Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Құран ілімі > Құранды мәтін құрылымы арқылы түсіну  

Құранды мәтін құрылымы арқылы түсіну  

2015-12-04 3400

 

Иләһи кітаптардың соңғысы Құран Кәрім арқылы Алла Тағала құлдарына тікелей үн қатып, Өзі жайлы, ғалам, болмыс, ілкі заман және ақырет секілді көптеген мәселелерде саналарына сәуле шашып, жол сілтейді. Иә, Құдіретті Алла бұдан бұрынғы замандарда да құлдарына кітап түсіріп, пайғамбар жіберіп тура жол нұсқаған. Алайда адамдардың азғындығы ол ілімнің бұрмаланып бұзылуына себеп болған. Сөйтіп иләһи қайнар бастапқы үлгісінен алшақтаған. Хижр сүресінің 9-аятында «Шүбәсіз, осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз», - деп баяндалғанындай Құран Кәрім алдыңғы иләһи кітаптар ұшыраған бұрмалаушылық пен пендешіліктен қорғалған әрі бұдан кейін де қорғала бермек.

 

Құран мен сүннетке қатысты қалам тартқан ғұламалар әртүрлі әдіс-тәсіл мен ережелер белгілеп, қорғалуы иләһи кепілдікке алынған Құранды түсіну мен түсіндіруде мүлт кетпеу жолында еңбек еткен. «Әрекетсіз асу алынбас» дегендей, тәпсір саласына қатысты бұл қағидалар адамның Құранды дұрыс түсінуін қамтамасыз етіп, қате пайым жасаудан тосады.

 

Сондай қағидалардың бірі – сөздің контекстік, яғни, нақты мәтіндегі мағынасын негізге алу ұстанымы. Таратып айтқанда, қандай да бір сөздің өзінен бұрынғы және кейінгі сөздермен байланыстағы мән-мағынасын назарда ұстау керек. Контекст – мәтін ішіндегі сөздің қолданысы, бас жағымен және аяғымен байланысы десе болады. Бұл мақаланың мақсаты мәтін құрылымындағы мағынаны зерделеу. Мағынаның, яғни ұғымның контекст құрамындағы басқа ұғым, түсініктермен бірігуі барысында пайда болатын тұтас мағынаның дұрыс, түсінікті болуы деген сөз.

 

«Үкімнің басты себебі және сөзде меңзелген түпкі мағына не? Сөз негізгі мағынада ма, ауыспалы мағынада ма? Көп мағыналы сөз болса, бұл жерде қандай мағынада қолданылып тұр? Белгілі қырағаттардың өзгешеліктеріне кезіккенде қайсысын таңдаған жөн? Мәтіндегі есімдіктер қай сөз табының орнына қолданылып тұр? Қайталанатын аяттардың арасындағы айырмашылықтың себебі не?», - деген секілді көптеген мәселенің шешімі контекстік мағынаға үңілу болып табылады[1]. Енді, осыған қатысты мысал берейік.

 

Контекст пен иъжаздың* өзара байланысы және Құранды түсінуде контекстік мағынаның маңызы

Құран Алла Тағаланың сөзі болғандықтан басқаға еліктеп, қайталаудан пәк болған теңдессіз кітап. Көркемдігі жағынан оған тең келер дүниені жасау қандай дәрежеде данагөй болмасын ешкімнің қолынан келмек емес. Құранның болашақта болатын көптеген істерден хабар беруі, түскен уақыты ғылымның дамымаған кезі болғанына қарамастан физикалық және метафизикалық мәліметтерді дәл баяндауы секілді ерекшеліктері оның тілдік тұрғыдан көркемдігінің, яғни иъжазының тек бір ғана қыры. Құран иъжазының контекстпен арақатынасының әр түрлі жағдайларға, әр кезде түскен аят-сүрелердің арасындағы тығыз әрі күшті байланыста жатыр. Құран сөздерінің арасындағы бұл тығыз байланыс тек көркемдік және шешендік тұрғыда ғана емес, мазмұны жағынан да көрінеді[2].

 

Контекстік түсіну әдісін бұрынғы ғұламалар «аят пен сүрелердің өзара байланысы» аясында қарастырған және оған Құранды түсіну және тәпсірлеу әдісінен гөрі, Құранның иъжаздық мәнін ашатын әдіс ретінде қараған. Өйткені, әртүрлі кезеңде түскен аяттар мен сүрелердің арасында байланыстың болуы, бұл Құранның пенденің туындысы емес екендігінің, керісінше Ұлы Жаратушының кітабы болғандығының айқын дәлелі әрі Оның ең үлкен мұғжизасы.

Біз бұл шағын мақаламызда тоқталғымыз келген мәселе – контекстік түсіну әдісінің Құран мазмұнының дұрыс түсіндіріліп, ашылуындағы рөлі.

 

Құранда контекст түрлері

Құранға контекстік түсіну әдісі тұрғысынан қарағанда, оның әрбір сөйлемінің басқа сөйлеммен қатынасын, тіпті, әрбір әріптің басқа әріптерге ықпалын да таразыға салып, талдауға болады. Тіл білімінде бұған сингорманизм яғни, үндестік заңы делінеді. Дегенмен, бұл мәселенің Құранның мағына, мазмұнына тигізер әсерін қарастыру бұл жұмыстың зерттеу нысаны емес. Сондықтан да, Құранға контекстік түсіну әдісі тұрғысынан талдауды алты топқа бөлдік:

1) Аят ішіндегі контекстік байланыс.

2) Аяттар арасындағы контекстік байланыс.

3) Тақырыптар арасындағы контекстік байланыс.

4) Сүре ішіндегі контекстік байланыс.

5) Сүрелер арасындағы контекстік байланыс.

6) Тұтас Құран ішіндегі контекстік байланыс[3].

 

1) Аят ішіндегі контекстік байланыс

Бұл байланыс негізінде тек Құран үшін ғана емес, бүкіл мәтін біткенге қатысты және үкім, пайымдар көбіне бір сөйлемде емес, тұтас параграф, мәтінде айқындалады. Мұндай байланыс түрлері кейде Құранның тек бір аятында байқалуы мүмкін. Мәселен, Бақара сүресінің 275-аятындағы «Өсім жейтіндер (бес күндік дүниеде пайдаға кенелдік деп ойласа да, қиямет күні қабірлерінен) бейне бір шайтан ұрып жынданған адамдай түрегеледі..." деген сөйлем өте ауыр әрі үрей тудырар сөз. Бұл аят өсімқорлықтың арам екендігін білдірумен қатар, бұл ауыр жазаның жалғыз өсім жеуден болмайтыны, негізінде арамды арам ретінде мойындамаудан туындайтындығы осы аяттың келесі сөйлемінде ашылады: «Бұл олардың: «Өсім тура сауда-саттық сияқты», – деп айтқандығынан». Демек, өсімқорлардың ақыретте тартар ауыр жазасы олардың өсімді арам санамай оны адал саудамен тең көріп, басқаша айтқанда, адал мен арамды мойындамай ішіп-жеуінен туындайды. Бұл мағына аяттың контекстік тұтастығының арқасында айқындалып тұр.

 

2) Аяттар арасындағы контекстік байланыс

Контекстік түсіну ұстанымының ең бір пайдаға асар тиімді жері осы тұс. Мәселенің маңызын баса көрсету үшін әз-Зәмәлкани Исра сүресі мен Кәһф сүресі арасындағы байланысты түсіндіре келе: «Өзара тығыз байланыс сүрелер арасында болатындықтан, аяттар арасында ол тіпті ерекше көрініп тұрады...», - дейді[4]. Аяттар арасындағы контекстік байланыс бойынша дұрыс түсіну үшін: «Аят алдыңғы аятпен байланысты ма, әлде дербес пе? Дербес болса, көрші аяттармен қандай қатысы бар? Не себепті дәл осы жерде баяндалған?», - деген секілді сұрақтарға жауап іздеу керек[5].

 

Аяттар арасындағы контекстік байланысқа Қалам сүресінің 23-аятындағы «Сөйтіп олар бірден жолға шықты, жол-жөнекей өзара былай деп сыбырласып бара жатты», - деген сөйлемді келтіруге болады. Егер бұл сөйлемнің жалғыз өзінен олардың кім екендігі және не мәселе жайында сыбырласқандары түсініксіз. Аят контексімен бірге, басқаша айтқанда, осы сүренің 22-аятын оқығанда барып, олардың өнім жинауға бара жатқан бақша қожайындары екендігі, ал 24-аятты оқығанда, өз үлестерін сұраған кедей-кепшікті бақшаларын кіргізбеу және оларға ештеңе бермеу жайында сыбырласқандары мәлім болады.

 

3) Түрлі тақырыптар арасындағы контекстік байланыс

Құранның бір жерінде баяндалған мәселелердің Құранның басқа жерінде айтылған мәселелерімен тікелей немесе жанама түрде байланысады. Мұны былай түсіндіруге де болады: бір аятта көтерілген мәселе өз алдына белгілі қызмет атқарумен қатар, басқа аяттардағы тақырыптармен де мағыналық жағынан байланыста болады[6].

 

Мысалы, Бақара сүресінің 190-195 аяттары соғыс пен жиһад жайын баяндаса, 196-203 аралығындағы аяттарда қажылық сөз болады. Яғни соғыс пен жиһад сөз болатын аяттар мен қажылық жайын сөз қылатын аяттар қатар келген, жиһад пен қажылық іргелес орналасып, бірге контекстік байланыс құрайды. Оның себебі соғыста және қажылық ғибадатында адамдар әрі жанымен әрі мал-дүниесімен сынаққа түседі. Сондықтан да жиһад пен қажылық ең қиын ғибадат саналады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Дегенмен, жиһадтың ең көркемі ризашылыққа сай болған қажылық»[7], - деп, жиһад пен қажылықтың арасындағы байланысты түсіндіреді.

 

4) Сүре ішіндегі контекстік байланыс

Сөздікте «биік лауазым, жоғары дәреже, атақ-абырой, ғимараттың бөлмесі не қабаттары» секілді мағыналарды білдіретін «сүре» сөзінің терминдік мағынасы Құран Кәрімнің 114 бөлікке бөлінген әр бөлімінің жалпы атауы[8].

 

Құранның 114 сүресінің әрбірі әр түрлі мәселені қамтумен қатар, бәріне ортақ ақпараттық сипатқа да ие. Cүрелерде баяндалатын мәселелер бір жағынан өзіне тән үкімдерді жүзеге асырып, екінші жағынан сүренің негізгі айтар ойын нақтылайды. Мұны кілемге қарап, оның ерекшелігін пайымдаған адаммен салыстыруға болады. Ол кілемнің тек бір алақандай жеріне қарап сол жердегі ою-өрнекті зерттейтін болса, қара, ақ, жасыл түстердің бір-бірімен астасқанын көруін көргенмен, түс, өрнек пен нақыш үндестігін толық алмайды. Алайда оған тұтас қарап, көз алдындағы нақыштардың симметриясын байқаған кезде ғана ою-өрнектегі астасқан үндестікті жарым-жартылай болса да түсініп, көңілі қуанады. Мұнымен де тоқталмай кілемнің жалпы көлемін түгел қамтып қараған кезде одан да ауқымды бөлшектер арасындағы түстер мен өрнек үйлесімін аңғарады және бұдан алар ләззатының да екі есе болары анық.

 

Сүре ішіндегі контекстік байланысқа мысал ретінде Таһа сүресін алуға болады. Таһа сүресі 135 аяттан тұратын Meккелік сүре. Мәриям сүресінен кейін, Хабашстанға (Эфиопия) һижрет пен Исра мұғжизасы арасында түскен. Сүренің жалпы мақсаты – қауымның иләһи үндеуді қабылдамауының салдарынан басқа түскен бәле, кесапат алдында Пайғамбарды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сабырлы болуға шақыру.

Шынында Таһа сүресінің бүкіл аяттарын саралайтын болсаңыз, аталмыш мақсат көзделгендігі байқалады. Бұдан да гөрі нақтылай түсу керек болса, сүредегі аяттарды төрт тақырыпқа бөліп қарауға болады:

1) Сабырлы болуға шақыру (1-8 аяттар)

2) Хазірет Mұса қиссасы (9-114 аяттар)

3) Хазірет Адам қиссасы (115-127 аяттар)

4) Ғибратты мысалдар қамтылған қорытынды бөлім (128-135 аяттар).

Хазірет Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өз қауымын Исламға шақыруда, бірақ олар қырсығып, бұл үндеуді мойындамай, қастандық жасауда.  Бұл жерде Алла Расулының (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ешқандай да қателігі болмағандықтан, қапа болудың қажеті жоқ.

Сүренің екінші бөлімінде қиянкесті күреске айналған хазірет Мұса мен Перғауынның арасындағы қақтығыстың зардабына душар болған адамдардың қиссасы баяндалады. Бұл хазірет Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мен мүміндер үшін таптырмас үлгі әрі жұбаныш еді.

Ал артынша сүреде хазірет Адам (а.с.) қиссасының баяндалуы тағы сол мақсатқа қызмет етіп, алғашқысынан соңғы пайғамбарға жеткенше Исламға шақыру міндетінің қиыншылық пен машақатқа толы болғандығын түсіндіруде.

Қорытынды бөлімнің сүренің бас жағында аталған сабыр мен төзімге шақыруға қатысты сілтеме жасалған аяттармен аяқталуы бір бүтінді толықтырар тәсіл үлгісі болған.

 

5) Сүрелер арасындағы контекстік байланыс

 Аяттар арасындағы контекстік байланыс аяттардың уахи реті нақты жүйемен түзілгендігіне орай, сүрелер арасында байланыс бар екенін тілге тиек ете білу үшін де, олардың адам күшімен емес, уахидың бағыттауы арқылы ретке келтірілгеніне қатысты. Басқаша айтқанда, аяттардың және сүрелердің уахи арқылы жүйеленгенін көрсетер дәлелдің бірі – олардың арасындағы контекстік байланыс.

Осыдан келіп, ғұламалардың көбі сүрелер арасында да өзара байланыс, ортақ өзек бар екенін мойындап, осы байланысты ашып көрсетуге тырысады[9].

 

Сүрелер арасындағы контекстік байланыс түріне Фатиха мен Бақара сүрелерін мысал ретінде көрсетуге болады. Өйткені, Фатиха сүресінің 5-ші аятында мүмін құлдардың «(Уа, Жаратқан!) бізді тура жолға сала гөр!» деп дұға ететіні айтылады. Бақара сүресінің 1 және 2 аяттарында болса, "Әлиф, Ләәм, Миим. Міне, (мұғжиза) Кітап. Онда (яғни, оның көктен түскен иләһи кітап екендігіне) еш күмән жоқ. Ол (Аллаға шын бойсұнған, күнә атаулыдан барынша сақтанатын) тақуа жандарды тура жолға бастаушы» жолдарын оқимыз, бұл Ұлы Раббымыздың құлдарының тура жолға қауышу дұғасын қабыл алып (Фатиха сүресіндегі дұға), жолға салғанын көрсетеді. Мұндай контекстік байланысты тағы да басқа жақтарынан бүкіл сүрелер арасында бар екенін көрсетуге болады және бұл байланысты Құранды түсінгісі келген адамның бет алыс, түсінігіне қарай құруға да болады.

 

6) Тұтас Құран ішіндегі контекстік байланыс

Құран – ішінде ешбір кереғар, қайшылығы жоқ кемел кітап[10]. Солай болғандықтан, Құранды тұтас дүние ретінде танып, түсіну, басқаша айтқанда, «Сонда сендер Кітаптың (Тәураттың) бір парасына иман келтіріп, енді парасын жоққа шығарасыңдар ма?»[11] деген ескертуге қалмау үшін, жалғыз бір аят немесе аяттар тобы арқылы үкім етуге асықпай, тұтас Құранды назарда ұстауға байланысты. Мұндай еңбекті ғұламаларымыз «тақырыптық тәпсір» (әт-тәфсирул-мәудуъи) деп атағанмен, негізгі ой контекстік байланыстың тұтас Құранда бар екендігін көрсету.

 

Бұған мысал ретінде Құранның шапағат мәселесіне қатысты жерлерін талдауға болады. Мәлім болғанындай, көптеген аятта Алладан басқа ешкімнің шапағат ете алмайтындығы айтылады:

 

«Оларға: «Шапағаттың бәрі бір Алланың қолында (яғни о дүниеде Алланың рұқсатынсыз біреу біреуге араша түсіп, шапағат ете алмайды. Алла кімге шапағат ету құқығын берсе, сол ғана өзгеге шапағатшы бола алады) Күллі аспан әлемі мен жердің шексіз билігі һәм иелігі де бір Өзіне ғана тән...»[12];

«Раббыларының дәргейіне жиналып, жауапқа тартылудан қорқатындарға Құранмен ескерту жаса. Раббыларының алдына барғанда оларға Алладан басқа қол ұшын беретін бірде-бір жанашыр дос та, арашалап алар шапағатшы да болмайды..»[13].

 

Тек осы аяттарды ғана оқыған адам ақырет күні Алладан басқа ешкім шапағат ете алмайды деп ойлауы мүмкін. Алайда, Құранды тұтас алып қарағанда бұл мәселеге қатысты басқа аяттар да бар және бұл аяттарда Алла рұқсат берген кісілер шапағатшы бола алатындығы ашық айтылады: «Сондай-ақ ол күні Рахманның өзі шапағат етуге рұқсат беріп, сөзіне разы болған жандардан өзгелердің шапағаты ешқандай да пайда бермейді»[14];

 

«Сол күні Рахманның құзырында (Аллаға жақындығының арқасында) өзгелерге шапағат ету құқығына ие болғандардан басқа ешкімнің өзгеге шапағат етуге қақысы болмайды»[15];

 

«Алланың құзырында Өзі рұқсат еткен адамнан басқасының шапағаты түк те пайда бермейді»[16].

Бұл аяттан айқын көрініп тұрғанындай, Алла Тағаланың сүйген және разы болған пенделері ғана шапағат ете алады. Алланың рұқсатынсыз шапағат ету еш мүмкін емес.

 

Қорытынды

Әр кітапты түсінудің өз жолы болатыны секілді Құранды түсінудің де өзіндік тәсілі бар. Тіпті Құранды дұрыс түсініп, тәпсірлеуде де ғұламаларымыздың Құран мен сүннеттен сүзіп алған басты қағидалары бар. Солардың бірі контекстік ұстаным. Өйткені, Құран сөздерін рет-ретімен контекстік құрылымына сай түсініп, түсіндіру маңызды.

 

Шынында дұрыс түсініп әрі түсіндіру тек контекстік ұстаным ғана емес, әдіс-тәсілге қатысты бүкіл амалдарды орындауға байланысты. Осыдан мынадай маңызды нәтижені шығаруға болады: Тәпсір әдіснамасында ережелердің ешқайсысын екінші біреуіне ауыстыруға болмайды. Айқындалған мағына да, тәпсір де мүмкіндігінше барлық қағидаларға сай болуға тиісті. Контекст, сөздік, риуаят, Меккелік-Мәдиналық және «аяттардың түсу себебі» секілді критериялардың бір-біріне қайшы келмеуі. Бұл өлшемдердің бәрі маңызды. Міндетті түрде назарда ұсталуға тиіс, бірақ бір белгі алшақтық танытқан жағдайда істелуі керек амал – басқа белгілерді жоққа шығару емес, керісінше ендігі жолы одан да жіті талдау қажет. Өйткені, мұндай жағдайда өлшемдердің әлде бірі айтылар ойға көлеңке түсіріп, басқалары оны толықтыра алмайтын нәтиже көрсете бастайды. Алайда алуан түрлілігіне қарамастан, Құранда қаралған мәселелер бір-біріне қайшы келмей, керісінше тамаша тұтастық көрсететіні секілді, түсіну және түсіндіру амалында да тәсілге қатысты барлық өлшемдер мен қағидаларға сай болғаны ғана сенуге лайық болмақ.

 

 www.akikat.kz

 


[1] Қараңыз: Мустафа Үнвер, Кураны анламада сиякын рөлү, Анкара, 1996, 125-216 беттер.

* Иъжаз – аз сөзбен көп мағынаны жеткізу (ауд.)

[2] Хаттаби, Бәйәну иъжазил-Қуран, Mысыр, 20-21; Руммани, ән-Нуқат фи иъжазил-Қуран, Mысыр, 69-70; Aбдул-Kаһир әл-Журжәни, Китабу Дәлалил-иъжаз, Mысыр, 32-33.

[3] Мустафа Үнвер, Кураны сиякын метинсел бойутлары үзере йени бир өнери, Илахият Факүлтеси дергиси, Самсун, 8 том, 1996, 239-264.

[4] Зәркәши, әл-Бурхан фи ъулумил-Kуран, Mухаммәд Әбул-Фадл, Бәйрут, Дaрул-Maърифә, I, 39.

[5] Суат Йылдырым, Kуран-ы Kәрим уә Kуран илимлерине гириш, Истанбул 1983, 96.

[6] M. Aбдуллах Драз, Eн мүһим месаж Куран, ауд. Суат Йылдырым, Измир 2006, 187-192.

[7] Бұхари, Хаж 4; Жиһад 1; Aхмәд ибн Ханбал, 6/71, 79.

[8] Ибн Манзур, Лисанул-Aрaбил-Mухит, Бәйрут, 2/237-238.

[9] Зәркәши, әл-Бурхан фи ъулумил-Kуран, Mухаммәд Әбул-Фадл, Бәйрут, Дaрул-Maърифә, 1/38; Суюти, әл-Иткан фи ъулумил-Kуран, Стамбұл, 1/66.

[10] Нисә сүресі, 4/82.

[11] Бақара сүресі, 85-аят.

[12] Зумәр сүресі, 44-аят.

[13] Әнғам сүресі, 51-аят.

[14] Таһа сүресі, 109-аят.

[15] Мәриям сүресі 87-аят.

[16] Сәбә сүресі, 23-аят.



Оқи отырыңыз