Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Адам және ғалам > Отбасы үшін ең үлкен қатер – ажырасу

Отбасы үшін ең үлкен қатер – ажырасу

2016-06-06 5864

 

Адам өмірінің маңызды сатыларының бірі саналатын үйлену ата-ана болу мүмкіндігін береді. Ата-ана болу, жар болу қарапайым нәрседей көрінгенмен, ахуал мен мән-мәнісі тұрғысынан ерекше жауапкершілік жүктейді. Әрбір адам бұл үдерісте жағымды я жағымсыз әйтеуір бір әсерге ұшырайды. Отбасы өміріндегі келеңсіздіктер кейде ажырасуға себеп болуы мүмкін. Отбасының бұзылуы (ажырасу) психологиялық және қоғамдық-әлеуметтік өзгеріске түрткі болады. Отбасының бұзылуы шындап мән берілуге тиіс үлкен мәселе. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Aлланың өте-мөте қаламай рұқсат еткені – ажырасу», «Үйленіңдер, ажыраспаңдар. Ажырасқаннан арш дірілдейді» дегені некелік қатынастың қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Балалар үшін «ата-ана бірлігінің» маңызы ескерілер болса, бұдан да гөрі ұқыптырақ болған жөн. Жылдар өте өзгеріп жатқан жеке бас және қоғамдық өмір салтының әсеріменен ажырасу саны артып келеді.

Тіл табыса алмау, сыйыспаушылық – ең жиі ұшырасатын ажырасу себебі, ал екіншісі – тастап кету. Басқа себептердің қатарында психикалық ауру, өміріне қатер төндіру және зинақорлық бар. Бұл уақыт ағымымен бірге өзгеріске түсуі әбден мүмкін. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Ар-ұяттан безбесе, әйелдеріңмен ажыраспаңдар. Алла азғындық жолға түскен әйел, еркекті жақсы көрмейді» деген. Тек ләззат пен құмарлыққа берілген адамдардың бақытты бола алмайтыны анық. Бүгінгі адамдардың ажырасу себептеріне көз жіберсек, кейде болмашы нәрсеге бола шаңырақ күйреп ортасына түседі. Қоғамдық құбылыс пен күйзеліс факторларының ажырасуға себеп болатыны ақиқат. Отбасын тірі организмге теңесек, кейде ішкі аурудың, ал кейде сырттан жұғатын микроптардың құрылымды бұзатындығын алға тартуға болады.

Ажырасуды ойға алған көптеген адамдар «бір проблемадан құтылу» немесе «бақытын табу» үшін сондай әрекетке барады, алайда кейде бір проблемадан құтылып, сан алуан проблемаға тап болғанын байқамайды. Сол себепті ажырасуға жаңаша, керемет кездің бастамасы ретінде қарамай, оған керісінше өмірдің жағымсыз жағы басымырақ кезеңі деп қараған жөн. Ажырасудан бұрынғы, ажырасу кезіндегі және кейінгі ахуал көбіне жағымсыз жайлармен қатар өрбиді, отбасының бұзылуы үлкен келеңсіздіктерге ұрындырады. Негізінде ажырасу бірге өткен өмір мен ортақ тірліктің аяқталуы деген сөз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде: «Ажырасу үшін ант берілмейді. Aлайда мұнафық біреу ол үшін ант талап етеді», «Уа, Муаз! Aлла жер бетінде құл азат етуден өткен жағымды нәрсе жаратпады. Және де жер бетінде ажырасудан жаман сүйкімі жоқ нәрсе жаратпаған...» деген. Құран Кәрімде 65-сүре «Талақ сүресі». 12 аяттан тұратын бұл сүреде ажырасудың үкімдері түсіндіріледі. Бұл сүреде ажырасуға қандай кезде шешім қабылдауға болатыны, ажырасқан соң жаңадан үйлену үшін қанша уақыт күту керектігі секілді үкімдер бар. Мүміндер некені бұзбау үшін ықылас көрсету керек, тек отбасындағы келеңсіздіктер адам төзгісіз халге келген кезде ғана бұл амалға жүгінуге болады.

 

Отбасының рухани кейпі

Отбасы кездейсоқ бас құрай салған тұлғалардан жиылған тобыр емес, қасиетті одақ болып табылады. Өйткені, Ислам отбасына ерекше мән береді және отбасы болу ахуалының рухани динамикасын көрсетеді. Қоғамдық өмірде отбасылық құрылымның күшті болуының бірінші себебі, дініміздің отбасына баса мән беруінде. Құранда мәңгілік келісім ретінде қаралған некенің салмақ әрі жауапкершілік жүктейтін келісім екендігі, ерлі-зайыптылардың бір-біріне жауапты екендіктері айтылады. Үйленгендегі мақсат – ұрпақ жалғастыру, көбею және құмарлықты тежеу. Құранда ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жақындығы түсіндірілгенде, олардың бір-біріне киім екендігі айтылады. Бұл тұрғыдан үйленетін адамдардың бұл келісім арқылы дүниелік және ақыреттік үдеріске қадам жасағандарын ұмытпағандары жөн. Мұның ермек емес екені үйленбей тұрып жақсылап ойлануы қажет маңызды мәселе.

Отбасы құрылымына ерекше ықылас танытылар болса, ажырасу тек өте қиын жағдайға тап болғанда ғана ойға келері анық. Отбасы мекемесі туралы түсінік толық болмаған жағдайда ажырасуға «оңай» шешім ретінде қарайды. Ажырасуға басқа түскен проблемалардың алғаш жүгінер шешімі ретінде қарау ажырасқан соң бәрі өз шешімін табатындай көруден бастау алады. Кез келген отбасында болуы мүмкін қандай да бір проблема шыққанда, бір-біріне құрмет, сүйіспеншілікке орын беріп, кей қиыншылықтарға төзіп, екі жақтан дұға етіп моральдік-рухани амал-тәсілге жүгінудің орнына, ажырасуға ден қою – асығыстық және көбіне-көп қате шешім.

Отбасының моральдік-рухани кейпін қалыптастыруда ең әуелі ата-анаға үлкен міндет жүктеледі. Ана мен әке отбасының басым бағыттарын айқындайды. Жан аямастық, әуелі басқаларды ойлау, өзімшілдіктен аулақ болу, құрмет, сүйіспеншілік, толеранттылық, бөлісу, өзара көмек, қуаныш, бақыт сыйлау, төзімділік, іс-әрекетімен ешкімнің көңіліне тимеу секілді нәрселермен отбасының моральдік-рухани кейпін қалыптастырады. Моральдік-рухани кейпі қалыптаспаған отбасында материалдық элементтер алға шығады. Материалдық элементтердің өткінші екендігі анық. Ақша, қызмет, сұлулық, атақ-даңқ секілді материалдық элементтер отбасын біріктіріп ұстап тұра алмайды. Жоғарыдағы хадисте айтылғандай, тоят іздеп, соған берілу шаңырақты шайқайды. Өйткені ешқандай ләззат мәңгілік емес. Шын мәніндегі отбасы болуы үшін ол отбасында рухани элементтерге басымдық танытылуы керек. Рухани динамикасы жоқ отбасында дерт пайда бола бастайды және уақыт өте келе бұл дерт отбасы мүшелерінің сезімі мен қам-қарекетін өзгертеді. Амал-әрекеті мен сезімі өзгерген отбасы жағдайында болса, адамдар бір-бірімен қақтығысып қала береді. Мұндай қақтығыс кейде ашық, ал кейде жасырын түрде орын алады. Ашық түрдегі қақтығысты балалардың байқауы оңай. Бірақ, балалардың отбасындағы жасырын қақтығыстар мен келеңсіздіктерді де тез байқайтындығын естен шығармаған жөн. Оларда уақыт өте келе үлкен психикалық проблемалар пайда бола бастайды. Отбасы болудың рухани динамикалары отбасының алдынан шыққан қиын ахуалдан шығуда көмектеседі. Тура мықты ағзаның оңайшылықпен ауруға шалдықпайтыны секілді мықты отбасы да оп-оңай бұзылмайды.

 

Рухани ауру және ажырасу

 Жеке тұлға мен мінез-құлық отбасының рухани арқауының күшеюіне негіз болады. Бұған керісінше мәңгілік өмірдің жоғалуына себеп болатын рухани кемшіліктер болса, айтылғандай, отбасының рухани күйіне қатер төндіреді. Харам деп танылған ішімдік, зина, құмар секілді күнәға үйір отбасы мүшелері отбасының бұзылуын жеңілдетеді. Адамның біреудің сыртынан ғайбат сөз айтуы, басқалардың ақысы мен құқығын таптауы жағымсыз қылықты арттырады. Мұндай жағымсыз қылықтар уақыт өте келе ең жақындарына кесірін тигізеді. Салдарынан отбасының арқауын тоздырып, белгілі бір уақыттан соң бұл үзіледі. Бүгінгі отбасына қатер төндірер жайттар дініміз тыйым салған жайттармен астасып жатыр. Мәселен, ішімдік ішілетін үйлерде дау-жанжал, жоқшылық, қарым-қатынастағы кемшілік шегіне жеткен. Зина жасайтын адамдар болса, негізі өздерін өздері жаралап, келе-келе ең маңызды құндылықтарын жояды. Бас піспеудің басты себептері – ішімдік, зина, құмар, өтірік айту секілділер. Өйткені, бұлар бар жерде тыныштық, сенім, достық, қайырым дегендер болмайды. Содан келіп отбасының арқауы бұзылады.
Өзімшілдік пен жеке бас бақытын іздеу ажырасуға түрткі болатын тағы бір рухани кемшіліктің түрі. Отбасының руханиятына толық сенетін кісілер мұны іс-әрекет, мінез-құлқымен де көрсетеді. Сондай-ақ, жанқиярлықпен жасалған амалдар басқалардың да мұны үлгі алып жанқиярлық жасауына себеп болады. Ал тек өзімшілдікпен және бір жақты көзқараспен өз қамы мен пайдасын ғана ойлайтын адамдар осы өзімшілдігінің арқасында басқалардың да мінез-құлқын бұзады. Яғни жанаямастық көрген адам жанаямастық жасаса, өзімшілдік қылық көргендер «Неге тек мен ғана қайырымды болуым керек?» деген оймен уақыт өте келе жағымды істерінен бас тартады. Бір жақты қайырымдылық өте сирек жағдайларда ғана көрінеді. Бұл ахуал нағыз сабырлылықты қажет ететін, адамды сарсаңға түсірер ауыр үдеріс. Өзімшілдік басқаларды мүлде есепке алмау деген сөз. Адам өзін ғана ойлаумен басқаларды ойлау дегенді тіпті ұмытады. Тек «мен» дейтін болғандықтан «біз» деген ұғым мәнін жояды. Жеке бас бақытын іздеу де өзімшілдіктің басқаша бір көрінісі. «Мен бақытты болайын, басқалар не болса, о болсын» деген сана адамды жалғыздыққа ұрындырар және ажырасуға түрткі болар ой.

 

Ажырасудағы «феминизм» фaкторы

Әрбір құқық жүйесінде әйел мен еркектің белгіленген құқы және жауапкершілігі бар. Жауапкершілік бар жерде онда қалыптасқан құқық та ескерусіз қалмайтыны анық. Жаратылысындағы өзгешеліктеріне байланысты әйел мен еркектің отбасы өміріндегі қақысы мен жауапкершіліктері де басқаша. Әйел мен еркектің істеуі және істемеуі керекті нәрселер, ерлі-зайыптылардың балалары мен бір-бірілеріне қатысты міндеттері мен жауапкершіліктері секілді мәселелердің ара-жігі айқын ажыратылып көрсетілген. Құран Кәрім бойынша (Ниса сүресі), еркек үйдің басшысы, қамқоршысы және биі. Үй іші мен сырттағы жауапты міндеттер айқындалған. Сондай-ақ, үйдің басшысы міндетін атқарушы еркек әйеліне жақсы қарап, оның құқын қорғауға тиіс. Әйел мен еркек әрдайым ары мен намысын сақтау мәселесінде бір-біріне және Алла алдында жауапты. Міндет пен жауапкершілік түсінігі жоғары, сүйіспеншілік пен сыйластыққа толған отбасында ешкім ешкімнің мазасын қашырмайды. Әйелдің орынсыз, әрі шектен тыс алға шығуы, экономикалық тұрғыдан еркіндікке қол жеткізіп мұны еріне қарсы қару ретінде пайдалануы, «ақшам бар, саған мұқтаж емеспін, қалағанымды істеймін» деген ойдың қалыптасуы, «тең құқылық» дегенді желеу етіп ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен жауапкершіліктің жойылуы отбасы құрылымының іргетасына қойылған динамитпен тең. Феминизм пікірі әйелді көтермелейміз деп еркектің бәсекелесіне айналдырып, отбасы тыныштығының бұзылуына әкеп соқтырған. Әйел мен еркектің отбасындағы орнына қатысты жүйе бұзылып, экономикалық мүдде бірінші кезекке шыққан отбасы жүйесі қалыптасқан, әйелдің жұмыс істеуіне қолдау көрсетіліп, осыған орай болмашы мәселелердің өзінде материалдық және рухани тұрғыдан екі бөлініп екі жаққа кетуге дайын отбасы мүшелері қалыптасқан. Жар ретінде құрмет көрсетуге де тұрмайтындай деңгейге түскендер бар. Бұл тұрғыдан «феминизм» дауылы талай отбасының шаңырағын ортасына түсіргенін естен шығармаған жөн.

Бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалымен әйелдің қоғамдағы рөлі өзгерген. Отбасы үшін қайырым (бас пайдасын ойламау) жасау болмашы әрі құны жоқ амал-әрекет ретінде танытылған. Оқымаған, арнайы білімсіз, әлеуметтік-мәдени деңгейі төмен кісілерді «үй шаруасындағы әйел» деп орынсыз төмендету пікірі қалыптасқан. Шынында, білімі қандай болса да еріне және балаларына қызмет етуді қасиетті міндет санайтын,  ері мен балаларынан соған сай құрмет көретін әйел затына мұқтаждық зор.

 

Отбасылық мәселелерді дер кезінде қолға алу

Әр отбасының басынан қиын күндердің өтуі әбден мүмкін. Ерлі-зайыптылардың бір-бірінің алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі тұрғысынан алғанда, бір-бірінің бойындағы өздері байқаған рухани кемшіліктерді көңілге қаяу түсірмейтіндей тілмен түсіндіре білуі тиіс. Рухани кемшіліктерді байқай білу және орнымен түсіндіре білу де маңызды қасиет. Қате-кемшіліктің қалай айтылғаны, сол қатені түзетуде ерекше маңызды. Кінәлап, тергеп, менсінбей сөйлеу адамның шамына тиеді. Оның есесіне ізгі оймен, жағымды әрекетпен, жұмсақ тілмен көмек қолын созу ешкімнің қарсылығын тудырмайды. Ерлі-зайыптылардың қайдан рухани азық аларына мән беруі, рухани ортада өскен балалармен отбасы құрылымын күшейтуі жан рахатын арттырады.

Отбасы теледидар мен компьютерге шектен тыс әуестіктен, жат әлемнен келетін ақпараттарға ашық болудан сақтануы керек. Әйтпесе, отбасының табиғаты бұзылып, рухани болмысы жойылады, тек сыртқы дүниеге қарап, өзін мүлде ескермейтін болмыс қалыптасады. Отбасындағы қарым-қатынас үзіліп, әркім өзімен-өзі әрекет етіп уақыт өткізетін, ортақ әңгіме мен мақсат-мүдде азайып, жеке бас жұмысы бірінші орынға шыққан отбасында адамдар бір-бірінен амал-әрекет жағынан да, сезім жағынан да алшақтай бермек. Ата-анасы діндар болғанменен, балалары сыртқы дүние әсерімен мүлде керағар ой-санада өсіп жатқан отбасылар көбейіп келеді. Болашаққа қатысты жоспардың ортақ болуы маңызды. Адам шалдығатын психикалық ауытқулардың да іс-әрекет пен сезім күйді өзгеріске ұшырататынын ұмытпаған жөн. Жан күйзелісіне ұшыраған адамның сезім күйі әрекетінен көрінеді. Шамшыл, мазасыз, шыдамсыз, не нәрсеге де көңілі толмайтын, болмашыға ашу шақыратын ата-ана айналасына тек жайсыздық тудырады. Ал мұндай жағдайда отбасы мүшелерінің тыныштығы кетіп, маза қашады. Жағымды көңіл күй азаяды және мұндай кезде басқа келеңсіздіктер пайда болады. Белгілі бір уақыттан соң қай нәрсе де оң нәтиже бермейді деп ойлайтын, сары уайымға салынған адам ажырасуға шешім қабылдауы мүмкін.

Ажырасу оқиғаларының басым бөлігі (40 пайызы) үйленгеннен кейін бес жылдың ішінде орын алатыны анықталған. Әуел бастан бой көрсеткен отбасы келеңсіздіктері дер кезінде қолға алынса және кей ұсақ қиыншылықтардың артын күтсе, ажырасу бола бермейді. Ал он жылдан кейін ажырасу көрсеткіші алғашқы бес жылға қарағанда елу пайызға азаяды. Бұл ерлі-зайыптылардың асығыс әрекетке бармай, келеңсіздіктердің белгілі бір уақыт аралығында шешімін табуға тырысуы керектігін көрсетеді.

 

Отбасына сырттан араласудың орны

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып жақсы сақталған кей аймақтарда ата-ананың бала өміріне араласуы жиі ұшырасады. Ата, әжелердің бір үйде тұрғанында орынсыз ештеңе жоқ, керісінше айтарлықтай пайдасы бар. Алайда ол кісілер, бір үйде тұра ма, жоқ басқа үйде тұра ма бәрібір, отбасы өміріне шектен тыс киліге беретін болса, айтарлықтай келеңсіздіктерге жол ашады. Отбасын тірі организмге ұқсатқанбыз; бұл организмге сырттың әсері қолдау көрсететіндей, әрі жағымды сипатта болуға тиіс. Отбасы мүшелері, әсіресе ата-ана жайында тек жағымды жағынан сөз етілуі керек, жағымсыз баға беруден аулақ болған жөн. Ерлі-зайыптылардың бірінің екіншісі жайында ғайбат, өсек айтуы, жала жабуы сол отбасына жасалған ең үлкен жамандық. Баласын жақсы көретін және соның бақытын ойлайтын әр ата-ана аса ұқыпты болып, үйленген балаларының өміріне реті келгенде жағымды тұрғыда араласуы маңызды. Шектен тыс, орынсыз және қажытатын түрдегі килігу белгілі бір уақыттан соң қарсылық туындатып, ерлі-зайыптылар бір-бірімен өз отбасыларының кесірінен дау-жанжалға тап болуда. Бұл тұрғыда хадисте келетін «Жақсы сөз айт не үндеме» деген ұстанымнан айнымаған дұрыс. Өздеріне одан гөрі тәуір келін немесе күйеу бала табамыз деп отбасының шаңырағын шайқалтушылар кейін одан да үлкен келеңсіздіктерге тап болады. Сырттан болған килігулер салдарынан отбасының бұзылуы ажырасудың ең бір қаяулы себебі. Кейде «былай деді», «былай депті» дегеннің себебінен отбасы бұзылады.

Қорыта айтқанда, ажырасудың ұзақ мерзімді өмірлік нәтижелерін жақсылап ой елегінен өткізбей ажырасуға ешқашан шешім қабылдамау керек.

 

Дерек көздері

  • http://www.tuik.gov.tr/PreHaberBultenleri.do?id=519
  • Oсман Aбалы, Гүнүмүз Чожукларына Псикососиял Эткенлер, Aдеда йайынжылык, Станбул, 2008.
  • Хaсaн Aйдынлы, Чожук Эгитиминде сык сорулан сорулар ве жеваплары, Зaмбак йайыневи, Станбул, 2004.

 



Оқи отырыңыз