Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Тағдыр мәселесі > Тағдырдан тағдырға қашу

Тағдырдан тағдырға қашу

2021-08-12 166

Һижреттің 17-18 жылдары Шам төңірегінде «Әмуас» деп аталатын оба ауруы кең тарады. Ең алғашқы шыққан жері Палестинаның Әмуас аймағы болғандықтан осылай аталған. Бұл жұқпалы ауру әкелген кеселден 25 мың адамның өмірі қиылып, тіпті үлкен сахабалардың қатарындағы Әбу Үбәйда ибн Жәррах пен қоса Муаз ибн Жәбал да айықпас дерттің қармағына іліккен-ді .

Сол жылы Омар (р.а.) Шамға бармақ болып жолға шықты, оны ірі қолбасшыларымен бірге Шам әкімі Әбу Үбәйда қала сыртынан күтіп алды. Бірақ Шамда ауруының тарағанын естіген соң халифа мен сахабалары қалаға кірместен кері қайтуды жөн көрді. Оны естігенде Әбу Үбәйда (р.а.) таңырқап:

– Алланың тағдырынан қашқаның қалай? – дегенде, Әзірет Омар оған қарап:

– Иә, Алла жазған тағдырдан және Соның тағдырына қашып бара жатқан жоқпын ба?! Сен түйелеріңді бір жағы жоңышқа, бір жағы жусанды бетке жайып түйелерің қайсысынан оттаса да сен Алланың тағдырымен жайған болып саналмайсың ба? – деп ойланта жауап қайырды.

Қасындағылармен бірге Мәдинаға қайтқан әзірет Омар оба ауруының тез жайылып бара жатқандығына алаңдағандықтан тым болмаса Әбу Үбәйданы құтқарып қалмақ болып келе сала былай деп хат жолдайды:

«Ассалаумағалейкум! Бір мәселе жайлы ақылдасу үшін сен маған аса қажет болып тұрсың. Хатты ала сала дереу жолға шық!».

Әзірет Омардың ойын айтқызбай-ақ ұққан Әбу Үбәйда іле-шала мынадай жауап жазады:

«Әй, мүминдердің басшысы! Мені неліктен қажетсініп тұрғаныңды білемін. Алайда мен мұсылман әскерлермен бірге болғандықтан өзімді олардан артық санай алмаймын. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Мен де пешенеге жазылғанды көрермін. Маған оларды таста да, кел дегеніңе келісе алмаймын».

Омар (р.а.) хатты оқығанда көзінен жас парлап қоя берді. Маңайындағылар:

– Әй, мүминдердің әміршісі! Неге жылайсыз әлде Әбу Үбәйда да аурудан көз жұмып па? – деп сұрады.

Омар (р.а.) оларға:

– Жоқ, олай емес, бірақ, әй қанша қалды дейсің, – деді тұнжырап.

Көп өтпей-ақ Шамда обадан тіл тартпай кеткен Әбу Үбәйданың орнына Муаз ибн Жәбал барды. Бірақ, ол да артынша көз жұмып, орнына Амр ибн Ас тағайындалды. Амр ибн Ас дендеп бара жатқан аурудан халықты аман сақтап қалу мақсатында елді тау басына жинап, ойдан гөрі тауды паналаған. Сол тұстары аурудың да беті қайтып, Әзірет Омар болса кейіннен Амрдың бұл тапқырлығына ризашылығын білдірген екен.



Оқи отырыңыз