Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Қара қылды қақ жарған әділетті  хазірет Омар

Қара қылды қақ жарған әділетті  хазірет Омар

2015-12-25 2986

Хазірет Омар (р.а.) хазірет Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) іргесін қалаған Ислам мемлекетін ғылыми негізде құрған. Бұл қасиетімен де көп іске бастама бола білген.

 

Бұлардың арасында елді обылыстарға бөлу, қол астына қараған жерлерге қызметкер тағайындап, жердің диқаншылыққа қолайлы немесе қолайсыздығын анықтау, халықтың жалпы пайдасы үшін мәдиналық кей кісілерді басқа аймақтарға қоныс аудару, алғаш түрме жүйесін енгізу, Қағба айналасын тәртіпке келтіру және Қағбаға алғаш болып қара жапқышты жабу секілді жалпы саны жетпіске баратын бастаманының бәрін тарихқа сол кісі тарту еткен.

 

Және де хазірет Омар – исламды мемлекеттер қатарында көрсеткен ұлы тұлға. Хазірет Әбу Бәкірдің өмірі жетпей орындай алмаған көптеген жаңалықты хазірет Омар жүзеге асырады.

 

Мақалада хазірет Омарға қатысты білуге тиіс мәселелерді қол жеткізген деректеріміз негізінде баяндадық. Тигізер пайдасы болса деп тілейміз, әрі жан дүниемізде хазірет Омарға және басқа сахабаларға сүйіспеншілік пен құрмет сезімін оятқай деп сұраймыз.

 

Өмір жолы

• Туған жері, әулеті

Хазірет Омар Ибн-и Исхақ арқылы жеткен риуаят бойынша, Фижар соғысынан төрт жыл бұрын Меккеде дүниеге келген. Бұл кез хазірет Пайғамбарға пайғамбарлық міндеті жүктелерден отыз жыл бұрынғы уақыт. Өзі айтты дейтін басқа бір риуаят бойынша, хазірет Омар атақты Піл соғысынан он үш жыл бұрын дүниеге келген[1].

Толық аты-жөні – Омар бин Хаттаб ибн Нүфәйіл ибн Абдулузза ибн Рейах ибн Абдиллаһ ибн Курт ибн Ризах ибн Адий ибн Қағыб ибн Лүәй ибн Ғалибил-Құраши. Құжат бойынша – Әбу Хафс. Құрайыш тайпасының Махзум руынан шыққан хазірет Омардың анасының есімі Хантәмә бинти Хашим[2].

 

• Сырт келбеті

Хазірет Омар ұзын бойлы, ірі денелі, аққұба[3], маңдайы кең, мұрты қою және шашы сирек кісі[4] болған. Бала күнінде түйе баққан Хазірет Омар бозбала шағынан шежіре ілімі, соғыс өнері секілді арабтар жоғары бағалаған істермен шұғылдана бастайды. Хазірет Омар сонымен қатар асқан шешен кісі болған[5].

 

• Отбасы

Хазірет Омар – сегіз ұл, төрт қыздың әкесі[6]. Ұлдарының арасында Абдуллаһ, Абдуррахман, Асым Ислам тарихына түрлі қасиеттерімен аты жазылған тұлғалар. Абдуллаһ хадис және құқық бойынша, Асым ілім, адамгершілік, сопылық және тақуалық бойынша танымал[7]. Қыздарының ішінде хазірет Хафса болса, хазірет Пайғамбардың жұбайы болу құрметіне жеткен, барша «Mүміндердің анасы» атанған.

 

• Лақабы

Хазірет Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Aллам! Омар ибн Хаттаб немесе Әбу Жәхил, осы екі кісінің Өз құзырыңдағы сүйкімдісі арқылы исламды күшейте гөр» деген дұғасында аталған хазірет Омардың лақабы «Фаруқы». Фаруқ – хақ пен жалғанды айыра білуші деген сөз. Өмірінде осы жолдан еш айнымаған хазірет Омарға бұл лақапты адамзаттың ардақты пайғамбары хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі берген. Хикаясы былай: Мұсылман болғандығын ешкімнен ықпай алғаш жария[8] қылған кісілердің бірі болған хазірет Омар исламды қабылдаған бойда хазірет Пайғамбарға былай деп сауал қояды: «Уа, Расулалла, біз өлсек те, өмір сүрсек те хақ жолында емеспіз бе?? Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл сауалға «Иә, өлсеңдер де, өмір сүрсеңдер де сендер хақ жолындасыңдар» деп жауап қатады. Бітім болмысындағы хақ пен ақиқатты көзінің қарашығындай сақтап, оны Ислам арқылы жарыққа шығарған бұл алып тұлға бірден орнынан тұрып «Aлла сені хақ жолымен жіберді. Олай болса, неге тығылуға тиіспіз, енді жасырынуды қояйық» дейді. Сол күнге дейін Дарул-Әрқамда бой тасалап жүрген мұсылмандар Алла Расулы ортада, оңы мен солында хазірет Омар мен хазірет Хамза бастап Мекке көшелерін аралап, Қағбаға дейін барады. Міне, сол күні хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хазірет Омарға «Фaруқ» атағын береді[9].

 

• Исламды қабылдауы

«Зер қадірір зергер білер» дегендей, Абдуллаһ ибн Мәсудқа «Омар исламды қабылдағалы бері бәріміздің еңсеміз көтерілді»[10] дегізген хазірет Омардың исламға кіргені жайында мынадай риуаяттар бар: өзінің айтуынша, «Расулаллаға бір ұсыныспен барған едім. Бірақ оның менен бұрын мешітке кіріп, «Хаққа» сүресін оқи бастағанын көрген соң, артына келіп отырдым. Ол Құранды оқыған сайын менің таңданысым күшейе берді. Бір кезде (ішімнен) «мынау Құрайыш айтып жүргендей шайыр» дедім. Мұның артынша «Шүбәсіз, ол (қасиетті Құран) аса ардақты Елшінің (жеткізген) сөзі. Ол шайырдың сөзі емес. Сендердің иман етуге деген пейілдерің неткен болмашы еді!» (Хаққа 69/40-41) деген аятты оқыды. Сосын онда бұл көріпкел дедім. Алайда «ол көріпкелдің де сөзі емес. Ой-таразыларың неткен жұтаң еді», тағы жалғастырып «Ол күллі әлемнің Раббысынан бірте-бірте түсіп жатқан кітап. Егер ол Елші кейбір сөздерді өз ойынан шығарып, Бізге таңған болса, шүбәсіз, оны бас салып, содан кейін күре тамырын қияр едік. Араларыңнан ешкім бұған кедергі болып, оны арашалап қала алмас еді. Сондай-ақ Құран тақуа жандарға жөн сілтейтін (теңдессіз) жолбасшы» (Хаққа 69/42-48) аяттарын оқыды. Осыдан кейін барып Ислам менің жүрегіме толық орнықты».

 

Бұған қатысты басқа бір риуаят былай: хазірет Омар бір күні қылышын асынып хазірет Мұхаммедті өлтірмекші болып шығады. Жолда Нуайм ибн Абдуллаһ ұшырасады. Оған өзінің ойын айтады. Нуайм «Mұхаммедті өлтіретін болсаң, Бәни Зүхрә мен Бәни Хашим рулары сені аман қоя ма?» дейді. Бұл сөз Омарды ойынан айныта алмайды. Тіпті «Oл ата-баба дінін тәрк етіп, адасып жүр» деп жауап береді. Бұдан кейін «Омар, саған бұдан да қызығын айтайын ба? Күйеу балаң мен қарындасың да діндерін ауыстырған» деген сөздерді естіген Омар ашуға мініп, бағытын өзгертіп, қарындасының үйіне барады. Бұл кезде Хаббаб үйде «Та-һа» сүресін үйретіп жатады. Сырттан дауыстарын естіп ішке кірген Омар қарындасынан жаңағы естіген дауыстың не екенін сұрайды. Сұрағына нақты жауап ала алмаған Омар «шамасы діндеріңді өзгерткенсіңдер» дейді. Қарындасы «Омар, егер хақ сенің дініңде болмаса, не істер едің?» дегенде, оны таяқтың астына алады. Бет-аузын қан жуып кеткен қарындасы қасқайып шындықтан қайтпай, куәлік сөзін айтады. Мына жайдан кейін тәубасына түскен Омар оларға «Оқыған нәрселеріңді көрсетіңдер» дейді. «Та-һа» сүресін басынан «Мен Алламын, бұған еш күмәнің болмасын! Менен басқа тәңір жоқ! Олай болса, Маған құлшылық қыл һәм Мені зікір етіп, еске алу мақсатында кемеліне жеткізіп, намаз оқы» деген аятқа жеткенше оқи сала, маған Мұхаммедтің қайда екенін көрсетіңдер дейді. Сол кезде Хаббаб тығылған жерінен шығып, Алла Расулының исламның Әбу Жәхил не Омар екеуінің бірімен мерейін үстем етуін сұраған дұғасын айтып береді. Бұдан кейінгісін хазірет Омардың өз аузынан тыңдайық: «Сaфa жотасының маңындағы Алла Расулының қасына барып, алдына отырдым. Расулалла көйлегімнен ұстап маған «Уа, Омар, исламды қабылда. Aллам саған тура жолды көрсетеді» деді. Мен тілімді кәлимаға келтіріп мұсылман болдым. Содан кейін мұсылмандар бар дауыспен тәкбір айтып, Меккенің көшелері осы дұғаның үніне тұнып тұрды.

 

Басқа бір риуаятта болса, Алла Расулы Омарға «Мына күйден арылғың келмей ме, уа, Омар? Әлде Алла Уәлид ибн Мұғира жайында түсіргені секілді сен жайында да ұятқа қалдырып, масқара ететін, ғибратқа толы аяттар түсіргенін күтіп жүрмісің? Жаратқан ием, мынау – Омар ибн Хаттаб. Дінді Омарменен әзиз қыла гөр!»[11] дейді.

 

Хазірет Омардың исламды қабылдағаны жайында келесі бір риуаятта былай баяндалады. Хазірет Омардың өз аузынан: «Қарындасымды соққыға жыққан соң, үйден Қағбаға қарай бет алдым. Қағбаның жапқышының астына түн қараңғылығын жамылып жасырындым. Алла Расулы келді. Біраз намаз оқыды. Сол түнге дейін еш естімеген нәрселер естідім. Намаздан кейін Алла Расулының артына ілестім. Мені жолда байқап қалды. «Кім бұл?» деді. «Омар» дедім. «Күні-түні мені аңдумен жүрмісің?» деді. Мен бірден қарғысына қалам ба деп уайымдап, сол арада мұсылман болдым. Алла Расулы маған «Мұсылман болғаныңды жария қылма» деді. Ал мен «Сені хақ жолымен жіберген Аллаға ант етейін, ширкті жар салғаным секілді мұсылмандығымды да жария қыламын» дедім[12]. Осы риуаят біраз өзгешелеу түрде әл-Бидая уә'н-Нихаяда аталады. Онда хазірет Омар Пайғамбардың Құран оқығанын естігенде жылап, көңілі исламға ашылады. Сосын Алла Расулының артынан ереді, Хазірет Пайғамбар байқап қалып, жаман оймен жүр екен деп оған «Беймезгіл уақытта не істеп жүрсің?» деп төтеден сұрақ қояды. Хазірет Омар мұсылман болғысы келетінін айтып, мұсылман болады[13].

 

Хазірет Омардың (р.а.) әр түрлі қырлары

 

Исламды қабылдап, адамзаттың мақтанышы хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тәрбиесін көріп, исламға жан-тәнімен шәкірт болып, соған орай кейінірек бүкіл адамзатқа ұстаздық етер дәрежеге жеткен хазірет Омар исламға дейін өзі өмір сүрген қоғамның бел ортасында жүрген кісі еді. Түйе төбелестіретін, өзі де ешкімнен қайтпайтын, өте өжет, намысқой, сұсты және сөзі өтімді жан болған. Ал мұсылман болғасын осының бәрі Ислам аясына сай қасиетке айналады. Құмырсқаның өзін баспайтын сезімтал, жаны нәзік[14], есепке өте жүйрік, жаны жихадқа құмар, момын мен әлсізге пана нағыз алып тұлға қалыптасады. Исламның бұйрығы мен тыйымын бір жүйеге түсіріп, мемлекеттік сипат алуында теңдессіз еңбек сіңірген хазірет Омардың сан жетпес қырларының кейбірін танып, әрі танытып өтсек:

 

a) Сабыры

Мекке кезеңі бүкіл мұсылмандар үшін бейнет пен қасіретке толы, талайдың көз жасы төгіліп, неше түрлі жайсыз жай орын алған кезең болды. Тура он үш жыл Алла Расулынан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бастап, исламды қабылдағандар түгел сол кезгі қоғамдық құрылымдағы орнына қарай белгілі келеңсіздікпен бетпе-бет келеді. Иә, күпірге санасы шырмалып, көзіне қан толған адамдар «Рaббым – Aлла» дегендерге қарсы соғыс жариялайды. Және де бұл тек Мекке кезеңімен бітпейді. Осы азап пен қиындықққа толы бейнет өмір өзгергенмен сол қалпы Мәдина кезеңінде де жалғасады. Хазірет Омар міне осының бәрін басынан өткізеді. Ибн-и Омардың айтуы бойынша, хазірет Омар мұсылман болғанын Қағбаның жанында көпшілік жиылған сәтте Меккенің ең зор дауысты тұрғыны Жәмил ибн Мамәрге жария еткізеді. Содан Құрайыш тайпасының адамдары «Омар дінін сатыпты» деп оған бас салады. Шамамен түске дейін созылған төбелесті Ас ибн Уәил келіп тоқтатады. Ол құрайыштықтарға «Не істеп жатсыңдар?» дейді. Жауаптарын естіген соң «Қоя беріңдер оны. Ол бір жолды таңдаған екен. Не шаруаларың онда. Және де Адий әулеті өздерінің беделді кісілерін сендердің қолдарыңа сөйтіп бере салады деп ойлайсыңдар ма?» деп, хазірет Омарды босатқызады[15].

 

Хазірет Омардың сабыры жайлы сөз қылғанда, оны тек жоғарыда аталған мысалдағыдай басқалардан көрген сонша қорлық, зорлығына қарамай дінін тастамауы деп түсіну қате. Мұндай түсінік сабырдың мағынасын барынша тарылтады. Ол исламға дейінгі молшылық өмірінде қалаған нәрсесін алып ішіп-жейтін, ал кейіннен аш қалатын кездері болды[16]. Бойына өзі өскен кезең мен ортадан әбден сіңген әр түрлі (исламға) жат сипаттарды хазірет Омар бір демде тәрк етеді. Енді ол ішімдік татып алмайды, пұтқа табынбайды. Бұлар оның сабырының әр қилы сипатта көрінетін тек бірнешеуі ғана.

 

(Жалғасы бар)

www.akikat.kz

 

 


[1] Ибн-и Хaжeр әл-Aскалани, әл-Исабе фи Tәмйизи'с-сaхабә, 2/518

[2] Ибн-и Сaыд, Taбaқату'л-Kүбрa. 3/265

[3] Ибн-и Сaғыд aтал.eңбек, 3/325

[4] Mәулана Шибли, Aср-ы Сaaдeт, 1/329, Ибн-и Хaжeр, aтал. eңбек, 2/518

[5] Mәулана Шибли, атал. еңбек, 1/297

[6] Ибн-и Сaғыд aтал.eңбек, 3/265-266

[7] Tирмизи, Mәнақыб, 18.

[8] Нуреддин әл-Хәйсәми, Mәжмау'з-Зәуәид, 9/63

[9] Ибн-и Хaжeр әл-Aскалани, әл-Исабе фи Tәмйизи'с-сaхабә,  519; Ибну'л-Жәузи, Сыфатү'с-Сaфвә, 1/113

[10] Бухари, Фәдәилүл-Aсхаб, 6

[11] Ибн-и Хaжeр әл-Aскалани, әл-Исабе фи Tәмйизи'с-сaхабә, 4/381, Ибну'л-Жәвзи, Сыфатү'с-Сaфвә, 1/111

[12] Юсуф Kaндехлеви, Хaйата'с-Сaхабә, 1/69; Әбу Нуайм, Хилйәту'л-Әвлийа, 1/41; Ибн-и Keсир, әл-Бидайә уән-нихайә, 3/77-78.

[13] Ибн-и Kасир, әл-Бидайә уән-нихайә, 3/79.

[14] M. Фетхуллах Гүлен, Сонсуз Нур, 2/381.

[15]Ибн-и Keсир, әл-Бидайә уән-нихайә,  3/79.

[16]Юсуф Kaндехлеви, Хaйата'с-Сaхабә,  1/308.



Оқи отырыңыз