Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Аллаға иман > Нағыз қамқоршы

Нағыз қамқоршы

2021-09-06 174

Қорасан билеушісі Абдулла ибн Таһир өте әділ кісі болыпты. Бір күні қызметшілері бірнеше ұрыны ұстап әкеліпті. Әкелген ұрылардың біреуі әкеле сала, ебін тауып қашып кетсе керек.
Сол тұста бір темір ұстасы Нишапурға келген еді. Әлгі темірден түйін түйген зергер кешкісін үйіне аяңдап келе жатқанда ұрыны іздеп жүрген әкімнің адамдары оны дереу байлап-матап, әкімнің алдына әкеледі. Әкім олардың барлығын да бірден абақтыға жабуды бұйырады.
Ешқандай кінәсі жоқ зергер абақтыда дәрет алып намаз оқыды. Артынша қолын кең жайып:
«Уа, жалғыз ием Жаббар Хақ! Менің ешқандай кінәмның жоқ екені өзіңе ғана аян. Мені мына тар қапастан құтқара гөр!» деп дұғасын оқыды.
Әкім болса ұйықтап жатып түс көрді. Түсінде күші мығым төрт адам келіп, өзін тағымен қосып төңкеріп тастамақ болып жатқанда оянып кетті. Бірден дәрет алып, намаз оқыды. Сәлден соң қайта жатты. Алайда түсінде әлгі төрт кісі келіп бұны тағы да отырған орнында төңкеріп тастамақ болып біраз әуреледі. Ол тағы да оянып кетті. Ояна сала біреуді жазықсыз қаматып отырғандығын іші сезді. Дереу өзіне абақтының басшысын шақыртты да:
– Абақтыда кінәсіз отырған ешкім жоқ па осы, байқашы? – деді. Басшы:
– Ол жағын анық біле алмадым, алайда іштеріндегі біреуі намазға жығылып, егіле тілек-дұға оқып отыр, – деп жауап берді.
Бірден әлгі кісіні әкімге алдыртты. Әкім істің мән-жайына қаныққан соң:
– Мені кешір, бір қателік бізден кеткен екен. Мына мың күмісті менен сый ретінде қабыл ал. Алда-жалда ісің түссе келерсің, – деді. Темір ұстасы:
– Мен сізді кешірдім. Берген сыйыңызды да қабыл алдым. Бірақ ісім түскендей болса сізге келе алмаймын, – деді. Әкім таңғала:
– Келе алмағаның қалай?! – деп сұрады. Темір ұстасы:
– Өйткені мен секілді бір пақыр құл үшін барлық тілегін қабыл алатын, тіпті сіз секілді бір патшаның да тағын төңкеріп тастайтындай Жаппар Иесін тастап, басына түскен істі басқаға айтып жалыну жараспас болар, – деп сөзін жалғапты, – ол менің намаздардан кейінгі оқыған бүкіл дұғаларымды қабыл алып, мені қаншама қиындықтардан құтқарды. Мені қаншама арман-тілегіме жеткізді. Енді мен қалай басқаны паналайын? Менің нағыз қамқоршым сол. Раббымның, шексіз сүйіспеншілік қазынасы мен рақымдылық дастарқаны қашанда жаюлы тұрғанда, менің басқаға бұрылып кеткенім жарамас. Кім де болса қол жайып қыжалатын сұрай келгенде оның татырмай қойған кезі болды ма? Тек қана сұрауын келістіріп, Оның алдында әдеппен бас ие білсең болды, саған бермейтіні жоқ! Міне, сол үшін! – деп жауап берген екен...
«Құдай деген құстай ұшар, адам деген мұрттай ұшар» деген нақылдың мәні зор-ау.



Оқи отырыңыз