Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Хазірет Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһу) - 2

Хазірет Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһу) - 2

2015-11-11 2371

Әбу Бәкірдің (р.анһу) һижреті 


Әбу Бәкірдің (р.анһу) өмірінің ең керемет кезеңі Пайғамбарымызбен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) һижрет сапарына бірге аттанған кезеңі болса керек. Он үш жыл бойы Меккеде дін үшін көрсеткен ерен ерлігі һижретте Пайғамбарымызбен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бірге болу құрметіне жеткізген. Ардақты Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) де һижреттегі серігі ретінде өзінің сенімді досын таңдаған болатын. Айша анамыз (р.анһа) бұл оқиғаны былай баяндайды: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үйге азанда немесе кешкісін келетін. Алайда Алла Тағала  һижретке рұқсат берген күні тал түсте келді. Бұрын бұл уақытта келмейтін. Әкем: «Әдетте Пайғамбарымыз мұндай уақытта келмейтін. Демек маңызды бір шаруа бар», – деді. Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үйге кіргенде әкем орнынан тұрып, оны өз орнына отырғызды. Үйде әпкем Әсма екеуміз отырғанбыз. Кенет Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әкеме:

 Қыздарыңды сыртқа шығар, – деді. Әкем:

Уа Алланың елшісі олар менің қыздарым ғой. Жолыңда жаным құрбан болсын. Не боп қалды?, – деп сұрады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

  Алла Тағала Меккеден шығып һижрет жасауға рұқсат берді, –деді.  Әкем:

Уа Алланың елшісі саған серік болуды қалаймын,  – деп пейілін білдірді. Сонда әз елші (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

Мен де сені ерткелі келдім, – деді. Мұны естіген әкем қуанғаннан, көз жасына ерік берді[1]. Мен бұрын–соңды қуаныштан қатты жылаған адамды көрген емеспін. Содан соң әкем:

Уа, Алланың елшісі мына екі түйені осы сапар үшін арнайы дайындап едім, деді. Сөйтіп жолбасшы етіп Абдулла ибн Арқадты тағайындады, өздері соған еретін боп шешті. Арқад ол кезде әлі мүшрік еді. Сапарға аттанар уақытқа дейін түйелерге қарау ісін де Арқадқа тапсырды».

Әбу Бәкірдің (р.а.) өлімге бас тігумен тең қауіпке толы сапар үшін қуаныштан көз жасына ерік беруі, материализмнің тар түсінігінен аса алмағандардың түсінуі немесе сондай адамдарға түсіндіру оңай шаруа емес.

 

Һижреттің ең көңіл толқытар жері, мүшріктерден қашу барысында Пағамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мен Әбу Бәкірдің (р.а.) Хира тауындағы «Сәуір» үңгіріне келіп жасырынулары. Арттарынан із қуған мүшріктер үңгірдің алдына дейін келіп, өрмекші ұясын көріп қайта кері қайтулары еді. Сол уақытта Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Аллаға ант етейін. Өзім үшін қорықпаймын. Тек жанымды қинаған нәрсе сені байқап қаладыма деп қорқамын», деді.   Әрдайым көңілге сенім ұялатып, қуаныш силап жүретін Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Уайымдама! Шүбәсіз, Алла бізбен бірге»[2], деп өзі үшін қам жеген жолдасын жұбатты[3].

 

Иә, Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзінен артық көретін. Тіпті өз қуанышынан оның қуануын артық көретін. Мекке фатхынан[4] кейін Әбу Бәкір (р.а.) әкесі Әбу Қухафаны Алла расулының алдына ертіп әкеліп, әкесі ислам қабылдаған еді[5]. Бүкіл өмірін, байлығын тіпті ақыретін ислам жолына берген Әбу Бәкір (р.а.) әкесінің ислам дінін қабылдағанына қуанудың орнына жылап қоя берді. Бұл жағдайға көпшіліктің таңқалғанындай Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) де таңырқады:

Уа, Әбу Бәкір неге жылайсың? – деп сұрайды.

– Уа, Расулалла! Менім әкемнің орнына сенің көкең Әбу Тәліптің иман еткенін қаттырақ қалаймын. Себебі, көкеңнің иман етуі саған үлкен қуаныш сыйлар еді, – деп жауап берген[6].

 

Парасаттылығы

Өмірін ақиқат жолына арнаған адамның бойында болуы керек ең маңызды қасиеттердің бірі – парасаттылық.  

Адамзат руханиятына  қауіп төнген осындай алмағайып заманда ақиқаттың жолында айнымастай бекем болып, өзіне тиесілі міндеттерді атқаруда түрлі қиындықтарға төтеп беріп, әрбір мәселенің астарын ұға білуде, қажет болатын парасаттылық сипаты хазіреті Әбу Бәкірдің мінез–құлқының ажырамас болмысы болатын. Парасаттылыққа Пайғамбарлардың «фәтанә» сипатының қарапайым адамдарда көрініс тапқан бір ұшқыны деп анықтама беруге болады. Әбу Бәкірдің р.а. парасаттылығына тарихтан мынадай мысал келтіруге болады: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүшріктердің ұсынысына ризалық танытып Худайбия келісіміне қол қоятыны белгілі. Алайда хазірет Омар (р.а.) алғашында бұл келісімнің түпкі мәнісін түсіне қоймай, абыржығанда Әбу Бәкір (р.а.) сабырлы қалыпынан танбаған болатын. Тіпті, керісінше қасына келіп мәселеге қатысты пікірін білгісі келгендерге «Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір білгені бар», – деп жауап берді. Әбу Бәкірдің (р.а.) өзі бұл оқиғаны былай баяндайды: «Исламда Худайбиядан асқан жеңіс болған емес. Бірақ сол күні көптеген адамдар Мұхаммед пен Алла арасындағы сырды түсінбей асығыстық жасады»[7]деген. 

 

Әбу Бәкірдің (р.а.) асқан парасаттылығын Әбу Саид әл–Худри былай баяндайды: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүниеден өтер алдында біраз күн сырқаттанып жатты, бір күні басы оралған күйде мешітке келіп, бәсең жүріспен мінберге жақындады. Біз одан көз алмай қарап тұрдық. Алла елшісі мінберге шығып былай деді:

 

Уа, адамдар! Алла Тағалаға ант етейін мен қазір «Кәусар» бұлағының басында тұрмын. Алла Тағала пендесіне дүние мен ақыреттің бірін таңдау еркін берді, бірақ Ол ақыретті таңдады», – деді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұл сөзін бас кезде көп адамдар ұға қоймады. Бірақ  Әбу Бәкірдің (р.а.) көздері жасқа толып:

 

Жолыңда жаным құрбан болсын. Әке-шеше, мал-дүниеміз және өзіміз жолыңда құрбан, – деді.

Осы құтбадан кейін Расулалланы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мінберден қайта көру бізге нәсіп болмады»[8].

 

Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүниеден өткен сәтін ибн Аббас (р.а.) былай әңгімелейді: «Пайғамбарымыз дүние салғаннан соң Әбу Бәкір  сыртқа шығып, көпшіліктің арасына келеді. Суық хабарды естіген сахабалар мең–зең күй кешуде еді. Әбу Бәкір хазірет Омардың «Алла елшісі дүниеден өткен жоқ», –деп жатқанын естиді. Сөйтіп оған: «Омар отыр!» – дейді. Қайғыдан қан жұтқан Омар мұны естімейді. Бір кезде Әбу Бәкір мінберге шығып, Алла Тағалаға мадақ айтқаннан кейін былай деді: «Сіздерден кімде–кім Мұхаммедке табынған болса, біліп қойсын Мұхаммед дүниеден өтті. Ал кімде–кім Алла Тағалаға құлшылық жасап жүрген болса, онда Ол «Хайюл Қайюум» (мәңгі тірі). Артынша мына аятты оқыды: «Мұхаммед (ақиқат жаршысы ретінде жіберілген) елші ғана. Одан бұрын да талай елшілер келген. Егер ол ажалы жетіп, көз жұмса немесе өлтірілсе, сендер кері кетіп, діннен шығасыңдар ма? Кімде–кім кері кетіп, діннен шықса, онысымен Аллаға мысқалдай да зиянын тигізе алмайды. Алла (тура жолда жүрудің қадірін түсініп) шүкіршілік білдірушілерді жақында мол сый–сыяпатқа бөлейді». (Әли–Имран сүресі 144 аят.) Сахабалар Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өліміне сене алмай әбігерлікке түскен болатын. Әбу Бәкір (р.а.) бұл аятты оқығанда ғана Омар (р.а.) мұндай аяттың бар екенін есіне түсіреді. Осылайша Әбу Бәкірден (р.а.) естігеннен кейін барлығы оны оқи бастады». Омар (р.а.) осы сәттегі өзінің хәлін былай баяндайды:

 

«Аллаға ант етейін, Әбу Бәкір бұл аятты оқығанға дейін Пайғамбарымыз «біздерді тастап кетеді», – деген ой менде мүлдем болмайтын. Бұл аятты естігенде  абыржып қалдым.  Аяғымда тік тұра алмадым. Артынша Әбу Бәкірден «(Уа, Мұхаммед!) Шүбәсіз, ақыр соңында сен де өлесің, олар да өледі» (Зумар сүресі 30 аят.) – деген аятты естігенде Алла елшісінің дүние салғанына көзім анық жетіп, талықсып кеттім»[9]. 

 

Әбу Бәкірдің (р.а.) жақсы қасиеттерін жіпке тізіп айтар болсақ, мұның барлығы кітапқа татар дүние болады. Мұны шағын мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Сол себепті тақырыпшаларға бөліп, әр қасиетіне қысқаша тоқталып кетуді жөн көріп отырмыз. Зуһдты, тақуалығы, Құран мен сүннетке сүйене отырып жасаған ижтиһады, мейрімділігі, уәдесіне беріктігі, түнгі құлшылықтары, Құран оқуы, Алла Тағалаға мінәжаты т.б. көптеген қасиеттері бар.

 

«Зер қадірін зергер біледі» демекші, әйгілі сахаба ибн Аббастың, (р.а.) Әбу Бәкір жайлы айтқан сөзімен осы тақырыпшамызды аяқтамақпыз:

 

«Алла Тағала Әбу Бәкірді өз мейріміне бөлесін! Ол Құранды көп оқитын, ешкімді шектен тыс қолпаштамайтын, шариғат шеңберінен еш шықпайтын, шариғаттың тыйғандарынан өзгелерді де тыятын. Ол – дінді терең түсінген жан. Алла Тағаладан шынайы именетін, түнін намазбен күндізін оразамен өткізетін. Дүниеге еш құмартпайтын. Халық арасында әділдікпен үкім беруге қатты көңіл бөлетін. Жақсылыққа шақырып, өзі де соны іске асыруға бірінші болып ұмтылатын. Әрдайым Раббысына деген шүкіршілігі аузынан түспейтін. Таң атқаннан кешке дейін ізгі іс жасап жүретін. Тақуалықта, азға қанағат етуде өзгелерден оқ бойы озық болатын. Әбу Бәкірге (р.а.) тіл тигізгендерге және оның бойынан қателік іздегендерді Алла Тағала Қиямет күніне дейін лағынетшілердің лағнетіне ұшыратсын»[10].

 

Әбу Бәкірдің (р.анһу) халифалығы

 

Халифалыққа тағайындалуы

Алла расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Мен дүниеден өткеннен кейін пәленше  менің орныма келеді», – деп белгілі бір адамды тағайындамаған. Бірақ сырқаттанған сәтінде намаз оқытуға шыға алмағандықтан, «Әбу Бәкірге айтыңдар намазда имамдық етсін», – деп айтқаны; Омардың (р.а.) имамдыққа шыққанын естіп,[11] оған қарсылық танытқан[12] және «Мешітке ашылған есіктердің бәрін жабыңдар, тек Әбу Бәкірдің есігі ашық қалсын»,[13] – деп айтуы хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) Алла елшісінен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кейін халифа болып тағайындалатынына бір нұсқау болатын. Бұл ишаратты бірден ұққан Омар (р.а.) бастаған сахабалар ішіндегі парасаттылары, Мадинада Бани Саид тайпасына қарасты шатырда халифа тағайындауға жиналған жұртшылық алдында орнынан тұрып Әбу Бәкірге (р.а.) биат[14] етті.

 

Сол кезде Ансарлар Хазраж тайпасынан шыққан Саъд ибн Убаданың тағайындалуын құп көретіндігін айтады, ал Муһажирлер болса оны қабылдамай Әбу Бәкір, Омар немесе Әбу Убайданы  (р.анһум ажмаъин) ұсынумен болады. Осындай шешуші сәтте Омардың (р.а.) Әбу Бәкірге (р.а.) биат етуі, халық арасындағы келіспеушілікті бәсеңдетіп, адамдардың топ-тобымен келіп Әбу Бәкірге биат етеуіне себеп болды[15]. Сонда Әбу Бәкір (р.а.) сөз тізгінін алып биат етуге келгендерге бұрылып: «Мен шариғат шеңберінен шықпағанға дейін берген серттеріңе бекем болыңдар!»[16] – деп жар салды.

 

Алғашқы құтбасы

Әбу Бәкірдің (р.а.) халифа болып тағайындалғаннан кейінгі алғаш айтқан құтпасы: «Уа, Адамдар! Сіздерге халифа болып тағайындалуым  араларыңыздағы ең қайырлы адам болғандығымнан емес.

Мынаны ұмытпаңыздар! Араларыңыздағы әлсіздеріңіз ақысын залымнан алып бергенімше, мен үшін ең күштілеріңіз деп есептелінеді. Сондай ақ, араларыңыздағы ең күштілеріңіз одан жәбірленушінің ақысын қайтарғанымша,  менің алдымда ең әлсіздеріңіз саналыды.

Уа, адамдар! Мен тек Алла елшісінің салып кеткен сара жолымен жүремін. Өз ойым, өз қалауыммен жүруге құқылы емеспін. Егер жақсылық жасауға бет алсам, демеуші болыңдар, ал егер (байқаусызда) қателесіп мүлт кетсем ескертіп–түзетуші болыңдар. Сөзімді осымен аяқтаймын. Алла Тағаладан сіздерге және өзіме кешірім тілеймін»[17].

 

Халифалық кезеңінде орын алған оқиғалар

Шамамен, екі жылдай уақыт Ислам мемлекетінің басшысы болған адамның дәуірінде орын алған оқиғалардың бәрін тізіп айту қиын. Сондықтан Әбу Бәкірдің кісілік келбетін танытатын бірнеше оқиғалармен шектелмекпіз.

 

Усаманың (р.а.) басшылығымен Византияға әскер аттандырылуы

 Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүниеден өтпестен бірнеше күн бұрын хазірет Усама ибн Зәйдтың (р.а.) басшылығымен әскер жасағын Византияға жіберу жоспарланған. Осылайша жолға аттанбақ болған әскер Мәдина қаласының сыртында үш шақырым қашықтықта әскери орталық құрған. Алайда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүниеден өтуі жағдайды күрт өзгертті. Омармен (р.а.) бірге тағы бір топ сахабалардың пікірінше, әскер жасағының жорыққа шықпауы құп көріліп, діннен шыққандар тарапынан Мадинаға төнетін қауіпке байланысты әскерге қажеттілік болатындығы айтылды. Алайда Әбу Бәкір (р.а.): «Аллаға ант етейін. Мен Алла елшісінің тіккен байрағын құлата алмаймын. Құстар төбемізден жұлмаласа да, иттер мұсылман әйелдерінің етектерінен тартса да (яғни, қандай қиын жағдай орын алсада) Усаманың әскерін аттандырамын»,[18] – деді.  Өйткені хазірет Әбу Бәкір (р.а.) Алла елшісінің әмірінің талқылануын жөн санамайтын. Сол кезде араларында біреулер хазірет Усама ибн Зәйдтің қолбасшылқтан кетуін талап етеді. Әбу Бәкір (р.а.): «Алла елшісі тағайындаған адамды ауыстырғыларың келе ме?»,[19] – деп оларға қарсылық танытып, рұқсат бермей қояды. Иә, осыншалық парасаттылыққа қоса табандылық пен тұрақтылық иесі болған – Әбу Бәкір (р.а.) әскерін Византияға аттандырып бара жатқанда, ат үстінде келе жатқан Усама ибн Зәйдпен екеуінің арасында мынадай әнгіме өрбиді:

Уа, Расулалланың халифасы! Мен аттылы, ал сіз жаяу жүрсіз. Сіз атқа мініңіз немесе мен түсейің, – деді Усама ибн Зәйд. Сонда Әбу Бәкір:

Аллаға ант етейін, мен мінбеймін, сен де түспейсін. Алла жолында бір сағаттай жүріп аяқтарым шаң басса ештеңе етпес. Расында Алла жолында жорыққа шыққан адамның әрбір аттаған қадамына Алла Тағала жеті жүз сауап жазып, сондай ақ,  700 дәрежеге шығарып және 700 күнәсін кешіреді, – деп айтқаннан кейін: Омар ибн Хаттабты маған көмекші ретінде тастап кетсен жақсы болар еді»,– деді. Усама ибн Зәйд (р.а.) Әбу Бәкірдің (р.а.) бұл ұсынысын қабыл алып, Омардың (р.а.) қалуына рұқсатын береді[20].

 

Жалған пайғамбарлармен күресі

Діннен шыққан кейбір адамдар Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүние салмай тұрып, баз біреулері дүние салғаннан кейін айналасына жақтаушыларын жинап алып, өздерін пайғамбармын деп  жариялай бастайды. Олар бұл істері арқылы жаңадан басы біріккен мұсылман қоғамының сеніміне селкеу түсіріп, бірлігін ыдыратуды қалайтын. Сол себептен мұның алдын алу қажет болды.

 

Мусәйләмәтул–кәззәб осы жалған пайғамбарлардың ең қауіптісі болатын. Ол Алла елшісінің көзі тірісінде діннен шыққан еді. Оған қоса, Мусәйләмә өзін пайғамбармын деп жариялаған – Сажа бинт Тамимия деген әйел кісімен үйленген. Оның жалған пайғамбарлықты жариялау уақыты Алла елшісінің көзі тірісінде болды. Ол Пайғамбарымызға елші жіберіп, өзінің пайғамбарлыққа ортақ болуын шімірікпестен талап еткен пасық еді. Алла расулы оған жазған жауабында: «Алла елшісі Мұхаммедтен Мусәйләмәтул–кәззәбқа, сондай ақ, тура жолда жүргендерге Алланың сәлемі болсын. ... Жер беті Алла Тағаланың мүлкі. Оны қалаған құлына береді», – деген болатын.

 

Әбу Бәкір (р.а.) осы Мусәйләмәні және айналасындағыларды дінге шақыру үшін Қаххал ибн Унуфаны жібереді. Алайда Қаххал да діннен шығып Мусәйләмәның пайғамбар екенін мойындап, соның артынан еріп кеткеннен кейін мәселе тіпті  шйеленісе түседі. Осы кезде Әбу Бәкір (р.а.) бұлармен күресу үшін алдымен Икрима ибн Әбу Жәһлді (р.а.) артынан Шурахбил ибн Хасанды жібереді. Икрима Шурахбилдің әскері келместен бұрын Мусәйләмәның әскерімен шайқасқа түсіп, жеңіліс табады. Бұны естіген Халид ибн Уалид (р.а.) бір қол әскермен Шурахбилдің әскеріне қосылады. Нәтижеде естен кетпес жойқын соғыс болды. Бұл соғыста шамамен он мың муртад (діннен қайтқан) өлтіріледі. Мұсылмандардан 500–ге жуық адам шейіт болды. Ухуд шайқасында хазірет Хамзаны (р.а.) шейіт қылған – Уахши (р.а.) Мусәйләмәны өлтіреді. Осылайша мұсылмандардың бірлігін бұзған үлкен індет жойылады[21].

 

Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көзі тірісінде діннен шыққан Тулайха ибн  Хуайлид әл–Әсади, Алла расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  дүниеден өткеннен кейін жалған пайғамбарлығын жариялап, маңайына жақтаушылар жинады.  Уяйна ибн  Хысн да Тулайханың арқа сүйері болады. Бузаха деген жерде мұсылмандар Тулайха және оның жақтастарымен шайқасып, көпшілігін өлтіреді.

 

Уяйна тұтқынға түсіп, Әбу Бәкір (р.а.) тарапынан кешіріледі. Сөйтіп ол қалған өмірін шынайы мұсылман болып өткізеді. Ал, Тулайха жұбайымен Шам өлкесіне қашып, сонда орналасты. Ол да Уяйна іспетті шынайы мұсмылман болып өмір сүріп өтті.  Бірде Умра барысында Тулайха Әбу Бәкірден  (р.а.) ұялып бетпе–бет келмеуге тырысқаны жайлы риуаяттар бар[22].

 

Діннен шығу оқиғалары

Хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығының бас кезінде орын алған келеңсіз оқиғалар – айналадағы шағын тайпалар «Намаз оқимыз, алайда зекет бермейміз», – деп діннен шыға бастады. Бас кезде бұл оқиға жергілікті жерлерде орын алғанымен, кейіннен жұқпалы ауру сияқты айналаға жайыла бастады. Сол күндердегі жағдайды суреттейтін бір оқиғаны Омардың  (р.а.) аузынан тыңдап көрелік:

Уа, Алла елшісінің халифасы! Халқыңа жақсы қара, оларға мейрімді бол. Расында олар бұрын жабайы жануар іспетті өмір сүретін, – дедім. Әбу Бәкір маған:

 

– Мен сені сүйеніш болады ма десем, керісінше сен мені ренжітіп жатырсың. Сен жаһилия кезінде қатал адам болатын едің, мұсылман болумен жұмсардың. Олармен қандай мәміледе болайын?  Өлең–жыр оқиын ба? Әлде сиқыр жасайын ба? Жо–жоқ! Алла елшісі дүниеден өтіп, уахи кесілді. Аллаға ант етемін! Егер олар менен түйенің ноқтасын  беруді қимаса, бойдан күш кетіп, қолдан қылыш түскенше мен олармен шайқасамын»[23], – деді.

 

Осылайша Әбу Бәкір (р.а.) діннен шыққандардың алдын алу үшін Бахрейнге Ала ибн Хадрамды, Оманға Хузайфа ибн Михсан және Арфажа әл–Бариқты, Қудаъ тайпасына Амр ибн Асты, Шам төңірегіне Сад ибн Асты, Хауазин және Бани Сулаймге Тарфа ибн Хажизді, Тихаматул Иеменге Суайд ибн Мукарринді аттандырды[24]. Кейбір шайқастар ұзаққа созылып, кейбірі аз уақытты алып, нәтижеде діннен шығу әрекеттерінің тамыры кесілді. Осылайша Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  дүниеден өткеннен кейін Ислам мемлекетінің ең үлкен құндылығы саналатын бірлік Әбу Бәкірдің (р.а.) табандылығының нәтижесінде қайта қуат алды.  Омар (р.а.) бұл туралы: «Мен бұл оқиғалардан кейін Әбу Бәкірдің менен өткен қатал әрі ерік–жігерінің бекем екенін байқадым. Ол халифа болғанда халықты ислами тәрбиге баулағаны соншалық, мен халифа болғанда халықты игеру еш қиын болмады»,[25]деп құрметпен еске алатын.

 

Жорықтары

Хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы дәуірінде ең күшті мемлекеттер –  Сасани мен Визинтия болатын.  Бұған қарамастан Әбу Бәкір (р.а.) осы екі алып мемлекеттермен шайқасты. Халид ибн Уалид және Иаз ибн Ғаним басшылығында екі топ әскерді Сасани мемлекетіне аттандырды. Бұл шайқаста мұсылмандар жеңіп, Сасани мемлекеті тарих сахнасынан ысырылды. Бұл шайқастан кейін Халид ибн Уалид, Иазид ибн Әбу Суфян, Әбу Убайда ибн Жаррах және Шурахбил ибн Хасанның басшылығымен үлкен әскер жасағын Византияға аттандырады.  Ярмук соғысы деген атпен тарихта қалған бұл шайқаста мұсылмандар жеңіске жетеді. Алайда осы аралықта Әбу Бәкір (р.а.) дүниеден өтіп, орнына Омар (р.а.) келген еді[26]. Айталық Алла расулының (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  бастап берген жолымен жүрген мұсылмандар, Әбу Бәкірдің халифалығы уақытында Сасани мен Византия мемлекеттерін жеңіп, жер бетінің шынайы мирасқоры болғандарын тағы бір дәлелдеді. Осылайша мұсылмандар жер бетіндегі жалғыз күш иесі болды. Бұдан кейінгі атқарылатын негізгі істер – Ислам жетпеген жерлерге оны жеткізу. Омар (р.а.) оның артынан Осман (р.а.) бұл қасиетті міндетті толығымен іске асырған болатын.

 

Тәпсір, фиқһ және хадистегі орны

Алла расулына (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  23 жыл жолдас болған адамның өте аз хадис жеткізуін қалай түсінуге болады? Негізінде Әбу Бәкір (р.а.) хадистердің мағынасын емес, сөзбе сөз риуаят етілуін құп көргендердің қатарында болғаны үшін, көп хадис риуаят етпеген. Оның риуаят еткен хадистерінің саны 142. Әбу Бәкірден Омар ибн Хаттаб, Осман, Әли, Абдурахман ибн Ауф, ибн Масғуд, ибн Аббас, Хузайфа, Зәйд ибн Сәбит (р.анһум) және т.б. үлкен сахабалар хадис риуаят еткен[27]

Фиқһ саласындағы орны: ибн Омар р.а: «Алла елшісінің көзі тірісінде пәтуа берген Әбу Бәкір мен Омардан басқа ешкімді білмеймін», – деп бұл кісілердің ерекше дережеге ие екенін айтқан.

Тәпсір саласындағы орны: Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) аяттардың көпшілігінің түсу себебіне куә болғандықтан үшін қате тауил жасап, тәпсірлеуден аулақ болатын. Аяттардың астарын ұғынуда айналасындағыларға бағыт–бағдар көрсететін. Алайда, нақты білмеген мәселелерінде ауыз ашпайтын. Мысалы: «Факиһату уа абба» аятындағы «абба» сөзінің мағынасын сұрап келгендерге оныбілмейтінін айтып: «Білмейтін мәселелерді сөз етсем, өз ойыммен тауил жасап тәпсірлесем, қай аспан маған көлеңке болады, және қандай жер маған мекен болады? Мені Алла Тағаланың азабынан кім арашалап алады?» – деп бүкіл мұсылмандарға үлгі боларлық сөз қалдырған[28].

 

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Әбу Бәкір (р.а.) жайлы айтқан хадистері

Хадис кітаптарының басым көпшілігінің «Фәдаил сахаба, Манақиб...» деген бөлімдерінде хазірет Әбу Бәкір (р.а.) жайында Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  айтқан хадистерін кездестіруге болады. Ол хадистердің бәрін жіпке тізіп айтсақ, шағын мақалаға сиғызу мүмкін емес. Сондықтан оған қысқаша тоқталып өтеміз.

Бірінші хадис: «Бір күні Әбу Бәкір мен Омар (р.анһума) арасында бір келіспеушілік орын алып. Әбу Бәкір байқаусызда Омарды ренжітіп қояды, Омар (р.а.) ашуланып, үйіне кетіп қалады. Әбу Бәкір кешірім сұрамақшы болып үйіне барса, Омар (р.а.) есігін тарс жауып кешірім бермейді. Әбу Бәкір Пайғамбарымыздың жанына келгенде, бізде сол жерде болатынбыз дейді Әбу Дарда (р.а.).

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

– Сіздердің мына бауырларыңыздың арасында келіспеушілік болып қалыпты, – деді. Әбу Дарда (р.а.) ары қарай болған жәйтті былай баяндайды: «Сәлдең соң Омар (р.а.) келіп, ісіне өкініш білдірді. Сәлем беріп, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жанына отыра кетті. Болған жағдайды Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  айтқанда Алла елшісі ашуланды. Әбу Бәкір (р.а.) сөз алып:

Аллаға ант етейін! Уа, Расулалла, мен кінәлімін, – деп айтса да Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

Әбу Бәкірге тимеңдер! Оны ренжітуші болмаңдар. Расында, маған пайғамбарлық келгенде «Уа адамдар! Мен Алла тарапынан жіберілген елшімін», – дедім. Сендер жалғанға шығардыңдар. Ал, Әбу Бәкір болса растады»[29], – деді.

Екінші хадис: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Қиямет күні адам баласы көбірек жасаған амалымен шақырылады. Егер намазы басым болса, намаз есігінен шақырылады, ал егер оразасы көп болса ораза есігінен шақырылады немесе жасаған жиһады көп болса жиһад есігінен шақырылады. «Райиан»  ораза тұтушылардың шақырылатын есігі», – деді. Әбу Бәкір (р.а.):

Уа, Расулаллаһ! Ол жақта бір адам екі амалы тең болып екі есікке бірдей шақырылуы мүмкін бе? – деп сұрады.

Иә, сені солардың қатарында болады деп үміттенемін[30], – деді.

 

Үшінші хадис: Зуһри риуаят еткен хадисте: «Бір күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  Хассан ибн Сәбитке бұрылып:

Әбу Бәкір жайлы өлең жазған ба едің? – деп сұрады. Хассан (р.а.):

Иә, – деп жауап қатты.

Онда оқы! Тыңдап көрелік, – деді Алла елшісі. Хассан:

Екі кісі үңгірге жасырынған сәтте, айналасын дұшпандар басқан болатын. Адамдар арасында Алла елшісіне деген махаббатта оған теңесетін ешкім жоқ екені бәріне мәлім,.

Бұны естіп Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  тістері көрінердей күлімсіреді. Артынан:

Дұрыс айтасың  Хассан. Сөзіңде жалған жоқ[31], – деді.»

Төртінші хадис: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  бір хадисінде:

«Егер Алладан басқа адамдар арасында әлдекімді дос қылар болсам, онда Әбу Бәкірді дос тұтар едім. Дегенмен де ол менің бауырым әрі жан жолдасым»[32], – деген. Яғни, менің жүрегім Аллаға деген махаббатқа толы. Егерде жүрегімде Одан басқаға сүйіспеншілік  қылуға орын болатын болса, ол Әбу Бәкірге арналар еді.

 

Дүниеден өтуі

Айша анамыздың баяндауымен: «Әкем Әбу Бәкірдің (р.а.) сырқаты асқынып, талықсып жатқан кезде. Мен:

Адам баласы көз жасын қанша жасырса да, бір күні міндетті түрде шығады, – деген мағынада бір өлең оқыдым. Әкем есін жинап:

Қызым олай деме! Керісінше «Өлім аузындағы жан алқымға тығылған сәт, шынымен келіп, жеткенде (адамға): «Міне, сен өмір бойы қашып құтылуға тырысқан ақиқат – осы!», – делінеді» ( Қаф сүресі 19 аят.) деген аятты оқы! – деді. Артынша:

–  Алла елшісі қай күні дүниеден өтті? – деп сұрады.

Дүйсенбі күні.

Бүгін қай күн?

Дүйсенбі.

Алла тағала осы күні жанымды алса екен деп үміттенемін, – деді. Әкем тағы да:

Расуллала қанша кебінмен жерленді? – деп сұрады әкем.

Ақ түсті үш  «Сахулия»[33] матасымен кебіндедік. Бұлардың ішінде кеудесін жабатын «Қамис» пен «Басқа таңғыш» жоқ еді, – дедім.  Әкем бір киіміне нұсқап:

Мынаны жуыңдар! Себебі онда бозғалдақтың дағы бар. Сосын оған тағы екі киім қосып, соларға кебіндеңдер, – деді.

Ол киіміңіз ескілеу емес па? – дедім.

Бола берсін. Жаңа киімге өлілерден қарағанда тірілер көбірек мұқтаж, өлінің кебіні көп өтпей шіріиді, – деп жауап қатты[34].

Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) ол күні, қасына Омарды  (р.а.) шақыртып алып былай деді:

Бастарыңа қандай қиыншылық келсе де сендерге діндеріңнің әмірлері мен өсиеттерін ұмыттырмасын. Алла елшісі дүние салғанда қалай әрекет жасағанымды көріп бақыладың. Алайда мұсылмандар үшін Алла елшісінен айрылудан үлкен қиындық келмеген болатын. Егер мен ол күні Алла және Пайғамбарымыздың өсиеттеріне құлақ аспағанымда халіміз күрт өзгеріп, Мәдина қаласын өрт басар еді[35], – деді.

Әбу Бәкір (р.а.) һижри жыл санағы бойынша 13 жылы, Жумаду аууал айының дүйсенбі күні 63 жасында дүниеден өтті[36]. Айша анамыздың айтуынша артында қалдырған мирасы мыналар: үлкен бір түйе, бір қызметші және сүт сауатын ыдыс[37].

Бұған қоса, халифа болғаны үшін тағайындалған айлықтан керегін ғана алып қалғанын «Мен дүниеден өткеннен кейін Омарға беріңдер» – деп өсиет етіп кеткен еді. Омарға (р.а.) бұл аманат келіп жеткенде: «Алла Тағала Әбу Бәкірді жарылқасын. Уа, Әбу Бәкір! Келер ұрпақ қайталай алмайтындай теңдессіз өнегелер қалдырдың»[38], – деп көзіне жас алған балатын. Қазіргі таңда ең қажет болған «Сахабалық рухтың» әр қырынан өнеге болған хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) өмірі жайлы қысқаша мағлұмат беруге тырыстық. Алла Тағала бізді жәннатта Әбу Бәкір және өзге де сахабалармен (р.анһум) бірге болуды нәсіп етсін.  (Әмин!)

 

www.akikat.kz

 


[1] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». I/337–338.

[2] Тәуба сүресі 40.

[3] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». I/340; Хажар ал–Асқалани, «ал–Исаба фи тамиз сахаба».4/103.

[4] Фәтх – сөздікте «ашу, жол көрсету, жәрдем беру, жеңіске жету» мағыналарын береді. Ал терминдік мағынасы мұсылмандардың басқа өлкелер мен елдерде «Иъләи кәлимәтуллаһ» яғни Алланың сөзі (діні) үстем болуы үшін әрекет етулері. Адамдардың жүректерін Исламға ашу деген сөз.

[5] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». I/83.

[6] Юсуф Қандахлауи, сонда II/322.

[7] Юсуф Қандахлауи, сонда I/157.

[8] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». II/334–335, Саъд, «Табақат кубра». 2/227.

[9] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». II/343–344.

[10] Юсуф Қандахлауи, «Хаятус–сахаба». I/49–50.

[11] Ахмад ибн Ханбал, “Муснад” IIII/412–413.

[12] Тирмизи, “Манақиб” 16.

[13] Бұхари, “Манақибу ансар” 45. “Фадаилу асхаб” 3. Саъд, «Табақат кубра». 2/227, 288

[14] “Биат ету” – сайланған басшының басшылығын мойындап бағынуға серт беру.

[15] Сайд Һаууа, «ал–Әсас фи Сунна». III/1549.

[16] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». I/257.

[17] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». III/427. “Сифату сафуа” 1/108.

[18] Сайд Һаууа, «ал–Әсас фи Сунна». III/1550..

[19] Сайд Һаууа, «ал–Әсас фи Сунна». III/1550

[20] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». I/581.

[21] Сайд Һаууа, «ал–Әсас фи Сунна».  III/1551–1552.

[22] Сайд Һаууа, «ал–Әсас фи Сунна». III/1552.

[23] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». I/434–435.

[24] Сайд Һаууа, «ал–Әсас фи Сунна». III/1554.

[25] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». I/435.

[26] “Үлкен ислам тарихы” II/ 47. Сайд Һаууа, «ал–Әсас фи Сунна».  3/1558.

[27] Хажар ал–Асқалани, «ал–Исаба фи тамиз сахаба». IV/102; Насухи Билмен, “Табақат муфассирин” I/204.

[28] Насухи Билмен, “Табақат муфассирин” I/ 206.

[29] Сайд Һаууа, «ал–Әсас фи Сунна».  III/1573.

[30] Сайд Һаууа, «ал–Әсас фи Сунна».  III/1562, 1571.

[31] Жамалуддин Абу Фараж ибн Алиу Жаузи, «Сифату сахаба» I/100.

[32] Саъд, «Табақат кубра». 2/227.

[33] “Сахул” ескіде Еменде киім жасайтын бір ауылдың аты.

[34] Юсуф Қандахлауи, «Хаяту сахаба». III/38–39. “Сифату сафуа” 1/110.

[35] Юсуф Қандахлауи,  сонда 54 , I/431

[36] Хажар ал–Асқалани, «ал–Исаба фи тамиз сахаба».  IV/104, Саъд, «Табақат кубра». 3/202, Сайд Һаууа, «ал–Фарар фи Сунна».  3/1575.

[37] Саъд, сонда III/193.

[38] Саъд, сонда III/193.



Оқи отырыңыз