Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Матуриди көзқарасындағы диалог мәселесі

Матуриди көзқарасындағы диалог мәселесі

2015-11-06 2055

 

Бір ата, бір анадан тараған адам баласының татқаны бір, тағдыры бөлек болып мынау тұрлауы жоқ жалған дүниенің сан қырынан бақыт іздеп сандалғанымен тұрақтар жері, дамуы мен өсіп өркендеуіне себеп болар ең негізгі нәрсе бейбітшілікекенін әркім біле бермейді. Сондай-ақ, түсі, тілі және ұлты бөлек адамдардың тату-тәтті бейбіт өмір сүруіне жол ашу – ислам қайнаркөзі болған Құран, сүннет және ислам тарихында өзекті мәселелердің бірі ретінде қарастырылады.

 

Құран – бір жағынан уахи жолымен іске асқан Алла тағала мен пайғамбары арасындағы диалогтық заңдылық. Көп жағдайда уахи Жәбірейіл періште арқылы жеткізілсе, кейде ешқандай дәнекерсіз Алла тағала мен пайғамбары арасында тікелей де іске асқан. Оған ислам тарихындағы миғраж сынды оқиғалар дәлел бола алады.

 

Сүннет – Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ісі, сөзі және өзі жасамаса да өзге біреулер жасаған істі дұрыс деп құптауы. Исламда сүннет Құраннан кейінгі орында тұрғанымен, оны Құранның өмірлік тәжірибеде іске асырылуы деп айтуға да болады. Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сүннет туралы: «Сендерге маған Құран және онымен қоса соған ұқсасы да (сүннет) берілгенін ескертемін»[1] деп сүннеттің исламдағы орнын түсіндірсе, атақты хадис майталманы имам Әузағи: «Сүннеттің Құранға мұқтаждығына қарағанда Құранның сүннетке мұқтаждығы басымырақ»[2]деп Құранды түсінуде  сүннеттің маңызы зор екенін баса айтады.

Құран: «Біз Сені әлемдерге рахым етіп жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят) деп, сүннеттің адамзатқа дұрыс бағыт-бағдар көрсете алуы Жаратушы тарапынан заңдастырылған уахидың бір түрі болғандығын білдіреді.

 

Жаратушы Алла мен жаратылыстың абзалы болған Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) арасындағы көрініс тапқан диалогтық дискурстың орын алуынан бұрын Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оңаша ойлану, жаратылыс хикметіне ой жүгірту және рухани әлемін шыңдау сынды бірнеше тұлғалық тәрбиеден өткен және сол арқылы адамзаттың бақыты көзделген иләһи сұхбатқа дайындалған. Міне, осы дайындық арқылы 23 жылдық Құран түсу барысында өмір заңдылығын ретке келтіру негізінде іске асқан сұхбатты айна-қатесіз қабылдап, төрткүл дүниені иләһи сұхбаттың нәрімен сусындату мақсат етілді. Оның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) уахи келгенге дейінгі «әл-Әмин» (сенімді) атымен танылғандығы хал-жағдайы және уахи келе бастаған уақыттан бастап дүниеден қайтқанға дейінгі «Рахым» (мейірім) пайғамбары болып өмір сүруі ислам дінінің «сұхбат діні» екендігінің жанды көрінісі болатын[3]. Сондай-ақ, әлемнің басын қосуды көздеген Хақ діннің соңғы пайғамбарына тән, он төрт ғасыр бойы «әл-Әмин» және «Рахым» сынды адами қасиеттері исламдағы сұхбат құрушының бойынан табылуға тиісті қасиеттер болмақ.

 

Бұл сұхбат Жаратушы екі әлемнің Рахым пайғамбарына «Оқы...» деп алғаш әмір аятын түсірген кезде Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Не оқимын...» деп үнқатуымен басталды. Артынша Тәурат пен Інжілді оқыған Хадишаның нағашысы христиан ғалымы Уарақа ибн Нәуфалдан кеңес сұрату арқылы сұхбатын жалғастырды. Бұл жердегі соңғы пайғамбар сұхбаты әуелі Хақ дінді христиан ғалымының тілімен растатып, ақыл иесі адамзаттың бас қосуына мұра етіп қалдырған қасиетті Құран кітабының орны айрықша екенін аңғартты. Себебі, христиан ғалымы: «Құдус, Құдус екен. Уа, Хадижа! Егер сен маған сенсең, ол Мұсаға келген Нәмус әкбар (Жәбірейіл періште). Ақиқатында Ол (Мұхаммед) бұл үмбеттің пайғамбары. Шіркін! Мен сол күнді көрсем, Оның қызметіңде болар едім»[4] деген.

 

Алғашқы мұсылмандар Мекке мүшріктерінен жазықсыз жәбір көрген қиын сәттерде рахым пайғамбары сахабалары үшін көмек кітап иелері тарапынан болатынына сенді. Сонымен, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) пайғамбар сахабаларын Эфиопияға (христиан елі) жіберіп: «Хабашстанға барсаңдар ол жердің патшасы әділ. Ешкімге зұлымдық қылмайды. Ол бейбітшілік мекені. Ол жерде болған кездеріңде сендерге Алла кеңшілік сыйлайды»[5] деп, сұхбаттың жазбаша түрін алғаш рет христиан елі Эфиопияның әділ патшасына жолдап, адамзат теңдігін алға қоятын ислам дінін бірге қорғауға шақырған еді.

 

Бір риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Амр ибн Ғуайна деген сахабаны хатпен Нажашиға жібереді. Нажаши халқының игі жақсылары мен діндарларын жинап Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хатын оқытады. Кейін Жағфар мен оның серіктерінен мән-жайды сұрап біледі. Жағфар жиналған жұртқа Мәриям сүресін оқыған сәтте, екі көзге ерік берген жұрттың қолдауын тапқан алғашқы мұһажир мұсылмандар сол елде бейбіт өмір сүрген-ді[6]. Әрине бұл, кітап иелерінің бұрынғы кітаптарда айтылған ақиқатты тану жолындағы бастамасы еді.

 

Имам Матуриди: «Кітап иелерімен тек ең жақсы жолмен, ең тамаша тәсілді қолдану арқылы ғана пікірталасқа түсіңдер. Алайда, олардың арасындағы зұлымдықта табандағандардың (яғни, Аллаға серік қосып, асылық қылумен қатар, сыйлағанды білмейтін һәм өздерінен өзгені адам екен демейтіндердің) жөні басқа. Оларға: «Біз өзімізге түсірілген (Құранға да), сендерге түсірілген (иләһи кітаптарға да) иман еттік. Біздің Құдайымыз да, сендердің Құдайларың да бір Құдай. Һәм біз Оған шын көңілден мойынсұндық» (Анкәбут сүресі, 46-аят) аятына және кітап иелері туралы басқа да аяттарға жасаған түсіндірмесінде, кітап иелерімен мұсылмандар арасында ортақ болған Алланың барлығы, Оның кітаптары мен пайғамбарлары және ақырет сенімі сияқты мәселелерді негіз ете отырып пікірталасқа түсуге болады. Бұл аяттардың барлығы олармен пікірталастыруды терістейтіндердің көзқарасы дұрыс емес екендігін білдіреді. Сондай-ақ, қауымына ақиқатты жеткізу барысында ақылға қонымды дәлелдер келтіріп, пікірталастырмаған ешбір пайғамбар жоқ. Дегенмен, кітап иелерінің барлығы бірдей емес. Олардың арасындаақиқат жолын бірге жандандыруды көксеген көзі ашық, көкірегі ояу діндарлары да бар. Міне, бұлар ізгілікке қолұшын беретіндер. Керісінше, ақиқатты біле тұра илікпейтін тоңмойын, тәкәппарлары да бар. Оларға қанша дәлелдер келтіріп, ізгілікті ұсынсаңдар да олардың менмендіктері бір мәмілеге келулеріне кедергі болады»[7] деп, кітап иелерімен сұхбат жасау барысында діни түсінігі кең, көреген жандарын таңдай білу сұхбаттың нәтиже беруінің бірден-бір жолы ретінде қарастырады. 

 

Алла елшісі Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккеде он үш жыл бойы адам баласын өзара тіл табыстыратын, екі әлем бақытына қауыштыратын бір Жаратушығаиман етіп, құлшылық жасауға және көркем ахлаққа (әділдік, мейірімділік, сүйіспеншілік, ауызбірлікке) шақырды. Өкінішке орай, басым көпшілік бұрыннан санаға сіңіскен соқыр сенім шырмауынан шыға алмай, ұлтаралық және ру-тайпалық бірлестікте болып жеке мүддені күйіттеу сынды болмашы мақсаттардың құрсауында қала берді. Кейбіреулері бұл шындықты көре тұра, білгісі келмеді. Керісінше олар, дүние әлеміне шуағын шаша бастаған Хақ дінді жоқ ету мақсатында түрлі жауыздықтарға барды. Осындай аумалы-төкпелі заманда халқының қамын ойлаған, көкірек көзі ашық ізгі жандар да табылды. Олар ислам тарихындағы «Ақаба» атты келісімге қатысып, иман нұрына шомған Мәдиналық алғашқы сахабалар еді.

 

Жүз жиырма жылдан астам уақыт тайпалар арасында жалғасқан соғыстардан (мәселен, «Баус» соғысы) әбден қажыған адамдар христиан және яһудилік діндерден іздеген бейбітшілігін таппады. Олар қасиетті айларда бір жақсылық болама деген үміттің жетегінде Мекке қаласына бет алып келген кездерінде берекенің ұйтқысы соңғы елші (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жайлыестиді. Көктен тілегенін жерден кезіктірген жолаушыларға Әз Пайғамбар армандап аңсағандарынан артық іспен (исламмен) сүйіншіледі. Мәдиналықтар оған (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Әус пен Хазраж арасындағы соғысты тоқтатып, Мәдинаны тыныштық пен рахатқа қауыштырар деп сенім артты. Сөйтіп, Алла елшісін Мәдинада өздерімен бірге өмір сүруге ұсыныс жасады[8].

 

Меккеден Мәдинаға қоныс аударарда Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ешкімнің көңілін қалдыратын істерді жасамады. Тіпті, өзіне қарсы жауласып жүрген дұшпандарының аманаттарын да сол күйі иелеріне қайтарылуын жіті қадағалап, орнына өкіл ретінде Әлиді (р.а) қалдырды. Ал, соңғы пайғамбар жаңа қонысы Мәдинадағы алғашқы ісін мұһажирлер (Меккелік сахабар) мен ансарларды (Мәдиналық сахабалар) бір-бірімен бауыр етсе, сол қаланың басқада яһуди, христиан және араб тұрғындарымен ортақ мүддеге саятын келісім шарт жасасты. Бұл келісім шарт «Мәдина конституциясы» деген атпен аталып, негізгі бағыттарының қатарында, Мәдина Ислам мемлекеті азаматтарының мәртебесі мен құқықтары; Діндер аралық қарым-қатынасты реттеу мәселелері болды.

 

Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға қоныс аударғаннан 17-18 ай бойы намаздарын Йерусалимдегі әл-Ақса мешітін құбыла етіп, соған қарап оқыды. Өзінен бұрынғы пайғамбарлардың жолын ұстанды. Міне, бұл исламның белгілі бір ұлтқа, мекенге тәуелді емес, һәммаға ортақ дін екенінің тағы айғағы болса керек. 

 

Имам Матуриди: «Намазды белгілі бір бағытқа қарап оқу түрлі сенімде болғандықты білдірмейді. Бәлки, бар болғаны құлшылықты Алланың әміріне сай орындау. Бұрын әл-Ақса мешітіне қарап намаз оқып жүріп қайтыс болған сахабалардың да, кейіннен Меккеге қарап намазын оқыған сахабалардың да имандары бірдей, бәрі дұрыс сенімде. Бұл Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) уахиды Алла тарапынан алатын хақ пайғамбар екенінің дәлелі. Әрі кейбір тәпсіршілердің «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әрдайым Жаратушысынан яһудилердің құбыласына (әл-Ақсаға) қарамай, өзінің құбыласы болуын сұрайтын еді» деген көзқарастары дұрыс емес. Тіпті, кез-келген бір мұсылман туралы мұндай өзімшілдік, бөлінушілік көзқарас бар деп ойлауға болмайды. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жайлы мұндай сөзді қалай айтуға болады?!»[9]деп, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бір жарым жыл бойы әл-Ақса мешітіне қарап намаз оқуы да дінаралық сұхбатқа жаны құмарлығы екенін білдірген.    

 

Бұл ауқымы кең, өміршең сұхбатын Мәдина халқынан өзгеде елдердің патшаларына хат жазып, дінаралық үнқатысуға шақырды. Бұл келелі істің мәнін аңғарған Нажрандық жиырма христиан өкілі Мәдинаға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсете келеді. Соңғы пайғамбар оларды өзі күтіп алып, Мәдина мешітінде құлшылықтарын еркін жасауға мүмкіндік жасап береді. Құлақпен естігенін, Алла елшісінің өзінен көріп, тәнті болған олар иман еткен еді[10].

 

Нажрандықтар еліне қайтарда Алла елшісіне: «Мақұл көрсең бізге араларыңыздан дүние істерімізге қатысты төрелік жасайтын әділ бір кісіні қосып берсеңіз», - деп өтініш жасайды. Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Кешке келіңдер, мен сендерге ең сенімді адамды қосып беремін», - деді. Осы сөзді естіген Омар ибн Хаттаб: «Мен сол күні Алла елшісі айтқан ең сенімді кісі болуды армандап, оның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әрбір әрекетін аңдумен болдым. Намазын бітірісімен ол маңайына қарап әлдекімді іздегендей болды. Мен мойнымды созып, оның көзіне түсуге тырыстым. Алайда ол Ұбайда ибн Жаррахты таңдады. Оны шақырып: «Мына кітап иелерімен бірге бар. Олардың арасындағы келіспеушіліктеріне әділ қазылық ет»[11] [8, 288 б] деді.

 

Ислам тарихындағы елеулі оқиғалар Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мекке мүшріктерімен жасаған Хұдайбия келісімі. Қай кезде де жер бетінде тыныштық болуын аңсаған Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мұсылмандарды туған жерінен кетуге мәжбүрлеп, артынан қуа соққы берген Мекке мүшріктерімен ымыраға келуді бір сәтке де жадынан шығармайтын. Жан-дүниесінің пәктігін айғақтайтын бұл көкейкесті арманы оныУмра қажылығын жасау үшін қару-жарақсыз Мекке баурайына алып барды. Алайда «Жолаушының сүйген асын кім берсін» дегендей, «Аспан астында өзім ғана» дейтін Мекке мүшріктері бұлармен соғыспақшы болып, кейін келісімге келгендерімен нар көтере алмас ауыр талаптар қойды. Ә дегенде сахабалар бұл талаптарға наразылық танытқанымен, басшыға бағынуды мұсылмандық міндет деп білгендіктен осы бір қиын сәттерде де пайғамбар жанынан табылды. «Жеңіліс жеңістің анасы» демекші, мұсылмандарға мүлде тиімсіз сезілген «Хұдайбия келіссөзіне» төзе білудегі көзделген мақсат Мекке мүшріктерінің ауық-ауық жасаған шабуылын уақытша болсада тоқтату болды. Осы бір төзімділіктің нәтижесі Мекке жеңісімен басталып, күні бүнгінге дейінгі ол жер бейбітшілік бесігі болып жалғасын табуда.

 

Имам Матуриди: «Мүшріктердің айтқан сөздеріне барынша сабыр ет (олардың сөзін де, ісін де көңіліңе алма). Оларды өз жайына қалдыр» [Мүззаммил сүресі, 10-аят], «(Кәпірлер білгендерін істей берсін,) ал сен жамандықтың қарымын жақсылықпен қайтар» (Мүминун сүресі, 96-аят)  аяттарына жасаған түсіндірмесінде, аятта иман етпегендер Мұхаммедке (с.ғ.с) өтірікші, сиқыршы және кейде жынды деп те ат қойып, айдар тағатыны, әрі олардан бұрын қандай жәбір көрген болса, тура сондай қылып есесін қайтаруға тыйым салынды. Осы тұрғыдан хазірет Мұхаммедке кек алу мақсатында соғыс ашуға рұқсат етілмеді. Ал, Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мекке мүшріктерімен соғыстары Алланың дініне көмек көрсету, жауапты міндетін орындау мақсатында мәжбүрліктен болды. Ақиқатында, оның қауымына деген мейір-шапағаты шексіз еді. Мұхаммед пайғамбардың: «Уа, Алла Тағалам! Менің қауымымды кешіре гөр. Себебі, олар қандай да бір жамандық істесе де, білместіктен жасап жүр» деп дұға етуін бір сәт аузынан тастамаған»[12]деп, ислам діні бүкіл болмысымен қан төгуге қарсы екенін ашып көрсетеді. 

 

Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с) тарихтағы әрбір соғысының біреуге әлімжеттік жасап, дүниеге үстемдік орнату үшін болмағаны, керісінше әлемге мейірімді жайып, озбырлыққа қарсы тұру үшін болғанына тәрих куә. Тарихи деректен бір мысал берер болсақ, Алла расулы Мәдина қаласына алғаш һижрет етіп келгенде басқа дін өкілдерімен келісім шарт (Мәдина конституциясы) жасасады. Ислам тарихындағы яһуди Надыр тайпасына қарсы жасалған Хандақ, Хайбар сияқты соғыстарға себеп болған яһудилердің Алла елшісімен жасаған келісімдерін бұзуы болатын. Ол келісімдерде: Исламға, мұсылмандарға қарсы шықпау, бұл мәселелерде дұшпанға қолдау көрсетпеу сияқты өзара одақтастық шарттар бекітілген. Алайда олар Мекке мүшріктеріне: «Сендердің діндерің Мұхаммедтің дінінен әлде қайда жақсы» деп мұсылмандарға қарсы соғысуға қолдау көрсетіп, жол нұсқауы түрткі болды делінген[13]. Яғни, ислам әрдайым берген уәдеде тұрып, бейбітшілік жолынан ауытқыған емес. Бейбітшіліктен тұратын иләһи діндерден жан түршігерлік қанды қақтығысқа қалай бас бұйда болмақ?!

 

Меккені азат ету кезінде Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мыңдаған қолымен: «Кімде-кім Харам мешітін паналаса, оған есендік болсын. Кімде-кім үйінен шықпай отыратын болса, оған есендік болсын. Кімде-кім Әбу Суфиянның үйін паналайтын болса, оған да есендік болсын» деп, жар салу арқылы Мекке қаласын азат етуі қан төгу үшін емес, бірге жүріп, біте қайнасып өмір сүру екенін ұқтырған болатын[14].

 

Бір кездегі «Сен тұр, мен атайын» дейтін мүшріктердің кеудемсоқ қылықтары келмеске кеткен. Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) олардың бұрынғы істеген жосықсыз зұлымдықтарын беттеріне басып, құлақ кесті құл да етер еді. Алайда әлемге рахымдылықтың символы ретінде жаратылып, жіберілген Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Жақсылықтың ең ізгісі – жамандыққа қарсы жасалғаны. Қайырымдылықтың да ең үстемі – өзіңе зұлымдық жасағандарға рахымды болу» қағидасын ісімен көрсетіп, адамзатқа үлгі етті. Сөйтіп тарих сахнасында қайталанбас өнеге қалдырды. Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Менімен сіздердің араларыңыздағы үкім Юсуф пайғамбар мен бауырларының арасындағыдай болмақ. Юсуф пайғамбар бауырларына: «Cендерге бүгіннен бастап айып, кінә тағылмайды. Алла тағала сендердің артық-кем тұстарыңды кешіріп, есіркесін... Ол (Алла) қайырымдылардың қайырымдысы» (Юсуф сүресі, 92-аят) деген аятты оқып, Мен де соны қайталаймын. Енді бара берулеріңізге болады. Бәріңізге де – еркіндік» деген еді сол күні[15]. Алла елшісі Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тарихтағы әрбір іс-қимылы біреуге әлімжеттілік жасап, дүниеге үстемдік орнату үшін болмағаны, керісінше әлемге мейірімді жайып, озбырлыққа қарсы тұру үшін болғанына аталмыш оқиғалар куә.

 

Мұсылман халифаларының заманында да өзге дін өкілдерімен болған сұхбаттық дискурстың үлгілері көп. Соның бір айғағы, халифа Омардың тұсында әділдігімен танылған Әбу Үбәйда ибн Жәррахтың мейірімділігін тек мұсылмандар ғана емес, христиандар да көрді. Сондықтан да христиандар оған адал қызмет етіп, дұшпандық пиғылдарды оған алдын ала білдіріп отырған.

 

Әбу Үбәйда Сирияның әкімі болып тұрған кезде мынадай бір ғибратты оқиға болды. Рим императоры Гераклий Сирияны өзіне қаратып алуға тырысты. Бұл кезде Әбу Үбәйданың айналасында аз ғана әскер топтасқандықтан, қаланы жаудан қорғау мүмкін емес болатын. Осы тұста әділ басшы дереу Сирия тұрғындарын жинап алып: – Сіздерден «жизия» (мұсылман еместерден алынатын салық) салығын алғандықтан, сіздерді жаудан қорғауымыз керек еді. Алайда, дәл қазір бізде жауға төтеп беретін күш жоқ. Сіздерді қорғай алмайтындықтан «жизия» салығын қайтарып беруді жөн көрдік. Өйткені, мұндай жағдайда оның бізде болғаны әділдікке жатпайды, – деді. Сөйтіп жиналған салық иелеріне толық қайтарылды. Бұл оқиғаға куә болған христиандар шіркеулеріне ағылып, Жаратқан Иеден мұсылмандардың жанын аман алып қалуын шын ықыластарымен сұрады. Христиан діндарлары шіркеуді күңірентіп былайша дұға қылды: «О, Жаратқан! Мұсылмандармен бірге бізді қанқұйлы Гераклийдің жауыздығынан құтқара гөр!»[16] деп, Жаратқанға жалбарынғаны айтылады.

 

Енді, исламдағы әлеуметтік бірер мәселенің үкімін аша отырып, ислам дінінің күллі әлемге ұсынған сұхбат ұғымының күркешеде көрініс беруін қатты қадағалайтынын айтуға да болады. Тіпті, санадағы сенімде толықтай сәйкестік болмаған кітап иелерімен қоғамдағы кейбір қарым-қатынаста шектеме қоймаған. Соның бір дәлелі қасиетті Құранда: «Бүгін сендерге таза нәрселер халал етілді. Кітап иелерінің тамағы сендерге халал қылынды.Сендердің тамақтарың да оларға халал» (Майда сүресі, 5-аят) деген аятқа Әбу Бәкір әл-Жассас өзінің «Әхкамул Құран» атты еңбегінде: «Ибн Аббас, Әбу Дарда, Хасан, Мүжәһид, Ибраһим, Қатада сынды ғалымдардан жеткен риуаят бойынша, кітап иелерінің тамағындағы мақсат олардың бауыздаған малдарының еті. Өйткені, малды бауыздау арқылы тамаққа айналады. Ал, дастарқандағы нан, көкөніс, жеміс-жидек сияқты тамақтар онсыз да халал болып саналады»[17]деген.

 

Имам Матруди: «Мажусилер мен буддистердің иман келтірген кітабы, нақты құдайлық жүйедегі шариғаты жоқ. Ал, кітап иелері Алладан келген Тәурат, Інжілге сенеді. Кітаптағы харам мен халалды ажырата біледі. Сондықтан олардың тамағы мұсылманға халал»[18]десе, тағы бір жерде: «Жалпы адам баласының табиғатында бір Жаратушыға деген сенім бар. Бұл сенімнің көңілдерде орнығып, беки түсуі үшін Адамнан (ғ.с) соңғы пайғамбар Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дейін белгілі бір заманда, белгілі бір мекенге пайғамбар жіберіліп отырды. Оларға қасиетті кітаптар немесе сухуфтардың (парақтардың) берілгендігі жер жүзінде кітап берілмеген бір қауымның жоқтығын білдіреді. Бірақ, бұл иләһи кітаптар уақыттың өтуіне байланысты бұрмаланып, өзгеріске ұшыраған. Құранның Бақара сүресінің, 62; Мәида сүресінің, 69; Хаж сүресінің, 17 аяттарында мұсылман және христиандармен бірге сабийлердің (жұлдыздарға табынатындар) аты, ал мәжусилердің (отқа табынатындардың) аты тек Хаж сүресінде қатар аталуы да бұған дәлел. Сондай-ақ, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Мәжусилерге кітап иелерімен бірдей қараңдар. Алайда, олардың қыздарымен некелесуге, бауыздаған малдарын жеуге болмайды» (Муатта, Зекет, 42) деген»[19]деп, мұсылмандарүшін өзге кез-келген дін өкілдері арасындағы сұхбаттың мәні терең, маңызды іс болғанын алға тартады.

 

Ханафи мәзһабы бойынша, яһуди мен христан Алланың атымен малды бауыздаса халал. Егер бір христиан адам малды бауыздау барысында «Иса Масихтың атымен» деп айтса, оның тамағы желінбейді. Бұл мәселеде араб немесе басқа ұлыттардан шыққан христиандық, яһудилік дін өкілдерінің айырмашылығы жоқ»[20] делінеді.

 

Осы мәселе туралы Пакістандық ғалым Мұхаммад Тақи Ғүсмани терең зерттеу жүргізіп, яһудилер мен христиандардың көне кітаптары мен жазбаларында ислам шариғат нормаларына сәйкес келетін дерек көздерінің бар екенін айтады. Ол христиандардың сенімінде елші болып саналатын Паулдың (St’ paul) Корнсус елінің хатында кейбір үмбеттің малды Алланың атынан емес, басқаның атымен бауыздап қателесетінін, сол себепті Аллаға ортақ қосудан барынша сақтану керектігін ескертеді. Ол кітап иелеріне Тәурат, Інжілдің тұп нұсқасы негізіндегі малды бауыздауға қатысты ережедерді алға тартқан. Малды қылқындыру, буындыру, тұншықтыру секілді жолдармен өлтіру оны харам ететінін айтып, Алланың атымен сою уәжіп екенін баса айтқан[21]. Яғни, кітап иелері бауыздаған мал Тәурат, Інжілдің тұп нұсқасына сай болып ислам шариғатымен үйлесім тапқан жағдайда жеуге болады.

 

Ал мұсылман қыздарының кітап иелеріне тұрмысқа шығуы дұрыс болмағанымен, олардың қызын мұсылман ер-азаматтарының некелеп алуы туралы Абдулла ибн Омардан басқа сахабалардың бәрі құптарлық пікір айтқан. Ибн Омар болса, кітап иелерінің тамағын жеуге болады, бірақ қыздарын некеге алу макруһ (ұнамсыз) деген. Себебі, Құранның: «Мүшрік әйелдер иманға келмейінше некеленбеңдер» (Бақара сүресі, 221-аят) деген үкіміне кітап иелері де кіреді десе, Сағид ибн Жубайр бұл аят тек мажусилер мен пұтқа табынушыларға қатысты, христан мен яһудилердің қыздарына үйленудің еш әбестігі жоқ деген. Сондай-ақ, Осман ибн Аффан Фарафисаһтың Нәила атты қызын әйелдікке алғаны, Талха ибн Убайдулла Шам жерінен бір яһуди әйелмен некеленгендігі туралы риуаят бар. Табиғин ғалымдары Хасан, Ибраһим, Шағби сияқты кісілер кітап иелерінен қыз алуды дұрыс деп қараған[22]. Демек, ислам дінінде тіршіліктің күре тамыры іспетті азықтану мен некелесуі істерінде белгілі шарт аясында рұхсат етілуі исламдағы сұхбаттың іс жүзіндік көрінісінің дәлелі.

 

Қорыта айтар болсақ, ислам – әркімнің армандаған сұхбаттық дискурсты жүзеге асырудың бірден-бір жолын кемелді түрде ұсынған дін.Қазіргі күнімізде де ұлтаралық және халықаралық бөлінушілікті бір араға келтіретін иләһи дін ретінде бүкпесіз айтуға болады. Себебі, бұл діннің алауыздықты бірлікке айналдыруғашипа бола алатынын да әлем ғалымдары айтуда.Бернард Шоу: «Қордаланған проблемаларданаяқ алып жүргісіз мына заманда барлық мәселелерді кофе ұрттап отырып шешкендейоңай шешкен хазіреті Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) адамзат қаншалықты мұқтаж десеңізші!»[23]десе, Aнвар Ибрахим: «Мұсылман емес басқа дін өкілдері: «Ислам сұхбат туралы не айтады?» деген сұрақтарға көп тоқталады. Құран және ислам тарихы сұхбаттан тұратын ақиқат. Ислам діні Алла тағаланың бізге сыйлаған ең үлкен сыйы. Себебі, ислам діні біздің өміріміздің ең маңызды бөлігі – сұхбатты ұсыну арқылы бір-бірімізбен түсінісуге шақырады. Қасиетті Құранда: «барлық адам бірдей, өзара бейбіт өмір сүріңдер делінген»[24] деп, исламдағы сұхбат жайлы ойын түйіндейді.

 Абдусамад Оқан

 


[1] Сунәну Әбу Дауіт, Мәктаба ғасрия, Қаһира, - 2006., 1056 бет. 4604-хадис. 855-бетте.

[2] Мұхаммад ибн Әли әш-Шаукани, Иршадул фухул илә тахқиқил хақ мин ғулумил ұсул, әл-Хдис баспасы, 1-том, 596 бет. 193-бетте.

[3] Ахмад Омар Һашим, Қысас әс-Сүнна, Әлмұқаддим басасы, Қаһира. 272 бет. 12-бетте.

[4] Сиратүн нәбәуия ли Ибн Һишам, Дәрүлфажрлит-Түрас, Қаһира. – 2004, 1-том, 227 бет. 156-бетте.

[5] Сиратүн нәбәуия ли Ибн Һишам, Дәрүлфажрлит-Түрас, Қаһира. – 2004, 1-том, 227 бет. 206-бетте.

[6] Уаһбатуз-Зухайли, Тәфси мунир, «Дарул фикр» баспасы, Байрут. – 1998, 4-том. 279 бет. 7-бетте.

[7] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. – 2008. 11-том,  508 бет. 127-130  бб.

[8] Сабри Хизметли, Ислам тарихы алғашқы кезең, «Анкара Окул Йайынлары» баспасы. – Алматы, 2014., 558 бет. 300-бетте.

[9] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. – 2005. 1-том, 464 бет. 256-бетте.

[10] Сиратүн нәбәуия ли Ибн Һишам, Дәрүлфажрлит-Түрас, Қаһира. – 2004., 2-том, 30-бетте.

[11] Мұхтасару тәфсиру ибн Кәсир, «Дәрул мағрифа» баспасы, Байрут.– 2002., 1-том, 750 бет. 288-бетте.

[12] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул.- 2010. 16-том, 398 бет. 204-208 бб.

[13] Нұрлан Сайлауұлы, Әкім Алымуддинұлы, Алла елшісі (с.ғ.с) жалы 111 сұрақ, Алматы, «Көкжиек» баспасы. – 2013. 275 бет. 235-бетте.

[14] Сафи әр-Рахман әл-Мубәрәк Фури, Әр-Рахиқ әл-махтум, «дар әл-Муаияд»  баспасы, - 2004. 512 бет. 401-бетте.

[15]Дамира Өмірзаққызы Ибрагим, Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өмірі. «Алтын қалам», - 2007, 597 бет. 538-бетте.

[16] Алау Әділбаев, Кемелдік кілті, «Алтын қалам» баспасы. –  Ал­ма­ты, 2007, 232 бет. 186-бетте.

[17]Әбу Бәкір әл-Жассас, Ахкәмул Құран, «Дарул кутубил ғилмия» баспасы, Байрут. – 2003, 2-том, 629 бет. 405-бетте.  

[18] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. – 2005, 476 бет. 160-бетте.

[19] Режеп Өнал, Әбу Мансур әл-Матуридие гөре ислам діші дінлер, «Емин иәйынлары» баспасы, Бурса. – 2013. 525 бет. 97-бетте.

[20] Әл-Мұғни ли ибни Құдама, «Дар ғәләмил кутуб» баспасы. – 1997., 11-том, 679бет. 56-бетте.

[21] Мухаммад Тақи Ғүсмани, Бухус фи қадая фиқһия муғасара, «дар әл-Қалам» баспасы, Дамаскі, 2011ж. 1-том. 395-бетте.

[22] Әбу Бәкір әл-Жассас, Ахкәмул Құран, «Дарул кутубил ғилмия» баспасы, Байрут. – 2003., 2-том, 629 бет. 409-бетте.

[23] Фетхулла Гулен, Ғаламның рақым нұры Мұхамед (с.ғ.с), «Көкжиек» баспасы, Алматы. – 2007. 524 бет. 23-бетте.

[24] Anwar Ibrahim // Islam and the West: Annual Report on the State of Dialogue January 2008, 58-60 pp.  



Оқи отырыңыз