Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Өте ұятты жан – хазірет Осман - 4

Өте ұятты жан – хазірет Осман - 4

2016-04-19 2596

Хазірет Осман кезеңін баяндайтын еңбектерде бүліктер жайын сөз еткенде бірнеше мәселеге тоқталып өтеді.

1) Орталықтан алыс жатқан араб тайпаларының Ислам негіздерін толық түсінбегендігі. Осы себепті үгітке, бөтеннің ықпалына еруге бейім болды. Расында «Бәдәуилер (яғни, көшпенді сахара халқы надандықтары, тиісті тәлім-тәрбие алмағандықтары себепті) күпірлікте және екіжүзділікте өзгелерден асып түседі. Сондай-ақ, Алланың пайғамбарына түсірген үкімдерінің шегін (жөн-жобасын) білмеуді ең көп солардан күтуге болады. Алла – Алим (барлық нәрсені, құлдарының барлық жай-күйін жақсы білетін шексіз ілім иесі) һәм Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі)» (Tәубә сүресі, 97-аят) Немесе «(Бірқатар) бәдәуилер: «Біз де иман еттік», – дейді. Оларға: «Жоқ, сендер әлі иман етпедіңдер. Алайда (Аллаға мойынсұнып) мұсылман болдық деңдер. (Өйткені) иман жүректеріңе әлі ұялай қойған жоқ» – де» (Хужурат сүресі, 14-аят) деген аяттар осының дәлелі. Яғни Құранда баяндалғандай күй кешуде болған төңіректегі араб тайпаларының арасында шыққан бүлік тез етек жайды.

2) Ислам жеңістері хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омар кезінде хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) заманында қаланған негіз бойынша асқан шапшаңдықпен өрге басты. Жеңістер арқасында Ислам туының астына өткен қалалар мен елдердің арасында кешегі бірден-бір күш саналған мемлекеттер де болды. Мәселен, Рим империясының басты аймақтары мұсылмандардың қол астына өтті. Бағынышты христиандар зымми ретінде қаралып, Ислам мемлекетіне салық төлеуге мәжбүр болды. Олардың Ислам мемлекетіне деген өшпенділігі мен дұшпандығы барынша өршіп тұрған еді.

Бұған қоса, олардың теріс ақида мен наным-сенімінен айнымауы және өз мәдениетінен қол үзбеуі де ескерілуі керек маңызды фактордың бірі. Міне, Ислам мемлекетінде қалыптасқан осындай жаңаша ахуалда наразы қауымның да өзіндік рөлі болды.

3) Иран – хазірет Омар заманында бағынған. Бұл ел Рим империясымен қатар әлемнің ең басты күшінің бірі еді. Бірақ олардың римдіктерден бір айырмашылығы көпшілігінің мұсылман болғандығы. Соған қарамастан олар бұрынғы отқа табынушылық кезіндегі наным-сенімінен оп-оңай қол үзе салмаған, оларды таза Ислам ақидасына араластырып қосып жіберген. Заратуштра дініне тән ұстанымдарға көбірек көңіл бөлген ирандықтар тек сол кезеңде ғана емес, тарих бойы сүнни Ислам ақидасына және сол жолды ұстанушыларға теріс пиғылда болып, қашанда дау-жанжалдың бел ортасынан табылған. Кейінірек шиизм ұстанымының солардың арасында жақтас табуы да кездейсоқ оқиға болмағаны анық.

4) Ислам діні пайда болған соң еврейлер араб қауымдарына жүргізген бұрынғы ықпалынан айырылып, экономикалық және әлеуметтік құрылымдарында көптеген өзгерістер орын алған-ды. Исламға дейін экономикалық тұрғыда араб қоғамының ең жоғарғы сатысын иемденген, сауда-саттыққа ептіліктерінің арқасында өз үстемдіктерін жүргізген еврейлер исламнан кейін, әсіресе Мәдина кезеңінде қолдарындағы артықшылықтарынан жұрдай болды. Мәжбүрлі түрдегі салық төлеуден бастап (жизия), келісімді бұзғандары, хазірет Пайғамбарды өлтірмекші болғаны, меккелік мүшріктермен бірігіп мұсылмандарға соғыс ашқаны секілді түрлі себептерге байланысты әуелі Мәдинадан, сонан соң Хайбардан жер аударылған еврейлердің исламға деген өшпенділігі мен арам пиғылы айтарлықтай болатын.

Түп негізі онсыз да бір еврейден шыққан мұндай бүлікшілдер ұйымына өшпенділік сезімі кернеген басқа еврейлердің қолдау көрсетпеуі әсте мүмкін емес.

5) Жаһілдік дәуіріндегі «ағайыншылдық, қандастық» (асабия) ұғымының осы бүлік кезінде қайтадан пайда болуы да мәселенің ауқымын кеңейте түсті. Негізінде Ислам «барлық мұсылман баласы бауыр» деген ұғымды насихаттап, оны қоғамға тірек етіп, мұндай проблеманы жойған болатын. Хазірет Осман заманына дейін бір-екі ұсақ оқиға болмаса, шын мәнінде бауырмалдық ахуалы сақталған еді. Ағайыншылдық ұғымынан туындаған қанды кек, ру-тайпа арасындағы қақтығыс, соғыстар тарих қойнында қалған-ды. Байлық, күш, құрмет дегендер енді туыстық қатынасқа қарамайтын. Тақуалық, діндарлық бірден бір өлшем құралына айналған еді. Ақы иесі адам әлсіз болса да қиналмай өз құқын қорғай алатын және жеңетін.

Алайда белгілі бір уақыттан кейін әлгі жаһілдік ұғым қоғамда қайта жандана бастайды. Құрайыштар мен құрайыш еместердің, хашимилер мен әмәуилердің арасында қақтығыстар орын алады. Және бұл басқа мәселелерге қосылып, хазірет Осман кезіндегі бүлік пен сойқанның бір себебіне айналды.

6) Ислам мемлекетінің күннен-күнге кеңейе түскен жағрапиялық аймағы және бұған қоса арта берген материалдық мүмкіндігі жүйенің көрсеткіші ретінде түрлі себептер арқылы халыққа әсер етті. Ал мұны молшылықтың артқаны, өткендегі қиыншылық пен қорлықтың біткені деп түсінген жөн. Әрине, бұл жаңа ахуал Ислам тараған аймақтарда өмір сүрген мүміндердің дүниеге деген көзқарасына ықпал етті. Босаңсуға жол ашып, дін мұратына деген беріктікті осалдатты. Бойкүйез өмірдің белгілері түгел дерлік жинақтала берді. Мұнымен қатар, кезек қоғамның рухани қуаты болған жетекші, өнеге боларлық тұлғалардың – олардың көбі құрметті сахабалар еді – біртіндеп о дүниеге көшуіне келіп, олардың орны үңірейіп бос қалды.

7) Хазірет Османның мінез-құлқы да бір себеп.

Хазірет Осман өте кішіпейіл, табиғатынан жұмсақ, ешкімнің көңіліне тиіп, ренжіткісі, өкпелеткісі келмейтін жан еді. Оның бұл болмысы еріксіз билік жүйесіне де әсер етті. Оның жаратылысындағы осы күйін жеке бас пайдасы үшін қолданғысы келгендер шықты. Әсіресе, хазірет Османның өзі де шыққан әмәуи руының мемлекеттік деңгейдегі қызметкерлері мамыражай тірлікпен жарыса теріс әрекет жасауда алдыға жан салмады. Ал хазірет Османның ескертулері болса, оларды өзгерте алған жоқ.

Осы жерге дейін аталған жайлардан да байқалғанындай, хазірет Осман кезіндегі бүлік пен тәртіпсіздіктің себептерін тұтас күйінде алып қараған жөн. Әйтпесе кейбіреулер секілді бұл оқиғаларды тек хазірет Османның басшылық осалдығына байланыстыру – сөзіміз орынды болса – оған жасалған ең үлкен қиянат. Бұл жерде хазірет Османның болмысы қалай рөл ойнаса, еврейлер мен христиандардың есе қайтарар сәтті күткендігі, мұсылмандардың молшылық пен бақытқа кенеліп, қайраткерлік түсініктерінің босаңсығандығы да өз рөлін ойнады. Тіпті осы себептер маңыздылығы жағынан жіктеліп, ретке түсірілер болса, хазірет Османның мінезінің кезегі ең соңынан келуі әбден мүмкін. Сондықтан да ой еркіндігі, бейтарап сараптама деген секілділерді желеу етіп, бәрін хазірет Османдай тұлғаға жаба берудің ешбір мәні жоқ. Оның үстіне мұның бізге берері бар деп айта алмаймыз. Ислам алғаш басталған кезде ештеңеге қарамай мұсылман болған, хазірет Пайғамбардың екі қызымен отбасын құрып абырой, мәртебесі артқан, дін жолында үй-ішімен алғаш қоныс аударған, дүние-мүлкінің басым бөлігін діні жолында жұмсаған, бұлардың бәрін былай қойып, Алла расулының өзі барда жәннатпен сүйіншіленген адам жайында сөз қозғап, баға бергенде өте сақтықпен алды-артын әбден пайымдап алған жөн.

 

ж) Шейіт болар алдындағы оқиғалар

Хазірет Османның шейіт болуына алып келген біраз мәселе бар. Соларға қысқаша шолу жасап өтелік: Куфа алауыздық шыққан жер еді. Саид ибн Астың Куфаға әкім сайланғаннан кейін бірде айтқан «Ирак жері – Құрайыштың шаруа қожалығы» деген сөзіне Куфаның ақсақалдары наразылық білдіріп, «Қылышымыздың арқасында бізге Алла нәсіп еткен жері неге Құрайыштың шаруа қожалығы болуы керек екен» дейді. Осыдан дау-дамай ұлғайып, бүкіл Куфа халқына тарайды. Ақыры халифаның бұйрығымен бүлікті бастаушылар Шамға жер аударылады[1]. Осы оқиға Куфадағы бүліктің бастамасы ретінде мойындалғанмен де, бұдан бұрын айтылған басшыларды алмастыру оқиғасында да байқалғандай, билікті жақтырмау, бүлік, қақтығыс тәрізділер құдды куфалықтардың табиғатына тән нәрседей көрінеді. Хазірет Али кезеңіндегі оқиғаларда Куфа мен куфалықтардың орны, олардың хазірет Хүсейін Кербалада шейіт болғандағы рөлі ескерілген жағдайда, менің ойымша, бұл пікірді құптамайтын жан қалмайды. Хазірет Осман куфалықтардың әуелі Шамға, сосын Хымысқа жер аударылғанына қарамастан, дау-жанжал арта түскендіктен, Мәдинаға барлық әкімдерді алқа кеңесіне шақырады. Осы бас қосуда бәрі тыныштықты сақтап қалу жолында амал іздеп түрлі ұсыныстар айтады. Соңында Абдуллаһ ибн Амирдың халықты жихадқа жұмылдырып уақыт ұту керек деген ұсынысы қабылданады. Сонымен қатар, Куфа халқын жуасыту үшін қаржы бөлуді тоқтататын болып шешім шығарады. Алайда бұл хабар Куфада қайтадан дүрбелең белең алып, бүліншіліктің одан әрі жандана түсуіне түрткі болады.

Бұл дүрбелең Куфа әкімі Саид ибн Астың қызметінен алынып, орнына Әбу Муса әл-Әшғаридың тағайындалуы арқылы тоқтатылады. Бүлікшілердің қалауы бойынша Саид ибн Асты қызметтен алу негізі олардың дегеніне көнумен тең еді. Бұл жайт басшылықтың осалдығына ешқандай дәлел болмаса да – өйткені ахуалды анық, дәл білмейміз – бүлікшілерге күшті дем бергені анық.

Куфадағы осы оқиға Ислам мемлекетінің басқа жерлерінде бүлік шығаруға сайланып жүрген адамдарға күш, қолдау болды, жігерлендіре түсті. Расында аталмыш жайлардан соң жан-жақта халифа хазірет Османға наразы адамдар өз ойларын ашық айтып, нағыз саяси бірлестіктей болған ұйымдасқан топтармен бірлесе әрекет етуге кірісті. Олар түгелдей билікке наразы қызметкерлерге қосылып, билікке жақ қызметкерлердің қате-кемшіліктерін әсірелей таратып, жала жауып, нақақтан кінә артты. Қысқасы, бүкіл Ислам елдерінде – толық болмаса да Шам ғана қосылған жоқ – бүлік оты лап етуге дайын еді.

Бұдан кейін хазірет Осман мән-жайды анықтау үшін жан-жаққа бақылаушылар жібереді. Олар жеткізген мәліметтерді тексереді. Бірақ Мысырдан өзге өңірлерден жағымсыз ақпар келіп түспейді. Халықтың Алла мен пайғамбарына сенімі күшті екендігі баяндалады.

Осы кезде қажылық мерзімі таяйды. Әдеттегідей барлық аймақ басшылары халифамен Меккеде кездеседі. Жиылған алқа кеңесінде бәрінің ой-пікірін тыңдаған хазірет Осман жиынды былай деп аяқтайды: «Ой-пікірлеріңді ортаға салдыңдар. Бәрі өз ойын білдірді. Не нәрсенің де өз қақпасы болады. Жабық қақпалар ашылады, мына үмбет жайлы неден қорықсақ, сол келеді. Aлланың көрсеткен шегінен аспайық, әлгі қақпа ашылғанда ешкім маған қарсы дәлел сөз таппайтын болсын! Aлла біледі, адамдарға жақсылық жасауда ешқашан тартынған емеспін. Бүлік оты маздап тұр. Бүлік қақпасы ашылмай тұрып Осман о дүниелік болса, маған бақыт сол! Мұсылмандарды сабасына түсіріп, құқығын таптамауға тырысыңдар»[2]

Қажылықтан қайтарда Шам әкімі Мұғауия Мәдинаға соғады. Бұл кезде хазірет Зүбәйр ибн Аууам, хазірет Талха ибн Убәйдуллах, хазірет Али тәрізді озық сахабалармен кеңес өтіп, ой-пікірлер әлі талқыға түсіп жатқан болатын. Мұғауия осындай жиынның біріне қатысады және қатты-қатты сөйлеп, өз айыптауларын айтады. Хазірет Али оған қарсы сөйлейді. Хазірет Осман араласып, хазірет Али сөз еткен әмәуилер әулетінен шыққан Абдуллаһ ибн Халид алған елу мың мен Мәруан алған он бес мың дирхамның алынып қазынаға кері қайтарылатындығына уәде еткен соң жиналыс аяқталады. Алайда Мұғауияның жалпы Мәдинадағы ахуалға көңілі толмаған еді. Ойы озық әрі алғыр саясаткер Мұғауия хазірет Османға екі ұсынысын білдіреді. Біріншісі – ол кісіні Шамға алып кету. Бұдан бас тартқан жағдайда күзет жасағы ретінде Шамнан Мәдинаға әскер жіберу. Хазірет Осман бірінші ұсынысқа «басым кетсе де, Пайғамбар мекенін ештеңеге айырбастай алман», ал екінші ұсынысқа «Пайғамбардың көршілерін қиын жағдайда қалдыра алман» деп екеуінен де бас тартады. Мұғауия «Сені онда өлтіреді ғой» дегенде, «Маған Алла жетеді, Одан асқан бақылап, бағалаушы жоқ» деп жауап қатады[3].

 

з) Шейіт болуы

Бүлікшілер ұйымдасқан топтары арқылы бір-бірінен хабар алып, байланыстарын үзбей әрекет ете алатын. Әрине, бұл ұйымдасқан әрекеттер «бұзу оңай» деген тәрізді үндеулер тастап, ел тұтастығына зиянын тигізер нәтижелер бере бастайды. Ақыры Мысыр, Басра және Куфа аймақтарындағы бүлікшілер қажылық парызын өтеу үшін жолға шығады. Негізі олардың басты мақсаты халифаны орнынан алу еді. Мысырлықтар хазірет Алидің, басралықтар хазірет Талханың, ал куфалықтар хазірет Зүбәйрдің халифа болғанын қалады. Бәрі хазірет Османды орнынан түсіруге келгенде бірауызды болды. Бұл кісілер Мәдинаға кіріп, алдыңғы қатарлы сахабалармен сөйлесуге рұқсат сұрады. Талаптары орынсыз саналып, қалаға кіруге рұқсат берілмеді. Дегенмен олар оңайшылықпен өз ойынан бас тартар адамдар емес еді. Өйткені шын бекініп келген болатын. Ақыры Мәдинаға кірмей кері қайтатындай ыңғай танытады да, түн жамылып ойламаған жерден Мәдинаға оралып, халифаның үйін қоршауға алады. Қоршау бірнеше күнге созылады. Араға түскен адамдардың бітімге шақыруы еш пайда бермейді. Тіпті қоршау күн өткен сайын қатайып, бүлікшілер халифаны намазға да шығармады. Намазды Әбу Әйюб әл-Әнсари мен хазірет Али оқыта бастайды.

Ақыры хазірет Али араласып, бүлікшілер жамандық санаған нәрселер жойылып, оларға ұнамайтын қызметкерлер үш күн ішінде орындарынан алынатын болып, бұдан кейінгі тағайындауларда Алланың кітабына, Расулының сүннетіне сай әрекет ететін болып талаптары орындалған соң, бүлік басылады, қоршау ашылып, олар Мәдинадан шыға бастайды.

Тек бұдан кейін күтпеген, жайсыз жағдай орын алады. Қабылданған шешім бойынша Мысыр әкімі Әбу Сәрхтің орнына Мұхаммед ибн Әби Бәкір тағайындалуы керек еді. Мысырлық бүлікшілер Мәдинадан үш күндік жерге барғанда бір зәңгі құлдың Мысыр әкіміне хат апара жатқанын естиді. Хатты хазірет Осман жазып, мөрлегендей болады. Ал хатта Әбу Сәрхке «Мұхаммед ибн Әби Бәкір мен серіктерін дарға асуға бұйырған». Бұл мәселені барынша ушықтырып, мысырлық бүлікшілер дереу Мәдинаға қайтып келеді. Хазірет Али бастаған алдыңғы қатарлы сахабаларға хат жайын айтып береді. Хазірет Османға барып мән-жайды сұрағанда «түйе мен құл өзінікі екенін, хаттан хабары жоқ екендігін» айтады. Жүргізілген тексеруден соң хатты Мәруанның жазып, мөрлеткені мәлім болады, бүлікшілер бұған «саған айтпай адамдарың мұндай іске қалай барады» деп, халифаны қыспаққа ала бастайды. Және «егер хатты жазған және жаздырған сен болсаң, осы қазір халифалықтан түсіруге лайық іске барғансың. Өйткені кінәсіз қаншама адамды өлтіруді ойладың. Егер хатты жазған және жаздырған сен болмасаң, бұл әрекеттен мемлекет басшылығында әлсіздігің көрініп тұр. Мұндай жағдайда да халифалықтың сенің қолыңда қалуы дұрыс емес. Олай болса, өзің халифа орнын босат, биліктен кет» дейді.

Хазірет Осман: «Мен Алланың бұйрығымен мойныма алған халифалық қызметімді тастап, биліктен кете алмаймын! Бірақ қате, кемшіліктерім үшін тәуба етемін» деп жауап қатады. Бұған бүлікшілер «Бұдан бұрын да сенің істеген қателеріңе куә болдық. Тәуба етесің, кейін тағы қайталайсың, бәрібір қателік жасайсың. Сені орныңнан алғанша яки өлтіргенше бізге кедергі болғысы келетіндер шықса, сенен құтылмай тұрып бірінші солардан құтыламыз» дейді. Хазірет Осман бұған «Алланың маған берген халифалығын тастағанша өлгенім артық. Ал жанжал мен қақтығысқа келсек, мен ешкімге сендермен соғысыңдар деп бұйрық берген жоқпын. Сендермен ұрысып жүргендер мұны менің бұйрығымсыз істеп жүргендер» деп жауап береді.

Айтыс-тартыс одан әрі ұзап, мысырлықтардың арсыздығы арта түсер ме еді. Бірақ хазірет Али мысырлықтарды халифаның алдынан алып шығып, өзі үйіне қайтады. Онымен бірге келген сахабалар да үйлеріне оралады[4].

Осы кезде Мұғауияның мұның алдында айтқан күзет жасақтарын Шамнан шақыртады. Алайда тым кеш болады. Халифаны өлтіруден басқа ештеңе ойламаған бүлікшілер қайтадан үйін қоршап, сыртқа шығуына мүлде мұрсат бермейді. Тіпті ішер су да бергізбейді. Хазірет Алидің ұлы хазірет Хасан, Абдуллаһ ибн Аббас, Мұхаммед ибн Талха және Абдуллаһ ибн Зүбәйр халифаның есігін күзеткенмен, қолдарынан келер еш дәрмен болмайды. Хазірет Али, Әбу Хұрайра, Талха, Зүбәйр секілді сахабалардың айтқан үгіт-насихатынан оң нәтиже шықпайды.

Содан хазірет Осман үйінің төбесіне шығып бүлікшілермен тілдесіп, артынан шейіт болғанға дейінгі оқиға былай өрбиді:

–   Сендерден сұрайтын кей нәрселерім бар, Алла үшін жауап беріңдер. Алла расулы Мәдинаға ықыласы ауып келгенде, Мәдинаның төңірегінде Румә құдығынан басқа тұщы су жоқ еді. Ал мен сол суды өз қаржыма сатып алып мұсылмандарға тарту етпедім бе?

–   Иә, еткенсің.

–   Енді мені сол құдықтың суынан мақұрым етіп, үйдегі құдықтың ащы суымен ауыз ашуға мәжбүрлеу адамшылыққа жата ма? Алла үшін жауап беріңдер! Және де Алла үшін айтыңдар, мен өз қаржыммен кей жер танабын мешітке қосып бермедім бе?

–   Иә, сөйттің.

–   Демек, мұны мойындайсыңдар ғой? Мен туралы Алла расулының жақсы пікірде болғаны жайлы оқиғаларды естімедіңдер ме?

–   Иә, естідік.

Бұл тілдесу кей бүлікшілерге әсер етеді, бірақ куфалық Әстәр Нәхаи секілділер оны дереу жоққа шығарып үлгіреді.

Хазірет пайғамбардың жұбайы Үмму Хабиба (р.а.) қашыр мініп халифаның үйіне келеді, үйіне кіргісі келеді, бірақ бүлікшілер көліктің айылын қиып, сілкілеп жібереді. Асхабтың арасынан біреулер оны ұстап, үйіне апарып салады.

Халифа тағы бір күні үйінің төбесіне шығып, қамап ұстауларының орынды дәлелі жоқ екенін, өлтіретіндей шариғатқа сай негіз жоқтығын, өлімге лайық жауыздық іс қылмағанын, сондықтан мұндай іске бармауларын ескертеді. Алайда бірде-бір насихатқа құлақ қоймаған ылаңшылар мұны да тыңдамайды. Оның үстіне бұдан әрі аймақтарда немесе Мәдинаның ішінен өздеріне қарсы әр түрлі әрекеттер болуы мүмкін екендігін ойлап шаруаларын тездетуге кіріседі. Халифаның үйін күзетіп тұрған жасақшылармен шайқасады. Хасан ибн Али (р.а.) халифа есігінің алдында бүлікшілермен соғысып, бетінен жарақат алады. Араларында Мұхаммед ибн Әби Бәкір де бар бірнеше содыр іргелес үйдің төбесіне шығып, одан халифа отырған үйдің алдына түседі, ішке кіреді.

Мұхаммед ибн Әби Бәкір халифаның сақалынан алып жұлқылайды. Хазірет Мұғауияның, Ибн Әби Сәрхтің және Ибн Амирдің қазір қол ұшын бере алмайтындығын айтады. Бұған халифа «Әкең сенің мына түріңді көрсе, қандай наразы болар еді, әй, бауырымның ұлы!» дейді. Мұхаммед ибн Әби Бәкір сәл ойланып ақылға келеді. Халифаға одан әрі ештеңе істемей есіктен шығып кетеді.

Хазірет Осман сол күні аузы берік болған және дәл сол уақытта Құран оқып отырған. Ішке содырлар кіріп келгенде «Егер мені өлтірсеңдер, төбелеріңнен төнер қылышты өздерің сайлайсыңдар. Сосын Алла алауыздықтан мәңгіге арылтпайды» деген екен.

Алайда қандай сөз де оларды бетінен қайтара алмады. Хазірет Османның үйіне алғаш боп кіргендердің бірі Кинанә ибн Бишр қолындағы темірмен халифаның басынан ұрады, Судан ибн Хумран деген бүлікші болса, қылышын ала ұмтылады. Халифаның жұбайы Наилә ханым қолымен көлегейлеп ерін қорғаштамақ болғанда қылыш саусақтарын шауып түсіреді. Хазірет Османның басынан, маңдайынан сорғалаған қан оқып отырған Құран бетіне тамшылайды. Кинанә ибн Бишр ұрып жатқанда, танымал бүлікші әл-Ғафики деген мысырлық одан қалыспай қолындағы қылышпен халифаны осып-осып жібереді. Халифаның қызметшілері содырлармен қанша шайқасқанмен қолдарынан ештеңе келмейді. Риуаят бойынша шейіт боларынан бір күн бұрын көрген түсінде Пайғамбарымыз хазірет Османға «аузыңды бізбен бірге ашасың» деген екен.

Табари мен Ибн әл-Әсирдің айтуынша, қылмыскерлер «Судан ибн Хумран, Куәйрә және әл-Ғафики» деген содырлар. Хазірет Осман жан тәслім етерде, риуаят бойынша мына аяттарды оқыған:

«Фәсәйәкфикәһумуллаһ! – Оларға қарсы Алла саған жеткілікті»[5].

Бұл оқиға 18 Зилһижжә, 35 жылы Жұма күні орын алған. 12 жыл халифалық атқарған хазірет Осман шейіт етілгенде 82 жаста болған екен.

Хазірет Али, Талха және Зүбәйр (р.а.) хазірет Османның қаза тапқан хабары жеткенде: «Бәріміз Алладан келдік, қайта Aллаға ораламыз. Aлла Османға қайырын берсін және жар болсын!» дейді. Мәселе бұлай болған соң ол кісілер ештеңеге араласпай үйлеріне қайтады. Бүлікшілер хазірет Османның үйін тонайды. Сосын мемлекет қазынасына қол түсіріп, талан-таражға салады. Mәруан, Уәлид және Саид секілді Үмәйя әулетінен шыққан кей кісілерді іздестіреді, бірақ таба алмайды. Өйткені олар қашып, тығылып қалады[6].

Aлла сахабалардың бәріне рақым етсін!

 


[1] И. Әсир, әл-Kамил, 159

[2] И. Әсир, әл-Kамил, 3/162

[3] И. Әсир, әл-Kамил, 3/163

[4] И. Әсир, әл-Kамил, 3/174

[5] Х. Aлгүл, aтал. eңбек, 438-439

[6] И. Әсир, әл-Kамил, 3/187



Оқи отырыңыз