Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Ақырет ақиқаты > Өз басын қатерге тігу

Өз басын қатерге тігу

2021-08-21 181

Мұғауияның ел басқарған (49/669 ж.ж.) тұсында Ислам әскерлері Ыстанбұлды тұңғыш рет қоршауға алды. Суфиян ибн Ауф (р.а.) басқарған үлкен бір жасақты Мұғауия Византияға бағыттап, өз баласы Язидтің де дәл сол жасақта болғанын қалап еді. Алайда Язид әр нәрсені бір сылтауратып жантәттілікке салынған соң әкесі де оны көп қолқалай қоймады.
Соғысқа шыққан әскерлердің жолда аштық, ауру секілді небір қиындықтарға душар болғандығын естігенде, Язид:
– «Мен қайтейін әскердің қиналғанын,
Гүлсім жатса қасымда қыздай жаным», – деп өлеңдеткен күйі бармай қалып қойғандығы үшін өзіне риза кейіпте еді. (Үммі Гүлсім – Язидтің әйелі.)
Баласының бұндай ұнамсыз өлеңі Мұғауияның (р.а.) да құлағына жеткенде тез арада оған адам шаптырып, Византия жеріндегі мұсылман әскерлеріне қосылып, солар көрген ауыртпалықтар мен қиындықтарды бірге бөлісуін қадап айтып қатал бұйрық берді.
Жиырма төрт жасар Язид лажсыз қатал үкімге бас иіп, әкесі дайындатқан жаңа бір жасақты ертіп екінші жасаққа барып қосылды. Бұл жасақта үлкен сахабалар: Ибн Аббас, Ибн Зүбәйр, Әбу Әйюб әл-Әнсарилер (Алла тағала бәрінен разы болсын!) бар еді. Византия жерінде ұзақ сапарда болған Ислам жасағы Ыстанбұлға дейін келіп, бірнеше күн бойы гректермен шайқасты.
Осы қақтығыстар кезінде мұсылман әскерлерінің бірі Абдулазиз ибн Зүрара ерекше көзге түсті. Ол дұшпан әскеріне жалғыз өзі бірнеше рет жойқын соққы беріп, соңында өзі шейіт болды. Оның жалғыздан жалғыз шауып, дұшпан әскерінің арасына қойып кеткенін көргендер:
– Сүбханаллаһ! Мынаның өзін-өзі отқа тастағаны несі?! – деп даурығысты. Сол сәт Әбу Әйюб (р.а.) оларға істің жай-жапсарын түсіндіре былай деді:
– Уа, халайық! Сіздер Құрандағы «Өз-өздеріңді қауіпке итермелемеңдер» деген аятты меңзеген боларсыздар. Ол аят әнсарлар жайында түскен-ді. Алла тағала дінін күшейтіп, Исламға жанашыр жандарды көбейткен тұста біз өзарамызда Алланың елшісінен жасыра «Енді біздің керегіміз шамалы секілді. Ендігі жерде өз мал-жанымызға қарасақ та жетер» деген едік. Алайда құдіреті күшті Жаратушы біздің ол пікіріміздің қате екендігін ұқтыра іле-шала «Алла жолында жұмсаңдар! Өздеріңді қауіпке итермелемеңдер» (Бақара сүресі-195) деген аятын түсірген еді. Яғни Құрандағы адамның өзін қауіпке итермелеуі – Алла жолындағы табанды күрестен бас тартып, өзінің мал-жанымен қайғы болып кету деген сөз...
Әбу Әйюб сол сапарда көз жұмып, Ыстанбұлдағы қазіргі мекеніне жерленді .



Оқи отырыңыз