Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Әбу Ханифаның иман және амал туралы түсінігі

Әбу Ханифаның иман және амал туралы түсінігі

2015-06-02 3747

Әбу Ханифа өмір сүрген кезең харижиттік, мұғтазилиттік және мүржиялық ағымдардың өз идеологияларын таратып, қоғамды бөлшектеуде едәуір ықпалы жүріп тұрған кез еді. Осындай аумалы-төкпелі заманда хақ дінді көзінің қарашығындай қорғаған, қара тобыр халықтың радикалды ағымдарға еріп кетуіне алаңдаған жанашыр жанның бірі Әбу Ханифа болды. Ол өмірінің бастапқы кезін әһлу сүннет уәл жәмағаттың сенімдік көзқарасын бір жүйеге келтіруге арнады. Нәтижеде ақидаға қатысты мәселелердің дұрыс шешімін өзге теріс пікірдегі ағымдардың көзқарастарымен салыстырмалы түрде егжей-тегжейлі баяндап, артына сенімге қатысты “Фиқһул әкбар”, “Фиқһул әбсат”, “Ишаратул марам мин ғибратил имам”, “әл-Үсулул мүнифия лил имам Әби Ханифа”, “Уасияту имам Әби Ханифа” және “әл-Алим уәл мүтәғәлим» сынды еңбектерін қалдырды.

Әділетті халифалар заманында белең алған радикалды ағымдардың ушықтырған ақидалық мәселелерінің қатарында күнә жасаған адамға қатысты шариғи тұрғыдан үкім беру ісі халықты дүрліктірді.

Сол радикалды ағымдардың көзқарастарына келер болсақ, Харижиттер ағымы мұсылман ауыр яки жеңіл күнә жасасын кәпір саналады, тозақта мәңгі қалады деумен қатар оларға қарсы соғыс ашу халал деп түсінеді. Ал Мұғтазилиттер ағымы үлкен күнә жасаған мұсылман жәннат пен тозақтың аралығындағы жайда болады (Әл-мәнзилату бәйнәл мәнзилатайн) деп ашық кәпір қатарына кіргізбесе де, мұсылман қатарына да жатқызбайды. Мүржия ағымы қандай ауыр күнә жасаса да, таза мүмін болып қала береді деп есептеді [1, 71 б.]. Яғни, бұл ағымдар күнә жасаған кісіге үкім беруде асыра сілтеушілікке барса, екіншісі бүкілдей үмітке салынып алды.

Харижиттік ағымның бұл ұстанымының нақты көрінісі Сыффын оқиғасында әділ қазылардың үкім беруін құптаған хазірет Әлиді және қазылық үкім шығаруды қабыл еткен хазірет Әбу Мұса әл-Ашғариды кәпірге санағандығында байқалды. Тағы бір риуаятта: «Хазірет Әли Мәдайн еліне жауапты еткен Абдулла ибн Аббасты жанындағы тобымен бірге тұтқынға түсіріп, басшы халифа (Әли) жайлы көзқарастарын сұрайды. Бәрінің халифа туралы жақсы пікірде екенін білгенде, Абдулланы, оның жүкті әйелін және бірге жүрген төрт әйелді де өлтірді» [2, 74 б.] делінген.

Имам Ағзам: «Егер мұсылман ауыр күнәні халал деместен істесе, кәпір демейміз. Оны шынайы мүмін деп айтамыз. Ол кісі кәпір емес, пасық мүмін болып өлуі мүмкін» [3, 621 б.] деді. Ол Алла тағаланың харам еткенін халалға, халал еткенін харамға шығармай пенделікпен ауыр күнә жасаған мүмін-мұсылманды харижиттер секілді кәпір деп айтудың дұрыс еместігін және пасық (күнәлі) мүмін дей отырып, мүржиялар сияқты еш кінәсіз деп айту да дұрыс еместігін ашық білдірді.

Әбу Ханифа өз көзқарасын нақли (аят, хадис) және ақли (логикалық қисын) дәлелмен қуаттайды. Нақли дәлелге келсек, қасиетті Құранда: «(Әй, үмбеттер!) Сендердің әрқайсыңа әр түрлі шариғат және жол-жоба белгіледік. Егер Алла қаласа, әлбетте, бәріңді бір ғана үмбет қылып жаратар еді» (Мәида сүресі, 48-аят) деп, әр пайғамбардың шариғи міндеттері әртүрлі болғаны айтылады. Бір үмбетке харам болған нәрсе, басқа бір пайғамбардың үмбетіне халал болды. Алайда иман мәселесінде бүкіл пайғамбарлар жалғыз Жаратушыға сенуге шақырғанын айтады.

Құранның басқа бір аятында: «Әй, иман еткендер! Сендерге кісі өлтіргендерден құн даулау парыз етілді» (Бақара сүресі, 178-аят) деп, жазықсыз адамды әдейі өлтірудің құн дауын міндеттейтіндей ауыр күнә бола тұра, имани атпен шақырды. Бұл да амалдың иманнан бөлек екенін білдіреді дей отырып, адамдар иман еткеннен кейін намаз оқиды, ораза ұстайды, зекет береді және қажылық жасайды. Парыз амалдарды істегеннен кейін иман етпейді деп ойын айшықтайды [4, 15 б.].

Ақли дәлелі: «Амал иманнан бөлек, иман да амалдан бөлек. Көп жағдайда мүминнің мойнынан парыз амалды орындау міндеті түседі. Бірақ иманы бойынан ажырағанды білдірмейді. Мысалы: етеккірі келген әйелдің мойнынан намаздың парыздығы түседі. Бірақ, имансыз деп айтылмайды. Ол әйел шариғаттың әмірімен ораза ұстамайды, (тазарғанда) қазасын өтейді. Бұл кезде де ол әйел имансыз болды делінбейді. Кедей кісіге зекет беру міндет деп айтылмағанымен, иман міндет емес деп айту дұрыс болмайды» [1, 74 б] деген.

Имам Ағзам бұл мәселенің түсінікті болуы үшін тағы да: «Қарызы бар адам қарызын мойындаған соң, қарызын өтейді. Қарызын өтеген соң, қарызын мойындамайды. Сол сияқты құл қожайынының құлы болғанын білгеннен кейін оған қызмет етеді. Қызмет еткеннен кейін барып, құлы екенін білмейді. Бөгде адамдармен бірге жұмыс істеген адам оның құлымын деп жұмыс істемейді» [4, 15 б.] деп мысалдар келтіреді.

Бірде Әбу Ханифадан: «Мүмин Жаратушы иесін барлық нәрседен артық көретін болса, онда неге Жаратушы тыйым салған күнәні жасайды?» деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: «Бала әке-шешесін жақсы көреді. Бірақ кейде оларды тыңдамайды. Мүмин де тура солай. Қанша күнә жасаса да, Жаратушы иесін бәрінен артық көреді. Оның күнә жасауы Алла тағаланы сүймегенінен емес, бәлки нәпсісін тежей алмаған пендешілігінен» [4, 19 б.] деп жауап береді.

Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, мұсылмандық парыз міндеттерін орындамаған немесе шариғатта тыйым салынған күнәлардан тыйылмаған мұсылман тек күнәкар болады. Егер сол жасаған ауыр күнәлары үшін Алладан кешірім сұраса, күнәсі кешіріліп, діннен шықпайтынын айтады.

 

Абдусамад Оқан


Пайдаланылған әдебиеттер:

  •      Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Бабурти әл-Ханафи, Шарху уасияти Әби Ханифа, «Дәрул фикр» баспасы. – 2009. 155 бет.
  •      Мустафа Өз, Анахатларила Ислам мезһеблері тарихи.
  •      Мұхаммад Заһид әл-Каусари, Әл-Ақида уә ғилмул кәлам мин әғмалил-имам, «Дәрул кутуб ғилмия» баспасы, Байрут. – 2004. 645 бет.
  •      Мин турас әл-Каусари, Әл-Алим уәл мүтәғәлим, «әл-Мәктабатул азһария лит-турас» баспасы, 80 бет.


  • Оқи отырыңыз