Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Қара қылды қақ жарған хазірет Омар - 3

Қара қылды қақ жарған хазірет Омар - 3

2016-02-17 3035

Пайғамбарымыз бақиға аттанған кезде бүкіл сахабалар секілді хазірет Омар (р.а.) да есінен ауғандай күй кешті. Алғашында көңілі бұған сенбей, «Расулалла бақилық болды» дегендердің аяқ-қолын шабатынын айтып мешітте айқай салды.

 

Осы кезде хазірет Әбу Бәкір (р.а.) келіп, жағдайды өзі бақылап, Расулаллаға (с.а.у.) деген махаббатқа, ыстық ықылас пен сүйіспеншілікке толы жандардың әбігершілігінің одан әрі ушығуына жол бермейді. Дереу хұтбаға шығып, мешіттегі жамағатқа былай деп үн қатты: «Уа, жарандар! Кімде-кім Мұхаммедке құлшылық жасап жүрсе, білсін – Мұхаммед (с.а.у.) өлді. Кімде-кім Аллаға құлшылық жасап жүрсе, білсін – Алла тірі, өлмейді». Артынан «Әли-Имран» сүресінің 144 аятын оқыды: «Егер ол ажалы жетіп көз жұмса немесе өлтірілсе, сендер кері кетіп, діннен шығасыңдар ма?»

 

Бұдан әрі не болғанын Әбу Хұрайрадан (р.а.) тыңдалық. Оқиғаны көзімен көрген ол: «Aллаға ант етейін, хазірет Әбу Бәкір осы аятты оқығанға дейін жұрт мұны білмегендей еді» деп, мешіттегі сахабалардың қандай күйде болғанын және хазірет Әбу Бәкірдің оларды сабасына түсіргенін түсіндіреді. Әлде бұл хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) халифа қызметіне ең лайық екендігінің бір белгісі болған шығар. Ешқашан абдырауды білмейтін сондай ерік-жігері мол жан ғана басшы болуға лайық еді.

 

Расында хазірет Омар (р.а.) кейіннен осы сәтті бізге былай деп жеткізеді: «Әбу Бәкірден жаңағы аятты естігенде, төбемнен жай түскендей болды. Буын-буынымнан әл кетіп, жерге жығылдым. Сонда барып Расулалланың мәңгілік мекеніне көшіп, бұ дүниеден өткенін түсіндім».

 

Хазірет Әбу Бәкірдің халифа кезінде хазірет Омар

Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) мешіттегі сахабаларға басу айтып жүргенде, бір хабар келіп жаппай қобалжуға себеп болады. Бұл хабардан ансарлықтардың Бәни Саида Сақифасы әулетінің бастауымен жиылып, хазірет Үбәда ибн Самитті халифа сайлау жайын талқылап жатқаны мәлім болады. Мұны естіген хазірет Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мүбәрак мәйітін кебіндеу істерін хазірет Әлиге тапсырып, хазірет Омармен бірге, өздерімен хазірет Әбу Үбәйданы да ертіп, жаңағы жиынға қатыспаққа жолға шығады. Ол жерге барған соң хазірет Әбу Бәкір (р.а.) ансарлықтарға Ислам жолындағы еңбектері ересен екенін еске түсірер әсерлі сөздер айтады. Әус пен Хазраж тайпаларының арасында бұрын алауыздық болғанын еске салады. Ансарлықтар түгел хазірет Әбу Бәкірді (р.а.) мақұлдайды. Сөзінің соңында хазірет Омар (р.а.) мен Әбу Убәйда ибн Жаррах екеуінің бірі басшы сайланса, дұрыс болатынын ескертеді. Хазірет Омар (р.а.) көрегендігі мен парасатының арқасында болуы мүмкін шиеленістің алдын алу үшін дереу хазірет Әбу Бәкірді (р.а.) халифа ретінде мойындайды. Артынша сол жердегі барлығы да осы шешімді құптайды.

 

Ертеңіне хазірет Әбу Бәкір (р.а.) мешітте алғашқы хұтбасын оқыр алдында хазірет Омар (р.а.) сөз сөйлейді. Хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) үңгірдегі  «екеудің екіншісі» екенін еске түсіріп, соның билігін мойындаған жөн болатынын айтады.

 

Хазірет Омар бүлікті ың-шыңсыз басу міндетін әрдайым мүлтіксіз орындайтын. Осы бір қасиетін хазірет Әбу Бәкір (р.а.) халифа болып сайланарда тағы бір рет дәлелдеген. Үмбеттің арасында туындар алауыздықты болдырмаған.

 

Хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) ең басты көмекшісіне, оң қолына айналды. Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі құрған, алайда өмірі жетпей аттандыра алмаған хазірет Усама (р.а.) армиясында қызметте болған хазірет Омарды қолбасшыға өтініш айтып, қасына алдырады.

 

Хазірет Омар (р.а.) әділет істерін өз қолына алып, Ридда соғысына және де мемлекет шаруаларына хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік жасады.

 

Хазірет Әбу Бәкірге мемлекеттік жұмыстан басқа іспен шұғылданудың қажеті жоқ екендігін, күнделікті өмірге жететін айлықты қазынадан алуға болатынын айтып ұсыныс жасайды. Сондай-ақ, Құран хазірет Омардың (р.а.) ұсынысымен кітап болып жинақталған.

 

 

Халифа кезінде хазірет Омар

1. Халифа сайлануы

Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) қоғам тағдыры толғандыратын, көреген, парасатты басшы ретінде өзінен кейін бұл орынға кімнің отырғаны дұрыс болатынын үнемі ойлаймен жүретін. Сол үшін ара-тұра кей сахабалармен кеңесетін. Өз ойындағы кісінің атын айтып, көпшілігінен мұның дұрыс шешім екендігін еститін.

 

Бұл кісі Хазірет Омар (р.а.) болатын. Кеңескендердің тек біреуі ғана  «Aлланың құзырына барғанда, қайтіп Омарды қалдырдым дейсіз?» деп ескерткенде, хазірет Әбу Бәкір (р.а.) егер Раббым сұраса, «Адамдардың ең қайырлысын халифа етіп тағайындадым» деп жауап беремін дейді. Осылардың бәрін ой елегінен өткізген хазірет Әбу Бәкір (р.а.) өзінен кейін бұл істі жөнімен жүргізе алар адам хазірет Омар деп шешеді және осы шешімін сахабалар да мақұлдағандықтан, хазірет Османды шақырып, өзінен кейін үмбетке хазірет Омарды (р.а.) халифа қылып қалдыратындығына қатысты міндеттеме жаздарады. Мұны жазып жатқанда өзі есінен танып қалады, бірақ есін жиған соң қайта жаздырып бітіреді. Жазылған осы міндеттеме сахабаларға оқылады. Қарсы шыққан ешкім болмайды. Сырттай бақылап отырған хазірет Әбу Бәкір (р.а.) бұған өз ризашылығын білдіріп, «Мен сендерге туыстарымның бірін емес, хазірет Омарды ұсынып отырмын» дейді. Сахабалар «Естідік және бойұсындық» деп, хазірет Әбу Бәкірден  (р.а.) кейін хазірет Омарды  (р.а.) сайлайтын болды. Сосын Хазірет Әбу Бәкір  (р.а.) Хазірет Омарға  (р.а.) қалай іс қылу керегі жайлы кеңес, ұсыныстарын айтады.


б) Жүргізген жеңісті жорықтары

Хазірет Әбу Бәкір халифа сайланғанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) барда Араб түбегі түгелдей исламмен танысқан болатын. Өкініштісі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұ дүниеден өткен соң бір бөлік бәдәуи арабтар діннен теріс айналады. Хазірет Әбу Бәкірдің  (р.а.) халифалығы соларға қарсы жорықтармен өтеді.

 

Хазірет Омар халифа сайланғанда Араб түбегі қайтадан дінге оралады. Соған орай хазірет Омар исламды сыртқа тарату ісін қолға алады. Мұның алғашқы белгісін Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзі берген болатын. Көзі тірісінде Византияға, Сирия бағытына аттандырар әскер жасақтаған-ды. Оны орындау хазірет Әбу Бәкірге  (р.а.) тапсырылған болатын. Осындай жолмен басталып, әлі жалғасып жатқан жорықтарды хазірет Омар Византия мен Иран бағытына бұрады. Хазірет Халид  (р.а.), хазірет Әбу Убәйда  (р.а.), сәл кейінірек Сағыд бин Әби Уаққас  (р.а.) бастаған қосындармен Византия мен Иранды қыспаққа ала бастайды.

 

Сирия мен Мысырдағы Византия билігі зорлықшыл әрі озбыр болғандықтан, бұл жерлерді басып алу Иранға қарағанда әлдеқайда оңай болады. Өйткені, Иран уәкілдер арқылы емес, бай-манаптар және ақсүйектер арқылы басқарылатын. Ал олар болса, өз билігіне зиян келмеуін ойлап барынша аянбай қарсыласады. Хазірет Омардың әскері басып алған жердегі халыққа өте жақсы қарағандығы олардың және басқалардың ықыласын исламға аударады. Зұлымдықтан шаршаған халық исламды өз құтқарушысындай қолдайды. Тіпті хазірет Әбу Убәйданың Антакияны қол астына қаратқан соң кері оралуы керек болатын, ал христиандардан жиналған қаржы олардың өздеріне қайтарылады. Бұл әрекет Антакия халқының сүйіспеншілігін оятып, қақпаларын өз әскеріне ашпай, мұсылмандардың жеңіске жетуін тілеп жалбарынады.

 

Осындай тағы басқа жақсы істер исламнан бастау алған-ды және халық та жапа-тармағай Ислам туының астына жиыла бастайды. Бүгін анықталып отырғанындай, хазірет Омар  (р.а.) кезеңінде 2.251.000 шаршы км. жер мұсылмандардың қол астына қараған. Бұл аймаққа Иран, Ирак пен Алжир, Сирия, Палестина мен Мысыр және Триполи кірген. Ислам мемлекетінің шекарасы шығыста Синд пен Жейхунға дейін жетеді.

 

Бұл жеңістердің кепілін Пайғамбарымыз (с.а.у.) негізін салған жолдан іздеген жөн. Расулалла сахабаларына Алла жолындағы жихад пен Ислам ақиқаты үшін күрестің маңызын түсіндіреді, ал оның жемісін жинау хазірет Омарға бұйырады. Мұны тілге тиек еткенде, хазірет Омардың басшылығы мен басқару қабілетін жоққа шығармақ емеспіз. Керісінше, оның бұл қабілеттері ерекше маңызды.

Хазірет Омар  (р.а.) кезіндегі жеңісті жорықтардың әрқайсысы өз алдына жеке үлкен ғылыми еңбекке арқау болардай.

 

в) Мемлекеттік жүйеге енгізген жаңалықтары

Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) негізін қалап кеткен Ислам мемлекетін заманға сай реттеу және жаңа жүйе құру хазірет Омарға  (р.а.) нәсіп болған.

Іргетасы дайын әрі қоғам да осыған әзір болғандықтан, бұл үдеріс жылдам жүреді. Осы тұста мынадай маңызды мәселені ескерте кеткенді жөн деп ойлаймыз: бұл жаңа жүйе орнату ісі кім басшы болса да атқарылатын шаруа еді деу орынсыз. Бұл хазірет Омардай алып тұлғаның істегендерін жоққа шығарғандай болмақ, мұндай ойдан Алла өзі сақтасын. Атқарылған істер бағамдалар болса, бәрінің басы-қасында – іске кірісер кезді дөп басуда, мән-жайды елеп ескеруде, тиісті талдап-таразылауда, қол жеткен жетістіктердің бәрінде хазірет Омардың  (р.а.) қолтаңбасын көруге болады. Исламның мемлекеттік жүйесіндегі ең тамаша өкілі, күмән жоқ, хазірет Омар  (р.а.).

Сөз реті келіп тұрғанда, оның мемлекеттік жүйеге қатысты атқарған істерінің кейбіріне тоқталып өтелік.

 

1. Алқа кеңестері

Мұндай жерге пікірі бағалы адамдарды шақырып, олардың ақыл-кеңестерін пайдасына жаратуды көздеген. Бұл кісілер ансар мен мухажирдың Осман, Әли, Абдуррахман ибн Ауф, Муаз ибн Жәбәл, Зәйд ибн Сабит, Убәй ибн Қағыб (р.а.) секілді танымал тұлғалар еді. Мұнда бәрі өз ойын бүкпесіз ашық және еш тартынбай айтатын.

 

2. Әкімшілік аймақтарға бөлу

Хазірет Омар  (р.а.) мемлекетті басқару ісін жеңілдету мақсатында әкімшілік аймақтарға бөледі. Бұл бойынша уәлаят, аудан және ауылдық аймақтарға бөліп, мемлекетті орталықтандырылған құрылымға айналдырады. Басшы орындарға сай қызметкерлерді қаржыгер, полиция бастығы, қазына басшысы және мүфти секілді міндет жүктеп жіберетін. Бұл жүйені губерния жүйесі деуге болады. Мемлекет бастан-аяқ 8, ал жаңа қараған жерлердің де губернияға айналуы нәтижесінде 20-ға жуық губерниядан құралды. Хазірет Омардың (р.а.) ең басты ерекше қасиеті ретінде мынаны айтуға болады: басшы орынға тағайындаған адамдардың үнемі қабілет-қарымын назарда ұстаған. Ол тағайындаған адамдарды кейінгі халифалар да сол қызметте ұстаған.

 

3. Қызметкер таңдауы

Бұл жерде атап өтер тағы бір маңызды мәселе, мемлекет қызметкерлеріне қатысты жүргізген жүйелеу істері. Қызметкерлерді таңдау ісін алқа кеңесінде және жария түрде жүргізуі, оларға тағайындалар жалақы мөлшерінің көп болуы, сөйтіп пара алуды болдырмау, олардан қызметке кіріскен күнінен бастап мал-мүлік ақпарын алуы, сондай-ақ, оларға қоғам назарына ілігіп, сенімсіздік тудыруы мүмкін шариғат құптамайтын кей әрекеттерге баруына тиым салуы, қызметтен босағанда мүлік ақпарына сай жаңа дүниенің есебін алуы, үстерінен шағым түскен болса, оларды өзі тағайындаған бір немесе үш кісілік мемлекеттік комиссия арқылы тексертуі, тіпті кейде шағымданушымен бетпе-бет жүздестіруі бүгінгі күннің өзінде пайдаға асар ұстанымдардың тек кейбірі ғана.

 

4. Қаржы саласы

Хазірет Омардың (р.а.) ең маңызды қолға алған ісі күмән жоқ қаржы саласындағы атқарғандары. Қаржы саласының қандай маңызға ие екендігі қазіргі күні одан да айқынырақ түрде бой көрсетуде. Кіріс пен шығыс арасындағы тепе-теңдік шынайы мәнінде реттелмегендіктен, қоғамда әлеуметтік толқулар орын алуда. Хазірет Омар (р.а.) болса, Алла Расулының (с.а.у.) жарқын өмірінен алған сабағын бір жүйеге түсірген. Сөйтіп мемлекет қарамағындағылар жан дүниелеріне құйылған ерекше сезіммен мал-мүліктерінің белгілі бір бөлігін еш қиналмай салық ретінде берген-ді. Талап етсе, бәлкім дүниелерін түгел берулері де мүмкін еді. Мұның қандай маңызды екендігі бүгінгі неше түрлі айламен салықтан жалтарушылар қаптаған қоғамда ерекше айқын сезілуде.

 

Осы айтылғандарды цифрмен келтірер болсақ, мынадай бір мысал көрсетуге болады: хазірет Омар (р.а.) кезінде Ирактан жиналған жер салығы 103 миллион дирхамға жуық. Арада біраз жылдар өткен соң Әмауи губернаторы Зияд заманында дәл сол жерден жиылған салық 101 миллион 500 мың дирхамға азайған. Тағы біраз уақыт өткен соң, енді Хажжаждың неше түрлі зұлымдықтарына қарамастан, 21 миллион шамасын құрайды. Мұны қоғамда хазірет Омар (р.а.) орнатқан тыныштық пен қауіпсіздіктің, мамыражай тірліктің математикалық көрсеткіші деуге болатындай.

 

Сонда хазірет Омар (р.а.) не істеген? Енгізген жаңалығы мынау: Қол астарына өткен жерлерді жихадшы сарбаздардың емес, мемлекеттің меншігі екенін айтқан. Расында сол күнге дейін жауланған жерлер жауынгерлерге таратылатын. Тек мұны сахабалардың ортақ шешімімен жүзеге асыратын. Осының нәтижесінде мынаған қол жеткен. Жер жеңімпаз жауынгерлерге олжа ретінде берілмейтін болғасын, қалағандарға мемлекет жерінен пайдалану құқығы беріліп, оның ақысына хараж және үшір салығы салынған. Сөйтіп жер байлардың қолындағы меншік болудан шығады. Бұл жүйе жаңадан қараған жерлерде Мысырда, Ирак пен Сирияда тәжірибеге асқан.

 

Бұл тәжірибе жаңадан қосылған аймақтарда өз билігінің көрсеткен зорлығынан шаршаған жергілікті халыққа исламды азат етушідей көрсетеді және басқа да өңірдегі халықтар тезірек өздеріне исламның жетуін тілейтін болады. Мәселен, Мысырда Қыбти шаруалар римдіктерге қарсы мұсылмандарға көмектеседі. Ара-кідік хазірет Омар (р.а.) салық көлемін белгілеу мәселесінде мұсылман емес тұрғындардың да пікірін алып отырған.

 

5. Әділет мәселесінде жүзеге асқан жаңалықтар

Бүгінгі ұрпақтың ойына әділет десе, хазірет Омар түседі. «Әділет – мүліктің бастауы» деген де сол кісінің аузынан шығып нақылға айналған сөз деседі. Бұл бір куәлік сөз емес, бірақ халықтың әділет дегенде хазірет Омарды еске алуы жай қалыптасқан нәрсе. Өйткені, Омар мұны жалғыз өзі орындамаған. Оның атқарғаны тек иләхи қағидаларда бар жайды мемлекет жүйесіне енгізгені.

 

Хазірет Омар (р.а.) әділет жүйесі үшін әкімшілік жүйе құрып, олардың қызметі мен құқықтық жоралғыларға арнап қаулы, бұйрықтар шығарған. Уәлаяттарға әкімдерді де өзі тағайындаған. Сосын бұл кісілерді бақылауды жеке өзі жүргізген. Қазылардың шығарған шешімдері үнемі тексерілетін. Әділдіктен айнымауды айтып, әрдайым ескертіп тұрған.

 

Бұл салада 451 жылы римдіктердің сот жүйесіне қатысты шығарған заңдары бар. Бұл заңды қорғасын тақтайшаларға жазып, Римде халық көретін жерге іліп қойған. Осыны хазірет Омардың (р.а.) берген бұйрықтарымен салыстырып, қайсысының гуманизмге жақын екенін түсінуге болады

 

6. Ислам жаза құқығы саласы

Әрбір жүйедегі секілді исламның да өзін қорғауға бағытталған жаза үкімдері бар. Исламның жаза үкімдері болса, басқаларға керағар. Басқаларда заң қылмыс істелген соң араласатын болса, Ислам әлі қылмыс істелмей тұрып қажетті шараларды қарастырып, қатыстыларды ескертеді. Хазірет Омардың (р.а.) бұл тұрғыда атқарғандары қылмыстың орын алуын болдырмайтын шаралар қабылдап, қылмыс орын алған болса, оның қайталануына жол бермеген. Осы тұста сымбатты бір жас жігітті қоғам тыныштығын ескеріп басқа өңірге жер аударуын атап өтуге болады. Және де алғаш түрме ашып, полиция бөлімшелерін құруы да бұған мысал бола алады.

 

7. Халық санағы және жүйелі әскер құрылымы

Бұл да хазірет Омардың (р.а.) мемлекеттік жүйеге қатысты атқарған бір шаруасы. Мұнысымен жихад үшін әрдайым әзір әскер ұстауды көздеген. Бұл адамдарды Алла жолындағы жихад, сүйіспеншілік секілді ынта, құлшыныс тудырар мәселелерге бей-жай қарамай, үнемі сақ, дайын болуға үйреткен. Әскер құрал-жабдықтары үшін керекті дайындыққа селқос қарамаған. Мәдинада 32 000 атқа шақтап қора салдырып, стратегиялық нысандарға әскери қыстақтар тұрғызған. Жауынгерлерге мол жалақы белгілеп, олардың басқа шаруамен алданбауын қадағалаған.

 

8. Мәжіліс жиыны

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде мұсылмандардың саны көп емес еді. Хазірет Омар (р.а.) кезеңінде болса, бір жағынан халық саны артып, бір жағынан жеңісті жорықтар арқасында жаңа жерлер қосылып, соған орай мемлекеттің кірісі де молаяды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен Әбу Бәкір (р.а.) жиылған табысты сахабалардың отбасылық жағдайына қарап, керегінше соларға үлестіретін. Хазірет Омар (р.а.) бұл құрылым арқылы қарамағындағы бүкіл мұсылман баласының тізімін жасаған, ал кейін жылдық табыстан исламды қабылдауына және көрсеткен қызметтеріне қарай мөлшер белгіленіп, жылына бір рет сыйақы ретінде төлеп тұрған.

 

Хазірет Омар (р.а.) талай нәрсені алғаш болып қолға алған. Бұлардың кейбірін баяндаған болдық. Айтылғандардан тыс тағы басқаларының тек кейбірін жай атап қана өтпекпіз: Канал қаздырып қалаға су жеткізген қызметі, жаңа қоныстанған өңірлерде құрылыс жүргізуі, мысалы, Куфа, Басра, Фустат, Мусул секілді жерлер, мұсылман емес жандардың Ислам өңірлерінде саудамен еркін айналысуына рұқсат беруі, өзен суынан алынған нәрселерге салық белгілеуі, мұсылман емес жетім-жесір, жоқ-жітікке қаржы бөлгізуі, имамдар мен азаншыларға жалақы тағайындауы, Тарауих намазын жамағатпен оқытуы, қор жүйесін құруы, т.б.

 

Хазірет Омар кезеңінен сөз ететін кітаптарда егжей-тегжейлі баяндалатын бұл бастама істерді «Әууәлийәтү'л-Фарук фи'л-Идарә уә'л-Қaза» атты еңбегінде Ғалиб Абдалқари әл-Қураши екі томға жинақтаған. Осындағы дерек бойынша, хазірет Омар (р.а.)  әкімшілік және сот ісі саласында тура 74 мәселені алғаш болып қолға алған.

 

Ізгілігінен бір үзік

«Зер қадірін зергер ғана біледі» деген көнеден қалған сөз бар. Ұлылықты тек ұлы адам ғана түсінбек. Хазірет Омарды да тек екі дүние Ардақтысы (с.а.у.) тап басып таныған. Хазірет Омар жайлы Расулалланың айтқандары төмендегідей:

– «Күннің көзі Омардан қайырлы адамды көрген емес» (Әбу Дәуіт)

• «Aлла хақты Омардың тілі мен жүрегіне берген» (Tирмизи)

• «Менен кейін келер пайғамбар болғанда, ол Омар болар еді» (Tирмизи)

• «Үмбетімнің арасында иләһи шабытқа лайықтылар бар. Егер бұл біреу болса, ол – Омар ибн Хаттаб» (Tирмизи)

Осы жерде атап көрсетер жүздеген хадис болғанмен, хадис кітаптарының Фадаил және Манақиб тарауларына сілтеме жасай отырып, бұл жайды қысқа қайырмақпыз.

Көзқарасы Алла үкімімен үйлескен

Жоғарыда берілген хадистердің бірінде хақтың хазірет Омардың (р.а.) жүрегі мен тіліне берілгендігі айтылады. Осы тұста бұған нақты мысалдар бермекпіз:

Бұл жерде айтылмақ нәрсе – хазірет Омардың (р.а.) кей ой-пікірінің Раббының үкімімен бір жерден шыққандығы. Бұлардың санын Ибн Хажар 15 деп көрсетеді, Имам Суюти болса, 21-ге жеткізеді. Қазір осылардың маңыздыларының бір бөлігін тек атап қана өтпекпіз:

• Қағбаның намаз оқуға арналуы;

• Ішімдікке тыйым салынуын талап етуі;

• Пайғамбарымыздың жұбайларының жабық киім кигенін қалауы;

• Бәдір тұтқындарына не істеу керектігін дөп басып айтуы;

• Ифк оқиғасында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзімен кеңескенінде дереу мұның жала екенін айтқаны;

• Пайғамбарымыз (с.а.у.) шығарған үкімге разы болмаған бір адамды өлтіруі және түскен аяттың хазірет Омардың (р.а.) дұрыс істегенін баян қылуы;

• Жәбірейілді «бiздiң дұшпанымыз» деген еврейлерге хазірет Омардың (р.а.) айтқандарымен мазмұндас аяттың түсуі.

Бұл бөлімді Омардың (р.а.) ұлы Абдулланың айтқан бір сөзімен аяқталық: «Басқалар бір жақ болып, ал Омар өзгеше пікір ұстанып, артынан Құран Омардың айтқанындай болып түспеген бірде-бір мәселе болған емес» (Тажрид-и Сарих)

 

Хазірет Омардың қазасы

Хазірет Омар қайтыс боларынан аз ғана бұрын базарда жүрген бір уақытында Муғира ибн Шубәнің Әбу Лүлү деген құлы алдынан шығады. Қожайынының мөлшерден тым көп салық салатынын айтып шағымданады.

 

Осы оқиғадан кейін бір күн өтпей жатып, ертеңіне таң намазында Әбу Лүлү алдыңғы саптың арасынан жылыстап өтіп, жеңіне тыққан екі жүзді қанжарды хазірет Омарға сұққылай бастайды. Қанжарды алты рет сұққан Әбу Лүлү мұның бірін ұлы халифаның кіндігінің тура астынан ұрады. Хазірет Омарды мерт еткен осы соққысы болады. Хазірет Омар жарақатынан қан саулаған күйі үйіне жеткізіледі. Есін бір жиып, бір жоғалтып, ажалмен арпалысып жатқан ол есін бір жиғанда намаз оқымағанын есіне алып, «намаз оқымағанның исламнан нәсібі жоқ» деген сөзді қайталаумен болады. Қылмыскердің кәпір екенін білген кезде «Ажалыма мұсылманды себеп етпеген Аллаға мадақ» дейді.

 

Хазірет Омар жарақат алған соң үш күннен кейін дүниеден озады. Осы үш күн ішінде болған оқиғалардың ең маңыздысы өзінен кейінгі халифаны сайлауға қатысты айтқан ұсыныстары болса керек.

Хазірет Омар отбасына қаратып: «Ислам үмбетінен бір жан шағымданған жағдайда, отбасымнан бір кісінің Аллаға есеп беруі жеткілікті. Істеген істерімде отбасымның көңіліне қарамай бар күшімді аямадым. Бір қатем бола тұра жазадан аман қалсам, қандай бақыттымын» деген.

 

Қасына жиылған сахабаларға «Сендерді хақ жолымен басқаратын ең әділ адамды атағым келеді» дейді. Хазірет Әлиді нұсқап, Расулалланың жәннатпен сүйіншілеген сахабаларды атап шығады: «Әли ибн Әби Талиб, Oсман ибн Аффан, Aбдуррахман ибн Ауф, Сағыд ибн Әби Уаққас, Зүбәйр ибн Аууам және Талха ибн Убәйдуллаһ... Осылар өзара біреуді таңдасын. Бірін халифа таңдаған жағдайда оған көмек беріңдер, қолдау көрсетіңдер. Мойнына міндет жүктелген адам оны хақ жолымен атқарсын» дейді. Сосын оларды шақырып былай дейді:

 

«Ойландым және сендерді үмбеттің алдыңғы қатарлы озық тұлғалары ретінде таныдым. Бұл шаруаны өздерің бітіресіңдер. Расулалла (с.а.у.) сендерге разы күйде жанын тапсырған. Сендер әділдіктен айнымасаңдар, үмбеттің қамын жеп, уайымдамаймын. Алайда араларыңда пікір алауыздығы шығып, бұл үмбет арасына жайыла ма деп қорқамын». Іле оларға  үш күндік мұрсат береді. Ал Миқдад ибн Әсуадқа «Мені жер қойнына берген соң мына кісілерді бір үйге жи, араларынан біреуін таңдасын» дейді. Сухәйбке болса, үш күн намазға бас-көз болуын тапсырады және «Әли, Oсман, Зүбәйр, Сaғыд, Aбдуррахман ибн Ауф және келген болса, жолдағы Талха мен халифалықтан үміткер болмау шартымен Абдуллаһ ибн Омарды  бір жерге жи, сол жерде бол, егер бесеуі біреуді бір ауыздан қолдап, жалғыз біреуі қарсы шықса, оның басын ал, ал егер төртеуі келісіп, екеуі қарсы шығар болса, ол екеуінің басын ал, егер үшеуі бір жерден шығып, қалған үшеуі қарсы келсе, о кезде Абдуллаһ ибн Омарды төреші қылып, соның жақтаған кісісін сайлаңдар. Алайда оның пікіріне қарсылық білдірер болса, Абдуррахман ибн Ауф мақұлдаған жақты таңдаңдар және бұған келіспей теріс айналар болса, бәрін өлтіріңдер» дейді.

 

Қорытынды

Адамзат тарихында есімі алтын әріптермен жазылған, қай жерде, қай кезде болмасын досы да, дұшпаны да тек құрметпен еске алған алып тұлғаны шынайы болмыс, қасиетімен дәл бағалау әсте де оңай емесі анық. Соған қарамастан, бұл мақалада оның өмірінде маңызды орын алған, тарихта ұмытылмастай терең із қалдырған іс-тәжірибелері арқылы бұл алып тұлғаны зерделеп, кейде зерттеу, талдау түрлеріне, кейде тарихи оқиғаларға жүгіну арқылы ол жайлы жиған-терген мәліметтерімізді ортаға салуға тырыстық. Бүкіл осылардан байқалатыны, хазірет Омар мұсылман болғаннан бастап жер бетіндегі хақтың айтулы үлгісі, ақиқаттың шаршап-шалдықпас жаршысы әрі сақшысы болған.

 (Алла оған разы болсын.)



Оқи отырыңыз