Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Шынайы иманның көрсеткіші – адам өмірін қорғауға мұқияттылық танытуда

Шынайы иманның көрсеткіші – адам өмірін қорғауға мұқияттылық танытуда

2015-12-28 3302

 

Фетхуллаһ Гүлен әлемге әйгілі француз басылымы «Лэ Монде» газетінде
жариялаған мақаласында экстремизм және лаңкестікпен күресу мәселесінде
халықаралық қауымдастық пен мұсылмандарға маңызды мәлімдеме жасады.

 

ШЫНАЙЫ ИМАННЫҢ КӨРСЕТКІШІ – АДАМ ӨМІРІН ҚОРҒАУҒА  МҰҚИЯТТЫЛЫҚ ТАНЫТУДА

ИШИМ мен сол секілді террористік ұйымдардың жантүршіктірерлік әрекеттерінен қалай шошынғандығымды айтуға тілім барар емес. Бұл топтардың лаңкестік әрекеттерін жүзеге асыру барысында өздерінің адасқан идеологияларын діннің атын жамылып жасауы бір жарым миллиард мұсылмандармен қоса мені де қатты қынжылтады. Мұсылман ретінде біздің міндетіміз: бір жағынан адамзатты бұл терроризм деген зұлматтан құтқару үшін баршамен иық тірестіріп бірге жұмыс жасау, ал екінші жағынан дініміздің пәк келбетіне жағылған қара күйені кетіруге тырысу.

 

Біршама сөздер, рәміздермен теориялық тұрғыдан тұлғалық ерекшелігіңізді алға тартуыңыз мүмкін. Бірақ бұл сөздің қаншалықты шынайылығы тек қарым-қатынас барысында, сол тұлғалықтың негізгі құндылықтарына қаншалықты адалдық танытумен өлшенеді. Шынайы иманның өлшемі жалаң ұрандар немесе сыртқы формада емес, барлық әлемдік діндердің негізгі өзекті тақырыбы: адам өмірін қорғау және әрбір адамды құрмет тұту секілді ұстанымдарға деген мұқияттылықта.

 

Мұсылмандар ретінде террористер жаюға тырысып жатқан тоталитарлық идеологиядан үзілді-кесілді бас тартып, оның орнына бауырмал, көптүрлілікті байлық деп қабылдайтын түсінікті қолдауымыз керек. Біз үшін ұлтымыздан, дінімізден бұрын адамдығымыз бірінші орында тұрады және мұндай тағылық әрекеттер негізінен адами қасиеттерге  кесір тигізеді. Парижде ажал құшқан француз азаматтары, бір күн бұрын Бейрутта өмірі қиылған Ливанның шииттік мұсылмандары, Иракта да аталмыш лаңкестердің қолынан қаза тапқан сүнни мұсылмандардың барлығы ең алдымен – адам. Жаны ауырған әрбір адамның жан жарасын жазуға ұмтылып, дініне де, ұлтына да қарамастан құрмет танытып, оның қайғысын жеңілдетуге тырыспайынша, өркениеттік алға жылжуы әсте мүмкін емес.

 

МҰСЫЛМАНДАР ҚУЛЫҚПЕН ЖАСАЛҒАН ТЕОРИЯЛАРДАН БАС ТАРТЫП, ӨЗДЕРІН ІШТЕЙ ЕСЕПКЕ ТАРТУЫ ТИІС

Біз мұсылман ретінде өз проблемамызды шешуімізге кедергі келтірген  айлакерлікпен жасалған теориялардан арылып, өзімізге былай есеп беруіміз керек: Біздегі астыртын зорлық-зомбылыққа деген бейімдік, күш көрсету, қоғамда жастардың елеусіз, ескерусіз қалуы әрі тепе теңдікке құрылған білім беру жүйесінің кемшілікті болуы себептерімен елдеріміз тоталитарлы санадағы топтардың өздеріне адамын тартуына ыңғайлы күйге жетті ме? Негізгі адам құқықтары мен бостандықтарын, құқықтың артықшылығы мен баршаға бауырмалдығын қалыптастыра алмағандығымыз үшін кейбір қараусыз жандардың үмітсіздікке түсуі мен түрлі ізденістерге баруына жол бердік пе?

 

ТЕРРОРДЫ ЛАҒЫНЕТТЕУ ЖЕТКІЛІКСІЗ

Парижде орын алған соңғы қайғылы оқиға бізге мынаны тағы бір рет ұқтырды: дінмен байланысты етіп көрсетілген бұл қанқұйлы жарылысты дін ғалымдары да, қатардағы мұсылмандар да түбегейлі лағынеттеп, қаралауы керек. Алайда қазіргі келген жағдайымызда мұны тек лағынеттеп қана қою жеткіліксіз. Мұсылман елдерде террористердің жас буынды қатарына қосу әрекеттеріне қарсы мемлекеттік мекемелер, діни көшбасшылар мен азаматтық қоғам ұйымдары баршасы бірігіп, парасатты түрде күрес жүргізуі қажет. Террористердің жастарды өз қатарына тартуына жол ашатын бүкіл факторларды бақылап, қоғамды тұтас қамтитындай жобалар ұйымдастыру керек.

 

Қоғамдағы қараусыз жүрген жастарды ертерек анықтап, қауіп-қатерлерге ұшырауына жол бермей, отбасыларына кеңес әрі өзге де қызметтермен қолдау болатындай шараларын жүргізу керек. Өзіміз азаматы болып табылатын мемлекеттермен жағымды достастықта болып, терроризммен күресу жөнінде жоспарлар жасалатын үстелдерге отырып, пікір айту керек. Жастарымызға демократиялық жолмен өз пікірлерін айта алудың жолдарын үйретуіміз қажет. Мектептердегі оқу жоспарында ерте жастан демократиялық құндылықтардың үйретілуі келешек ұрпақтың санасының дұрыс қалыптасуында айтарлықтай маңызды.

 

Тарихта мұндай трагедиялардың соңын ала әсіре кері реакциялар туындаған.  Мұсылманға қарсы, дінге қарсы айтылып жатқан сөздер, мемлекеттердің мұсылман азаматтарына тыныштыққа қауіп төндірушілер ретінде қарауы пайда емес, зиян тигізуі мүмкін. Европаның мұсылман тұрғындары бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруді қалайды. Қиын жағдайларға қарамастан, мұсылман азаматтар өз мемлекеттік органдарымен тығыз байланыста болып, жауапкершілік алып, діндестерінің қоғамға анағұрлым сіңуіне себеп болатындай бауырмал саясат жүргізуіне үлес қосуы тиіс.

 

Осылай әрекет ету арқылы біз мұсылмандық түсінігіміз бен іс-тәжірибемізге уақыт пен заман талабы аясында қайта көз жүгіртіп, өзімізге сынмен қарай алуымыз керек. Бұл ислами дәстүрден қол үзу дегендік емес, керісінше мүлт кеткен тұстарымыздың байыбына бару және оны дер кезінде түзетіп, сәләф салихиндер секілді Құран мен сүннеттің рухын, өзегін қайта қолға алу деген сөз.

 

ДІНДІ РАДИКАЛДЫ ТҮСІНДІРУЛЕРДЕН ТАЗАРТУЫМЫЗ КЕРЕК

Діни дереккөздеріміздің әр жерінен үзіп жұлып негізінен бұрмалап, басқа мақсаттарға қолдану үшін жасалып жатқан пікірлерді тазартуымыз керек. Мұсылман ғалымдар, ойшылдар мен зиялылар діннің қайнарына біртұтас қарауға шақыруы керек. Өткен дәуірлерде саяси және діни ұстанымдардың арасындағы келіспеушіліктер мен үздіксіз жалғасқан қақтығыстар кезінде берілген үкімдерге қайта көз жүгірткеніміз дұрыс. Кейбір негізгі сенімдердің болуы догматизмге жатпайды. Мұсылмандарға кезінде ренессанс сыйлаған көзқарас еркіндігін діннің өзегіне адалдық таныта отырып қайта жандандыруға жол ашық, ол мүмкін әрі қажетті. Қаттылық пен қатыгездікке себеп болып отырған радикализм және терроризмге тек осындай жағдайда ғана тиісінше қарсы тұра аламыз. 

 

ӨРКЕНИЕТТЕР ЕМЕС, АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІМЕН ВАРВАРЛЫҚ ӨЗАРА ҚАҚТЫҒЫСУДА

Өкінішке қарай, орын алған соңғы оқиғалардың ізін ала кей жерлерде «өркениетаралық қақтығыстар» теориясының қайта қозғалғанына  қатты қынжыламын. Бұны ең алғаш шығарғандар болашақта өздері осылай көргісі келетін жоспар ретінде алға тартты ма біле алмадым. Бірақ мына жағдай анық, бүгін осындай нәрсе айту террористік ұйымдардың ғана мүддесіне жарайды. Мынаны нақты айтқым келеді: көз алдымызда болып жатқан оқиғалар бүкіл адамзаттың өркениет пен варварлықтың қақтығысы. 

 

ТЕРОРИСТЕРМЕН КҮРЕСТЕ МҰСЫЛМАНДАР ШЕШІМНІҢ БІР БӨЛІГІН ҚҰРАУЫ ТИІС

Мұсылман ретінде біздің жауапкершілігіміз: қандай ауыр жағдайларға тап келсек те шешім жолының бір бөлігін мойнымызға алуымыз керектігі. Мұсылмандардың құқығы мен бостандығын қорғау әрі сенімі қандай болса да барлық адамдардың татулық пен бейбітшілікте өмір сүруіне үлес қосқымыз келсе, саяси, экономикалық, әлеуметтік және діни барлық қырларымен терроризм проблемаларына көңіл бөлуіміз керек. Жеке өмірімізде үлгілі жан болу арқылы діни көздердегі радикалды тұжырымдарды қабылдамай, жатсынып, бұл пікірлердің жастарға әсер етпеуіне сергек қарап, оларға демократиялық құндылықтарды ерте бастан үйретіп, терроризмге және соған бастайтын тоталитарлық идеологиялармен күресуіміз керек.

 Le Monde



Оқи отырыңыз