Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Аллаға иман > Қызыр екеніңді айта салам..

Қызыр екеніңді айта салам..

2021-09-07 176

Рамазан айы. Жұма күні. Мешіт маңына бірді-екілі жұрт аяңдап жинала бастады. Имам күрсіде уағызын оқымақ болып тамағын кенеді. Осы жолы мешітке жас жігіт бейнесінде Қызыр (а.с.) да келген еді. Мешіт іші лық тола бастады. Бір жерге қонжиып отыра кеткен Қызырдың (а.с.) қасына қырық жас шамасындағы бір кісі келіп қатарласа отырды. Әлден уақытта жаңағы кісі отырған күйінде әрі-бері теңселіңкіреп қалғи бастады. Ұйықтап кетер ме екен деп алаңдаған Қызыр (а.с.) оны бүйірінен түртіп:
– Ұйықтап кетесің ғой, – деді. Ана кісі:
– Ұйықтамаймын, менің мазамды алма, – деді.
Қызыр алайһи-с-сәлам үндеместен отыра берді. Алайда сәлден кейін азан оқылды. Әлгі кісі ұйықтап кетердей тағы да қалғи бастады. Қызыр алайһи-с-сәлам тағы да шыдамай кетіп оны жеңінен тартты:
– Әй, айттым ғой ұйықтап кетесің деп, – деді.
Ана кісі де бұның қылығына шамданып қалды. Бірден қарсы дау айтып:
– Мен саған ұйықтамаймын деп айттым ғой, – деді әр сөзін нығарлай сөйлеп, – мені мазалай берме. Егер мені мазалай берсең Қызыр екеніңді мына отырған дүйім жұртқа айта салам. Ал содан кейін мына мешіттен оңайлықпен шығып көр. Иін тірескен мына халық сенің бір тал сақалыңды да қоймай тәбарак қып тартқылап әкетер, – деді.
Қызыр (а.с.) тілін тістеп ләм-мим демеген күйі шарасыз қалған адамша Аллаға қол жайды:
– Уа, Раббым! Мына таң-тамаша істі қалай түсінуге болады?! Мына құлың менің кім екенімді жазбай танып отыр. Алайда менің таңғалғаным – қалайша мендегі тізімде бұл кісінің аты жоқ? – деп сұрап үлгіргенше жауап та естілді:
– Сендегі тізім – Мені жақсы көретін пенделерімнің тізімі, ал ол болса керісінше Менің жақсы көретін құлдарымның қатарында...
Иә, Алла бізді өзі жақсы көретін құлдарының қатарына жазсын! Алланың жақсы көретін құлы болу қандай бақыт десеңші?!



Оқи отырыңыз