Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > «Алланың арыстаны» хазірет Али (р.а.) - 2

«Алланың арыстаны» хазірет Али (р.а.) - 2

2016-05-30 3932

Б) Хазірет Әбу Бәкір кезеңінде хазірет Али

 

Ислам тарихында өте маңызды бетбұрыс кезеңі хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние салып, бірінің артынан бірі сан қилы оқиғалар өрбіген тұс болғаны даусыз. Былайша айтқанда, бұл уақыт аралығы тек саяси құрылымдық жағынан ғана емес, сонымен қатар, діни сенім, экономикалық, әкімшілік, әскери, мәдени тұрғылардан да исламның бағыт-бағдары айқындалған кезең. Ең әуелі Алла расулының өзінен кейін мемлекет билігін қолына алар тұлғаны тағайындап кетпегендігі күрмеуі қиын мәселедей көрінген болатын. Мұны әдейі «күрмеуі қиын мәселедей көрінген» деп отырмыз. Өйткені, заман өте келе бұл тағайындау ісінің болмауы Ислам жолында өте қайырлы нәтижелер туындауға себеп болды. Оның үстіне Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Алла өзі уахимен қолдаған жан болатын. Егер ислами мемлекеттік жүйеде тақ мұрагерін сайлау бірден-бір жол болғанда, Пайғамбарымыз әлбетте тағайындап кетер еді. Біршама ишара, тұспал жасаса  да олай етпегендіктен, демек бұл бір негіз немесе мемлекет жүйесінде «болмаса болмайтын» шарт емес деген сөз.

Екінші жағынан, бір мемлекеттің басшысыз қалуы әрі ішкі, әрі сыртқы құрылымда көптеген келеңсіздікке себеп болуы мүмкін үлкен мәселе. Мемлекет тіршілігі қараусыз қалдыруға көнбейді. Іште де, сыртта да бүлікшіл топтар, от салғыш арандатушылар, оның болғанына әрең шыдап жүрген күштер, материалдық тұрғыдан сол аймаққа көз тіккен ашқарақтар ондай мүмкіндікті оп-оңай пайдаланып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да, мұндай жайды бастан өткерген ұлыс өкілдері бір-біріне әдеттегіден гөрі жақынырақ болып, өтпелі кезеңдегі қиыншылықты барынша оңай жеңуге тиіс. Міне, осы және басқа да осындай ойлардың жетегімен ардақты сахабалар Расулалла дүниеден өтісімен, халифа сайлау үшін өзара бас қосып, хазірет Әбу Бәкірді халифа сайлайды.

Енді осы халифа сайлағанда және кейінен хазірет Алидің ұстанымы жайына келсек; хазірет Әбу Бәкірдің жеке өзін баян қылған мақалада да атап өткеніміздей, Бәни Сағыдтың ауласында болған өзара пікір алмасу, талқылау нәтижесінде хазірет Әбу Бәкір халифа сайланады және халық бірінен соң бірі келіп оған ант береді. Бұл уақытта хазірет Пайғамбарды кебіндеп, жер  қойнына тапсыруға дайындау ісімен жүрген хазірет Али мен оның жанындағылар ант ету кезінде ол жерде бола алмады. Көп ұзамай хазірет Фатима хазірет Әбу Бәкірден әкесінің мұрасын талап етеді. Ал Расулала (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Біздің мұрамыз жоқ. Біздің артымызда қалғанның бәрі садақа» (Бұхари, Хумус, l) деген. Хазірет Әбу Бәкір үшін Алла расулының осы сөзінде айтылған жайды орындау міндет әрі борыш еді. Екінші жағынан, хазірет Фатима мен балаларына қарайласу да оған жүктелген арнайы міндет болды. Сол себепті хазірет Әбу Бәкір «Мен хазірет Пайғамбардың ешкімді мұрагер етпейтіндігін естідім. Алайда хазірет Пайғамбар мұқтажын өтеп тұрған жандардың қажетін мен де өтейтін боламын» дейді. Бірақ хазірет Фатима өз талабынан айнымайды. Осы тұста кей мәселелерді айырықша белгілеп атап өткен жөн:

  • Бірінші кезекте бұл хадис Пайғамбарымыздан тек хазірет Әбу Бәкір ғана естіген және тек сол ғана риуаят еткен бір хадис емес. Хазірет Әбу Бәкірмен қатар, Омар ибн Хаттаб, Осман ибн Аффан, Али ибн Әби Талиб Аббас ибн Абдил Мутталиб, Абдуррахман ибн Ауф, Талха ибн Убайдиллах, Зүбәйр ибн Аууам, Сағыд ибн Әби Уаққас, Әбу Хұрайра және хазірет Айша секілді алдыңғы қатарлы сахабалар әр түрлі нұсқада бұл хадисті риуаят еткен. Қысқасы, хадистің нақты айқындығына күмән жоқ.
  • Хазірет Әбу Бәкір Пайғамбарымыздың мұрасын «Хазірет Фатимаға бере алман» дегенде, сол мұрадан Пайғамбардың жұбайы өз қызы хазірет Айшаны да қағып отыр. Демек, хазірет Фатимаға қарсы ұстанған теріс пиғыл жоқ. Мәселе Алла Расулының бұл жайға орай берген бағдарын, былайша айтқанда, өсиетін орындауда болып тұр.
  • Хазірет Әбу Бәкір мемлекет басшысы ретінде хазірет Фатима мен үй ішінің бүкіл қажеттіліктерін өтеуге де уәде беріп тұр.
  • Оқиғаның мән-жайы осы болса, хазірет Фатиманың өз талабынан қайтпауына нендей себеп болуы мүмкін? Баршаға мәлім, олар дүние байлығын көзге ілмеген жандар. Әсіресе, хазірет Фатима. Өйткені, ол Пайғамбар шаңырағында өскен, исламның болашағы жолында неше түрлі қиыншылықты бастан өткерген, азап, бейнет шегіп, жылаумен өмірі өткен жан еді. Бұл жайға қатысты жүргізілген талдау жұмыстары жалпы алғанда үш мәселе төңірегінде топтасады;

    а)  Хазірет Фатиманың бұл хадистен хабары жоқтығы.

    ә)  Бұл хадиске қарамастан, мемлекет басшысы ретінде хазірет Әбу Бәкірдің мұның тілегін орындауға құзыреті бар және сол құзіретін пайдаланбай тұр деп ойлап, сол үшін де талабынан қайтпауы.

    б)  Хазірет Пайғамбардың дүниесіне мұрагерлік жылжымайтын мүлікте емес, қаржы, қор секілді қозғалмалы, тасымалданатын мүлікке қатысты деп ойлады. Ал өзі талап еткен нәрсе болса, Фәдәк танабы мен Хайбардағы жерге байланысты еді.

    Хазірет Фатима мен Хазірет Әбу Бәкір арасында өрбіген бұл оқиға тарихта кереғар пікірлерге жол ашқан. Сахабалар туралы түсінігімізге селкеу түсіретіндіктен, ондай пікірлерді қайталап жатудан келер пайда жоқ деп ойлаймын. Дегенмен, хазірет Фатиманың өзі жөн санаған және дәмеленген нәрсесінің орындалмағанына аздап ренжігені рас. Алайда реніші сол жерде қалып, одан әріге бармады. Айтқандай, қайтыс болмай тұрып төсек тартып жатқанда хазірет Әбу Бәкір хазірет Фатиманың көңілін сұрап барды. Сол кезде өзінің қалын сұрап келгеніне риза кейіп танытады. Бұл тарауды хазірет Әбу Бәкірдің кейінірек осы жайға қатысты айтқан бір ауыз сөзімен түйіндейік: «Дінді қорғау әулет пен текті қорғаудан гөрі маңыздырақ еді».

    Халифа сайлауында хазірет Алидің болмағаны және осы мұрагерлік мәселесі хазірет Алидің хазірет Фатима көз жұмғанша (шамамен 6 айдай) хазірет Әбу Бәкірге ант етпеуіне себеп болған. Оның халифаға ант етпеуі тарих беттерінде кейбіреулердің айтқанындай, оны мойындамағанына, заңды деп қабылдамағанына байланысты емес еді. Егер солай болғанда, хазірет Фатима қайтыс болғасын хазірет Әбу Бәкірге барып ант етпес еді. Өзі жөн санаған бағыттан айнымай, басына қатер төнсе де ақырына дейін күресер еді. Біз білетін хазірет Али сондай жан. Бірақ ол ант етті. Әрі Әбу Суфиянның хазірет Али мен хазірет Аббасқа келіп, «Уа, Али, уа, Аббас! Қалайша халифалық құрайыштың мына қадірі төмен, ат төбеліндей саны аз тайпасының қолына өтті. Аллаға ант етейін, егер біреуің қаласаңдар, Мәдинаны сендерді қолдаушы әскерге толтырамын» деген ұсынысына да қарамайды. Тіпті хазірет Али осы ұсынысты жасаған Әбу Суфияанға былай деп жауап береді: «Уаллахи, мен бұған ешқашан жол бермеймін. Егер біз Әбу Бәкірді осы халифалыққа лайық көрмесек, оңайлықпен ол орынды оған бермес едік. Уа, Әбу Суфиян! Мүміндердің қасиеті адалдық пен туралық. Олар бір-бірінен шалғай аймақтарда болса да, бір-біріне жақсылық тілейді, бірін-бірі жақсы көреді. Іші мен сырты өзгеше болу, жүрегі мен тілі бір-біріне қабыспау, сөзі мен ісі бір-біріне қайшы келу мұнафықтардың қасиеті». Оның аузынан шыққан мына сөздерден соң айтылар не нәрсенің де орынсыз, бұл тұрғыда басқаша пайымдауларды қате деп санаймыз.

    Ант ету ісі былай болған: хазірет Әбу Бәкір мінберде құтбасын оқиды және хазірет Алиге «Уа, Расулалланың көкесінің ұлы әрі күйеу баласы! Мұсылмандардың бірлігі ыдырап, жік-жікке бөлінгенін қалайсың ба?» дейді. Хазірет Али «Уа, Алла елшісінің халифасы! Менің еш шағымым, өкпе-ренішім жоқ» дейді және ант етеді.

    Олай болса, хазірет Алидің жалпы ойы, ұстанымы осындай бола тұра, неге ант етуі 6 айға кешікті деген сауалға жауап іздеген жөн. Бұл жайға қатысты пікір білдірген ғұламалар жалпы алғанда бір ортақ пікірге келеді. Ал бұл хазірет Алидің хазірет Фатима мен хазірет Әбу Бәкір арасындағы оқиғадан кейін жұбайының сезім күйін ескеріп, көңіліне тимеуге тырысқаны және сол себепті де ант етпегендігі.

    Осы жерге дейін айтылғандар баршаға мәлім, әрі жұрт тегіс жөн санайтын жайлар. Алайда Ибн Кәсир «әл-Бидая» атты еңбегінде бұл мәселеге басқаша тұрғыдан келеді және қысқаша былай дейді: хазірет Али хазірет Әбу Бәкірге хазірет Пайғамбар қайтыс болғасын бір күннен кейін ант еткен. Мәселенің ақиқаты да осылай болуға керек. Өйткені, хазірет Али ешқашан хазірет Әбу Бәкірден ажыраған жоқ және ешбір намазда оның артында тұрып намаз оқудан тартынған емес. Хазірет Фатима дүниеден өткен соң берген анты болса, бірінші антын жаңалау әрі ресми дәлелдеу мақсатында болған» (әл-Бидая, 5/ 246).

    Бұған қоса, хазірет Әбу Бәкірдің бұдан кейінгі халифалық кезеңінде хазірет Алидің оған ақырына дейін қолдау көрсеткендігі хазірет Али жайында айтылып келген нәрселердің еш бірі дұрыс емес еместігін көрсетеді.
    Қысқа қайырғанда; иртидад (діннен безу) оқиғалары орын алған тұста дүрбелеңді басу үшін жасақталған әскерді басқарып хазірет Әбу Бәкірдің өзі шығып, жорыққа аттанбақ болғанда, хазірет Али халифа мінген түйенің бұйдасынан ұстап алып былай дейді: «Уа, Алла елшісінің халифасы! Қайда барасың? Мен саған хазірет Пайғамбардың Ухуд соғысы кезінде айтқан сөзін қайталаймын: «Қылышыңды қынына сал және баршамызды айырылысу қайғысына салма». Mәдинаға қайт. Аллаға ант етейін, сенен айрылып басымызға қайғы орнар болса, Исламның мәңгі ынтымақ, бірлігінен айрыламыз». Осы сөзден соң хазірет Әбу Бәкір райынан қайтады (әл-Бидая, 6/314-315).
    Осыдан да байқауға болатыны, егер кейбіреулердің айтқанындай, хазірет Али халифа болуды көздеп, оны заңды деп мойындамаса, осы жайды өз мүддесіне оп-оңай пайдалануына болар еді және халифаның жолына бөгет болмас еді. Анығында хазірет Алидың түпкі көздегені исламның болашағы еді, сол себепті оның соғысқа аттануына қарсылық танытты.

    Бұған қоса, хазірет Әбу Бәкір науқастанып жатқанда, хазірет Алидің жәрдемдескені, өзінің бір ұлына Әбу Бәкір деп ат бергені болмашы, елеусіз болып көрінгенмен, хазірет Әбу Бәкірді заңды деп мойындауы тұрғысында хазірет Алидің ұстанымы мен пікірін көрсету тұрғысынан маңызды. (Сондай-ақ, хазірет Али бұл үмбеттің ең ізгісі хазірет Әбу Бәкір екенін айтқан. Бұл үшін қараңыз: Бұхари, Фәзәилу Асхаб, 4; Әбу Дәуіт, Сүннә, 7. 4629 Ибн Мәжа, Mұқаддима, 11. 106).

    Хазірет Әбу Бәкірдің өмірден қайтқанын білген бойда, хазірет Алидің бас жағында егіле жылап отырып айтқан сөздері халифалық, ант ету, заңды деп тану деген секілділерге сүйеп хазірет Алиге қатысты айтылған алып-қашпа сөздерді түгелдей жоққа шығарар сипатта. Ол халифаның бас жағында жылап отырып оған былай дейді: «Aлланың рақымы жаусын саған, уа, Әбу Бәкір! Aнт етейін, сен елдің бәрінен бұрын исламды қабылдадың. Бәрінен де иманы күшті сен едің. Жүрегіңде Алла қорқынышы сенде бәрінен басым болды және хазірет пайғамбарға ең күшті сенген де сен едің. Хазірет Пайғамбарға көркем мінезде, өнеге көрсетуде, бітім-болмысыңның ұлықтығында бәрінен де артық ұқсаған әрі осыған ықылас танытқан сен болдың. Хазірет Пайғамбарға ең жақын және ең сенімді серігі едің. Алла Тағала исламнан саған ең ізгі марапат берсін! Жұрт хазірет Пайғамбарға сенбеген кезде, сен оны жан жүрегіңмен мақұлдап растадың. Бұл тұрғыда Алла кітабында сені «Сыддық» деп атады және «Ақиқатты жеткізген және ақиқатты жеткізушіні растаушы, тақуалар» деп білдірді. Жұрттың бәрі тайқып шыққан тұста сен хазірет Пайғамбардың көңілін аулап, уайым-қайғысын бөлістің.

    Жұрт отырғанда, сен онымен бірге орныңнан тұрдың. Басқалар одан басын алып-қашқан азапты, қиын күндерде Пайғамбарға дос болып жанынан бір елі ажырамадың. «Екеудің екіншісі» атанып, илахи сөздің құрметіне бөленген, хижрет кезінде Пайғамбарға серік болған, оның көңілін көтеріп, жұбатқан, үмбет арасында оған ең ізгі уәкіл болып халифалық міндетін атқарған сен болдың. Хазірет Пайғамбардың достары босаңдық танытқанда, сен мығым қалпыңнан айнымадың. Басқалар жайбасарлық танытқан кезде, сен суырылып алға шықтың. Басқалардың қолынан келмегенді сен атқардың. Жұрт тосылып, мүдіріп қалғанда, сен нық қадаммен алға бастың. Дымыңды шығармай ең шыдаған да, зор дауыспен қатты сөйлеген де сен едің. Өйткені сен жұрттың бәрінен батыл, істеген ісің көркем еді. Хазірет Пайғамбар айтқандай, сен қара күші аз, бірақ Алла бұйрығын орындауда мығым жан едің. Өз басыңа қатысты мәселелерде кішіпейіл, Алла құзырында айбарлы, жер мен көкке сүйкімді едің. Алла Тағала саған біздің тарапымыздан және Ислам тарапынан ең ізгі қарымта ретінде марапаттасын» (Хaсaн ән-Нәдуи, Хазірет Aли, 117-118).

    Раббым бізге оның өнегелі өмірінен үлгі алуды нәсіп етсін! Әумин!

     



    Оқи отырыңыз