Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Аллаға иман > Амр ибн Ас тура жолға қалай түсті?

Амр ибн Ас тура жолға қалай түсті?

2021-08-30 179

Амр ибн Астың өзі әңгімелеуде:
«Хәндек» соғысынан Меккеге орала сала өзіммен ойы бір жерден шығатын Құрайыш тайпасының біраз кісілерінің басын қостым. Олар бастан-аяқ мені тыңдады. Сөз соңы:
– Бәріңіз онсыз да біліп-көріп жүрсіздер, Мұхаммед барған сайын дес бермей күшейіп бара жатыр. Осы орайда менде тамаша бір пікір бар, – дедім.
Олар:
– Ол қандай пікір? – деп сұрады.
Мен:
– Бәріміз бір кісідей барып Хабаштық (Эфиопиялық) патша Нәжашиді паналайық. Мұхаммед біздің тайпамызды жеңіп кетсе, онда соны паналап тұра берерміз. Мұхаммедтің қол астына кіргеннен гөрі Нәжашидің қол астына кірген әлдеқайда артық. Ал егер біздікілер жеңіп кетіп жатса, онда бізге жақсылық болмаса жамандық келмесі анық, – дедім.
Бәрі бірауыздан пікіріме қолдау білдірді. Мен:
– Ендеше, Нәжашиға апаратын сыйлықтарды әзірлеңдер! – дедім.
Нәжашиға апаратын сыйлықтардың біразына келісті иленген бағалы терілер таңдалды. Артынша Меккеден шығып Нәжашиге бардық.
Біз сол жақта болғанда Амр ибн Үмәйя да келді. Ардақты Пайғамбар Жәфар мен жолдастары үшін Амрды Нәжашиге жіберген болатын.
Амр Нәжашидің құзырына кіріп шықты.
Мен достарыма қарап:
– Амр ибн Үмәйя деген осы. Мұхаммедтің адамы. Нәжашиға кіріп бұны маған тапсыр деп өтініш білдірсем, Нәжаши оны маған берсе, мен оның басын кесіп алсам! Менің Мұхаммедтің елшісін өлтіруім – Құрайыштар үшін үлкен бір сый болар еді, – дедім.
Сөйттім де Нәжашидің құзырына кірдім. Әдет бойынша патша алдында барынша басымды жерге тигізіп, сәждеге жығылдым. Ол маған:
– Амр, достым, сәлем! – деді, – Маған қандай сый-сияпатпен келдің?
– Әй, патша! Саған иленген теріден мол ғып әкелдім, – дедім.
Сөйттім де әкелген терілерімді жалма-жан Нәжаши патшаның алдына жайып салдым. Тарту-таралғым оған қатты ұнады. Артынша:
– Әй, патша! Мен жаңа ғана сіздің қасыңыздан шыққан бір кісіні көрдім. Ол – менің дұшпанымның елшісі. Соны маған берсеңіз, мен оны өз қолыммен өлтірсем. Өйткені ол біздің алдыңғы қатарлы бірнеше жастарымызды қыршынынан қиды, – деп көкейімдегі көксеген ойымды айттым.
Алайда Нәжаши патша бұған қатты ашуланды. Сөйтті де мен еш күтпеген оқыс қылық жасады. Әй-шайға қаратпай жұдырығымен мұрнымнан қойып қалды. Көзімнің оты жарқ етті. Сірә, мұрным сынып кеткен болар деп ойладым. Қатты қорыққаным сонша не істерімді білмей қалшиып тұрдым да қалдым.
Сәлден кейін есімді жиып:
– Әй, патша! Бұл өтінішімді ұнатпайтындығыңды білгенде оны сұрамас едім, – дедім әлгіндегі айтқандарыма іштей өкініп.
Нәжаши болса:
– Мұса пайғамбарға келген Жәбрейіл періште Мұхаммедке де келеді екен. Мен ондай ардақты адамның елшісін саған қалай ұстап бермекпін?! – деді қатуланған күйі.
– Әй, патша! Айтқаныңыз рас па?
– Ей, азапқа ұшыраудың сәл-ақ алдында тұрған неме! Білмесең мені жақсылап тыңда! Одан да сен сол адамның етегіне жармасып, айтқанына көн! Аллаға ант етейін, өйткені ол ақиқат жолындағы адам, шын пайғамбар. Мұса қалайша өзіне қарсы келген Перғауындықтарды жеңсе, оның да дәл солай түбінде өз дұшпандарын тұқыртары сөзсіз.
– Олай болса, сіздің қолыңызды алып көз алдыңызда иманға келетіндігіме уәде берсем бола ма? – деп сұрадым. Нәжаши болатындығын айтты. Мен Нәжашиге уәде бердім.
Нәжашиден шығып, жолдастарымның қасына бардым. Мұсылмандықты қабылдағанымды іштей жасыра тұрғанды жөн көрдім. Артынша Пайғамбарға баруға жолға жиналдым. Жолда Халид ибн Уәлидті жолықтырдым. Бұл оқиға Мекке қаласын азат етердің сәл-ақ алдында болған еді. Ол да Меккеден келе жатыр екен. Одан:
– Әй, Сүлейменнің әкесі! Қайда жол тарттың? – деп сұрадым.
– Ақ пен қараны, ақиқат пен надандықты ажырата алмай не көрініпті? Мен Мұхаммедтің хақ пайғамбар екендігіне анық сендім. Соның тікелей өзіне барып мұсылмандықты қабылдамақпын. Сен де қашанғы тісіңді қайрамақсың, одан да иманға келсеңші? – деді.
Мен оған:
– Растығына ант етейін, негізі мен де мұсылман болуға бара жатқан едім, – дедім.
Халид екеуміз Мәдинаға бірге бардық. Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қатар келдік. Халид менен бұрын мұсылманшылықты қабылдады. Артынша мен де:
– Уа, жалғыз Жаратқаннан басқадан жебеу күтпеген ардақты Пайғамбар! Мен өткен күнәларыма зор өкініш білдіре отырып Ислам дінін шын ынта-ниетіммен қабылдамақпын, – дедім.
Ардақты Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) :
– Ей, Амр! Ислам бұрынғы кемшілік-күнәларыңның бәрін жуып-шаяды. Хижрат етіп Меккеден Мәдинаға көшкендер де күнәларынан дәл осылай құлан-таза арылған болатын, – деді.
Расулалла алдында мұсылманшылықты қабылдап кері қайттым...



Оқи отырыңыз