Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Алтынға баланған ақырет

Алтынға баланған ақырет

2021-09-03 47

Зұлқарнайн (а.с.) бір түні жолда кетіп бара жатып жасағына:
– Аяқтарыңа тиген нәрселерді тегіс жинаңдар! – деп бұйырады.
Қолбасшының әмірін естігенде әскерлердің бір тобы:
– Онсыз да көп жүріп шаршадық. Түннің бір уағында аяқ астындағы тастарды жинап өзімізге жүк қып қайтеміз. Ештеңе де жинамай-ақ қояйық, – деп бірауыздан келісіп алғандай тырп етпейді.
Екінші топ болса:
– Қолбасшы бұйырған екен, ең болмаса аз-аздан болса да жинайық. Әмірін тыңдамағанымыз жөн болмас, – деп азырақтан болса да жинайды.
Ал үшінші топ болса:
– Қолбасшы бекерден-бекерге ондай әмір бермеген болар. Не болса да бір білгені бар шығар, – деп бүкіл көліктеріне көтергенше тиеп алады.
Таң атқанда қараса, түнімен жүріп өткен жердің алтыны көп жер болғандығын байқайды. Кешегі аяқтарының астындағы нәрселер сол күйі сом-сом алтын болғандығын білгенде жерге иіліп еш нәрсе іліп алмаған бірінші топ:
– Қап, әттеген-ай! Қолбасшының сөзін тыңдама-ғанымызды қарашы?! Шіркін, ең құрығанда біреу болса да алғанымызда ғой, – деп өкінішпен сан соғып қала береді.
Азырақ алған екінші топ болса:
– Бұдан да көбірек алмағанымызды қарашы, қойны-қонышымыздың бәрін де толтырып алатын жөніміз бар еді, – деседі мұңайып.
Ал көп алған үшінші топ болса:
– Шіркін, керексіз киім-кешек, заттардың бәрін тастап, ат-көліктің бәріне көтергенінше бұдан да көп тиегенімізде ғой, – деп, онсыз да көп алғандарына қарамастан, іштей көңіл толмайтындықтарын білдіреді.
Міне, жоғарыдағы мысалдағыдай ақыретте де адамдар арасында осы секілді көріністер жиі кездеспек.
Кәпірлер:
– Шіркін, иманға келіп, ең құрығанда мәңгілік тозақ отынан құтылып, түптің түбінде жұмаққа бара алғанымызда ғой, – десіп таусылмас өкінішпен сан соғады.
Сауаптары азырақ болған мүминдер:
– Шіркін, тіршілігімде көбірек сауапты іс жасауым керек еді, – деседі.
Ал сауабы көп мүмин болса:
– Шіркін, қазіргі дәрежеме одан да артық дәреже қосатын көбірек намаз оқып, ораза ұстап, одан да көбірек сауап іс жасағанымда ғой, – деп ол да тамсанады екен.
Алла тағала осы мысалдан бәрімізге сабақ алуды нәсіп етсін!



Оқи отырыңыз