Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Аллаға иман > Алла бергенін алады

Алла бергенін алады

2021-08-26 186

Үммі Сүләйм ары таза, тәрбиелі, иманы берік әйел болатын. Құшағындағы баласы қайтыс болғанда асқан бір сабырлылық танытып мәйітті өзі жуып, өзі кебіндеген соң үйдің бір тұсына апарып қойған күйі көршілерге қарап: – Әзірге әкесіне хабар айтпаңдар! – деп қатаң табыстады.
Әкесі Әбу Талха сахаба ол кезде маңайда жоқ болатын. Кеш бата үйге келгенде баласының жағдайын сұрады, әйелі: – Сен кетердегіден әлдеқайда тәуір, – деп жауап берді.
Екеуі бірге ас ішті. Әңгімелесіп отырғанда Үммі Сүләйм күйеуінен сұрады: – Ей, Талха! – деді көзіне көзін қадаған күйі, – Қарызға алған нәрсені қайтарған жөн бе, жөн емес пе?
– Ол не дегенің? Қарызға алынған нәрсе, әрине, қайтарылуы керек.
– Олай болса, Алла тағала саған аманаттаған ұлын өзі қайтып алды!
Бұл сөзді естіп күрсінген Әбу Талха бар-жоғы:
– Е,е, біз бәріміз де Алла тағала үшін жаратылдық. Ерте ме, кеш пе түбінде соған қайтамыз ғой, – деп Жаратушының ісіне ризашылықпен мойынсұнып көнгеннен басқа артық қылық жасамады...
Таң атқанда мән-жайды Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барып баяндады. Пайғамбарымыз қолын жайып: – Я, Жаратқан! Әбу Талханың осы бір өнегелі ісін оған екі есе ғып қайтара гөр! – деп дұға етті.
Айтқандай-ақ, тоғыз ай он күн өткенде Талха үйі шаттыққа бөленіп, әйелі шекесі торсықтай ұл тапты. Атын «Абдулла» деп қойысты.
Пайғамбарымыздың қорғауында өскен Абдулла кейіннен Исламға аянбай қызмет еткен ұлы тұлғалардың бірі болды.
«Я, Алла! Бергеніңді алсаң да береріңді алма» деген.



Оқи отырыңыз