Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Пайғамбарлық міндет > Қос уыс құрма

Қос уыс құрма

2021-08-23 189

Сахабалардан Бәшир ибн Сағдтың қызы мен Нұғман ибн Бәширдің қарындасы әңгімелеуде:
Анам Амра бинту Рәуаха (р.а.) мені шақырып, етегіме екі уыс құрма салып берді де:
– Қызым, бұл әкең мен нағашы ағаң Абдулла ибн Рәуаханың тамағы, апарып бере ғой, – деді.
Жолда кетіп бара жатып, Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кездестірдім. Одан әкем мен нағашы ағамның қайда екендіктерін сұрадым. Ол маған:
– Қызым, бері келе ғой, қолыңдағы не нәрсе? – деп сұрады. Мен:
– Уа, Расулалла! Бұл құрма ғой. Әкем Бәшир ибн Сағд пен нағашы ағам Абдулла ибн Рауахаға шешем беріп жіберді, – дедім. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) :
– Онда бері әкеле ғой, – деді.
Мен етегімдегі құрмаларды Расулалланың уысына төктім. Құрмаларым қос уысына толмай қалды. Пайғамбарымыз бір орамал алдырып, құрмаларды сол орамалдың үстіне шашырата төкті. Сөйтті де жанындағыларға айтып, қаланы айналдыра ор қазып жатқан мұсылман сарбаздардың бәрін тегіс құрма жеуге шақыртты. («Хәндақ» соғысы қарсаңы).
Пайғамбар шақыруымен Хәндақ сарбаздары тайлы тұяғымен тегіс жиылып келіп құрмаға қол созды. Алайда, бір таңғаларлығы, келген әскерлердің барлығы қанша жесе де орамалда үйіліп тұрған құрмаларды тауыса алмады. Тіпті тауыспақ түгілі құрмалар өз-өзінен көбейіп, орамалға сыймай кеткен еді.
Иә, бұл сүйікті Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тиесілі көп мұғжизалардың бірі ғана.



Оқи отырыңыз