Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Сүннет жолы > Хадистердегі сөз әдебі

Хадистердегі сөз әдебі

2015-12-04 2730

Дұрыс сөйлей білу де өнер. Жүйесін тауып айтқан сөз жүрекке жетіп, жүйені босатады және адамды жәннаттай жайлы мекенге лайық етеді. Ал, халық даналығының «жүйесіз сөз иесін табады» дегеніндей жөнсіз айтылған сөз адамды құрдымға итермелеп, ақыр соңы жәһаннамның жалынына душар етуі ықтимал.

 

Жалпы хадистердегі әдептің орны мен маңызы

Хадистердегі «сөз әдебіне»кіріспестен бұрын, ондағы жалпы әдептің орны мен маңызына тоқталып кетуді жөн көріп отырмыз.

Ізгілік, адамгершілік нормаларының жиынтығы болып табылатын ахлақ мәселесі адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетін ретке келтіріп, оған бағыт беру тұрғысынан өте маңызды, Адамның іс-әрекеті мен өмір салты оның ішкі дүниесінің яғни, руханиятының жарқын көрінісі. Имам Ғазалидің сөзімен айтсақ «Жүректе не болса, оның барлығы адамның іс-әрекеті арқылы көрініс табады»[1].

 

Ғалымдардың айтуынша Ислам үш нәрседен құралады. Олар: Иман, шариғат және көркем мінез. Міне, осының үшіншісі – ахлақ, әдеп мәселесі. Құранда Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа ие екендігі баяндалады[2], ал Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзі жайлы «Мен көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберілдім»[3] дейді. Міне, бұл әдептің дініміздегі орнын білдіреді. Көркем мінезге ие болуды Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дұғаларында үнемі сұрайтын. Сөзіміз дәйекті болу үшін мысал келтіре кетейік.

Дұғалар:

Хазірет Әлидің айтуынша Расулалла намазға кірісерден бұрын былай деп дұға қылатын:

 

 

«اللَّهُمَّ أنْتَ المَلِكُ لاَ إلَه إِلَّا أنْتَ وَاهْدِنِي لِأَحْسَنِ الأخْلاَقِ لاَ يَهْدِي لِأحْسَنِهَا إِلَّا أنْتَ وَاصْرِفْ عَنِّي سَيِّئَتَهَا لاَ يَصْرِفْ عَنِّي سَيِّئَهَا إلَّا أنتَ»,

«Уа, Раббым! Бар билік Саған ғана тиесілі. Сенен басқа ешбір тәңір жоқ. Раббым мені көркем мінезділікке жеткіз. Оған тек Сен ғана жеткізе аласың. Менен жамандықты алыстата гөр. Одан тек Сен ғана алыстата аласың»[4];

 

«اللَّهُمَّ إنِّي أَسْأَلُكَ الصِّحَّةَ والعِفَّةَ والأَمَانَةَ وَحُسْنَ الخُلُقِ والرِّضَى بالقَدَرِ»,

«Уа, Алла Тағалам! Маған денсаулық, пәктік, аманатқа сенімділік, көркем мінезділік және тағдырға разылық танытуымды нәсіп ете гөр»[5];

 

«اللَّهُمَّ اغْفِرْ خَطَايَاي وَذُنُوبِي كُلِّهَا اللَّهُمَّ أنْعِشْنِي وَاجْبُرْنِي وَاهْدِنِي بِصَالِحِ الأعْمَالِ والأخْلَاقِ لا يَهْدِي لِصَالِحِهَا وَلاَ يَصْرِفُ سَيِّئَتَها إلَّا أنْتَ»,

 

«Раббым! Барлық күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр. Алла Тағалам, сүрінген сәтімде демеу болып, қолдай гөр. Хәлімді жақсартып, мені қанағатшыл ет. Игі істер жасауымды және көркем мінез-құлыққа жетуімді нәсіп ет. Бұл тек Сенің ғана қолыңнан келеді. Сонымен қатар жамандықтарды кетіруші де тек Сенсің»[6];

 

«اللَّهُمَّ أَحْسَنْتَ خَلْقِي فَأَحْسِنْ خُلُقِي»,

«Уа, Раббым, жаратылысымды (бейнемді) көркем еткеніңдей мінез-құлқымды да көркем ет»[7];

 

Хазірет Әбу Дәрда (р.а.) бірде түнімен «Раббым, жаратылысымды (бейнемді) көркем қылғаныңдай мінез-құлқымды да көркем ет»деп дұға қылып шығады. Одан бұл әрекетінің мәнісін сұрағанда, ол: «Алла Тағала мұсылман құлын көркем мінезділікке жеткізсе, көркем мінез оның жәннатқа кіруіне себеп болады. Ал, көркем мінезден жұрдай етсе, ақырында жаман мінезі оны жәһаннамға түсіреді» деп жауап береді[8].

 

Бір кісі Расулаллаға келіп «Ислам деген не?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)«Ислам деген – көркем мінез» деп жауап қатады. Әлгі адам мәселенің басқа қырын білгісі келген болса керек, бір қойған сұрағын төрт мәрте қайталайды. Бірақ соған қарамастан Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) де солай жауап береді[9]. Иә, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұл жауабынан дініміздің көркем мінезге қаншалықты мән беретінін бағамдауға болады. Сондай-ақ, Исламды «Көркем мінез» деп түсіндіруі діннің тек жақсы мінез-құлықпен, әдеппен толысатындығын білдіреді[10].

 

Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүміндерді әрдайым көркем мінезді болуға шақырады. Мінез-кұлқы көркем, әдепті жанның қайырымды келетіндігін[11], амал таразысында ең ауыр тартатын нәрсе көркем мінез-құлық болатындығын[12], толық иманның көркем мінез арқылы келетінін[13], мұсылман баласы көркем мінезі арқылы күндізін (нәпіл) оразамен, ал түнін (нәпіл) ғибадатпенөткізгендей сауапқа кенелетінін[14], қиямет күні өзіне ең жақын болатындардың мінезі ең көркем адамдар екенін[15], адамдардың жәннатқа кіруіне ең көп себеп болатын амалдардың тақуалық пен көркем мінез екендігін[16] айтқан. Сонымен қатар Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Сендердің ең мейірімділерің мінезі ең көркемдерің»[17] және «Араларыңдағы ең жақсы көретіндерім мінезі ең көркем болғандарың»[18] деп әдептілікті мадақтайды.

 

Хадистерде «сөз әдебінің» орны мен маңызы

Шүбәсіз, мінез-құлық қырларының көрінуінде дене мүшелеріміздің ішіндетілдің алар орны айрықша. Сол себепті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тілді әдепсіздіктен, жамандықтардан сақтап, оны ізгілік таратуға, мейірімділікті жаюға қолдану керектігін ескертіп, насихат жасаған.

 

Тіл – Алланың адам баласына берген ең үлкен нығметі. Тіл орынды қолданылса жақсылыққа жетелеп, ал орынсыз жұмсалған жағдайда азапқа душар ететін құрал. Тіл – денеміздің кішкентай ғана мүшесі болғанымен, оның атқарар қызметі өте күшті. Тіл – Інжілде де (Жақыптың хаты 3:4-12) айтылғандай – бір кемені басқаратын тұтқа немесе бір орманды отқа орайтын жылт еткен ұшқын секілді. Қысқаша, бал тамған тілден у да тамады.

 

Ілімнің барлығы тіл арқылы түсініледі әрі түсіндіріледі. Бұл жағынан тілдің көз, құлақ секілді дене мүшелерімен салыстырғанда араласпайтын жері жоқ, жұмсалар жері және тигізер әсері жан-жақты[19]. Дене мүшелерінің арасында қарсылық көрсетуге ең жақыны және қарсылық білдіруге ең қолайлысы тіл. Өйткені ол оп-оңай қалаған жағыңа бұрылады. Бұған қоса, шайтанның адамды алдап-арбауда қолданатын ең үлкен құралының бірі.

 

Адамның күпірлігі немесе иман келтіруі тілмен айтқан сөзінен мәлім болады. Тәсбих, тахмид, тәкбир*, зікір, тәубә секілді нәрселер, сонымен қатар дінді басқаларға жеткізу, таныту істері және күнделікті бес рет шақырылатын азан, бәрі-бәрі тіл арқылы орындалады. Иә солай бола тұра бір жағынан адамды мәңгілік азапқа душар ететін күпірлік пен балағат сөз, Алла мен Расулына тіл тигізу, қоғамдық өмірді бұзатын жалған, жала, ғайбат, өсек-аяң, мазақ, мақтан, жанжал шығару[20] да тіл арқылы атқарылады.

 

Көркем мінезге сай, әдепті болу жағынан да тілдің басқа мүшелер арасындағы орны айырықша әрі маңызды. Тілдің қызметі басқа мүшелермен салыстырғанда ауқымды, мәнді, әсер, ықпалы зор, тұрақты, үздіксіз болып табылады. Тілдің атқарар қызметі зор болғандықтан оның жауапкершілігі де соған сай үлкен. Тілден шыққан сөз не адамның мерейін асырады, не абыройын айрандай етеді. Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тілдің көркем мінез-құлықтың қалыптасуындағы мән-маңызына назар аудартып, насихат айтады. Бір хадисте Ол (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Таң атысымен адамның барлық мүшесі тілге жалынып былай дейді: Біздің қақымызды қорғауда Алладан қорық. Біз тек сенің айтқандарыңнан жаза тартамыз. Біз саған қараймыз. Егер сен дұрыс болсаң, біз де дұрыс боламыз. Егер сен қисайып, жолдан айнысаң, біз де саған еріп, сен құсап кетеміз»[21]деген.Пайғамбарымыздан Суфиан ибн Абдуллаһ (р.а.) «Мен үшін ең қорқынышты нәрсе не?»деп сұрағанда, Ол тілінкөрсетіп«Міне, мынау!»деп жауап береді[22].

 

Бұған дейін де хадистерде келтіріп өткеніндей адам тілін дұрыс қолданатын болса, мәңгілік бақытқа (жәннатқа) қол жеткізуі мүмкін, ал олай етпеген жағдайда, жәһаннамға түседі. Мұғаз ибн Жәбәл (р.а.) бір жолы Расулалладан «Маған жәннатқа кіруіме себеп болып, жәһаннамнан алыстатар бір амал айт» деп сұрайды. Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дейді: «Орындау оңайға соқпайтын, жүгі батпандай нәрсе жайлы сұрап тұрсың. Бірақ мұны Алла оңайлатып қойған адамдар үшін өте жеңіл. Құлшылықты тек Аллаға арнап, Оған ештеңені тең санамайсың, намазды орындап, зекетті бересің. Рамазанда ораза ұстап, қажылық қыласың».Сосын Пайамбарымыз сөзін былай деп жалғайды: «Саған рақым жолын сілтейін: Oраза – қалқан, сaдaқa судың отты сөндіргені секілді күнәларды жуып-шаяды».Артынан«Oлар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, бір жағынан (Алланың) қаһарынан қорқып, екінші жағынан шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалынып-жалбарынып дұға етеді»[23]деген аяттарды оқып, былай деді: «Сендерге бүкіл істің басын, тірегін және ең жоғары шыңын айтайын ба?» Сонда Mұғaз: «Иә, yа, Aлланың елшісі!» дeйді. Oл(саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дейді: «Әр істің басы – Ислам, тірегі – намаз, шыңы әрі ең үлкені – жиһад».Одан кейін сөзін былай деп сөзін жалғайды: «Сaғaн бүкіл осылардың бастауын(нeгізін, күретамырын) айтайын ба?» Mұғaз: «Иә»дeйді. Сол кезде Расулалла тілін қолымен ұстап тұрып «Осыдан сақ бол!»деп ескертеді. Mұғaз:«Уа,Пайғамбарым! Бiз айтқандарымыз үшін де жауап береміз бе?»дeйді. Расулалла болса: «Aнаңның көзі жоғы өкінішті, ей Mұғaз! Адамдарды бірден жәһаннамға апаратын көп жағдайда олардың (күпіршілік, нақақ жала, жалған айып, балағат, ғайбат, өсектәрізді) тілдері»деп жауап береді[24].

Расулалланың тілдідіннің биік шыңы санаған иман мен Ислам негіздерінің күретамыры ретінде атауы Ислам дінінің тілгеберген бағасы мен маңызын көрсету тұрғысында терең мәнге ие. Тек осы хадистің өзі-ақ тілдіңадам мен дін алдындағы орнын, әсерін және қызметін көрсету үшін жеткілікті.

 

Пайғамбарымызға(саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір әйелдің түнемелік ғибадат қылып, күндіз әрдайым ораза ұстап жүретінін, алайда мінезінің нашар екендігін, көршілеріне тілімен қорлық көрсететінін жеткізеді. Сонда Расулалла«Oл әйелде (істеген амалдарында) қайыр жоқ, oл жәһаннамдық»дейді. Сосын бес уақыт парыз намазын оқитын, Рамазанда оразасын ұстайтын, қолындағы барын (наны мен ірімшігін) бөліп-бөліп басқаларға садақа беретін және ешкімге зияны жоқ басқа бір әйел жайлы айтылғанда, бұл жолы Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):«Oл әйел жәннаттық»дейді[25].

 

Расулалланың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)бұл жауабынан адамның мінезі көркем болмайынша жасаған құлшылығының өзіне еш пайда бермейтінін және көркем мінезді болмай шын бақытқа қауышу мүмкін емес екенін ұғамыз. Екінші жағынан діннің ең ұсақ бұйрықтарына дейін орындап көркем мінезге ие болған адамның бақытқа қауышатынын білдіреді. Тілдің қаншалықты маңызды екендігі осы хадисте анық айтылған. Тіпті, адамның ғибадаттарының қабыл болуы да мінездің көркемдігіне байланысты. Бұл жайды нақтылайтын басқа бір хадисте Расулалла: «Адамның жүрегі бет бұрмай, діні дұрыс бағытта болмайды. Адамның тілі бағыт алмайынша жүрегі де бет бұрмайды. Көршісіне зияны тиетін адам жәннатқа кіре алмайды».[26] дейді. Расулалла діндегі кемелдікті тілді сақтаумен байланыстырады.

 

Бірде Пайғамбарымыз(саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жұбайы Үммү Сәләмәнің (р.анһа) бөлмесі жағынан ұрысқан дауыс естиді. Ұрысып жатқандардың қасына барып былай дейді: «Шүбәсіз, мен де сендер секілді адаммын. Кейде маған өзара келіспей қалған екі адам келуі мүмкін, біреуі өзінікі дұрыс болмаса да, екіншісіне қарағанда сөзі дұрыс болуы ғажап емес. Ал мен оның сол түзу сөзіне қарап, оның ісін жөн санауым мүмкін. Мұндай жағдайда өзінікі дұрыс болмаса да дұрыс етіп көрсеткен адам тозақта болады»[27].

 

Бұл хадисте әділетсіздік көрсетудің қатері жайлы айтылып тұр. Бүгінгі күні әсіресе газет, теледидар және интернет арқылы жалған, ойдан шығарылған, бұрмаланған хабарлармен адамдардың ары мен абыройы аяққа тапталуда, бұған қоса материалдық шығын да болмай қоймайды. Қазір жиі-жиі орын алатын мұндай оқиғалар Расулалланың осы мәселеге қатысты айтқандарын пысықтап тұрғандай.

 

Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тілі мен қолынан мұсылмандарға зиян келмейтін адамды шынайы (кәміл) мұсылман[28] санайды[29]. Тілімен, қолымен мұсылмандарға зиян тигізбеудің Исламда ең жақсы қасиет екендігін ескертеді[30]. Хадисте тіл мен қолдың айтылу себебі адамдарға негізінен сол арқылы зиян келетіндігінен. Ал тілдің бірінші аталуы қолға қарағанда тілдің тигізер зиянының үлкендігіне назар аудару үшін болса керек.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) адам баласының қателіктерінің көбі тілден бастау алатынын[31] айтып, адамдарға тілдің кесапатын ұмытпауды ескертеді. Бір жолы Расулалладан адамдарды ең көп жәннатқа апарар амалдың қайсысы екенін сұрайды. Ол «Жақсы ахлақ»деп жауап береді. Ал адамдардың ең көп жәһаннамға түсуіне себеп болар амалды сұрағанда, Ол«екі ұрттың арасы (тіл) мен екі шап ортасындағы ұятты жері»[32] дейді.

 

Расулалла өзінен кеңес сұрай келген бір кісіге тақуалықтынасихаттайды, сосын «Тіліңді тек жақсылыққа жұмса, тек сөйтіп қана шайтаннан басым түсуің мүмкін!»деген. Көріп отырғанымыздай, тіл – адамды игілікке жеткізетін маңызды құрал әрі оған абай болу шайтанды жеңуде мәні зор әрекеттің бірі. Расулалла азаптан құтылудың қандай жолы бар деп сұраған Уқбә ибн Амирге«Тіліңді (қайырымы жоқ және өзіңе зиян тигізер сөздерден) тый...»[33] деп кеңес береді.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір хадисінде «Пенде Аллаға ұнайтын бір сөздің қаншалықты маңызды екенін және оның әсерінің күшті екенін білместен айта береді[34]. Міне, Алла ол адамды осы сөзіне орай биік дәрежелерге көтереді. Ал бір пенде Алланың ашуына ұшыратар сөзді еш мән берместен (байқамай) айтып, өзі сол сөздің салдарынан жәһаннамға түседі!»[35] деп ескертеді.Осы себептен Расулалла(саллаллаһу алейһи уә сәлләм):«Кімде-кім екі ұртының арасындағы (тілі) мен екі шап арасындағы (ұятты жері) жерін жамандықтан сақтайтынына кепілдік берсе, мен оған жәннатты уәде етемін!"[36] дейді.

 

Көп жеу мен көп ұйықтау секілді, көп сөйлеу де кемелдікке жеткізер жолда адамның алдындағы ең үлкен кедергінің бірі.  Ұлы Хаққа ұнайтындығы және анық керектігі назарда ұсталмай айтылған сөздер сөз жоқ адамға жауапкершілік жүктейді. Өйткені, «Сондай-ақ, адам баласының аузынан нендей сөз шықса да дәл қасында оның аузын бағып, бірде-бір сөзін қалт жібермей жазып алып тұратын бақылаушы періште бар»[37]деген қасиетті аят ауыздан шыққан әр сөзге абай болуды және Алла Тағалаға ұнамайтын сөздерді айтудан сақ болу керектігін түсіндіреді.

 

Келтірілген хадистерден де байқалатынындай, тіладамның дүние мен ақыреттегі орнын айқындауда да маңызды орын иеленеді. Тілдің қатерінен сақтану және сол арқылы рақымға қол жеткізу үшін мүміндердің азсөйлеп, дөрекілікке бой ұрмағаны жөн, егер сөйлейтін болса, сауап пен қайыр болатын және Аллаға жағатын жайды сөз қылу керек, әйтпесе, бұл жайлы жақсы нәрсе айтар адамға сөзді беріп, басқалардың сөйлеуіне мүмкіндік жасаған және әрдайым Расулалланың жоғарыда көрсетілген ескерту, кеңестерімен бірге «Кімде-кім Aллаға және ақырет күніне иман етсе, я жақсы сөз айтсын, я үндемесін»[38]немесе «Aлланы зікір етуден тыс, көп сөйлеме. Өйткені көп сөз жүректі қатайтады. Алладан ең алыс жан – жүрегі қатты адам»[39] деген сөздерді естен шығармаған дұрыс.Есте ұстауға тиіс нәрсе – тілді жамандыққа жібермей тізгіндеудің жалғыз жолы осы мәселеге қатысты діни бұйрықтарды орындау.

 

Сөздің күші қашанғы қалпынша бүгінгі күні де мән-маңызын жойған жоқ. Тіпті бүгін сөздің маңызы арта түсті десе болады. Жақсылық болсын, жамандық болсын көптеген мәселе сөз арқылы атқарылып жатыр. Екінші жағынан өзі жайлы білдіріп, хабар беру-алу әрекеті болып табылатын байланыс тілденбасқа дене қимылы, жазу, элетронды құралдар арқылы жүзеге асады. Сол себепті хабар беру тұрғысында мимика, сурет, белгі, жанды көрініс және бүгінгі қоғамдық байланысты қамтамасыз ететін газет, журнал, радио, теледидар мен интернет секілді құралдардың әрбірі тіл саналады. Нәтижесінде хабар беруге жарайтын әрбір құрал тілдіңқызметін атқарау тұрғысында тілмен тең дәрежеде болғандықтан, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ол жайлы айтқандары басқа құрал түрлеріне де қатысты деуге әбден болады. Тіпті ықпалы мен таралуы жағын назарға алғанда қоғамдық байланыс құралдарының нендей мақсат көздейтіндігіне орай жауапкершілігі одан да жоғары, қайыр мен азғындық (сауап пен жаза) ретінде – оның иелері мен жұмысын жүргізетіндерге –салдары да барған сайын көбеюде.

 


[1]Ғазали, Ихиә-у ъулумуд-дин, Абдуллаһ әл-Халиди, Бәйрут, ІІІ, 77-бет.

[2] Қалам сүресі, 4-аят.

[3]Имам Мәлік, Хуснул-Хулуқ, 8; AхмәдибнХанбал, II, 381; Хаким,әл-Mүстәдракъaлaс-Сaхихайн, Kaир 1417/1997, II, 720.

[4]Муслим, Мусаффирин, 201.

[5]Нуруддин әл-Хәйсәми, Мәжмәъуз-зәуәид, Абдуллаһ Мухәммәд әд-Дәруиш, Бәйрут, 1994, Х, 274-бет; Әли әл-Муттәқи, Кәнзул-Уммәл, Бәйрут 1985, ІІ, 183, 204, 690 беттер.

[6]Нуруддин әл-Хәйсәми, Мәжмәъуз-зәуәид, Абдуллаһ Мухәммәд әд-Дәруиш, Бәйрут, 1994, Х, 145-146, 274 беттер.

[7]Aхмәд ибн Хaнбал, I, 403, VI, 68, 155.

[8]Әли әл-Mуттәқи, Kәнзул-уммал, Бәйрут 1405/1985, III, 666.

[9]Бәйһақи, әл-Жамиъли-Шуабил-иман, Риад 1423/2003, X, 375

[10]Зәйдан, Усулуд-дaъиә, Бәйрут 1430/2009, s. 78.

[11]Бұхари, Әдәб, 38.

[12]Тирмизи, Бирр, 62; Әбу Дәуіт, Әдәб, 8.

[13]ӘбуДәуіт, Сүннет, 14; Aхмәд ибнХaнбал, II, 250.

[14]Tирмизи, Бирр, 62; Әбу Дәуіт, Әдәб, 7.

[15]Tирмизи, Бирр, 71; Бұхари, Әдибул-мүфрад, Бәйрут 1424/2003, s. 91.

[16]Tирмизи, Бирр, 62.

[17]Бұхари, Әдәб, 39.

[18]Бұхари, Фәдәилус-сaхәбә, 27.

[19] Ғазали, Ихиә-у ъулумуд-дин, Абдуллаһ әл-Халиди, Бәйрут ІІІ, 131.

*Тәсбих, тахмид, тәкбир – Алланы ұлықтау, мадақтау сөздері (ауд.)

[20]ИмамҒазали, «Ихиә-уъулумид-дин» кітабының «тілдің кесапаттары»атты бөлімінде осындай әдепсіздіктерді 20 топқа бөліп қарастырады.

[21]Tирмизи, Зүһд, 60.

[22]Tирмизи, Зүһд, 60; Ибн Mәжә, Фитән, 12.

[23]Сәжде сүресі, 16-17 аяттар.

[24]Tирмизи, Иман, 8; Ибн Mәжә, Фитән, 12.

[25]Хаким,әл-Mүстәдракъaлaс-Сaхихайн, Kaир 1417/1997, IV, 280; Бәйһақи, әл-Жамиъли-Шуабил-иман, Риад 1423/2003, XII, 94-95.

[26]Aхмәд ибнХaнбал, III, 198.

[27]Бұхари, Шәһәдат, 27, Mәзәлим, 17, Хыйәл, 9; Mуслим, Aкдыә, 4.

[28]Ибн Хажар, Фәтхул-бари, AбдулкадирШәйбәәл-Хамд, Риад 1421/2001, I, 69; Aйни, Ъумдәтул-қари, Бәйрут1421/2001, I, 217, 218; Нәуәуи, әл-Mинхәж, Kaир 1347/1929, II, 10.

[29] Бұхари, Иман, 3, Риқак, 26; Mуслим, Иман, 64-66.

[30]Бұхари, Иман, 4; Mуслим, Иман, 66.

[31]Нуруддин әл-Хәйсәми, Mәжмаъуз-зәуәид, Aбдуллаһ Mухаммәд әд-Дәруиш, Бәйрут 1414/1994, X, 538; Әлиәл-Mуттәқи, Kәнзул-уммал, Бәйрут 1405/1985, III, 549, 556.

[32]Tирмизи, Бирр, 62; Ибн Mәжә, Зүһд, 29.

[33]Tирмизи, Зүһд, 60.

[34] Нұр сүресіндегі«Өйткені, сендер сол қауесет сөздің парқын айырып жатпай, оны біреуіңнің аузынан бірің қағып алып, сөйтіп, өздерің нақты білмейтін мәселені әңгіме қылып, ауыз жимай өсек айтумен болдыңдар Һәм мұны болмашы әрі жеңіл-желпі нәрсе деп ойладыңдар. Алайда ол Алланың алдында зор күнә саналады!» (Нұр сүресі, 15-аят) деген аятта да осыған ұқсас жайт баяндалып тұр. Ибн Хажар, Фәтхул-бари, Aбдулкадир Шәйбә әл-Хамд, Риад 1421/2001, XI, 318.

[35]Бұхари, риқақ, 23; Tирмизи, Зүһд, 12; Ибн Mәжә, Фитән, 12.

[36]Бұхари, риқак, 23

[37]Қаф сүресі, 18-аят.

[38]Бұхари, Әдәб, 31, 85; Mуслим, Иман, 74, 75, 77.

[39]Tирмизи, Зүһд, 61.



Оқи отырыңыз