Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Өте ұятты жан – хазірет Осман (р.а.) - 3

Өте ұятты жан – хазірет Осман (р.а.) - 3

2016-03-31 3587

Хазірет Осман кезіндегі қоғамдық береке мен байлықтың кейіннен Османға қарсы бүлік пен сойқан себептерінің бірі болғаны анық. Өйткені, береке, байлықпен бірге ысырапшылдық пен азғындық та белең алған. Бұдан өзге мына себептерді де ескеру қажет.

1) Ардақты пайғамбардың кезінде өмір сүріп, одан әсер, өнеге алған, көрсеткен жолын өмірлік ұстаным ретінде таныған ұрпақ бүкіл үмбетті басқаруға шамалары жетпес күйге түскен; жастары егде тартып, тыныш өмірге көшкен-ді. Олардан кейінгі ұрпақ болса, өздеріне дейінгі көптеген қасиеттер мен амалдарды жоғалтты.

2) Әбу Бәкір мен Омар кезінде Ислам бірлігі, мұсылман бауырластығы бар нәрседен жоғары саналды, адамдар мен рулар арасында теңдік сақталды. Ал хазірет Осман кезінде Құрайыш тайпасының жастары өздерін басқалардан үстем, ерекше мәртебелі санап, оларды өздеріне қызметші, құлдай көріп, өзге ұлттардың ашу-ызасын тудыра бастады. Барлық жеңістің жалпыға ортақ екендігін ескермейтін болды.

3) Хазірет Осман кезінде мұсылмандардың жеңісі бір жағы Кабул, екінші жағы Марракешке дейінгі аймақты қамтыды. Әр түрлі дін ұстанатын халықтар қоныстанған бұл аймақтарда тезірек Ислам билігінен қол үзуді көздеген қозғалыстар, қастық әрекеттер, бүліктер ұйымдастылды.

4) Хазірет Осман өте момын, ешкімге қиянат етпейін жан болған. Жазықты, кінәлілерді қудалай бермеген, кешіріммен қараған. Арам ойлы адамдар оның осы рақымдылығын жамандық пен бұзықтықтың құралы ретінде пайдаланған.

5) Хазірет Осман әулетіне берілген жан болған. Әулетінің берекесін ойлайтын. Сол себепті Әмауилерге жақсылық жасаған, оларды мүмкіндігінше байлыққа кенелткен. Ал бұл әрекеті ел арасында мұқтаж және лайықты жандардың үлесіне тиесіліні өз әулетіне тарқатқандай болып жайылып, нәтижесінде бұл да хазірет Османға қарсы наразылық отын тұтатады.

6) Нағыз биліктің адамы болған хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омар өздері басқарған мемлекеттің бүкіл құрылымдары мен қызметкерлерін қатаң бақылауда ұстады. Олардың барлық бұйрығы дереу орындалып, берген нұсқаулары риясыз жүзеге асатын. Хазірет Осман болса, момын адам болғандықтан қызметкерлердің көп ісіне көз жұма қарайтын, сөйтіп олардың өз ырқына көнбеуіне түрткі болды. Өзгелерден гөрі өзінің туыстарына сөзім өтімдірек болар деген оймен қызметке соларды пайдалану саясатын ұстанды, сөйтіп біраз адамның көңілін қалдырып, наразы топтың қатарын көбейтті.

7) Азат етілген аймақтардағы өзге ұлттардың арасында арандатушылар пайда болып, олар неше түрлі топ ұйымдастырды.

8) Мұсылман емес әйел алып, солардан балалы болған адамдардың ұрпақтары алған тәрбиенің әсерімен бүлік пен араздықты жақтады (Aхмед Нәдуи, Aсры Сaaдәт, 280; жаңа басылым: 1: 336337). Міне, осы секілді басқа да мәселелер жинақтала келе, Ислам тарихында бұрын-соңды болмаған оқиғалар бой көрсете бастайды. Хазірет Осман шейіт болғанға дейін жалғасқан бұл мәселелерге жалпылама бір шолу жасап көрелік.

 

8. Бүліктердің себептері

а) Аймақ басшылары мәселесі

Хазірет Осман халифалығы кезінде түрлі себептермен кей аймақ басшыларын қызметінен алып, орнына басқаларды тағайындаған. Алайда осыған орай және жаңа басшылардың жеке басына байланысты бұл жай халық арасында әр қилы өсек-аяңның шығуына түрткі болады. Бүлікшіл, арандатқыш топтардың мұны одан әрі қоздыра түсуі мәселенің жалпылық сипат алуына әкеп соқтырды. Енді осы жаңадан басшы тағайындау оқиғаларының кейбірін мысал ретінде атап өтелік.

1. Уәлид ибн Уқбаның тағайындалуы

Хазірет Омар кезінде Куфа әкімі Сағыд ибн Әби Уаққас болған. Ол бірде мемлекеттік қаржы мекемесінің өкілі Абдуллаһ ибн Мәсудтан қарыз алады, бірақ қарызын қайтаруы керек уақытта қайтара алмайды. Ибн Мәсуд хазірет Сағыдтан ақшаны қайтаруын талап ету салдарынан араларында кикілжің туындап, бұл Куфа халқына өз әсерін тигізеді. Халықтың бір бөлігі әкімді қолдаса, енді бір бөлігі Ибн Мәсудты жақтайды. Ал бұл әуелі жік-жікке бөлінуге, сосын жанжалға себеп болады. Бұл жай халифаға дейін жетеді. Ал ол хазірет Сағыд ибн Әби Уаққасты қызметінен алып, орнына Уәлид ибн Уқбаны тағайындайды. Сағыд ибн Әби Уаққас исламға зор еңбегі сіңген кісі болатын. Жәннатпен сүйіншілегендердің бірі болғандығы оның ерекше ізгі жан екеніне дәлел. Жеке бас ізгілігімен қатар екі халифа кезінде бейбіт өмірде болсын, әскери салада болсын айтулы қызметтері арқылы көпшіліктің жоғары бағасын алады. Осындай қасиеттерге ие әрі қалың көпшілік құрметтеп, мәртебесі асқан адамның қызметінен алынып, орнына оған мүлде тең емес біреудің басшы тағайындалуы халық арасында болсын-болмасын өсектің өрбуіне себеп болады. Алғашында бұл жағдай билікке бағынбауға себеп болмағанмен, осындай оқиғалардың елдің тағы басқа жерлерінде бой көрсетуі халифат орталығына және оның өкілі хазірет Османға қарсы әрекеттердің туындауына әкеп соқтырады.

1.1. Мысыр уәлаяты

Тарихта аты Мысырды бағындырушы ретінде қалған Амр ибн Ас хазірет Омар кезінен Мысыр әкім қызметін атқаратын. Хазірет Осман халифа болғаннан кейін көп кешікпей Абдуллаһ ибн Әби Сәрхті қаржы істерін бақылаушы етіп Мысырға жібереді. Бәлкім, басшылыққа қажеттіліктен туындаған бұл жаңа тәртіп бойынша  Абдуллаһ ибн Әби Сәрх қаржы саласына, ал Амр ибн Ас болса, әскери салаға жауапты болды. Алайда, бәрі ойдағыдай бола қоймады. Уақыт өте келе екеуінің арасында келіспеушіліктер орын ала бастады. Бұл жайт түйткілді мәселе ретінде хазірет Османға жетеді. Ал ол Амр ибн Асты қызметінен алып, әскери де, әкімшілік те билікті Әби Сәрхке беріп,  Мысыр билігін жалғыз соған тапсырады. Дегенмен жаңа әкімнің өткен өмірінде исламға шын берілген адамдар бірден жақтыра қоймайтын бір мәселе бар болатын. Ол хазірет Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хатшылығын атқарғанына қарамастан, діннен айнып, Мәдинадан Меккеге қайтып келген. Алла Расулы өлтіруді бұйырған адамдар тізімінде болған Ибн Әби Сәрх Мекке азат етілген кезде хазірет Османның бітімгері болып, өзі қайтадан мұсылмандардың қатарына өтіп ажалдан аман қалған болатын. Міне, осы Ибн Әби Сәрх мұсылман болғаннан кейін Ислам жолында бұрын ерен еңбегі сіңген Амр ибн Астың орнын алуы халық арасында онша жылы қабылданбады. Хазірет Османға қарсы өсек-аяң түрінде басталған қарсылық келе-келе бүлікшіл бұзақылардың араласуымен нақты қимыл-қозғалысқа ұласты.

1.2. Куфа уәлаяты

Бұдан бұрын Сағыд ибн Әби Уаққастың Куфа әкімдігінен алынып, орнына Уәлид ибн Уқбаның тағайындалғандығын айтқанбыз. Алайда, Уәлид шарап ішетін адам болған. Бұл жаман әдеттен бір түрлі арыла алмайды. Арыз-шағымның халифаға дейін жетуі және Уәлидтің мас күйінде жұрт көзіне түсуі салдарынан хазірет Осман оны қызметінен алып, орнына Саид ибн Асты тағайындайды (Ибн Әсир, әл-Камил, 3/100). Қызметте болған кезінде халық онша жақтырмаған Уәлидтің тағы бір ерекшелігі – оның Құрайыш мүшріктерінің бір басшысы болған Уқба ибн Әби Муайттың ұлы болғандығы. Алла расулы Қағбада намаз оқып отырғанда түйенің лас ішек-қарнын үстіне лақтыратын және «қауымның жексұрыны» атанған Уқбаның баласы болғандығы Уәлидтің ең үлкен кемшілігі еді. Ол қанша жерден әкесінің істегендері үшін жауапты болмаса да, сондай тектен шыққандығы халықтың оған деген көзқарасын қалыптастырған.

 

б) Африка олжалары

Абдуллаһ ибн Әби Сәрх Африкада жеңісті жорықтар жасап, мол олжаға кенеледі. Бұл олжаның бестен бірін Мәдинаға жөнелтеді. Біраз затты үлестіру кезінде қиындық туындағасын көпшіліктің бәс саудасына салады. Бұлар бәс саудада халифаның хатшысы әрі ағасының ұлы Мәруан ибн Хакемге тиеді. Мәруан төленетін соманың бір бөлігін береді, қалған бөлігі оған тарту етіледі. Мұнымен қатар, Ибн Әби Сәрхке Ифриқия уәлаятының кірісінің бестен бірі беріледі. Бұған қоса, Мәдина базарының ұшыр салығы әл-Хариске, хазірет Пайғамбардың қорындағы Фәдәк танабы эмиратқа тиесілі мүлік ретінде жалға беру есебімен Мәруанға беріледі. Ибн Әби Сәрх те, Мәруан да, әл-Харис те әмәуи болғандықтан, бұл жеңілдіктерді қарсыластар халифаға қарсы сыпсың сөзге арқау етеді. Бірақ мұның барлығынан материалдық тұрғыда пайда көрген Ибн Сәрх, Мәруан және әл-Харис әмәуилер әулетінен шыққандықтан, хазірет Османға қарсы өсек-аяңның арта түсуіне себеп болады. Осы тектес нәрселер қарсыластар жағының нағыз іздегені еді. Олар мұны тиімді пайдаланып, хазірет Османға қырын қарайтын жақтың қатарын көбейтуге күш салады.

 

г) Хазірет Пайғамбардың мөрінің жоғалуы

Алла расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көзі тірісінде шет ел басшыларына исламнан хабар беретін хат жазып, жіберіп тұратын. Айналасындағы адамдардың мөрсіз хаттың дәстүрге жат деген сөздерін ескерген Пайғамбарлар сәруары (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бетіне «Mұхаммедүн расулуллаһ» деп жазылған жүзік соқтырады. Шет елдік басшыларға жіберген хаттарының астына осы мөрді басатын болады. Пайғамбарымыз қайтыс болған соң мөр әуелі хазірет Әбу Бәкірге, кейін хазірет Омарға және одан соң хазірет Османға өтеді. Хазірет Осман халифалығының алғашқы алты жылында осы мөрді пайдаланады. Алайда бір күні Әриш құдығының шетінде отырып жүзікті саусағынан шығарып, ойнап отырғанда қолынан түсіріп алады. Қанша іздегенмен жүзік табылмайды. Осы жайды да хазірет Османға жауыққан адамдар оған қарсы айғақ ретінде пайдаланады.

 

д) Әбу Зәрр оқиғасы

Әбу Зәрр Ислам сапына бесінші болып кірген мұсылман болатын. Ол хазірет Пайғамбардың 23 жылдық пайғамбарлық кезеңін, хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омар кезеңдерін басынан өткерген. Арада өткен 35 жылдық мұсылмандық өмірінде көп нәрсе өзгергенмен, Әбу Зәрр еш өзгермейді. Тіпті оның діндарлығы мен тақуалығы барған сайын тереңдеп, бұл дүниеге деген көзқарасын өзгерткен. Әйтсе де, бір жағынан үздіксіз жеңісті жорықтар нәтижесінде барған сайын байи түскен Ислам мемлекеті тұрды және елдің баюы Ислам қағидалары аясында әлеуметтік теңдік ұғымының бір көрсеткіші ретінде халыққа да әсер етті. Екінші жағынан бұл материалдық байлықтың рухани өмірде кері кетушілікке жол ашқаны дау туғызбас ақиқат шындық болатын. Енді дүниеге көзқарас өзгеріп, қажетінен артық алтын мен күміс қор яки қаржы жию мақсатында жинақтала бастайды. Міне, осы жаңаша жағдай хазірет Пайғамбар кезін көрген, әрі сенім ұстанымынан еш айнымаған Әбу Зәррдің түсінігіне қайшы келеді. Бүлікшіл топтардың ушықтыруымен, тіпті нақты қолдауының нәтижесінде ол әуелі Шам әкімі Мұғауия ибн Әбу Сүфиянға барып, бұған жол бермеуге шақырады. Оның ойынша, алтын, күмісті қазына қылып жиып, Алла жолында сарп етпегендер аятта айтылғандай ауыр азапқа душар болмақ (Тәубә сүресі, 34, 35-аяттар). Хазірет Мұғауия бұл жайды хазірет Османға жеткізеді. Хазірет Осман Әбу Зәррді Мәдинаға шақыртады. Оған «Уа, Әбу Зәрр! Жұртты тақуалық өмірге күшпен итермелеп, сондай тірлік кешуге қинап көндіру мүмкін емес. Менің міндетім: қол астымдағыларға Алланың  жолымен билік ету, оларды әділ болуға және шектен шықпауға шақыру» дейді. Бірақ Әбу Зәрр өз ойын халифаға тартынбай айтады. Ақыры Әбу Зәрр Мәдинадан көшіп, басқа бір жерге барып тұруға халифадан рұқсат сұрайды. Ол болса, бір көле (үйір) түйе, жеткілікті қылып азық-түлік және қасына екі қызметші беріп Рабазаға аттандырады. Хазірет Мұғауия да Шамдағы Әбу Зәррдің отбасын Рабазаға жолдайды. Бірақ бұл оқиға кейінірек хазірет Османға қарсы қолданар бір айғаққа айналады. Хазірет Пайғамбарға серік болған, алғашқы мұсылмандардың бірі болған және Ислам жолында қанша азап шегіп, қиыншылық тартқан Әбу Зәррді Рабазаға хазірет Осман жер аударған болып шыға келеді. Расында оқиға мүлде олай болмаған. Әбу Зәрр өзінің ой-сезімімен және наным-сенімімен мына қоғамда өмір сүре алмаспын деген оймен халифадан басқа жерде тірлік кешуге рұқсат сұрап, оның келісімін алған болатын. Бұл жөнінде хазірет Османның рұқсат беруіне қатысты Жәудат паша былай дейді: «Хазірет Османды осыған орай кінәлі санайтындар бар. Олар хазірет Әбу Зәрр секілді мүбәрак жанды Шамнан Рабазаға жер аударған дейді. Ау, әділін неге айтпаймыз?! Хазірет Османның мұндағы кінәсі не? Хазірет Әбу Зәрр жұрттың бәрі бір үзім нан мен бір киер киімді қанағат етіп, мұсылмандардың артық дүние-мүлкін Алла жолында жұмсауын талап ететін. Бұл өте тамаша талап. Уағыздаушылар адамдарды осылай қайырымдылық жолына түсіре алады. Алайда билік бұл тұрғыда адамдарды мәжбүрлей ала ма? Мал-мүлкінің зекетін беруші мұсылманға «мүлкіңнің қалғанын садақаға бер» деп қинау мүмкін бе? Хазірет Османның қолынан не келеді? Халық байыды, молшылыққа кенелді, өркениеттің рақатын көрді. Адам пенде ғой, көңіл көтеру, ойын-күлкі белең алды».

 

е) Ибни Сәбә оқиғасы...

Абдуллаһ ибн Сәбә Саналық еврейлер әулетінен шыққан. Хазірет Осман заманында мұсылмандығын жария етіп, кейінірек ел арасына тараған ой-пікірлері арқылы Ислам қоғамын бей-берекетсіздікке ұрындырады. Хазірет Осман шейіт болумен аяқталған бүліншілік оқиғалардың бастамасы Ибн Сәбәдан, соның ой-пікірлері мен сол құрған астыртын ұйымнан шыққан. Ол төменде баяндалар пікірлерін кезегімен Басра, Куфа және Шамда ел арасына таратуға тырысқан, ол жерлерде өзін қолдар адам таппағасын, Мысырға қоныс аударады, астыртын жұмысын сонда жалғастырады. Мысыр халқының бұрынғы Қыпти мәдениетінің ықпалынан әлі арылмағандығын, исламды мәдиналықтар деңгейінде түсінбегендігін және Мысыр әкімі Абдуллаһ ибн Әби Сәрхтің басшылық беделінің онша болмағандығын Ибн Сәбәнің Мысырда орнығып қалуына себеп болған жайлар ретінде санауға болады. Ибн Сәбә ең әуелі «рижат» жайында пікірін ортаға салады. Рижат – хазірет Исаның дүниеге қайта келетіне сенім дегенді білдіреді. Христиандардың басты сенімдерінің бірі. Ибн Сәбә осы сенімді тірек етіп былай дейді: «Хазірет Исаға қарағанда дүниеге қайта келуге хазірет Мұхаммед лайық». Құран Кәрімдегі ((Уа, Мұхаммед!) Саған Құранды (оқуды, басшылыққа алуды һәм адамзатқа жеткізуді) парыз қылған Алла сені қайтар жеріңе (яғни, кезінде тәрк етуге мәжбүр болған қасиетті Меккеге), сөзсіз, (айқын жеңіспен) қайтарады» (Қaсaс сүресі, 85-аят) деген аят та осының дәлелі. Әйтсе де бұл аят Алла расулына Меккеден Мәдинаға қоныс аударған кезінде түскен. Мағынасы түгел жұртқа түсінікті болып тұрғанындай, Пайғамбарымыздың бір күні қайтадан Меккеге оралатындығы еді. Ақиқаты осылай бола тұра, Ибн Сәбәнің әлгі сөзі ел-жұртқа тегіс тарап, оны ұнатушылар, жақтаушылар пайда болды. Ал Ибн Сәбәнің екінші пікірі «өсиет орындаушы» дегеннен бастау алады. Оның айтуынша, әр бір пайғамбардың өзінен кейін оның ісін мойнына алатын ізбасары болады. Хазірет Пайғамбардың өсиетін орындаушы – хазірет Али. Сондықтан да, оның осы өсиетін орындамай, халифа қызметіне басқа біреуді сайлаушылар нағыз опасыздар болып табылады. Әбу Бәкір мен Омар дүниеден өтті. Ал Осман әлі бар. Солай болғандықтан, осы ақиқат шындық жүзеге асырылып, Осман халифа қызметін босатып, орнына хазірет Али тағайындалу керек. Бүлік пен бұзақылық ұйымының басшысы Ибн Сәбә хазірет Османды халифа орнынан алып, қоғам тыныштығын бұзу үшін жүргізген күресінде әр түрлі амал-тәсілге жүгінеді.

1) Ибн Сәбә жақтастары мұны «әмри бил мағруф нәхи анил мүнкәр»[*] дегенді жамылып іске асырады. Сөздері мен ой-пікірлерінің халық арасында жағымды көрінуі үшін, өздерін тақуа, дін жолынан айнымайтын жандардай көрсетуге бар күш-жігерлерін жұмсайды.

2) Әрбір қаладағы жансыздары сол жердегі мемлекет қызметкерлерінің кемшіліктерін теріп, мұны басқа қалалардағы жақтастарына жеткізеді, ал олар болса, тағы басқаларына... Сөйтіп, бүкіл уәлаяттарда бүлікшілдер ұйымы жанданады.

3) Өз ой-пікірлерін тарату үшін жатпай-тұрмай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық пікір қалыптастыруға тырысады. Ақыры осындай жоспар мен бағдарлама бойынша талмай жүргізілген жұмыстары өз нәтижесін береді. Ислам уәлаяттарында үздіксіз толқулар белең ала бастайды. Куфадан басталған тәртіпсіздіктер уақыт өте келе басқа қалаларға да тарайды. Салдарынан Ислам мемлекетінің орталығы Мәдинаға дейін жетеді. Және бәріміздің жүрегімізді қан жылатқан сұрқия оқиға арқылы жүзеге асып, сонымен бәрі біткендей болады. «Біткендей болады» деуімізге тура келіп тұр. Өйткені, хазірет Али кезіндегі толқулардың да астарында осы кезеңде орын алған оқиғалар жатқаны айтпаса да түсінікті. Азғантай бүлікшіл топтың Ислам негізінен бастау алмайтын әлгіндей пікірлері Ислам қоғамында қалай жақтастар тапты? Хазірет Али, Әбу Талха, Зүбәйр ибн Аууам, Абдуллаһ ибн Омар, хазірет Айша... секілді сахабалардың таңдаулысы есептелген адамдар бұл оқиғалардың алдын алуда ешбір әрекетке бармағаны ма? Анықтап айтқанда, олар елдің рухани сүйенішіндей болып тұрған кезде, жұрттың бәрі жүгінетін осындай тұлғалар бар кезде жаңағыдай алдамшы пікірлер қалайша ел арасына тарады? деген секілді ойлар адамның ойына еріксіз оралады. (жалғасы бар)

 

 

[*] Жақсылыққа шақыру, жамандыққа жол бермеу (ауд.)



Оқи отырыңыз