысыр 1978, Тафсиру сура 4.

5. Құртуби, Әбу Абдиллаһ Мұхаммед ибн Ахмед, әл-Жамиғи ли ахкамил-Құран, Бейрут 1985, Исра сүресі 53-аяттың тәпсірі; Елмалылы М. Хамди Языр, Хак дини Куран дили, Есер баспасы, Стамбул 1979, Хаж сүресі 39-аяттың тәпсірі.

6. Бұһари, Жихад 112; Мүлим, Жихад 20.

7. Нәуәуи, әл-Алақатут-Даулия, Бейрут 1974, 48 б.

8. Ф.Гүлен, Сонсуз Нур, II, 3-5.

9. Сарахси, әл-Мабсут, Бейрут 1993, X/5.

 

 

 

 

 

 



Оқи отырыңыз