Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Діннің атынан жасалатын қылмыстардың обалы

Діннің атынан жасалатын қылмыстардың обалы

2015-11-21 2452

Сұрақ: Бірқатар ұйымдардың дін атын жамылып жасап жатқан қылмыстарын, өзін-өзі жарып жіберу және басқа да осыған ұқсас оқиғалардың орын алуын сыртқы күштердің ықпалымен байланыстыруға бола ма? Мұндай оқиғалардың бүгінгі күні мұсылман жағрапиясында орын алуының себептері қандай?

 

Жауап: Мұсылман болып көрінген әлдекімдердің денесіне жарылғыш затты тағып алып ештемеден хабарсыз бейкүнә адамдарды өлтіруі мен құлшылық орындарын қиратуларының не Құранмен, не сүннетпен, не мұсылмандықпен ешбір байланысы жоқ. Алайда, өкінішке орай, қазіргі таңда мүміндерді яғни біздерді жерге қаратып отырған мұндай жайттар баршылық. Бұл мәселеде сыртқы күштердің астыртын ықпалы бары анық. Сонымен қатар бұл Исламды қате түсінуден, қате тұжырымдаудан да туындап отыр. Аталмыш лаңкестік оқиғалары біз үшін кезіндегі крестшілердің жорығынан да, моңғолдардың ойранынан да ауыр болып тұр. Мұның ислам әлеміне берген залалы айтып жеткізгісіз. Өйткені бұндай зұлымдық пен қылмыстар мұсылмандардың бетіне салық болып отыр.

 

Қате түсінілген батылдық пен өжеттік

Менің әлсіз пайымымша, бұндай оқиғаларға себеп болып жатқан нәрсе – бұл қате түсініктер мен теріс тұжырымдаулар. Олардың басында – батылдық пен өжеттіктің қазіргі таңда қате түсінілуі тұр. Әрине, мүмін адамның бойынан батылдық пен өжеттік табылуы керек, алайда бұл екі мінезбен қатар мүмінде хикмет пен көрегендік те болуы керек. Олар өздерін басқа адамдарға сенімділік пен қауіпсіздік сезімін ұялата алатындай байсалды ұстай білуі керек. Қандай жағдайда болмасын шариғаттың шеңберінен аспай әрекет еткені жөн. Сонымен қатар дұрыс мақсатқа тек дұрыс жолмен ғана жету қажеттігін ұмытпауы керек. Басқаша айтқанда, батылдық пен өжеттік дегеніміз мұсылманның өз құндылықтарын қорғауға жанын салуы, ақиқат деп білген мәселеде әрдайым табандылық танытуы және сол жолда қанаты қайырылып, белі майырылса да барлық қиындықтарға төтеп беруі деген сөз.

 

Осы орайда «Бақыт ғасырына» қарағанымызда адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) пен жанындағы сахабаларының қасиетті Меккеде он үш жыл бойы адам төзгісіз небір қиындықтарға шыдағанын көреміз. Ардақты сахабалар көбіне көздері жасқа толған қалпы бір жағынан Хақ Тағаланың шексіз құдіретіне, екінші жақтан адамзатты құтқаруға жіберген Сүйікті елшісіне және соның ізінен ергендерге жасалған озбырлықтарға қарап, хикметі мен түпкі мәнін ұғына қоймаған осы жағдайларға таңданыстарын білдіріп: مَا أَحْلَمَكَ يَا رَبَّنَا «Уа, Раббымыз, сен неткен кең едің» дейтін. Сіздер білесіздер, адамзаттың мақтаулы тұлғасы хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Қағбаның алдында маңдайын жерге тигізіп сәжде жасап жатқанында, надандықтың бұғауында жүрген мүшріктер оның басына түйенің ішек-қарынын қотарған болатын. (Бұхари, Уду, 69; Мүслим, Жиһад, 107) Өз бастарына тас жауғыр бұл залымдар қаншама рет оған тас боратқан да еді. (Бұхари, Бәдул-халқ 7; Мүслим, Жиһад, 111) Алайда пайғамбар ешқашан «Өз бастарыңа да тас жаусын» демеген. Қайта тас лақтырған, тісін сындырған, бетін жарақаттаған, басын қанға бояғандар үшін қолын жайып          اللَّٰهُمَّ اهْدِ قَوْمِي فَإِنَّهُمْ لاَ يَعْلَمُونَ «Аллаһ тағалам, қауымымды тура жолға сала гөр! Өйткені олар білмейді» деген. (Қады Ияз, әш-Шифа, 1/105) Оның бұл сөзінен ұғатынымыз мынаны түсінуге болады: Пайғамбарымыз «егер олар мені, менің мойнымдағы ауыр мінетті, өздері үшін барымды салып жатқанымды білгенде, бұлай істемес еді» дейді. Құран Кәрім адамдардың иман етпегендігіне Алла елшісінің қынжылуын былай суреттеген:

 

فَلَعَلَّكَ بَاخِعٌ نَفْسَكَ عَلَى آثَارِهِمْ إِنْ لَمْ يُؤْمِنُوا بِهذَا الْحَدِيثِ أَسَفًا 

«Бұл сөзге (Құранға) сенбейді деп олардың артынан қалмай өз-өзіңнен таусыла жаздайсың!» (Кәһф сүресі, 18/6)

Иә, көңілді жаулап, жүректі жұмсартқан, баршаны шынайы адамдыққа үйреткен Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзіне дұшпандық жасағандарға дұшпандық қылмаған, сонымен қатар қазіргі уақыттағыдай қарсылық таныту түрлеріне мүлдем жуыспаған. Тіпті өзіне он бес жыл дұшпандық жасаған Әбу Жәһил үшін «Құдай сені жер түбіне батырсын» деп айтқан емес. Соның нәтижесінде Әбу Жәһилдің қызы Жуайрия мен ұлы Икрима күндердің күні келіп, мұсылмандықты қабылдаған болатын. Олар мұсылман болғаннан кейін мүлдем өзгеше өмір салтына көшіп, ғибратты ғұмыр кешеді. Ярмук соғысында Римдіктерге қарсы соғысқан хазірет Икрима ауыр жараланып күркеге жеткізілгенде, бірден бойын тіктеп «Уа, расулалла! Өзіңіз келіп, бөлмені нұрландырдыңыз ба?» дейді. Бұл Пайғамбарымызбен жақыннан танысқанына екі жыл енді ғана толған кез еді. Әбу Жәһилдің ұлы хазірет Икриманың (р.а.) осындай аз ғана уақыт ішінде қалайша жан дүниесі ізгілікке толы тұлғаға айналып шыға келгенін түсіндіруге менің тілім жетпейді. Иә, түсіндіруге қиналамын, аз ғана уақытта мағрифат шыңына қалай тез жетті, қалайша рухани тереңдеп кетті? Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) досына ғана емес, дұшпандарына да жұмсақмінезділікпен, хикметпен мәміле жасамағанда, осылардың барлығының жүзеге асуы мүмкін бе еді?

 

Негізінде Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккедегі әлгі ауыртпалыққа толы кезеңде сәл ғана ишарат жасаса, Меккедегі алғашқы мұсылмандардың қай қайсысы да соңғы қаны тамғанша мүшріктермен соғысар еді. Бірақ шынжырланғандай күй кешіп, өте ауыр қиындықтарға тап болуына қарамастан, олар сабыр сақтауды таңдап, сенімділікке сызат түсіретін жеке, топтық, эмоциялық ешқандай әрекеттерге бармаған. Әлгіндей жауыздық әрекеттеріне еш жүгінбеген. Өйткені мейірімділік жаршысы болған пайғамбардың жолы адамдардың мәңгілік бақытына себепкер болып, жүректерінің кілтін тауып, көздерін жеткізуде еді. Ал бұл өз кезегінде адамдармен хикметпен, мейірімділікпен, сыпайылықпен қатынас жасауды қажет етеді. Иә, тағы бір рет айтар болсақ, ондай айуандық әрекетті Құранмен, Сүннетпен, Рақым пайғамбарының тұлғасымен, оның стратегиясымен, түсінігімен байланыстыру әсте мүмкін емес.

 

Жеккөрушілікті егіп, сүйіспеншілік ора алмайсыз

«Бақыт ғасырынан» тақырыбымызға қатысты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселен, Құдысты азат еткенде хазірет Омар (р.а.) қаланың кілтін алу үшін Мәдинадан жанына қызметшісін ертіп жолға шығады. Жол-жөнекей үстіндегі шапаны қайта-қайта жыртылады. Омар оны өзімен бірге ала шыққан ине-жіппен жамап отырады. Қазынаға тиесілі екі көлікке мінуге құқым жоқ деп бір ғана көлікке қызметшісі екеуі кезектесе мініп жол тартады. Тура Құдысқа жақындағанда, көлікке міну кезегі қызметшісіне келеді. Қызметшісі кезегін хазірет Омарға (р.а.) бергісі келгенімен оны еш көндіре алмайды. Иудей мен христиандардың рухани көсемдері қаланың кіре берісінде оларды күтіп алады. «Қаламызды азат ететін тұлғаның келбеті осындай екенін біз қасиетті кітаптарымыздан білетінбіз» деп, ерекше құрмет көрсетеді. Қала кілтін Құдыс патриархы Софрониос табыс етеді. Намаз уақыты кіргенде, хазірет Омар (р.а.) рұқсат сұрайды. Олар «Уа, мүміндердің әміршісі! Ғибадатханамыздың бір шетінде намаз оқысаңыз болады» дейді. Алайда хазірет Омар (р.а.) «Егер мүміндердің әміршісі бұл орында намаз оқыса, кейінгі мұсылмандар бұл жерді тәбәрік етіп, намаз оқитын мешітке айналдырып жіберуі мүмкін. Онда сендердің құқықтарың аяқ асты етіледі» деп сыртқа шығып, қырға барып намаз оқып қайтады. Ал, енді хазірет Омардың осы әрекетін яғни, өзге дін өкілдерінің ғибадатханасына деген құрметін, сыпайылығы мен көрегендігін қазіргі таңдағы Ислам атынан жасалып жатқан жауыздық істерін салыстырып көріңіздер.

 

Тақырыбызға қатысты тағы бір мысал, хазірет Әлидің (р.а.) кезеңі дәл қазіргідей бүліктің көбейген тұсы болатын. Бірде хазірет Әлиге қарсы шыққан харижилер Харура деген жерде бас қосады. Сонда әлдебір адам хазірет Алиге (р.а.) келіп: «Әй, имам, харижиттер пәлен деген жерде әскерлерімен жиналып, саған қарсы шабуыл жасамақ. Олар саған шабуылдамай тұрып, сен оларға шабуылдап, көздерін құртсаңшы» дейді. Хайбар бекінісінің есігін жұлып алған, қылышын бір сілтегенде бірнеше кәлланы бірақ ұшыратын арыстан жүректі батыр, әулиелік шежіренің басында тұратын ұлық имам Әли (р.а.) сонда «Олардың бізге шабуыл жасап-жасамайтындығы әлі нақты емес» деп өзіне жарасатын сөз айтқан. Оның парасаттылығын көрдіңіз бе? Меніңше, нағыз батырлық – оның Хайбар бекінісінің есігін жұлып алуында да, қылышын бір сілтеу арқылы Амр ибн Абдиудты екіге бөліп тастауында да емес, керісінше «мен, мен» деп менмендіктің дауылдай асқынып кеткен сәтінде өзін бақылауға алып, ерік-жігерін тізгіндей білуінде. Иә, нағыз жігіттік – батылдық пен өжеттігі жете тұра «Олардың бізге шабуыл жасайтыны анық емес» деп өзін ұстай білуде. Хазірет Әлидің осы сөзіне негізделе отырып, имам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) беталсытары қайда бағытталғаны белгісіз бір көпшілікке шабуыл жасау жөн емес деп үкім шығарған[1].  

 

Негізінде маңыздырағы стратегия арқылы аз шығынмен қордаланған мәселелерді шешуге тырысу емес пе? Меккені азат ету оқиғасына мұқият қарайтын болсақ, Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мейлінше қан төкпеу, дұшпандықтың асқынбауында әрі мәселелердің жұмсақ түрде шешілу үшін барлық шараларды жасағандығы байқалады. Иә, адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) халқының басым көпшілігі мүшріктерден құралған Мекке қаласына қан төгіссіз, ешкімге ешқандай залал келтірместен кірген. Меккеге кіргеннен кейін «Сендерге не істейді деп ойлайсыңдар?» деп сұрағайды. Бала кезінен өзін жақсы танитын мүшріктер «Сен ардақты кісінің ардақты ұлысың» дегенінде, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Онда, барыңдар, бәрің де азатсыңдар. Ешбіріңді жазғырмаймын» деген[2]. Оның аузынан шыққан бұл сөздер рухтарға бейне бір Жәбірейілдің тынысы іспетті жағымды әсер еткені сондай, Меккенің мүшрік халқы өздерінің теріс жолда екендіктерін түсініп, бір-екі күннен кейін-ақ Пайғамбарымыздың маңайына топтасады. Иә, көп жылдан бері Алла елшісіне  (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дұшпандық жасаған ең қатыгез адамдардың өзі жұмсарып, мұсылмандықты қабылдаған. Жұмсақтық пен жақсы қарым-қатынас оларды исламның ізгілікті ауанына тартқан. Не ексеңдер, соны орасыңдар. Адам үнемі жақсы нәрселерді өнім ретінде жинағысы келсе, онда әрдайым маңайына жақылық пен әсемдік дәнін еге білуі тиіс.

 

Осман империясы құлағаннан кейінгі кезеңде Ислам әлемінде көптеген күйреушіліктер орын алды. Дегенмен де қазіргі таңда қайта ес жию, қайтадан өз болмысымызға оралуға деген талпыныс байқалады. Тұтас Ислам жағрапиясын емес, мәселеге тек Түркия мемлекеті тұрғысынан қарағанның өзінде, жағдайдың кешегіндей емес, соңғы қырық-елу жыл ішінде көптеген нәрселердің өзгергенін көресіз. Міне, ислам әлеміндегі осындай оң өзгерістер мен дамуды жақтамаған кейбір күш иелері діннің негізгі динамикаларынан білмейтін, мұнымен қоса сезіммен, өшпендікпен әрекет ететін кейбір адамдарды өздерінің теріс пиғылдарына қолдануға тырысуда.

 

Паранойя қажеттігі және алданған бұқара

Өкінішке орай, бүгін таңда мұсылмандардың барлығы тұтастай сау ақылмен дұрыс ойлай білетін және де өзінің төл құндылықтарын жетік білетін адамдар емес екендігі шындық. Паранойя сезімінің түрткі болуымен қоғамдық пікірді өз пайдаларына қарай икемдегісі келгендер болса, біздің надандық пен кедейліктен пайда болған осал тұстарымызды көріп, өздерінің сценарийлерін жасаған. Сөйтіп ыңғайға көнетін адамдарды не алдап, не дәрімен роботқа айналдыру арқылы осы сценарийлерде кейіпкер ретінде қолданған. Иә, надандықтың тұманында қалған қоғамды өз пайдасына қолданып, бұқара халықты алдаған. Алданбаудың жолы болса, рухани иммунитетіміздің күштілігіне байланысты болмақ. Егер иммунитетіңіз мықты болса, ағзаға кіретін вирус пен микроптардың бәрін жеңе аласыз. Ал, ол әлсірейтін болса, ағзаны құрдымға кетіруді қалайтын вирустарға қарсыласуға мұршаңыз келмейді.

 

Осы тұрғыдан қарағанымызда қазіргі таңда Алла елшісінің жолын ұстанған мұсылмандардың ақылмен әрекет етуі, әр қадамын аңдап басуы, бір сөз айтпастан бұрын, ол сөздің нәтижесін, адамдарға қандай әсер беретіндігін ескеруі керек. Сөйлеместен бұрын оның пайда-зиянын екшеп, содан кейін барып айту яғни, он рет өлшеп бір рет кесу қажет. Әсіресе белгілі бір лауазымды қызметте жұмыс істейтін адамдардың бұл мәселеде мұқият болулары абзал. Өйткені олардың жіберген бір қатесінің кесірі қол астындағылардың бәріне тиеді. Мәселен, қарапайым қатардағы бір адамның аузынан «Пәленше сендердің мешіттеріңе мынандай құрметсіздік танытты. Қарап қалмай сендер де бірдеме жасамайсыңдар ма?» деген сөз шықса, бұған ешкім де көңіл аудармасы анық. Бірақ дәл сол сөз қоғамда өзіндік орны бар елеулі тұлғалар тарапынан айтылар болса, қоғам оған кәдімгідей құлақ асады. Сөйтіп оның арты түрлі келеңсіздіктерге ұрындыруы кәнік. Иә, батылдық пен өжеттікке қоса, ілім, хикмет, көрегендік пен парасаттылық болмаса, мұндай батылдық пен өжеттік, адамды ессіздікке ұрындыратыны сондай, жіберілген қателіктерді жөндеп, қайта қалыпқа келтіру мүмкін болмайды. Сондықтан да тап болған пәлекеттер үшін қарсы тарапты ғана кінәлау дұрыс емес. Әсілі Исламның әсемдіктерінің көрінуі мен жүзеге асуын қаламайтын адамдар сонау Исламның алғашқы кезеңдерінде де болған. Алайда әділетті халифалар мен оларды үлгі тұтқан көреген басшылар бұған жол берместен, дер кезінде тыйып отырған. Әсіресе, соңғы екі-үш ғасырда шетелде орын алған жағдайлар біздің ішіміздегі кейбір адамдарды өз пайдаларына қолданып, мақсаттарына қол жеткізуде. Нәтижеде Исламның жарқыраған келбетіне күйе жақты. Ислам тарихында ешқашан дәл қазіргі кездегідей дін атын жамылып мұндай айуандық жасалмаған. Бәлкім кейбір тұста Муаххидин, кейбір тұста Карматилер, ал бір кезеңдерде Батинилікке бой алдырған әлдекімдер мұндай зұлымдықтарға барған болар. Алайда олардың өзі өз-өзін жармаған, әйел, қарттар мен бала-шаға деместен адамдарды жаппай қырғынға ұшырататын әрекетке бармаған.

 

Мүмінге тән күрес

Осы тұста өмірімде болған бір оқиғаны айта кетейін. Үйіме қонақ болып келген бір кісі исламафобияны тілге тиек етіп, Батыстықтардың мұсылмандарға жауыз деп қарайтындығын, карикатура жасап, газет-журналдары мен теледидарларында исламға қарсы ақпарат таратып жатқандықтарын айтты. Мен оған қайндайда бір жерде исламға күйе жағатын зұлымдық әрекеттері жасалғанда, өкінішке орай, эмоциямен ерік беру арқылы қарсылық танытатын кейбір мұсылмандардың Исламға сай келмейтін іс-қимылға баратынын, сол себепті біздің өзімізді түгелдей ақтай алмайтындығымызды айттым. Әлгі қонағым мұндай жауапты күтпегендіктен едәуір таңданды. Алайда бұл бұлтартпас шындық еді. Негізінде бізге қарсы жасалған жамандықтарға наразылық танытарда, өзімізге жарасатындай яғни, жамандықпен күресудің мүмін адамға тән үлгісін көрсете білуіміз керек болатын. Ал олай болмаған жағдайда ойланбай жасалған істің кесірінен жер бетіндегі бүкіл мұсылмандарды қиын жағдайға душар етуде. Нәтижеде мұндай әрекеттер белгілі күштердің мұсылмандарды қорлап, тұқыртуларына мүмкіндік ашылауда. Осы тұрғыда біздің міндетіміз – саналы әрекет жасап, діннің негіздерінен ауытқымастан қалпы бізге бағытталған шабуылдардың бетін қайтару.

 

Жауыздық жасағандардың мұсылмандықтан несібі жоқ

Қаттылықпен, күштеп мәжбүрлеумен, ашу-ызамен дін жайып, адамдарға Исламды жақсы көрсетуді қайдан көрдік? Әрине, онда нәрсе жоқ. Өздеріңіз білетіндей, дінге анықтама берілгенде былай делінеді:

 

الدِّينُ وَضْعٌ إلَهِيٌّ سَائِقٌ لِذَوِي الْعُقُولِ بِاخْتِيَارِهِمْ الْمَحْمُودِ إلَى الْخَيْرِ بِالذَّاتِ 

«Дін – Алла Тағала тарапынан реттелген қағидалар топтамасы, ол ақыл иелерін олардың ерік-қалаумен (яғни, оларды мәжбүрлемейді) ізгілікке бағыттайды»[3].  

Меніңше, дінге берілген мұндай анықтама, ең дамыған демократиядан әлдеқайда артық. Өйткені дін адамның дербес қалауы мен еркін негізге алып, оған мейлінше ерік беруде. Исламда адам жаратылысы тұрғысынан ардақты болмыс. Егер дінді дұрыс насихаттап, оның адам болашағына тигізер оң ықпалы тиісінше түсіндірілетін болса, оған бұқараның аңсары ауатынына шүбә жоқ.

 

Иә, егер де сіз діннің әсемдіктерін барынша көрсетіп, оған деген жылылықты жүректерге орната білсеңіз, адамдар ешқандай мәжбүрлеусіз оны қабылдайды. Ешкім бұған ләм-мим дей алмайды. Себбі әрбір адам өзі қалаған дінді таңдау еркіне ие. Маңыздысы, дінді дұрыс ұстану, үлгілі өнеге көрсете білу. Баршаңызға белгілі адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы дінді көркем түрде насихаттап, сонымен қатар оның іс жүзіндегі үлгісін көрсеткен болатын.  Ол (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтқан әрбір ісін мұқият өзі орындап, сол арқылы жүректерді жаулаған. Анығында, мұсылман үмбеті ретінде біз де бір кездері сондай едік. Бірақ соңғы бір-екі ғасырдан бері әлдекімдер біздің генімізді де, тегімізді де бұзуға ұмтылып келеді. Ең өкініштісі, сол зұлымдықтарды діннің атын жамылып жасауды. Шын мәнісінде жауыздық жасаған адамдардың мұсылмандықтан алар еш несібі жоқ. Бұдан бұрын да айтқанымыздай, террорист мұсылман бола алмайтынындай, шын мұсылман да террорист бола алмайды. Мұсылмандардың арасынан террорист шықса да, мұндай адам мұсылмандық қасиеттерінен жұрдай болған деген сөз. Бұндай адамды дұрыс мұсылманның қатарына қосуға келмейді. Тіпті соғыстың өзінде дініміз белгілгенен арнайы қағидалар бар. Ендеше орынсыз қан төккен әлгіндей адамдар туралы не айтуға болады?! Бір жасақты аттандырып тұрып Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әйелдерге, балаларға, ғибадатханаларды паналаған адамдарға соқтығуға тыйым салған. Сондықтан қазіргі уақытта діннің атынан жасалған бұл қылмыстарды Құран мен Сүннеттегі қағидалармен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. 

 

Әсілі, біздің міндетіміз, дінді дұрыс ұстанып, барша адамзатқа құрметпен қарай, сонымен қатра басқа көзқарас иелеріне түсіністікпен қарап, бір мәмілеге келу. Өйткені өзгелерге өз көзқарасыңды таңу – дініміздің негізіне қайшы іс. Қару-жарақпен, ашу-ызамен адамдарға тарпа бас салып, соғыс ашып немесе сауда орталығын басып алудың, жазықсыз адамдарды тұтқынға алудың мұсылмандықпен мүлдем үйлеспейтіндігі анық. Біз бейбітшілік пен кешірімділік дініне мойынсұнған адамдар ретінде мұндай әрекеттерді қиянатшыл залымдардың ісіне жатқызамыз. Сондықтан да қандай жағдай болмасын, адамгершіліктің шеңберінде әрекет етуді жөн санаймыз. Онсыз да шын мүмін мұндай жабайылыққа барып, мұншалықты төмендемесі белгілі.

 

Жаратушы Иеміз біздің хикметпен әрекет етуімізді нәсіп етсін. Өзінің разы болмайтын өрескел, теріс әрекеттерге баруымыздан сақтасын. Пайғамбар жолынан таймауымызды, сол жолда жүргендерден көз жазып қалмауымызды нәсіп етсін! Әмин...

 

 Дереккөз

Дереккөз 2

 


[1] әл-Марғинани, әл-Һидая, 2/170-171; әл-Қасани, бәдаис-Санаи, 7/140-142.

[2] Ибн Һишам, әс-Сирату  ән-Нәбәуия, 5/74.

[3] Абдулазиз әл-Бухари, Кәшфу әл-әсрар, 1/13.



Оқи отырыңыз