Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Өте ұятты жан – хазірет Осман (р.а.) - 1

Өте ұятты жан – хазірет Осман (р.а.) - 1

2016-03-14 2539

Адалдықтың көсемі хазірет Әбу Бәкір мен хақтың айтулы үлгісі хазірет Омардан кейінгі кезек ар-ұяттың өнегесі хазірет Османға (р.а.) келді. Негізі адалдық хазірет Әбу Бәкірдің, хақтың айтулы үлгісі болу хазірет Омардың, ал ар-ұяттылықта жоғары тұру хазірет Османның бірден-бір мінезі емес. Олар адамды кемелдікке жеткізетін қасиеттің барлығын бойға толық жиған кісілер. Солай бола тұра, олардың кей мінезі басқаларына қарағанда айрықша басым болған, ерекше сезіліп тұрған. Сол себепті де олардың есімі тарихта солай қалған. Мұнда, яғни кей қасиеттерінің басымдыққа ие болуында олардың болмыстарының да, өздері өмір сүрген кездегі әлеуметтік жағдайдың да өзіндік орны болуы әбден мүмкін. Мәселенің бұл тұрғыдан талдануын мамандардың еншісіне қалдырып, хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омардың өмір жолын түсіндіруде ұстанған тәсіл аясында хазірет Осман жайын баян қылмақпыз.


1) Дүниеге келуі және ата тегі

Хазірет Осман атақты Піл оқиғасынан алты жыл бұрын, яғни хижрадан 47 жыл бұрын дүниеге келген[1]. Демек, хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлықпен мәртебесі көтерілген жылда хазірет Осман 34 жаста болған.

Хазірет Османның толық аты-жөні – Осман ибн Аффан ибн Әбил-Aс ибн Умәйя ибн Aбди Шәмс ибн Aбди Mәнаф, анасының есімі – Әруаб ибн Қурайш. Қурайыштың ең текті әулетінен шыққан хазірет Османның хазірет Пайғамбармен (с.а.у.) туыстығы бар, үлкен әжесі Бәйда-и Үммүл Хаким Пайғамбарымыздың әкесімен бір туған. Қараңғылық дәуірінде байлығымен, күш-құдіретімен, атақ-абыройымен атағы шыққан бұл әулеттен Умәйя – хазірет Османның атасы – Қурайш тайпасының бір басшысы болған.

Қараңғылық дәуірінде «Әбу Амр» атанған хазірет Осман исламды қабылдаған соң, Пайғамбарымыздың қызы Руқиядан Абдуллаһ есімді ұлы дүниеге келгесін бұл есімі «Әбу Aбдуллаһ» болып өзгереді[2].

2) Сырт келбеті

Хазірет Осман (р.а.) сымбатты, өте сыпайы, қою сақалды, орта бойлы, кең жауырынды келген кісі еді. Шашы қалың болған[3]. Исламды қабылдағанға дейінгі өмірі жайлы дерек көздерінде көп мәлімет ұшыраспайды. Белгілісі сол, хазірет Осман жас кезінде саудамен айналысқан. Халыққа саудадағы  адалдығымен танылған[4].

 

3) Отбасы

Хазірет Осман Пайғамбарымыздың екі қызымен үйленіп «Зиннурәйн» деген лақап атты иеленеді. Мұның біріншісі – Руқия. Ол қараңғылық дәуірінде Әбу Ләхәбтың ұлы Утбаға тұрмысқа шыққан. Алайда Ислам жария болған соң Утба әкесінің қыспағымен Руқиямен ажырасады. Мұның артынша оған хазірет Осман құда түседі. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) мүбәрак қызын Османға ұзатады. Хазірет Руқия хижраның 2-жылында қайтыс болған соң, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) екінші қызы Үммү Гүлсүммен үйленеді. Хижраның 9-жылында Үммү Гүлсүм де қайтыс болады. Алла расулы (с.а.у.) осыған орай бір риуаятта «егер тағы бір қызым болғанда, оны да саған қосар едім», басқа бір риуаятта болса, «егер қырық қызым болғанда, олардың бәрін Османмен үйлендірер едім» деген[5].

 

Хазірет Османның Руқиядан Абдуллаһ есімді ұлы болған. Бірақ ол хижраның 4-жылында алты жасында бақилық болады. Сондай-ақ, хазірет Осман Бәдір соғысы кезінде қатерлі дертке шалдыққан жұбайы хазірет Руқийяның қасында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) рұқсатымен қалып, сол себепті Бәдір соғысына қатыса алмаған[6].

 

Хазірет Осман бұдан кейінгі жылдарда Фахита ибн Газман, Үммү Амр бинти Жүндүб, Үммү Бәнин бинти Уйәйна және Найлә есімді ханымдармен бас қосқан. Үммү Амр бинти Жүндүбтен Амр, Халид, Әбан, Омар, Мәриям, ал Үммү Бәнин бинти Уйәйнәдан Абдулмәлик есімді балалары болған. Хазірет Османның басқа әйелдерінен де ұл-қыздары бар. Бұлардың арасында ең танымалы Әбан есімді ұлы[7].


4) Лақап аты

Хазірет Османның «Зиннурәйн» лақабы хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) екі қызымен үйленуіне байланысты екі нұр иесі деген мағынаны білдіреді. Пайғамбар нұрының табиғи жалғасы әрі белгілі бір дәрежеде шынайы мұрагері болған бұл екі ұлық әйелмен бір шаңырақ астында өмір сүріп, солар арқылы нұрға бөленген хазірет Османның бір жағынан жолы болғанмен, бұл екі қосағын да жер қойнына өз қолымен бергендіктен бағы жанбады деуге де болады. Алайда илахи тағдырмен орын алған бұл жайларға қатысты хазірет Османның да, біздің де әлдене деуіміз орынсыз. Ол басына түскен бүкіл қайғы-қасіретті Раббына деген шексіз иман мен сенім құшағында қабылдап, тағдырына разылық танытқанындай, мына өмірде басқа түсуі мүмкін ең ауыр қайғының бірі жұбайларының қазасын да сондай иманмен, сеніммен қабылдаған. Хазірет Османдай кісіге жарасар амал да осы емес пе?!

 

5) Исламды қабылдауы

Хазірет Османның исламды қабылдауына қатысты дерек көздерінде әр түрлі риуаяттар берілген. Бұлардың біріншісі – бір күні хазірет Осман Талха ибн Убәйдуллаһпен бірге Зүбәйр ибн Аууамға еріп, Алла расулының алдына барады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға исламды түсіндіріп, Құран Кәрімнің кей аяттарын оқып, Алланың уәде еткен жайларын сөз қылады. Сол арада хазірет Осман да, Талха ибн Убәйдуллаһ та исламды қабылдайды. Тек хазірет Осман осы кезде пайғамбарлар сәруарына бір жайды баяндап, былай дейді: «Уа, Алланың елшісі, мен Шам шаһарынан жаңа келдім. Жолда Муан мен Зәрка аралығында бір жерде тоқтап тыныққанбыз. Ұйықтап жатқанмын. Түсімде біреу «Әй, ұйқыдағылар! Тұрыңдар, Меккеде Aхмед шықты» деп айқай салды. Меккеге келгенде, сіздің пайғамбарлығыңызды естідік»[8].

 

Екінші риуаятта болса, хазірет Әбу Бәкір, баршамызға мәлім, исламды қабылдаған соң айналасындағы достарын исламға шақырумен болады. Сондай күннің бірінде хазірет Осман да бұған мойын бұрады. Ақыры бірге алдына бармақ болған күні Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) сол күні хазірет Әбу Бәкірге келе қалады. Сол жерде Алла елшісі хазірет Османға «Aлланың қайыр қылған жәннатына ықылас қой, мен сені және барша адамзатты тура жолға бастаушы ретінде жіберілдім» дейді. Хазірет Осман кейін осы сәтті былай түсіндіреді: «Хазірет пайғамбардың айтқан сөздері сондай айқын, қарапайым әрі сондай ерекше әсерлі болатын, шәхадат сөзін еріксіз айта бердім. Қолымды Ардақты пайғамбарға беріп, мұсылман болдым»[9].

 

Үшінші риуаятты дереккөздері хазірет Османның аузынан былай жеткізеді: «Бір күні хазірет пайғамбар маған: «Aлладан басқа тәңір жоқ» дегенде, Aлла куә, төбе құйқам шымырлап кетті. Сосын Aлла Расулы: «Ризығымыз бен уәде етілген нәрселер аспанда. Аспан мен жердің Раббының атынан ант етейін, Ол сендер айтқандай расымен хақ» деген аятты оқыды. Сосын орнынан тұрып кетіп қалды. Ал мен артынан ердім. Қуып жеттім де, мұсылман болдым»[10].

Көріп отырғанымыздай, 34 жасқа келгенше қараңғылықта жүргенмен, пәк бойына оның жамандықтарынан дәнеңе де жұқпаған хазірет Османның исламды қабылдауы түк те қиын болмаған. Өйткені, ол жаратылысынан мұсылман-ды. Отыз төрт жылдық ғұмыры да осының үлкен дәлелі. Яғни, саудада аярлыққа бармағаны, арамнан бойын аулақ ұстағаны, жалғанға жаны қас болғаны, ішімдік ішпегені, т.б. – бәрі-бәрі осыны көрсетсе керек.

 

6) Хазірет Османның басқа да қырлары

a) Қоныс аударуы

Мекке кезеңінде исламды қабылдаған адамдардың бәрі дерлік бастарынан қиын күндер өткерген. Кей мұсылмандар жақындарынан, кейбірі руластарынан, ал кейбірі тұтас қоғамнан материалдық және рухани сипаттағы неше түрлі жәбір-жапа, зұлымдық көрген әрі соларға көнуге мәжбүр болған. Қоғамдағы зор беделіне қарамай хазірет Әбу Бәкір секілді тұлғаның өзі бұдан шет қалмаған, Меккеден қашып шығуға мәжбүрлейтіндей зор қысымға ұшырап, ауыр азап шеккен. Алайда, меккелік мүшіріктердің бұл зұлымдығы иланғандардың иманын одан әрі бекіте түскенін мақтанышпен атап өткен жөн.

 

Хазірет Осман да, міне, осы алғашқы кезде ағасы Хакам ибн Әбил Aстың қорлық-зорлығына душар болған. Ол хазірет Османды бір бағанға байлап «мына жаңа діннен аталарыңның дініне қайтпайынша ас-сусыз осында байлаулы тұрасың. Және бұдан босатады екен деп ойлама» дейді. Бұған қарсы хазірет Османның берген жауабы «Aллаға ант етейін. Бұл діннен ажырамаймын және аталарымның дініне оралмаймын» болады. Ақыры сенімінен таймайтын дініне беріктігіне көз жеткізгенде, ағасы оны қоя береді[11].

 

Бірақ хазірет Османның көрер құқайы мұнымен бітпеген, тіпті енді басталған еді. Өйткені, ол Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтуымен хазірет Лұттан кейін дін жолында туған жерін тастап қоныс аударған бірінші адам болу құрметіне де ие болады[12]. Иә, ол зайыбы Руқиямен бірге меккелік мүшріктердің қиянат, зұлымдығы әбден ушығып тұрған кезде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ризалығымен Эфиопияға қоныс аударады[13].

 

Осы тұста «Неге хазірет Осман, басқа біреу емес?» дегендей сұрақтың еріксіз ойға оралары анық. Мұндай сауалдың жауабын хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) төңірегіндегі адамдардың сезімі мен жан дүниесін, қабілеті мен дарынын пайымдап, бағалау жайын сөз қылғанда М. Фетхуллаһ Гүлен ұстаз былай береді: «Хазірет Осман (р.а.) – бітімі нәзік жан. Сол уақта Меккедегі орын алған қиын-қыстау жағдайға шыдас беру расымен өте қиын болды. Әрі Эфиопияға қоныс аударғандарға керекті қамқорлықты көрсете алар мұсылмандар арасында тек сол бар еді. Сол үшін де Алла елшісі хазірет Османға осы міндетті жүктеп, оны Эфиопияға аттандырады»[14].

 

Хазірет Осман Эфиопияда біраз уақыт тұрады, меккелік мүшріктер исламды қабылдады деген хабар жеткесін Меккеге оралады. Бірақ бұл хабар жай дақпырт болатын. Меккеде бұған көз жеткізгенде уақыт өткізбей дереу Мәдинаға көшеді. Онда Хассан ибн Сабиттің інісі Әус ибн Сабитке барады, соның үйінде қонақ болады[15]. Кейін Алла елшісі (с.а.у.) қолға алған «ант ішіп» бауыр болу оқиғасында расымен хазірет Осман мен Әус ибн Сабит бауыр болып жарияланады[16].

 

б) Жомарттығы

Хазірет Османды әр қырынан түсіндіруде қоныс аударғанына бірінші тоқталдық. Өйткені, ауа көшу материалдық әрі рухани тұрғыда жанкештілікті талап етер, өте ізгі амал. Құранның көптеген аятында иман мен қоныс аудару қатар аталады. Құранда Алла елшісі пайғамбар, сонан соң «мухажир/қоныс аударушы», ал Mәдинаға көшкен меккелік мұсылмандар болса, «мухажирун/қоныс аударушылар» сипатымен аталуы бұл жайдың мән-маңызын ұғынуға жеткілікті айғақ деп санаймын. Бұған қоса, хазірет Осман аты аталғанда ойға алғаш оралар ерекшелігі, яки ерекшелігінің бірі – жомарттығы. Сенімі ұйыған иман жолында қолындағы бар дүние-мүлкін жұмсаған жомарттығы – хазірет Османның ең басты қасиеті. Қажет болса, бір-екі мысал арқылы түсіндіріп өтелік.

 

Тәбүк соғысы – исламның бетбұрыс кезеңдерінің бірі. Сол дәуірдің ең алпауыт күші саналған Византия күн өткен сайын артып келе жатқан мұсылмандардан сескене бастайды. Сол себепті Византия қалың әскер жасақтап, Мәдинаға бет алғаны жайлы хабар тарайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мына хабардан соң ашық түрде Византияға жорыққа шығуды жариялап, мұсылмандардан әскер жабдықтау үшін көмек қолын созуды сұрайды. Бұл үндеуді естіген бірде-бір иман еткен жан бей-жай қалмайды. Нақтылап айтқанда, бей-жай қала алмайды. Ө        йткені, шынайы иманға қол жеткізген адамның мұндай қысылтаяң кезде үй-жайын, бала-шағасын, ішер асын ойлауы әсте мүмкін емес. Расында бүкіл мұсылман баласы, тіпті материалдық мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі күні-түні еңбектеніп, өз қажетінен артылғанын Құранда «жәйшу'л-усра» аталған Византияға қарсы соғысқа жасақталған әскердің жабдығы үшін берумен болады. Мәселен, Асым ибн Адий былай дейді: «Бүгін түнде бір кісінің құрма бағын суару үшін таң атқанша кезекші болып жалданып жұмыс істеп, ақысына екі келі құрма алдым. Біреуін үйге апардым, ал біреуін Раббым үшін бердім»[17].

 

Абдуррахман ибн Ауф болса, сегіз мың дирхам ақшасының жартысын үйіне қалдырып, қалғанын әскер жабдығына арнап береді. Расулалла оның бұл жомарттығына «Aлла саған бергеніңді де, үйде қалдырғаныңды да мүбарәк етсін» деп дұға жасайды. Ал мұнафықтар Абдуррахман ибн Ауф пен Асым ибн Адийдің бұл ісін «Олар садақаны басқа емес жұртқа көз қылып, атын шығару үшін беріп жатыр. Расулалла Әбу Укайл әкелген бір келі құрмаға мұқтаж емес еді, бірақ ол да тек садақа берді деген атақ үшін әкелді» деп өсек таратты[18]. Осыған орай «Ол екіжүзділер (өздері сараң болғанмен қоймай, парыз етілген зекеттен бөлек) қайыр-садақаны молынан беретін жомарт мүміндерді де, маңдай терімен тапқан-таянған мал-пұлынан садақа беретін кедей мүміндерді де өздерінше жазғырды һәм бет-ауыздарын жыбырлатып мазақтайды. Әйтсе де, Алла оларды (екіжүзділіктері себепті) масқара қылды, олардың лайықты сыбағасы жан төзгісіз азап» (Tәуба, 9/79) деген аят түседі.

 

Көріп отырғанымыздай, байы да, кедейі де бір ой, бір сеніммен өмір сүрген мүміндер мұны өздерінің іс-әрекеттері арқылы көрсеткен. Міне, осындай жерде хазірет Османның Расулалланың үндеуіне көңіл қоймауы әсте мүмкін емес жай. Ол тап осы кезде Шамға жөнелтпек болып әзірлеткен 300 түйесін үстіне артқан жүгімен бірге Расулаллаға табыстап қана қоймай, бұған елу жылқы және мың алтын ақша қосып береді. Арада 14 ғасыр уақыт өтсе де әлі күнге жанарға жас үйірер оның осы қайырымды ісіне Пайғамбарлар сәруары бір риуаятта «Aллам, мен Османға разымын, сен де разы бол»[19], енді бір риуаятта «Осы амалынан кейін Османға ештеңе де зиянын тиігізе алмайды»[20] деген сөзін арнайды.

 

Хазірет Османның Ислам тарихында алғашқы болып құрметке бөленер тағы бір қайырымды ісі бар, мұнысы да жомарттықтың ерекше үлгісі болатын. Ол Мәдинаға көшіп келген соң, Рума құдығын сатып алып, мұсылмандардың тегін пайдалануына береді[21]. Сөйтіп алғаш рет тегін су тарату ісін қолға алады. Айтушылардың түсіндіруіне қарағанда, жаңағы құдықтың иесі иудей кісі оның аузына құлып салып, шөлден әбден қысылған мүміндерге су бермейді. Осыған орай Алла расулы (с.а.у.) былай дейді: «Рума құдығын біреу сатып алып, мұсылмандардың игілігіне тегін берсе, ол жәннатқа барады»[22]. Жаңа атап өткеніміздей, хазірет Осман сол құдықты сатып алып, мұсылмандарға тарту етеді.

 

Әрине, хазірет Османның шейіт болғанға дейінгі ұзақ ғұмырында жасаған жомарттығы бұл екі мысалмен шектелмек емес. Алайда бір мақала аясында тек осы мысалдарға ғана тоқталмақпыз. Бүгінгі күннің өзінде бәлкім көбіміздің шамамыз жете бермейтін қайырымдылық ұғымының нағыз көрсеткіші болған хазірет Османның бүкіл өзінің істегендерін мүлде есепке алмай, басқалардың болмашы жомарттығын өзінің шексіз жомарттығынан артық көруі бәрінен де маңызды болса керек. Өйткені, көлгірлікпен немесе атақ-абырой ойлап жасалған жомарттық мына дүниеде де, ақыретте де адамға ештеңе әпермейтіні анық. Ал сыртқы дүниені ғана емес, ішкі әлемін де толық жеңген, жеңе білген және осы қасиетімен басшы болған хазірет Османның басынан өткен мына оқиғаны көңілге тоқып алу қажет деп ойлаймын.

 

Хасан Басридің айтуы: «Бір кісі хазірет Османға келіп «Барлық қайырымды істі сен секілді байлар істейді. Садақа беріп, құлдарға бостандық әперіп, қажылыққа барасыңдар және нәпақа бересіңдер» дейді. Оған хазірет Осман «Ал сендер бұған қызығасыңдар, солай ғой?» деп сұрақ қояды. Oл кісі «Иә» деп жауап бергенде, хазірет Oсман: «Aлла атымен ант етейін, ештеңесі болмай, еңбектеніп нәпақа берген адамның бір дирхамы нәпақа беруші бай біреудің он мың дирхамынан әлдеқайда қайырлы. Өйткені, бай көптің азғантай бір бөлігін ғана нәпақа береді» дейді[23].

Міне, істеген ісін мақтан тұтпаған, өз нәпсісін жеңе білген рухы күшті адамның сипаты.

 

г) Ар-ұяты

Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Сахабаларымның арасындағы маған ең ұқсағаны»[24] деп баға берген хазірет Осман анда-санда қабір басына барып «егер мына шұқырдан құтылсаң, оның ар жағындағы кесапаттан да құтыласың, әйтпесе аман құтыламын деп ойлама»[25] деп өзін есепке, сынаққа алатын және «ең сүйікті ісім күнде түнемелік және күндіз Құран оқу. Егер жүректерің таза болса, Aлланың қасиетті сөзін оқуға тоймас едіңдер»[26] деп, мәнін толық ұғуға шамамыз жете бермейтін бір кемшілігімізге көңіл аудартатын. Иә, Ахмед ибн Ханбәлдің Хасан Басриден естіп риуаят еткеніне қарағанда, жабық есіктің ар жағында тұрып  шешінуге ұялған, белін тіктеуге де қысылған оның ар-ұяты[27] расымен халық арасына аңыз боп тараған. Мынау соның бір айғағы. Хазірет Айша (р.а.) анамыздың айтуы:

 

«Расулалла (с.а.у.) тізесі ашық отырған болатын. Әбу Бәкір (р.a.) (ішке кіруге) рұқсат сұрады. (Расулалла) oған рұқсат берді. Өзі сол қалпы отыра берді. Сoсын Омар (р.a.) рұқсат сұрады. (Расулалла) oған да рұқсат берді. Тағы сол қалпын өзгертпеді. Одан соң Oсман (р.a.) рұқсат сұрады. Расулалла тізесін киімімен жауып қойды. Oлар қайтқасын мен: «Уа, Расулалла! Әбу Бәкір мен Омар сенен рұқсат сұрағанда, сол отырған күйіңде ол екеуіне рұқсат бердің. Ал Oсман рұқсат сұрағанда, киіміңмен тізеңді бүркеп жаптың» дедім. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп жауап қатты: «Уа, Aйша, расында періштелердің өзі ұялатын адамнан мен қалай ұялмайын?!»[28]

 

М. Фетхуллах Гүлен ар-ұят жайын түсіндіргенде: «Қысылып-қымтырылу мен ұялу – Алладан қорқу, Алладан үрейлену және Алла алдындағы үреймен Ол қаламаған нәрселерден тартыну дегенге саяды. Мұндай сезімнің адам болмысындағы ар-ұят сезімінен бастау алуы жеке бас әдебі мен құрметі мәселесінде адамды ұқыпты болуға жетелейді. Негізінде мұндай сезімі жоқ немесе өскен ортасына орай оны жоғалтқан адамдарда ар-ұят сезімін өсіру өте қиын іс болса керек» деп анықтама берген.

Жалпы ар-ұятты екіге бөлуге болады.
1) Болмыстағы ар-ұят, мұны жеке бас ұяты десе де болады, адамды көптеген айып пен ұят саналатын нәрселерден сақтандырады.

2) Иманмен келетін ар-ұят, бұл Ислам дінінің терең мәнін білдіреді. «Иман жетпіске жуық түрлі бөліктен тұрады, ал ұят – иманның бір бөлігі», «Ар-ұятың болмағасын қалағаныңды істе», «Уa, Исa! Әуелі нәпсіңді үгітте, oл осы насихатыңды қабылдаса, халыққа уағыз айт, әйтпесе Менен ұял!», «Aлла алдында барынша ар-ұятыңмен амал қыл! Aлла алдында тиісінше ар-ұяты бар адам санасы мен санасындағыларды, іші мен ішіндегілерді бақылауда ұстасын! Өлім мен шіритінін де ойынан шығармасын! Aқыретті қалаған адам дүниенің алдамшы сұлулығынан бас тартады. Міне, кімде-кім осылай әрекет етсе, ол Алладан өз дәрежесінде ұялған болып саналады»[29] деген секілді хадис пен қудси хадистер түсіндірген, ақырет пен дүниеде қол жеткізуге болатын ар-ұят хазірет Османның бойында өте күшті болған. Міне, періштелер хазірет Османның осы мағынадағы ұятына қызығатын және олардың ойынша ар-ұяттың мағынасы қандай болса, олар содан ұялатын. (жалғасы бар)

 

akikat.kz


[1] Aхмәд Нәдуи, Aср-и сaaдат, 1/273

[2] Aхмәд Нәдуи, атал. еңбек, 1/273; Ибн-и Сaғыд, Taбaқaтүл-күбрa, 3/53

[3] Aбул-Фида Хaфыз ибн-и Kәсир, әл-Бидая уән-Нихая, 7/192

[4] Ө. Рыза Дoғрул, Aср-ы Сaaдат, 5/7; Ибн-и Хaжар әл-Aсқалани; Әл-Исaба фи тәмизис-сaхaба, 2/462

[5] Иззеддин ибн Әсир Әбил-Хaсaн Aли ибн Mухаммед әл-Жәзәри, Үсдүл-ғаба, 2/482

[6] Иззеддин ибн Әсир Әбил-Хaсaн Aли ибн Mухаммед әл-Жәзәри, көрсетілген бет.

[7] Ибн-и Сaғыд, атал. еңбек, 3/54

[8] Ибн-и Сaғыд, атал. еңбек, 3/55.

[9] Aхмәд Нәдуи, атал. еңбек, 1/274.

[10] Юсуф Қандахлауи, Хaятус-сaхaба, 1/48.

[11] Ибн-и Сaғыд, атал. еңбек, 3/55.

[12] Ибн-и Сaғыд, атал. еңбек, 3/55.

[13] С. Хишам, Сира, 1/344; Ибн-и Kәсир, aтал.eңбек, 3/84

[14] M. Фeтхуллах Гүлен, Сoнсуз Нур, 2/99.

[15]  И. Әсир, aтал. eңбек, 3/481.

[16] Ибн-и Сaғыд, атал. еңбек, 3/56.

[17] Елмалылы Хамди Языр, Хак дини Куран дили, 4/ 386

[18] Елмалылы Хамди Языр, Хак дини Куран дили, 4/ 386

[19] Ибн-и Хишам, Сира, 4/161

[20] Ибн-и Жәузи, Сыфaтус-сaфуа, 1/126

[21] Бұхари, Mұсақат, 1

[22] Мехмет Софуоғлу, Бухари тержүмеси, 2180

[23] Юсуф Қандахлауи, aтал.eңбек, 2/158

[24] Юсуф Қандахлауи, aтал.eңбек, 2/556

[25] Әбу Нуайм, Хилятүл-әулия, 1/161

[26] Aли әл-Mүттақи, Kәнзүл-уммал, 1/218; Юсуф Қандахлауи, aтал.eңбек, 3/320

[27] Aхмед ибн Хaнбәл, Kитабүз-зүхд, 185

[28] Ибн-и Жәузи, aтал. eңбек, 1/124.

[29] M. Ф. Гүлен, Kaлбин зүмрүт тепелери, 129.



Оқи отырыңыз