Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Адам және ғалам > Адал астың маңызы

Адал астың маңызы

2015-11-25 3836

Ұлы Жаратушы Өзінің қасиетті кітабы Құран Кәрімнің көптеген аяттарында жер мен көктегі барлық нәрсені адам баласының игілігі үшін жаратқандығын айтады. Басқа да аяттарында құлдарына нығметін есепсіз үйіп-төккендігін баяндайды. Сонымен қатар бізге азықтанудағы адалдықтың шеңберін сызып беріп, арам астан аулақ болуды ескерткен. Құранда Алла Тағала барша адамзаттың назарын аудартып былай дейді:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الْأَرْضِ حَلالاً طَيِّباً 

«Ендеше уа, адамдар! (Алла сендер үшін жер бетін жайлы тіршілікке жайлы тұрақ етті, олай болса) жердегі барлық нығметтердің адал, тазасынан (әрі денсаулыққа пайдалысынан) жеп-ішіңдер»[1]. Басқа бір аятта мүміндерге қарата:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ

«Уа, иман еткендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің жақсы, таза һәм денсаулыққа пайдалы болғанынан жеңдер»[2], деп әмір етеді. Енді бір аятта Алла Тағала Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үкім айту құқығы бар екендігін баяндап:

وَيُحِلُّ لَهُمُ الطَّيِّبَاتِ وَيُحَرِّمُ عَلَيْهِمُ الْخَبَائِثَ

«(Үмми болған пайғамбар) Оларға таза һәм пайдалы нәрселерді адал етіп, лас һәм зиянды нәрселерді харам қылады»[3], - дейді.

 

Енді осы аяттардағы «таза-таза емес» немесе «адал-арам» деп сипатталған азықтар дегенде қандай азықтар меңзелгенін қайдан білеміз? Оны бізге Құранның басқа да аяттары баяндап береді. Алайда энциклопедиядағыдай әрбір азықты егжей-тегжейлі баяндамайтыны белгілі. Себебі оған қажеттілік те жоқ. Мұндай жағдайда біз мына қағидаға сүйенеміз: «Қандайда бір затты қолдану үшін – ең бастысы оның рұқсат етілген нәрселерден болуы маңызды». Ал Құран Кәрімде харам нәрселерді бізге егжей-тегжейлі тізіп берген. Ал одан тыс нәрселердің барлығы өздігінен рұқсат етілген азықтың қатарына кіреді. Құранда «Алла сендерге өлексені, қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалған малдың етін харам қылды»[4], - делінеді. Мұнымен қоса жыртқыш аң мен жыртқыш құстардың еті және есектің еті Пайғамбар сүннеті арқылы харамға жатқызылған[5]. Міне осы нәрселер қосылған тағам, не сусын болсын ол да харам болып табылады.

 

Сонымен қатар астың арам болуына себеп болатын тағы бір фактор бар. Ол ұрлықпен, парамен, өсім арқылы не болмаса зорлық-зомбылықпен күштеп тартып алынған азықтар адал астың қатарына жатпайды. Бұл үкім сүннет арқылы бекіген. Сондықтан мұсылман адам шариғаттың адал еткен азығын пайдаланумен қатар, сол азықтың дұрыс жолмен келуіне де жіті көңіл бөледі.

 

Адалдықтың шекарасы кең

Адам баласының тұтынуына рұқсат етілген нығметтердің ішіндегі адалдары біз ойлағандай емес анағұрлым көп. Яғни, харамға түсудің қажеттілігі жоқ, адалдықтың шекарасы тым кең. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дұғаларының бірінде «Уа, Алла Тағалам! Харамға көз салып қоймауым үшін Өзіңнің адал нығметтеріңмен көзімді һәм көңілімді қанағаттандыра гөр»[6], - деуі арқылы адалдықтың шеңберінен шықпаудың маңыздылығын меңзеген. XX ғасырдың әйгілі ғалымы айтқандай: «Адал нәрселердің шекарасы ләззат алуға жететіндей кең. Харамға кірудің ешқандай қажеттілігі жоқ»[7]. Расында да жеуге рұқсат етілген адал азықтармен салыстырғанда тыйым салынған арам азықтардың саны тым аз екендігін байқаймыз. Мәселен, Алла Тағала доңыз етін жеуі тыйған. Алайда қой, ешкі, сиыр, түйе секілді жануарлармен қоса көптеген жабайы жануарлардың етін жеуге рұқсат еткен. Дәл сол секілді адамды ақылынан айыратын спирттік ішімдіктерге тыйым салғанымен, оның орнына көптеген сусындарды қолдануға рұқсат беріп кеңшілік жасаған.

 

Исламның тыйым салған тағамдарының расымен де адам ағзасы үшін зиянды екендігі қазіргі таңда дәлелденді. Сондықтан да мұндай тағамдардан аулақ болу түптеп келгенде адамның өзі үшін пайдалы. Мысалы, Құранда «рижс», яғни, лас нәрсе деп сипатталған[8] доңыз етінің адам денсаулығына беретін зияны туралы бүгінгі таңда ондаған мақалалар, кітаптар жазылды[9]. Сонымен қатар, кейбір пайдалары болғанымен, тигізер зияны мен зардабының шаш-етектен деп сипатталып[10], кейіннен үзілді-кесілді харам деген үкім берілген спирттік ішімдіктердің[11] жүздген ауруларға, бүкіл жаманшылықтардың анасы екендігін бүгінгі күні әлем мойындауда.

 

Аурудың көбісі негізінде адам баласының жеген асқа байланысты туындайтыны ақиқат. Сол себепті қазіргі таңда аурудан сақтану мақсатында қолға алынып жатқан істердің бірі ішіп-желінетін асымызға жіті көңіл бөлу. Әрбір ісінде хикмет тұнған Жаратушы Жаббар Иеміздің кейбір нәрселерді бізге рұқсат етпеуінің астарында сансыз сыр жатқаны мәлім.

Осы жерде тағы бір ескере кететін жайт, шынайы мұсылман Исламның харам деп тыйғандарынан, оның пайдасы мен зияндылығына қарап жатпастан-ақ тыйылады. Өйткені харам астың зияндылығынан бұрын, оның ең алдымен Алла Тағаланың бұйрығы екендігін есте ұстауымыз қажет. 

 

Адал асқа ұмтылудың маңыздылығы

Тақырыбымызға қатысты аяттардан ұққанымыздай егер де адам баласы Жаратушысының берген нығметтерінің ішінен адал және тазаларын қолданбай, харам еткендеріне жармасатын болса, тақуалықтан алыстап, шайтанның жолына бет бұра бастайды. Бұл өз кезегінде жеке тұлғаны болсын, тұтас қоғамды болсын құрдымға кетіріп, батпаққа батырады. Себебі, Құранда Алла Тағаланың бізге адал, таза ризықты тұтынуды әмір еткеннен соң, артынша шайтанның ізіне ермеңдер деп ескертуі[12]. Аллаға қарсы келіп қалудан сақтануымызды[13], Оған ғана құлшылық етуіміздің дәлелі ретінде Оның нығметтеріне шүкіршілік етуіміз керектігін[14], жер бетінде бүлік жасап шектен шықпауымызды әмір етуі[15] секілді бұйрықтары өмірімізде адал астың қаншалықты маңызды екендігін білдірсе керек. Ал бұл насихаттарға құлақ аспаған адамның міндетті түрде азғындыққа ұрынып, арсыздық пен ынсапсыздыққа араны ашылатыны белгілі.

 

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басқа бір хадисінде: «Адам баласы тапқан табысының адал-арамына көңіл аудармайтын сондай бір заман туады»[16], - деп адамдардың жеген асының адал-арамына қарамауы ақырзаман белгілерінің бірі екендігін білдірген. Сондықтан да астың адалдығына мән беру біз ойлағаннан да анағұрлым маңызды нәрсе болып табылады.

 

Тақырыбымызға қатысты «Асхабу Кәһф» қиссасының мын бір жерін келтіре кетуді жөн көріп отырмыз. Бұрынғы заманда бір топ жас жігіттер өздерінің қауымы діні болып табылатын пұтқа табынушылықтан бас тартады. Бұл әрекеттері үшін олар елінен қысым көреді де, бас сауғалап қашады. Сөйтіп бір үңгірге келіп тығылады да, сол жерде қалың ұйқыға кетеді. Содан араға 309 жыл салып оянады. Құранда олардың бұл хәлі былайша баяндалады: «Міне, осылайша (яғни, оларды қалай ұзақ жылдар бойы ұйықтатқан болсақ, өздерінің жағдайы жайлы) бір-бірінен сұрасын (һәм сол арқылы Алланың құдіреті әрі ақыретке қатысты зор ақиқат айқындалсын) деп оларды ұйқыларынан ояттық. Сонда араларынан біреуі қалғандарынан: «Қанша уақыт ұйықтадыңдар?», - деп сұрады. Олардың біразы: «бір күн, бәлкім, одан да аз ұйықтаған шығармыз», - десе, енді бір бөлігі: «Қанша уақыт ұйықтағандарыңды Раббыларың біледі! (Қазір бұл әңгімені қоя тұрайық). Одан да араларыңнан біреуді мына күміс ақшамен қалаға жіберіңдер. Сөйтіп, ол қаладан ең таза әрі адал ас қарастырып, біраз ас-ауқат алып келсін. Алайда өте сақ болсын! Ел- жұрттың назарын аударатындай іс- әрекетерге бармасын һәм маңыздысы, сендерді (яғни, бар екендеріңді әрі жасырынып жатқан жерлеріңді) жан баласына сездірмесін», - деп айтты[17]. Аятта қалаға жіберетін адамның өздеріне әкелетін астың «әзка», яғни, «таза» болуы айтылуда. Тәпсіршілер осы сөзді талдағанда «одан да жақсы», «сапалы», «тәттірек», «арзанырақ», «дәмді» болумен қоса «адал» деген ұғымды білдіретіндігін айтқан. Тіпті кейбір риуаяттарда бұл қала халқының пұттар үшін құрбан шалып, доңызды сойғандығын айта келе, «әзка» делінудегі мақсат адал сойылған малдың еті деп тәпсірлеген[18]. Осыған сүйене отырып бұл аяттың адал әрі таза өнімді тұтынудың маңыздылыын меңзейтіндігін айтуға болады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да астың адал болуын мұсылмандарға міндеттеген:

وَاجِبٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ طَلَبُ الحَلَالِ

 

«Адал асты іздеу – әрбір мұсылманның міндеті»[19].

Бүгінгі таңда тамақ өнеркәсібінің күрделеніп, әбден дамыған шағында тамақ өнімдеріне көптеген қоспалардың қосылуы, генетикасы өзгеріске ұшыраған өнімдердің кең таралуы, сонымен қатар сол тамақ өнеркәсіптерінің көбінесе мұсылман емес адамдардың қолында болуы және тамақ өнімдерін өндіру барысында басты назарда адам денсаулығы емес, табыс табу көзделуі секілді жағдайлардың орын алып жатқаны жасырын емес. Қазіргі таңда көптеген доңыз фирмаларының бар екендігі белгілі. Соның салдарынан статистика бойынша жылына орташа есеппен алғанда жеті жүз мың мен миллион арасында доңыз еті желінуде. Өкінішке орай оның еті мен майының азық-түлік өндірісінде қаншама өнімдерге қосылып жатыр және бұл тауардың сыртында көрсетілмейді. Мұнымен қоса малды сою барысында оны шариғаттың шарттарына сай сою үрдісі елімізде әлі толықтай орнай қоймағандықтан, ел мұсылмандарының мұны қалыптастыруға атсалысулары қажет болып табылады[20].

 

Харам асты тұтынудың ақыреттік зардаптары

Алла тағала Муминун сүресінде

 

يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا

 

«Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әркез игі іс істеңдер»[21] деп бұйырған. Бұл аят пайғамбарларға қарата айтылғанымен мүміндерге де тікелей қатысты болып табылады. Аяттың құрылымына мұқият мән берер болсақ, мынадай мағына шығады. Игі іс істеу үшін алдымен жеген асыңның адалдығына мән беруің керек. Себебі аятта игі іс жасаңдар деген бұйрықтың алдында адал, таза ризықты жеңдер нұсқау тұр[22]. Демек, адал аспен азықтанбаған адамнан игі іс күту қисынсыз болмақ.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көптеген хадистерінде харам аспен қоректенген ағзаның қандай жағдайға душар болатындығын сипаттап, одан сақтануды ескерткен:

 

إِنَّ أَوَّلَ مَا يُنْتِنُ مِنَ الإنْسَانِ بَطْنُهُ فَمَنْ اِسْتَطَاعَ أنْ لَا يَأْكُلُ إِلَّا طَيِّبًا فَلْيَفْعَلْ

 

«Расында, адамның ең бірінші шіритін жері – асқазаны, сондықтан қай-қайсың да мүмкіндігінше таза нәрселермен азықтануға тырысыңдар»[23].

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хараммен қоректенген адамның дұғасының қабыл болмайтындығын айтқан:

 

وَمَطْعَمُهُ حَرَامٌ وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ وَقَدْ غُذِّىَ بِالْحَرَامِ فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لَهُ

 

«Қасиетті сапарға шыққанымен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа күйде Алла Тағалаға қолын жайып «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға жасап жатқан адам туралы «Бұл кісінің жегені харам, ішкені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса екен деп үміттенеді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?»[24]

 

Дәйләмидің ибн Мәсғудтан (р.а) жеткізген хадисінде: «Асқазанына харам ас түскен адамның қырық күн бойғы жасаған түнгі құлшылығы, қырық күн бойы таңғы уақыттағы дұғасы қабыл болмайды. Хараммен өскен ағзаның баратын жері – жәһаннам. Шындығында бір түйір харам астың өзі сол ағзаны өсіреді»[25], - делінген. Осы хадистен-ақ астың адалдығына қаншалықты жауаптылықпен қарау қажеттігін ұғуға болады.

 

Тақуа кісілердің адал асқа деген ыждаһаттылықтары

Адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), сахабалар мен табиғиндердің адал-арам мәселесінде танытқан асқан мұқияттылықтарына көз салып қарайтын болсақ, тақырыбымыз ашыла түседі деп ойлаймыз. Олардың ғибратқа толы ғұмырларынан бірер мысалға кезек берейік.

 

Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таң атқанша дөңбекшіп ұйықтай алмады. Таң атқан соң әйелі ұйықтай алмауының себебін сұраған кезде, ол: «Жатар алдында жерден түсіп қалған құрма тауып алып аузыма салдым. Содан кейін ғана үйде садақа және зекет ретінде берілген құрмалардың болу ықтималы бар екені есіме түсті. Аузыма салған құрма сол құрмалардың бірі емес пе деп таң атқанша уайымдап ұйқым қашты»[26], - дейді. Негізінде бұл құрманың пайғамбарымызға сыйға келу ықтималдығы көбірек. Себебі, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне садақа мен зекет ретінде келген нәрселерді күттірместен дереу мұқтаждарға таратып жіберетін. Соған қарамастан ол шүбәлі нәрселерге сақтық танытатын еді.

 

Хазірет Хасанның (р.а.) кішкентай кезі болатын. Ол мешітте атасының тізесінде отырып, зекетке берілген құрмалардың таратылуына қарап отырған еді. Содан алдындағы құрмалардың бірін ауызына апара бергенде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Таста, балам оны, таста! Бізге садақа жеуге болмайды»[27], - деп ескертеді.

Ардақты сахабалар да бұл мәселеге асқан мұқияттылық танытқанын жоғарыда айттық. Енді соған бірер мысал келтірейік

 

Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) өзіне тамақ әкелген қызметшісінен әрдайым астың қайдан келгенін үнемі сұрап отыратын. Бірде қызметшісі әкелген сүт пен етке бірден бас қояды. Шамасы ашыққан сәті болса керек. Алайда асты бірер тістеп жегеннен соң шыдамай қызметшісінен «Бұл тамақ қайнан келді?» деп сұрайды. Қызметшісі өзін құлмын демей, еркін ұстайтын. Ол былай деп жауап қатады: «Жаһилия кезінде бал ашушы едім. Сәуегейлік айтып, бал ашумен күнімді көріп жүрдім. Сол кездері бал ашып бергенім үшін бір кісі қарыз болып қалғанды. Сол қарызын кеше қайтарды. Тамақты сол ақшаға сатып алдым» деп жауап береді. Мұны естіген Әбу Бәкірдің өңі қуарып, боп-боз болып кетеді. Іле-шала саусағын тамағына салып, өзін зорлап тұрып ішіп-жегенінің барлығын ақтарып құсып тастайды. Сөйтіп, өкінішпен: «Раббым, қаныма сіңіп кеткендерінің маған кесірін тигізе көрме!» деп терең тәубе етеді. Әбу Бәкірдің (р.а.) өзін мұншама қинағанына таңырқаған әлгі қызметші «Уа, Алла елшісінің халифасы! Өзіңді неге мұнша қинайсың? Бұлай әбігерге түсудің қажеті қанша?» деп сұрағанда ол: «Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз құлағыммен естігенмін. Ол бір түйір харам ас деген адамның ағзасы тек жәһаннаммен ғана тазаратынын айтқан» деп жауап береді[28].

 

Халал-харам мәселесіне осындай ыждағаттылық таныту сахабалардан бастап олардан кейінгі заманда өмір сүрген игі-жақсылардың өмірлік ұстанымы болғаны шындық. Хазірет Омар да бірде байқамай зекет ретінде берілген мемлекет қазынасындағы түйенің сүтінен ішіп қояды. Осыны білуі мұң екен, дереу саусағын тамағына сұғып жіберіп, өзін қинап тұрып ішкен сүтін қайта құсқан. Олардың бұл әрекеттерінен харам астың қанға араласып, ағзаға сіңіп кетпеуіне үлкен мән бергенін байқаймыз[29]. Өйткені олар Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «адам ағзасында бір түйір харам ас кеткен адамның тек жәһаннаммен ғана тазаратынын» айтқандығын естіген еді.

 

Енді харам астың адамға берер жағымсыз әсерін хазірет Әбу Уәфәның басынан өткен мына оқиғамен жеткізуге тырысайық. Оның баласы өсе келе қолына біз ұстап жүретін әдет шығарады. Сөйтіп, құдықтан су таситын адамдардың торсықтарын тесіп, жұрттың мазасын алып, әбігерге сала бастайды. Әбу Уәфәның көңіліне қаяу салмау үшін жұрт бастапқыда тіс жарып ештеме айтпайды. Алайда, уақыт өте келе мәселе ушыққан үстіне ушыға бастайды. Ақыр аяғында жұрт баласының істеп жүрген қылығын айтып, ғұламаның өзіне шағымданады. Баласының жаман әдетін естігенде, Әбу Уәфәның көңілі қатты құлазып кетеді. Бір жағынан қатты таңырқайды. Әйелі екеуі болған жайтты талқылап, мынадай тұжырымға келеді. Баланың мұндай басбұзарлыққа баруына екеуміздің біріміз себепкер болуымыз мүмкін дейді.  Содан екеуі әрі ойланып, бері ойланып отырғанда бір уақытта әйелінің есіне бір нәрсе сап ете қалады. Әйелі «Бала туылмастан бірнеше ай бұрын көршінің үйіне барған едім. Көршінің бақшасында өсіп тұрған апельсин мен анарды көріп, оған қатты аңсарым ауып жегім келді. Бірақ сұрауға ұялдым. Көршіме айтпай қолымдағы тебен* инемен жемістердің қабығын тесіп шырынын сорып, дәмін татқан едім» дейді. Мұны естіген Әбу Уәфә: Елдің торсығын тесетін жаман әдет баламызға содан жұққан екен» деп мұңаяды. Артынан әйеліне: «Енді істеген қателігің үшін Алладан кешірім тіле» дейді. Әйелі істеген қателігінің баласының бойынан көрініс тапқанына қатты қынжылады. Көршісінен барып кешірім сұрап, жылап-еңіреп Раббысынан кешірім тілеп, тәуба етеді. Анасының бұл хәліне куә болған бала да өзінің істеп жүрген ісіне өкіне бастайды. Тіпті көп өтпей қолындағы бізін лақтырып тастайды[30].

 

Әулиелердің насихаттары

Бәдуиззаман Саид Нұрси харамның руханиятқа төндіретін қауіп-қатеріне қатысты былай дейді: «Ендеше, өте сақ бол! Әрбір қадамыңды аңдап бас! Бір жапырақ астың, бір жұтым судың, бір сәттік назардың, бір ауыз сөздің, бір мезеттік халдің кесірінен құрдымға кетпе! Күллі дүниені бағындырар латифаларыңды осылардың кесірінен өлтірме!»[31] Демек, асқазанымызға түскен бір түйір харам астың өзі біздің құрдымға кетуімізге жеткілікті екен. Мысалы, «Кей жағдайларда харам астан жүректің бұзылып, бүлінетіні сондай, қайта бұрынғы қалпына келе алмайды. Күнә атаулы жүректі қарайтып, қатайтады. Әсіресе, түнгі ғибадатқа селкеу түсіреді. Түн қараңғылығының түндігін түріп ашып, қара түнді жарыққа, шуаққа бөлейтін тәһәжжүд намазынан адамды суытатын ең үлкен кедергі, дұғалардың қабыл болмауы, адамдағы кейбір сезімдердің өлуі, ар-ұяттың азаюы секілді т.б. ссы секілді адам бойындағы жағдайлар харам астың зияндарының кейбірі ғана.

 

Бұл турасында Сәһл ибн Абдуллаһ әт-Тустәри: «Сыддықтардың қатарында болуды қалаған адам харам асқа жоламасын және де тек сүннеттке сай амалдар жасасын. Кімде-кім харам жейтін болса, ағзасы өзіне бағынбайтын болады. Адам мұны қаласа да қаламаса да, білсе де, білмесе де. Бойында мына төрт қасиет болмайынша адам иманның ақиқатына жете алмайды: «Парыздарды сүннеттерімен бірге орындау, күмәнді астан сақтанып тек адал аспен қоректену, ашық-жасырын тыйымдардың бәрінен тыйылу, бұл дүниеден өткенге дейін осы аталғандарға мұқияттылық таныту[32].

 

Шаһ Шужа әл-Кирмәни харамға көз салудан көзін қорғап, өзін нәпсілік қалаулардың жетегінде кетуден сақтаған, әрдайым мурақәба арқылы ішкі дүниесін, сүннетті қалтқысыз ұстану арқылы сыртқы дүниесін яғни, іс-әрекетін жандандырған және адал ас жеуді әдетке айналдырған адамның көрегендікпен туралықтан ауытқымайтынын айтқан[33].

 

Имам Ғазали «Кейде адамның жүрегінің жеген харам астан бұзылып, бүлінетіні соншалық, қайта бұрынғы қалпына келе алмайды. Біз тек қана адал астан дәм татамыз. Сол себепті жүрегіміз туралықта, халіміз өзгеріске ұшырамай, періштелер мен рухтар әлемінен хабардар болып, ақырет әлемін тамашалаймыз», - деген[34].

 

Мәулана адал астың адам өміріндегі маңыздылығына қатысты: «Ілім де, хикмет те, Құдайға деген ғашықтық та, шынайы мейірімділік те ішіп-жемнің адал болуына байланысты. Асқазанға түскен бір түйір ас бойда қызғаныш пен арамзалықты оятса, надандық пен ғапылдыққа берілуге сеп болса, онда мұндай ас – харам. Бидай егіп, арпа жыйды дегенді естідің бе?»[35] - деген екен.

 

Сонымен қоса Абдуллаһ ибн Аббас: «Асқазанына харам ас түскен адамның намазының қабыл болмайтындығын», Ибраһим Әтһам: «Адам ішіп-жеміне мұқияттылық танытқанда ғана рухани кемелдікке жете алатындығын», Фудайл ибн Ияз: «асқазанына түскен астың адал болуына мұқияттылық танытқандарды Алла тағала шыншылдардың қатарына қосатынын», ал Иәхя ибн Муғаз: «Алла Тағаланың қазыналарының біріне жататын итағаттың кілті дұға болса, кілттің бедерлерінің адал астан болатындығын» айтқан[36].

 

Азық-түлік өнімдерін пайдалану жолдары  

1. Әрбір мүмін адал астың маңызына көңіл бөліп, оны исламның нақты әмірі екендігін ұғынуы керек және осы мәселеде әрдайым ізденісте болуы керек.

 

2. Исламда адал мен арамға жататын азық-түліктерді жақсы біліп, олардың қазіргі таңда қандай күйде қолданылып жатқандығына қарап, қырағылық таныту керек. Исламда харам болып табылатын азықтардың саны белгілі, ол көп те емес. Алайда осы заттар (ішімдік, доңыз еті, қан мен өлексе т.б.) бүгінгі таңда қаншама өнеркәсіптерде негізгі шикізат көзі ретінде қолданылуда. Мысалы, доңыздың майы, қарны, ұйқы безі секілді заттарды кейбір нәрселерді өндіруде қоспа ретінде пайдаланылады. Олай болса мұсылмандар осындай нәрселерден сақтана алуы үшін өте қырағы болуы қазіргі заман талабы.

 

3. Мұсылман адам өнімді таңдау барысында оның бағасының арзан болғандығына емес, таза әрі адалдығына қарау керек. Осы кезге дейін теледидар және газет-журналдарда жарияланған хабарларға көз салып қарайтын болсақ, азық-түлік саласындағы кейбір келеңсіздіктерді «террорға» жатқызуға болады. Мысалы, сиырдың тартылған етіне тауықтың етін, зәйтүнге қара бояу, сары майға маргарин, иогуртқа желатин, балға дәмін тәттілендіргіш секілді қоспалар қосып, халықты алдау. Сол себепті мұсылмандарға адал асқа қол жеткізуде біршама талпыныс жасаулары керек.

 

4. Харам өнімдерден жасалынған немесе денсаулығымызға зиянды қоспалар туралы хабардар болу үшін, әрбір затты аларда оның этикеткасын оқып алуды әдетке айналдыру керек. Жаһандық даму процесінің әсерінен әлем кішкентай бір ауылға айналғанын ескерсек қазіргі таңда өнім өндірушілердің барлығының бірдей мұсылман еместігі анық.

 

5. Мүмкіндігінше өнекәсіптік өнімідерді емес, табиғи өнімдерді тұтынған дұрыс. Өйткені түрлі дәмдендіргіштер қосу, сақтау мерзімін жалған ұзарту, белгілі бір заттар қосып, біршама уақыт өткеніне қарамастан өнімнің қалпын бұзбай сақтап қалу, гормондандыру т.б. жағдайлар болғандықтан мұның барлығы денсаулыққа айтарлықтай зиян.

 

6. Өнімді сатып алушы өнімді алып жатқан кезде оның құрамындағы кейбір қоспалардан күдіктенер болса, сол өнімді өндірушінің сайтына хабарлама жіберу арқылы немесе телефон шалып сұрауы керек. Адамдардың осындай саналы әрекеті өнімдерді өндірушілердің кейбір мәселелерге жауапкершілікпен қарауына мәжбүр етеді.

 

7. Бүгінгі таңда азық-түліктің ішінде ет өнімдерінің адалдығына көз жеткізу мұсылман үшін қиын іс болып отыр. Ислам әу бастан-ақ доңыз етімен қоса кейбір малдардың етін жеуге тыйым салған, еті адалға жататын малдарға да белгілі бір шарт қойған. Исламның шарты бойынша малды соятын адам мұсылман немесе Кітап иелерінен болуы керек[37], соярдан алдын міндетті түрде «Бисмилләны» айтып, малды тамағынан бауыздап союы керек. Бір өкіншітісі, еліміздегі сойылып жатқан барлық мал осы талапқа сай сойылуда деп айта алмаймыз. Сондықтан мұсылмандар ет немесе еттен жасалынған өнімдерді аларда олардың адал екендігіне барынша мән беріп іздестіргені дұрыс.

 

8. Бұл дүние – бір сынақ алаңы. Сондықтан да дініміз кейбір азықтарды адам баласына тыйым салған және Құран мен сүннетте адал және харам астардың қандай екендігі де ескертілген. Бірақ адал-арамдығы нақты емес кейбір мәселелер де жоқ емес. Ол туралы Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Халал да, харам да белгілі. Алайда, осы екеуінің арасында кейбір күдікті нәрселер бар. Адамдардың көпшілігі осының ара жігін айыра алмайды. Осы күдікті нәрселерден бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады[38], - деп мұндай нәрселерден бойымызды аулақ ұстауымызды насихат етеді. Олай болса, күмәнді өнімдердің мейлінше көбейген қазіргідей кезеңде Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерімен амал ету анағұрлым маңызды болмақ.

 

Қорытындылай келе айтарымыз, мұсылман адам тамағынан өтетін әрбір асты жіті бақылап, тексеруі керек. Оның адал болуына мән беруі тиіс. Егер кейбір өнімдер күмән тудырып жатса, сол саладағы маманнан сұрап, телефон, электронды пошта немесе одан басқа да жолдармен өнімді өндіруші фирмалармен байланысқа шығып, жеген асының қаншалықты сапалы әрі таза екендігін білуде күш-қайратын жұмсауы керек. Өмір сүруді қиындатып жібермейтіндей дәрежеде жеген асымыздың адалдығына мән беру біздің мұсылмандығымыздың белгісі болса керек.

 

www.akikat.kz


[1] Бақара сүресі, 168-аят.

[2] Бақара сүресі, 172-аят.

[3] Ағраф сүресі, 157-аят.

[4] Бақара, 173; Мәида, 3; Нахл, 115 аяттар.

[5] Шәукәни, Нәйлул-әутәр, 8/125, 146 беттер.

[6] Тирмизи, Дұға, 110.

[7] Бәдиуззаман, Алтыншы сөз, 33-бет.

[8] Әнғам сүресі, 145-аят.

[9] Қараңыз: Сүләймән Куш, «Тәхриму ләхмил-хинзир хикмәту уә әсбәбу фил-ъилми уәд-дин». Каир, Дәрул-бәшир; Ахмәд Жәуәд, «әл-Хинзир бәйнә мизәниш-шәр уә минзәрил-ъилм». Каир, Дәрус-сәләм, 1987; Асаф Атасеван, «Дин ве тып ачысындан домуз ети». Туркия дианет вакфы, Анкара, 1987; Муаффак муаһһир, «Домузла гелен теһлике – тришиноз». Сызынты журналы, 33-бет.

[10] Бақара сүресі, 219-аят.

[11] Мәида сүресі, 90-аят.

[12] Бақара, 168; Әнғам, 142.

[13] Мәида, 88; Әнфал, 69.

[14] Бақара, 172; Нахл, 114.

[15] Бақара, 60; Таһа, 81;

[16] Бухари, Буюғ, 7.

[17] Кәһф сүресі, 19-аят.

[18] Фаһруддин әр-Рази, Мәфәтихул-Ғайб, Бәйрут. Дәрул-кутубил-ъилмия, 2000, 21/88; Алуси, Рухул-мәъәни, Бәйрут. Дәрул-ихият-тураси әл-араби, 15/230-231 беттер; Лубәбә әт-Тәуил, Бәйрут. Дәрул-фикр. 1979, 4/206.

[19] Табарани, әл-Муъжәму әл-Кәбир, 10/74 (9993); Әли әл-Муттақи, Кәнзул-уммәл, 4/5 (9204).

[20] Тамақ өнеркәсібінде орын алған проблемалар жайлы қосымша ақпарат үшін қараңыз: Хусейн Ками Буикөзер, Иениден гыда рапору, Станбул, 2011; Кемал өзер, Шейтан не диор! Инсан не иемели, не иемемелеи, Хауукитап, Станбул, 2011; Решит Хайламаз, Туркиеде домуз гершеги, Станбул: Нил иайынлары. 1996; Исмаил Токалак, Дүниада гыда ве илач террору, Гулербой иайынжылык, Станбұл, 2010.

[21] Муминун сүресі, 51-аят.

[22] Фаһруддин әр-Рази, Мәфәтихул-ғайб, Бәйрут. Дәрул-кутуб әл-ъилмия. 2000, 23/91.

[23] Бұхари, Әхкәм, 9.

[24] Муслим, Зекет, 65;

[25] Суюти, Жәмиъул-әхәдис, 20/55 (21483).

[26] Ахмәд ибн Ханбал, Мүснәд, 2/193; Хаким әл-Мустәдрак, 2/17.

[27] Бұхари, Зекет, 60.

[28] Бұхари, Мәнақибул-Әнсар 26; Сүннәнул-Кубра, 6/97.

[29] Муатта, Зекет, 31; әл-Бәйһақи, Сүннәнул-Кубра, 7/14.

* Тебен ине – үлкен ине, жуалдыз.

[30] Фетхуллаһ Гүлен, Өлимсүзлук ікісірі, Нил уайынлары, Измир 2011, 134-135 беттер.

[31] Ғазали, Ихияу улумуд дин, II, 89.

[32] Ғазали, Ихияу ъулумуд-дин, II, 89.

[33] Абдул Кәрим Кушәири, Күшәири рисалесі. ауд. Сүлеймен Ұлыдаг, Дергаһ иайынлары, 1999, 3-басылым, 323-324 беттер.

[34] Ғазали, Ихияу ъулумуд-дин, II, 89

[35] Мәуләна, Мәснәуи, 1/120.

[36] Ғазали, Ихияу ъулумуд-дин, II, 89.

[37] Кітап иелері өмір сүретін көптеген елдерде малды ұрып-соғу немесе электр тоғымен өлтіру секілді әдістердің қолданылатындығы белгілі. Бұл әдісті қолданған адам кім болса да, ол малдың етін жеуге болмайды. 

[38] Бұхари, Иман 39, Буюғ 2; Мүслим, Мусакат 107,108.  

 



Оқи отырыңыз