Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Жанкештілікпен ойран салу және Ислам

Жанкештілікпен ойран салу және Ислам

2015-12-15 2185

 

Өзін мерт қылу арқылы шабуылдау мәселесіне кіріспей тұрып, тақырыптың ашылуына сеп болар жалпылық сипаттағы екі жайға тоқталып өткен пайдалы. Ислам бойынша, адам – адам болғандықтан да мәртебелі. Құран бұл мәселені былай баяндайды: «Біз, расында да, адам баласын ардақты қылып, көптеген нығметке бөледік. Оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер нәсіп еттік. Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ, оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем қылдық» (Исра сүресі, 17/70).

 

Әйел-еркек, жас-кәрі, қара-ақ әрбір адам қадірлі, азат және дербес саналады. Ислам адам өміріне үлкен мән береді. Көптеген аят пен хадисте бес негізгі құндылықты қорғау бұйырылады[1]. Бұлар: дін, жан, ұрпақ, ақыл және мал-мүлік. Сондықтан да, адамның өміріне қастық қылуға, ар-абыройына қол сұғуға, мал-мүлкіне тиісуге, ел-жұртынан қууға, бостандығынан айыруға болмайды және наным-сеніміне тірлігі кедергі келтірмеуі тиіс. Ислам әрбір адам басқа тіршілік иелеріне қарағанда, ерекше жаратылыс болғандығы себепті  бір адамды өлтіруді баршаны қыру, ал бір адамның өмірін құтқаруды бүкіл адамзаттың өмірін құтқару деп есептейді (Mәида сүресі, 5/32). Мұндай бағалау ешбір дін мен жаңа жүйелердің ешқайсысында жоқ және де адам құқығына қатысты ешбір алқалы кеңес не құрылым да адамға осындай дәрежеде баға берген емес. Тіпті бір адамның өзіне өзі жағымсыз әрекет жасауына, Алланың өзіне берген жанын қиюына рұқсат етілмеген. Бір адам басқа біреуді өлтіруге болмайтыны секілді, өз өмірін де қия алмайды, яғни өзін өзі мерт қылуға рұқсат берілмеген. Ислам өзін мерт қылуға үзілді-кесілді қарсы. Құран Кәрімде өзіне қол жұмсауға тиым салады (Нисa сүресі, 4/29), Ардақты пайғамбарымыз да көптеген хадисінде өзін мерт қылуға тыйым салынғанын және ақыреттегі жазасының азабы өте ауыр болатынын ескерткен (Бұһари, Жәнаиз, 84; Mүслим, Иман, 175).

 

Исламның өзегі – бейбітшілік

Ислам – бейбітшілік, қауіпсіздік және аман-саулық деген сөз. Одан тек тыныштық пен жан рақатын табуға болады. Оған сеніп өмір сүруші мұсылман баласы да жұрттың бәріне, тіпті бар нәрсеге сенім ұялататын, қолы мен тілі арқылы жаманшылық етпеуші адам. Ислам жер бетіндегі бүлікке, араздыққа, жанжалға, зұлымдық пен лаңкестікке қарсы ұстанымда. Көптеген аят пен хадисте айтылғандай, исламда бейбітшілік – негізгі мәселе, ал соғыс – өткінші жайт. Мұсылманның басқа адамдармен қарым-қатынасында да бейбітшілік негізге алынады. Ол жұққан микроптардан арылу үшін ағзаның өзін қорғайтыны секілді ерекше жайт. Ислам адами шындық пен адамзат тарихының ең айтулы оқиғасы болғанмен, белгілі бір қағидалар аясында орын алса да, соғысты жақтамайды,  оны әуелі қорғану мақсатымен байланыстырады, сосын Құранның өзінде айтылатын «Әсілі, елдің шырқын бұзатын бүлік – соғыстан, кісі өлтіргеннен бетер» (Бақара, 2/191) қағидасына сай, соғыс пен ақыры соғысқа себеп болатын бассыздықты, тәртіпсіздікті, зұлымдықты, бүлікті болдырмау үшін заңды санайды[2] және сол себепті адамзат тарихында алғаш рет өте маңызды шектеулер мен қағидалар белгіленеді[3].

Ислам соғыста тепе-теңдік сақталу үшін де қағидалар бекітеді: «Уа, иман еткендер! Алла үшін қолдарыңнан келгенше турашыл, куәлікке жүргенде қара қылды қақ жарған әділ болыңдар. Қайсыбір қауымға деген өшпенділіктерің (немесе олардың сендерге деген өшпенділігі) сендерді әділетсіздік жасауға итермелемесін. Әрдайым әділ болыңдар, біле білсеңдер, тақуалыққа ең жақыны, ең лайығы міне, сол. Аллаға тиісінше тағзым етіп, қарсы келуден барынша сақтаныңдар. Шүбәсіз, Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар» (Mәида сүресі, 5/8) деп бұйырып, әділдік пен әлем тыныштығын негізге алады.

Бүкіл осы басты негіздермен қатар Ислам әрбір мұсылманға дінін, жанын, малын, ұрпағын, ары мен наным-сенімін қорғауына рұқсат берген. Тіпті осының жолында жан беруді шейіт болумен тең қойған (Бұһари, Mәзалим, 32; Mүслим, Иман, 226). Осылайша жалпы бір шолу жасаған соң өзін мерт қылу әрекеттеріне тоқталмақпыз. Өзін мерт қылу әрекеттерін бейбіт және соғыс жағдайында істелгендер ретінде екі топта бөлек қарастырған жөн.

 

1. Бейбітшілік заманда жанкештілік әрекетке бару

Бастан айтып өтуге тиіс нәрсе – исламның өткінші жағдай ретінде бағалаған соғысқа қатысты ақиқаттарын бейбіт күнде қарапайым халыққа қарсы қолдану дұрыс емес.  Соғысқа қатысты үкімдер соғыс жайы мен жөніне байланысты, азаматтық қоғамда және бейбіт кезде болса, Ислам әр мұсылманға имани, ахлақи құндылықтарды лайықтарды көрсетіп, адамдарға мейірім, қайырыммен қарауды және өзі өмір сүрген ортада тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау жолында еңбектенуді бұйырады[4]. Сондықтан бейбіт елдің ортасында азаматтық болсын, әскери болсын бір жерде бомбамен өзін жарып бейкүнә адамдарды қаскөйлікпен өлтіруді Ислам дінінің құптауы мүмкін емес.

 

Адамдарға, тіпті бүкіл нәрсеге мейірім, қайырыммен қарауды бұйырған Құран Кәрім «бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады» деп ескертеді (Mәида сүресі, 5/32). Иә, Ислам үшін бір адамды нақақтан өлтіру бүкіл адамзатты қырумен тең қылмыс. Өйткені, бір адамды өлтіру, әрі қандай да бір адамды өлтіруге болады деген ойға жетелейді, әрі жалпы адамзаттың өмір сүру құқына деген құрметсіздікті дәріптейді. Және мұндай қылмыс жасаған біреу Алла алдында бағасы өте жоғары адамды тұла бойды тіксінтер жауыздықпен өлтіріп, өте жаман үлгі көрсететіндіктен, бүкіл адамды өлтіргендей Алланың қаһарына және ауыр азапқа лайық іс қылған болып саналады.

 

Құран Кәрім бір адамды нақақтан әрі қасақана өлтіру қылмысына қатысты қатал ескертуді басқа қылмыс түрлеріне байланысты жасамайды. Шынында да бұл сөз, ескертуден аза бойың қаза тұрады: «Ал енді кімде-кім бір мүмінді (мүмін екенін біле тұра) қасақана өлтірсе, оның (ақыреттегі) жазасы ішінде мәңгі-бақи қалып, азап шегетін жаһаннам болмақ. Бұған қоса, Алла оған қаһарын төгіп, лағынет айтып рақымынан аластады әрі ол үшін алапат азап әзірледі» (Нисa сүресi, 4/93).

 

Қасақана мүмінді өлтірген адамның жазасы, Алла кешірмесе –  мәңгілік тозақ. Үмбетіміздің данагөйі Ибн Аббас пен кей ғұламалар бұл аятты қасақана мүмінді өлтірген кісінің тәубесі қабыл болмайды және жаһаннамда мәңгі қалады деп тәпсірлейді[5]. Құранның тәпсірі мен түсіндірмесінде ауызға алғаш ілігер беделді тұлғаның бұл пікірі қашан да назарда ұсталуға тиіс.

 

Аятта қасақана мүмінді өлтірген адамның жаһаннам жазасын тартумен қатар, Алланың қаһарына ұшырап, лағынетін алатыны және оған ауыр азап дайындалатыны айтылады. Алланың ешбір қылмысқа қатысты мұндай қаталдықпен тұла бойды түршіктіріп қорқытуы басқа жерде кездеспейді. Бұған қоса, бейкүнә адамды өлтіру Аллаға серік қосумен қатар аталады (Фурқан, 25/68; Әнғам, 6/151). Бұл да мәселенің үрейлі жағын көрсетуде маңызды.

Сондай-ақ, мұндай қаскөйлікті Ислам дінінің деректері арқылы бекіту, нақтылау да еш мүмкін емес. Түрлі дәрі және тәсілдермен санасы уланып яки робот құсатып жанкештілік әрекетке жіберілген болмаса, иман мен Ислам сипаты бар, есі дұрыс мұсылманды мұндай іске барады деп ойлау ессіздік.

 

Ә) Соғыс кезіндегі жанкештілік әрекеттер

Жоғарыда қысқаша исламның бейбіт күнге қатысты жалпы ұстанымына шолу жасап өткен болдық. Ал енді қасиетті наным-сенімін, ел-жұртын, мал-мүлкін қорғау үшін соғысуға мәжбүр болғандардың бейкүнә адамдар мен азаматтық нысандарды көздеп істеген жанкештілік әрекетін ислами ұстанымдар тұрғысынан бағалап көрмекпіз.

 

1. Соғыс кезінде «жауынгер еместерді» өлтіруге болмайды

Мұсылман баласы ерік-жігері жеткенше Ұлы Алла жіберген хабардың қағидаларына сай өмір сүруі қажет. Мұсылман ғибадат-құлшылығынан әрбір іс-әрекетіне, онда да ашу, жек көру секілді сезімдік қылықтарына шейін өмірінің әр сәтін илахи әмірлер аясында өткізуші. Ол қорғауы керек өз құқығын қорғау үстінде де осы қағидаларға сай болуға тиіс. Соғыс қимылдары да бұл қағида, ұстанымдардан бас тартуды заңдастыра алмайды. Ислам соғыс кезінде де қолына қару алып соғыспаған қарт, әйел, бала, т.б. жандарды өлтіруді құп көрмейді. Мұндай адамдарды "жауынгеp" ретінде тануды жақтамайды. Және бұлайша қарау соғыс заңына Ислам әкелген жаңа әрі таптырмас қағида, ұстаным.

Жалпы қағида бойынша соғыс жағдайында "жауынгер еместерді" өлтіруге болмайды. Құранда:

وَقَاتِلُوا فِي سَبِيل اللّٰهِ الَّذِينَ يُقَاتِلُونَكُمْ وَلاَ تَعْتَدُوا إِنَّ اللّٰهَ لاَ يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ

"Өздеріңе қарсы соғыс ашқандармен Алла жолында соғысыңдар, бірақ (Алланың соғысқа қатысты белгілеген үкімдерін ескерусіз қалдырып) шектен шықпаңдар. Шүбәсіз, Алла шектен шығатындарды жақсы көрмейді" (Бақара сүресі, 2/190) деп бұйырады.

 

Аяттың "يُقَاتِلُونَكُمْ" деп келуі өте маңызды. Бұл тұлға қызметі жағынан "ортақтықты" білдіреді, мағынасы "өздеріңе қарсы соғыс ашқандар", "жауынгер мәртебесі барлар" деген сөз. Дeмeк, жауынгер еместерге, яғни соғысқа араласпағандарға қарсы қару қолданбайды.

 

Бұл аяттағы "жауынгер еместерді өлтірмеу" мәселесін пайғамбарымыз сөзімен де, ісімен де түсіндірген. Бұл жайлы көп хадис бар[6]. Біз осылардың тек бірнешеуін ғана беруімен шектелгенді жөн көрдік:

Соғыс болған жерден әйел кісінің денесі табылғанда Алла Расулы "Бұл әйел соғысқан жоқ қой, не үшін өлтірілді?" деп, мұны үзілді-кесілді құптамаған (Әбу Дәуід, Жихад, 111) және әйелдерді, балаларды өлтіруге тыйым салған (Бухари, Жихад, 147; Mүсим, Жихад, 25).

 

Бұған қоса, Алла Расулы дін жолындағы соғысқа жіберген әскеріне, қолбасшыларына былай деп ескерту жасайды: «Aлланың атымен жолға шығыңдар, Алла жолында күресіңдер, соғысқан жақпен араларыңда келісім бар болса, соған бағыныңдар, шектен шықпаңдар, ережеге сай соғысып өлтірген адамдарыңа қорлық жасамаңдар (аузын, мұрнын кесіп, адамды қорлайтын нәрселер істемеңдер), балаларды, әйелдерді, кәрілерді, ғибадатханадағы адамдарды өлтірмеңдер» (Tәханәуи, Иләү'с-Сүнән, 12/31-32; Aхмед бин Хaнбәл, Mүснәд, 1/300; Әбу Дәуід, Жихад, 82).

 

Алғашқы төрт халифа да осы жолдан айнымаған. Бүгінге дейінгі бүкіл дерлік Ислам мемлекет басшылары алғы шепке аттанған қолбасшыларға бейбіт халыққа тиіспеуін, дүние-мүлкіне зарар бермеуін, соғыс кезінде әйел, балаларды, ғибадатханада тұратын дін қызметкерлерін, шаруасындағы диқанды өлтірмеуді ескерткен. Және бұл ұстанымдар негізінен бұлжытпай орындалған.

Ислам құқығы ғалымдары (жауынгер емес) әйелдерді, балаларды, қарт кісілерді, діни қызметкерлерді, ғибадат қылушыларды, зағиптар мен мүгедектерді соғыста өлтіруге рұқсат жоқтығын бірауыздан мақұлдайды (Taхaуи, Mухтасару ихтиләфил-Фуқаха, 3/455-456).

 

Жоғарыда аталған аяттағы (Бaқaрa, 2/190) «шектен шығудың» Алла Расулы екі жағын ашып түсіндірген; «жауынгер еместерді өлтірмеу» және өлген адамның адамдық болмысына зиян келтірер нәрсе жасамау. Пайғамбарымыз соғыс кезінде қарсы жақтан өлген адамдарға «қорлық» (мүслә: өлген адамның аузын, мұрнын, құлағын кесу) көрсетуге және қандай бір тіршілік иесін байлап нысана қылып қарумен атқылап өлтіруге тыйым салған[7]. Тіпті Пайғамбарымыз тауықтың өзін нысана қылып атып өлтіруге тыйым салады (Әбу Дәуід, Жихад, 120; Дарими, Әдахи, 13).

 

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз мұсылманның соғыс үстінде де өзін лайықты үлгіде ұстау керектігін ескертеді: «Адами және ахлақи құндылықтарға құрметпен қарап соғысу – толық иманнан» (Әбу Дәуід, Жихад, 110). Енді бомбалы жанкешті әрекетіне осы ұстанымдар аясында қарасақ, исламның жалпы әрі әдеп қағидаларына және тарих бойы ұстанған жолына мүлде кереғар екенін байқаймыз. Өйткені, мұндай әрекеттер салдарынан «жауынгер» сипатын иеленбеген кінәсіз адамдар құрбан болады, ал бұл Ислам ақиқаттарына қайшы екендігі анық.

 

2. Азаматтық нысандарға шабуылдауға болмайды

Соғыс жағдайының өзінде кінәсіз адамдарды мерт қылу діннің негізгі ұстанымдарына толық кереғар. Пайғамбарымыздың көзі тірісінде және одан кейінгі кезеңдерде бұған мысал қылардай бір әрекет болмаған және мұсылмандар мұндай қылыққа соғыс кезінде де бармаған. Егер «бaсқa aмал жoқ, нe істер еді?» деген сауал туындаса, Меккеде қаншама ауыр азап, қорлыққа ұшыраған мәртебелі сахабалар мен кейінірек солардың ізімен жүрген мұсылмандардың мұндай жолға бармағанын еске түсірудің өзі жеткілікті деп ойлаймыз.

 

Мұсылман құқығына қатысты бүкіл дерлік еңбектерде аталатын бір жайт бар; мұсылман баласы соғыс жағдайында тұтас армияға немесе әскери бірлікке жалғыз өзі өлетінін біле тұра шабуылдауына бола ма? Мұның жауабы былай: Егер қарсы жаққа зиян шектірсе, немесе ол мұсылмандардың пайдасына асса, мәселен, мұсылмандарды батылдандыратын болса, онда жау әскеріне шабуылдап, өлгенше шайқасып соғысуға болады. Егер біреу жалғыз өзі шабуылдағанда жаңағылардың ешқайсысы орындалмайтын болса, онда бұл әрекеттің орынсыз болғаны. Әйтпесе мына аятта айтылған жайға душар болмақ. «(Дұшпанмен жүргізілген ұрыс шығынсыз болмайды. Дұшпанға төтеп бере алу үшін алдымен қару-жарақтарың сақадай сай болуы керек). Олай болса, қолдарыңдағы дүние-мүліктен Алла жолында жұмсаңдар және (сараңдық қылып) өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер. Әрдайым жақсылық жасаңдар... Шүбәсіз, Алла игі жандарды жақсы көреді[8] (Бaқaрa сүресi, 2/195). Расында сахабалар қауымы Ухуд күнінде Алла Расулының көзінше сондай әрекетке барады және Пайғамбарымыздың мақтауын алады. Ислам құқығына қатысты кітаптарда осы жайды бомба байлап алып азаматтық нысандар арасында, бейбіт халықтың ортасында өзін жару әрекетімен байланыстыру дұрыс емес. Ең әуелі бұл жай соғыс жағдайы мен әскери нысандарға қатысты. Өзін мерт қылу арқылы шабуылдау болса, бейбіт және кінәсіз адамдарға бағытталады. Екеуі бір-біріне мүлде қарама-қарсы.

 

Жанкештілік әрекеттерге арқау ретінде көрсетілетін дәлелдердің тағы бірі – Ислам құқығы кітаптарында жау қолға түскен мұсылман әйел, балаларды өзіне қалқан ретінде пайдаланғанда, ол адамдарды нысанға алмай мұсылмандардың сол жерге шабуылдауына рұқсат берілгендігі айтылады[9].

 

Мұны аздап түсіндіре кеткен жөн. Мысал үшін, дұшпан әскері мұсылман ер, әйел және балаларды өздеріне қалқан етіп мұсылмандарға қарсы соғысса және бұл қалқан адамдарға қарсы шабуылдамай жеңіске жету мүмкін емес болса, мұндай жағдайда жау әскерін ғана насанға алу арқылы жаңағы қалқандарға қарай да оқ атуға болады. Егер шабуылдағанмен мұсылмандар жеңіске жетуі мүмкін емес болса, олай етуге рұқсат етілмейді. Жанкештілік әрекеттеріне бұл тұрғыдан қарағанда, не әскери нысанға бағытталған шабуыл, не ол жердегі зардап шегуші мұсылманға жақтасу, не қарсы жаққа соққы беріп жеңіске жету көзделмейді. Керісінше көшеде, базарда күнделікті тіршілігімен жүрген бейкүнә адамдарға қаныпезерлікпен ойран салуда. Бұған қоса, мұндай әрекет көбіне мұсылман жандардың нақақ өліміне апарып соқтыруда. Сондықтан да бұл жай бейбіт және кінәсіз, яғни соғысқа қатысы жоқ адамдар шоғырланған жерде бомбамен өзін жару әрекетіне дәлел болуы еш мүмкін емес. Қайта керісінше «бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады» (Mәида сүресі, 5/32) дегенге саяды.

 

3. Құранда аталған «Ирхаб» және лаңкестік

Құран Кәрімде тек жағымды мағынада қолданылатын және тек мадақтан басқа еш мағына бермейтін сөздер бар. «Ирхаб» сөзі де осылардың бірі. Құранда бұл сөз ұшырасатын аят былай:

 

وَأَعِدُّوا لَهُمْ مَا اسْتَطَعْتُم مِنْ قُوَّةٍ وَمِنْ رِبَاطِ الْخَيْلِ تُرْهِبُونَ بِهِ عَدُوَّ اللّٰهِ وَعَدُوَّكُمْ وَآخَرِينَ مِنْ دُونِهِمْ لاَ تَعْلَمُونَهُمْ اللّٰهُ يَعْلَمُهُمْ وَمَا تُنفِقُوا
مِنْ شَيْءٍ فِي سَبِيلِاللّٰهِ يُوَفَّ إِلَيْكُمْ وَأَنتُمْلاَ تُظْلَمُونَ

 

«Дұшпанға қарсы қолдарыңнан келгенше күш-қуат сайлаңдар һәм соғыс үшін ат баптаңдар. Сол арқылы Алланың (яғни, дін) дұшпандарын, өздеріңнің дұшпандарыңды һәм өздерің білмейтін, қыр-сыры бір Аллаға ғана мәлім болған өзге де дұшпандарыңды қорқытыңдар, олар қаймығатындай күш болыңдар. Сондай-ақ Алла жолында дүние-мүліктеріңнен не жұмсасаңдар да, соның қарымын толық аласыңдар һәм әсте әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни ақыларыңды жемейміз, сауаптарыңды толық аласыңдар)» (Әнфәл сүресi, 8/ 60).

 

Бұл аяттағы «ирхаб» сөзінің мағынасы қорқыту. Алайда бұл қорқыту залал тигізетін қатерімен (айныту, бас тартқызу үшін) қорқыту, әйтпесе шығынға ұшыратып қорқыту емес[10].

 

Тәпсіршілер аятта аталған «ирхабты» дұшпанға қарсы бүгінгі түсінікпен айтқанда, қорқытып-үркітер қару-жарақ түрлерін, жорық аттарын, т.б. әзірлеу деп түсіндіреді (Taбәри, әл-Жәмиул-Бәйан, 6/42; Рaзи, Mәфатих, 15/192; Алуси, 10/26).

 

Рәшид Рыза «ирхаб» сөзі Құранда соғысты бастау үшін емес, соғыстың алдын алу мағынасында, қоғамды ойрандау үшін емес, қорғау мағынасында келгенін тілге тиек етіп, аталмыш аятты шамасы жеткенше соғыста пайдалануға болатын қару-жарақ дайындап, белгілі я белгісіз дұшпандарды соғысқа әзірліктен, шабуылдан бас тартуға итермелеу деп түсіндіреді (Рәшид Рыза, Tәфсирул-Mәнар, 10/66).

 

Хадистерде «ирхаб» сөзі «қорқыту» деген мâғынадa қолданылғаны секілді хадис түсіндірмелерінде де сол мағынада келген[11]. Хадистердегі тосын сөздерге түсіндірме берілетін ән-Нихайәда «ирхаб» сөзі жауды шабуылдан тойтаратын күшке ие болу және оны қорқыту деп ұғындырады[12].

 

Мәртебелі сахабалар бұл аятты соғысқа әзірлік жасау, қорқытатын күшке ие болу деп түсіндіреді. Мәселен, хазірет Омар кезеңінде бірнеше бағытта соғыс жүріп жатқанда Мәдина төңірегінде еш майданға араласпаған қырық мың асыл тұқымды араби ат дайын тұратын. Тура солай Сирия аумағында да қырық мың ат бапталып, әзір тұрған. Сол заманның ең маңызды соғыс құралының бірі бұл аттар қосымша күш ретінде ұсталды[13].

Бұған қоса, Ислам құқығы ғалымдары да «ирхаб» сөзін «қорқытушы» мағынасында қолданған[14]. Қорытып айтқанда, «ирхаб» сөзінің хадистер мен түсіндірмелерінде, құқық кітаптарында, сөздіктерде қолданыс аясы мен білдіретін мағыналарын талдағанда мынадай ақиқатты байқаймыз:

 

1. Құранда аталған «ирхаб» дайындық, яғни қасиетті наным-сенім атынан әзір болуға қатысты. Шектен шықпау мен зұлымдыққа бөгет болуға байланысты. Бұл жай мәлім, мойындалған мәселе және адами құндылықтарға қайшы емес. Қылмыскерді, залымды, шапқыншы мен басқыншы жауды қорқыту қажет екенін жоққа шығару мүмкін бе?!

2. Ислам ғұламаларының ирхаб сөзін еңбектерінде қалай қолданғанына назар аудара отырып мынаны түсінеміз; ирхаб дұшпанды соғыстан бұрын немесе соғыс кезінде сескенту, көңіліне үрей ұялатып, моральдік, психологиялық тұрғыдан іріткі салу деген сөз. Тарихта мұндай қорқыту әр түрлі тәсілмен орындалатын және олар сол кездің соғыс жағдайына сай атқарылатын[15].

 

Құранда да, сүннетте де, Құран мен сүннетке қатысты еңбектерде де «ирхаб» сөзіне жоғарыда аталған екі мағынадан тыс басқа мағына берілмеген. Сондықтан да, Құрандағы «ирхабты» қойнына бомба тығып қоғамдық орындарда бейкүнә жандарды қыру, қан төгіп, өрт шығару, дүние-мүлік, үй-жайды талқандау, қоршаған ортаны ойрандап, қоғамда дүрбелең тудыру деген секілді мағынада түсіндіру және сондай әрекетті ақтауға тырысу дұрыс емес.

 

Мұнымен қатар, бір жайға назар аударғымыз келеді: Барлық арабша сөздіктер «ирхаб» сөзін қорқыту деп түсіндіреді. Дей тұрғанмен, 20-ғасырдың екінші жартысында жарық көрген кей сөздіктерде «ирхаб» сөзіне берілген мағынаның өзгергенін байқаймыз. Әсіресе мұсылман емес жұрттар шығарған сөздіктерде ирхаб сөзіне терроризм мағынасы қосылған[16]. Әйтпесе көңілге үрей ұялатар күш және соғыс ашудан айныту мағынасындағы «ирхаб» пен өлтіру, бомбалау, өртке орау, қоғамда дүрбелең тудыру, ойран салу секілді лаңкестік әрекеттер жасауды білдіретін терроризм арасында қаншама айырма бар екені айдан анық[17].

 

4. Нақты анық емес мәселеде үкім шығаруға болмайды

Ислам құқық әдістемесінің негізгі ұстанымдарының бірі былай; әуелі үкім шығаратын нәрсенің шегі, аясы айқындалып, соған қарай бір үкім шығарылады. Аясы, шегі беймәлім нәрсе жайында үкім шығаруға болмайды. Өйткені, шегарасы нақты болмағандықтан бұрмалаушылық орын алуы мүмкін.

 

Осы негізгі қағида тұрғысынан жанкештілік әрекетке қарайтын болсақ, нысан мен кімнің мерт болатыны беймәлім. Адамның күнделікті тіршілігінде әйел, бала, қарт, мұсылман, мұсылман емес айырып жатпай бейбіт өмірдің жалпыға ортақ кез келген жерінде болады. Сол себепті нысаны белгісіз мұндай шабуыл Ислам құқығының жалпы ұстанымына қайшы.

 

5. Исламда қылмыс жеке басқа қатысты саналады

Исламда жаза түрлері жеке басқа қатысты. Қылмысты кім істесе, сол кінәлі; жазаны да тек сол тартады. Құранда бұл жай қайта-қайта ескертіледі: «Біреудің күнәсін басқа біреу арқаламайды» (Әнғам сүресі, 6/164; Исра сүресі, 17/15; Фатыр сүресі, 35/18). Құқықта қылмыс пен жазаның жеке басқа қатыстылығы басты қағиданың бірі. Жанкештілік әрекеттің нысаны көбіне кінәсіз бейбіт адамдар. Бұл басты қағида тұрғысынан бейкүнә адамдарға бағытталған жанкешті лаңкестің әрекеті дұрыс емес және исламның әділет ұғымына қайшы.

 

6. Соғыс жариялау мемелекет басшысының өкілеттігінде 

Исламда соғыс жариялау құқығы мемлекет басшысына берілген[18]. Тұлғалар, топтар, құрылымдар соғыс жариялай алмайды. Олай болмаған жағдайда тұлғалар мен топтардың өз беттерінше соғыс жариялауы хаос пен анархияға жол ашады. Мұндай бейберекетсіз ортада бір қоғамда өмір сүріп жатқан мұсылман бір топтың өзінен басқаша ойлайтын мұсылмандарға да соғыс жариялауы мүмкін. Жанкештілік әрекеттеріне бұл тұрғыдан қарағанда да, олар қандай да бір заңды орталыққа бағынбайтын, кім істейтіні, қашан болатыны белгісіз әрекеттер.

 

7. Жанкештілік әрекеттері мұсылман беделіне күйе жағатын қате күрес жолы

Меженің заңды болуы қандай маңызды болса, сол межеге апарар жолдың заңдылығы да соншалық маңызды. Алдыңғы жолдарда айтылып өткеніндей, адамдардың өз қасиетті наным-сенімін, мал-мүлкін, отанын қорғау үшін соғысуы ең маңызды міндеттердің бірі. Тіпті сол жолда жан беру шейіттікке жеткізетін амал. Бірақ мұндай мақсатқа заңсыз амал-тәсілдер арқылы баруға тырысу, бір жағынан, мақсатқа жеткізу түгіл, өзіне таяқ боп тиюде, екінші жағынан, бүкіл мұсылман атына күйе жағып, олардың мойнына қылмыс жүктеп отыр. Ал ардақты пайғамбарымыз, сахабалар және солардың ізімен жүрген бейбітшілік пен тыныштықтың жаршысы болған мұсылмандар мұсылмандық болмысын бейбіт замандағыдай соғыс кезінде де сақтаған, кір келтірмеген. Қазір мұсылман әлемін террормен кінәлауды көздейтіндер бар. Сол себепті барлық күрес қимылдарында осындай айыптауға қалдыратын іс-әрекетке, қылыққа бой ұрмаған дұрыс[19]. Кей жердегі мұсылмандардың жаңағыдай әрекетке баруы немесе сондай іс қылғандарды жақтауы салдарынан Ислам мен террор сөздері қатар аталып, исламның атына кір келтіруде және күйе жаққысы келетіндердің құралына айналуда. Мұсылман баласының өте қиын жағдайдың өзінде мұсылмандыққа сай әрекет етуіне Бірінші дүниежүзілік соғысқа еріктілер полкының командирі болып қатысып, зор еңбек сіңірген Бәдиүззаман Саид Нурсидың мына ісі таптырмас мысал. Соғыс кезінде армян содырлары кей жерлерде бала-шағаны қырып кетеді. Бұған қарсы армян балаларын да кей жерлерде өлтіреді. Бәдиүззаман осындай ұсталған мыңдаған армян баласына жауынгерлеріне тиіспеуді бұйырып, кейін оларды қоя береді. Ал олар орыстардың арасындағы өз үйлеріне оралады. Бәдиүззаманның бұлайша еткен әрекеті армяндарға үлкен ғибрат дәрісі болады. Мұсылмандардың ұстанымына таң қалып, «Mына Молда Саид біздің балаларды ажалға қимады, өзімізге қайтарды, бізде бұдан былай мұсылман балаларын өлтірмейміз» деп уәде етеді. Бәдиүззаман хазіреттің Ислам дінінің ұстанымына сай іс-әрекетінің арқасында көптеген мұсылман баласы ажалдан аман қалады[20].

 

Құранға, сүннетке, сахабалар мен олардан кейінгі кезеңдердегі орын алған үкімдер мен Ислам құқығы кітаптарына қарап шығаратын нәтиже Фетхуллах Гүленнің мына сөздерінде көрсетілген: «Нағыз мұсылманның террорист болуы мүмкін емес. Ешкім қойнына бомба тығып, қандай дін өкілі болса да кінәсіз адамдардың арасына барып жанкештілік әрекет жасай алмайды, мұндай іске шариғатта жол жоқ»[21].

 

Қорытынды

Мұсылман мейлі бейбіт, мейлі соғыс кезде болсын дінінің ұстанымдарынан айнымайды. Қандай зор кедергі, қиыншылыққа тап болмасын өзін діннің басты қағидаларының аясында ұстап, дін құптамайтын іс-әрекеттен аулақ болуға тиіс. Бейбіт ортада қандай да болмасын жанкештілік әрекет жасау өте ауыр қылмыс. Және мұндай қанқұйлы қылмысты исламның құптауы әсте мүмкін емес. Бойында иманы бар, есі дұрыс мұсылман баласының мұндай нәрсеге бармайтыны анық. Соғыс кезінде азаматтық нысандарға бағытталған жанкешті әрекеті болса, соғыста өлтіруге тыйым салынған әйел, бала, қарт, т.б. (жауынгер еместерді) нысан ететіндіктен, жазықсыз, бейкүнә адамдар ажал табатындықтан, террорға дем беретіндіктен, исламның беделіне нұқсан келтіретіндіктен және бүкіл мұсылманға зиянын тигізетіндіктен оны құптаудың еш қисыны жоқ.

 

 www.akikat.kz

 


Пайдаланылған әдебиеттер
Aзимабади, Аунул-Maбуд, Дарул-кутубил-илмия, Бейрут 1994.
Бәззар Әбу Бәкір, Mүснадул-Бәззар, (Өңд. Mahфузур Рахман) Mуассасату Улумил Құран, Бейрут, 1988.
Елмалылы, Хамди Языр, Хак дини Куран дили, Есер баспасы. Стамбул, 1979.
Hans Wehr, A Dictionary of Modern, Written Arabic, Mektebetu Lübnan, Beyrut, 1960.
Ибн Абидин, Mұхаммед Әмин, Хашияту Раддил-Мұхтар, Каһраман баспасы. Стамбул, 1984.
Әл-Мәһажжа, №: 208, 15 Ақпан, 2004
Mәулана Шибли ән-Нұғмани, Бутун йонлериле хазрети Өмер ве девлет идареси (ауд. Талип Яшар Алп) Хикмет баспасы, Стамбул, 1986.
Mұхиддин әл-Ғази, әл-Басул-ислами, «Әдуанун ала кәлимати ирхаб» Mуассасатус-сахафа уән-нашр, Ләкна, Үндістан, Maй, 2003.
Сәйід бей, әл-Mадхал, Стамбул, мерзімсіз.
Шатиби, Ибраһим ибн Mұса, әл-Mуафақат фи Усулиш-Шариға, (Өңд. Aбдуллаһ Дыраз), Дарул-кутубил-илмия, Бейрут, мерзімсіз.
Taхауи, Әбу Жағфар, Mұхтасару ихтилафил-фуқаһа (Ихтисар, Жассас) өңд.  Aбдуллаһ Назир Ahмед, Дарул-башаирил-исламия, Бейрут, 1996
Шарху Maғанил-Асар, Дару Кутубил-илмия, Бейрут, Ливан, 1987.
Зухайли, Асарул-харб фил-фиқһил-ислами дирасатән уә мукаратән, Дарул-Фикр, Сурия, 1998

 


[1] Шатиби, Mуафақат, 2/7-10.

[2] Сәрахси, Әл-Mәбсут, 10/5; Зухайли, Асару'л-Харб, 90-94.

[3] M. Фетхуллах Гүлен, Инсанын өзүндеки севги, 213; Элмалылы, Хaк дини Кур'ан дили, 2/692.

[4] Mүмтахина сүресі, 60/8; Жасия сүресі, 45/14.

[5] Taбари, Жәмиул-Бәйан, 4/295; Ибн Кәсир, Tәфсиру Kуранил-Aзим, 2/332.

[6] Tахауи, Шәрху Mәани'л-Әсәр, 3/224-225; Tәхaнәуи, И'ләү'с-Сүнән, 12/29.

[7] Mүслим, Сaйд, 58-60; Ибн Mәжә, Зәбәих, 10.

[8] Сәрахси, Mәбсут; 10/37; Жассас, Aхкаму'л-Kура'ан, 1/327; Ибн Aбидин, 1984, 4/127.

[9] Сәрахси, Mәбсут; 10/154; Taхауи, Mухтасару ихтилафи'л-фукаха, 3/43

[10] Ибн Maнзур, Лисану'л-Aраб, "рхб" параг.; Рaгыб, Mүфрәдат, "рхб" параг.; Зәбиди, Taжу'л-Aрус, "рхб" параг.

[11] Aзимабади, Aуну'л-Ma'буд, 8/159

[12] Ибну'л-Әсир, ән-Нихайә фи гариби'л-Хaдис, 2/262

[13] Mәулана Шибли ән-Нумани, Бүтүн йөнлерійле Хазрети Омар уә девлет идаресі (ауд. Taлип Йашар Aлп) Хикмет йайынлары, Стамбул, 1986.

[14] Сәрахси, Mәбсут, 10/42; Ибн Kудамә, әл-Kaфи, 40264; Бәхути, Kәшшафу'л-Гына, 3/65; Әбу Исхак, әш-Ширази, Mүхәззәб, 2/231; Ибн Aбидин, 6/305.

[15] Mухиддин әл-Гази, әл-Бa'сү'л-Ислами, "Эдваун aлa Keлимети ирхаб" 48-сaны, 84; Ибн Aбидин, 6/756.

[16] Oxford Wordpower, Oxford Üniv. Pres, Nex York, 1999; Hans Wehr, A Dictionary of Modern, Written Arabic, Mektebetu Lübnan, Beyrut, 1960; English Arabic Glossary; Bkz. The Encyclopaedia Britannica, 11/650-651

[17] Mухиддин әл-Гази, әл-Бa'сү'л-Ислами, 48-сaны, 85-86; Жәллул әд-Дәкдак, "Хирабиййун лa ирхабиййун" Әл-Mәхажжә, 5-6, 208.

[18] Уәхба Зухайли, әл-Фықхул-ислами уә әдилләтуху, 6/419; Әл-Mәусуатүл-Фықхийя, «жихад» баб.

[19] Жевдет Саид, Ислами мүжаделеде шиддет соруну, 65-67

[20] Бәдиүззаман Саид Нурси, Taрихче-и Хайат, Шахдамар баспа үйі. 107

[21] Нурие Aкман, Гурбетте Фетхуллах Гүлен, 19-21.



Оқи отырыңыз