Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Сүннет жолы > Сүннеттің маңыздылығын ұғыну

Сүннеттің маңыздылығын ұғыну

2015-10-29 3297

Сүннет – Алла елшісі мен Оның ардақты сахабаларының өмір сүрген кезеңінен біздің заманымызға дейін жеткен, қасиетті Құранмен қатар сақталып, әр ғасырда жүздеген алып тұлғалардың түрлі мәселеде шешім іздеп, жүгінген иләһи қайнар көз және шариғаттағы екінші негіз болып саналады.

 

Жаратылыстың ең ардақтысы болған адам баласына[1] Алла Тағала тарапынан айрықша игіліктер берілген. Жер мен көктегі барша жаратылыс адамға бағынышты етілген[2]. Жер бетіне халифалық ету сынды ұлық міндет берілген адам ұрпағы[3] ақыл, жүрек, рух, түйсік және ар-ождан секілді сезу қабілеттеріне ие болуы арқылы басқа жаратылыстардан әлдеқайда жоғары тұрады[4]. Бұл адамның өзге тіршілік иелерінен артық етілгенін білдіреді. Міне, осындай қасиеттер берілген адам баласы әлбетте, елеусіз, ескерусіз қалдырылмайды[5] және одан осы ерекшелігіне сай, лайықты құл болу талап етіледі. Құранда Алла Тағала: «Мен адамзатты тек қана (Мені танысын һәм) Маған құлшылық етсін, деп жараттым!»[6] дейді. Ұлы Жаратушы адамзатқа өмірдің жалпы мағынасын, өзінің жаратылысының түпкі мақсатын, өмірге келуінің хикметін, жалғыздық пен мақсатсыздықтан құтқаратын болмысы айрықша, ерекше мінезділерді таңдап, оларды пайғамбар етіп жіберіп отырған. Бұл ұлы тұлғалар өздері өмір сүрген дәуірлерде асқан жауапкершіліктері арқылы адамдарға Хақты танытып, ақиқатты жеткізген әрі жол көрсеткен[7].

 

Пайғамбарлық міндеті адамзат пен жындарға ортақ болған пайғамбарлар тізбегінің соңғысы Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзінің пәк жаратылысымен, кемшіліктен ада келбетімен, ұлы мінезімен, сенімділігімен, арлылығымен, намыстылығымен, жоғары парасатымен, темірдей тұрақты мінезімен, ғажайып ділмарлығымен, терең құлдығымен және айрықша қабілетімен жіберілу мақсатына сай өмір сүрді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) осы айрықша болмысымен адамзат алдында сенімді жолбасшы, кәміл ұстаз, кемел тәрбиеші және пайғамбарлық парасаты (фәтанат) арқылы құтқарушы іспетті болған. Ол туралы Құранда былай делінеді: «Күмәнсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар»[8]

 

Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ешкімге ұқсамайтын айнымас үлгі. Ол құлшылықты Ұлы Жаратушының талабына сай түрде орындауда жөні бөлек жолбасшы. Оның жолбасшылығына жіті назар аудару, өмірінің әр сәтіне хикмет көзімен қарау, Оған сый-құрмет танытып, қадір тұтуда қалыс қалмау және ойға берілгенде, сөзде һәм іс-әрекетте оның алдына шықпау[9] – мүміндердің Алланы жақсы көріп, мойынсұнғандығының көрсеткіші болып табылады[10]. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жүрген жолы, өмір салты, дүниеге деген көзқарасы, адамзат қоғамына бағыт-бағдар берудегі принциптерінің жиынтығы болып табылатын қасиетті сүннеті болса, Оның бізге тастап кеткен ізгі аманаты. Оған иман етуіміз бен бойынсұнуымыз секілді мойнымыздағы жауапкершілігімізді оның асыл сүннетіне жүгіну арқылы, толассыз құрмет пен сый көрсету арқылы көрсете аламыз[11].

Өмірдің барлық жағын қамтитын Алла елшісінің сүннетіне жан дүниемізбен көңіл қою әрі бойұсыну – түпкі мақсатымыз әрі сүннеттің бағасы мен функциясын сезінуіміз болып табылады.

 

Сүннетке көңілмен ден қою

Сүннеттің қадірін біліп, атқарар функциясын сезіну және оны іске асыру – ең алдымен оны қабылдап, мақұлдаудан басталады. Исламға иліккен әрбір адамның Ұлы Жаратушының талабына сай өмір сүруіде сүннетке мұқтаж екендігін қабылдауы қажет. Аллаға иман мен мойынсұнуға жетелейтін жолдың Оның елшісінің көрсеткен жолына еруден бастау алатындығын Құран Кәрім былай деп баяндайда:  

 

«Егер Алланы шынымен жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді»[12]. Осы аят түскен кезде мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ ибн Үбәй «Мынаны қараңдар! Мұхаммед өзіне бойысұнуды Аллаға мойынсұнумен тең көруде. Христиандардың Исаны жақсы көргеніндей біздің де өзін жақсы көргенімізді қалайды» деген әңгіме таратады. Сол кезде артынша мына аят түседі:

 

(Сондай-ақ оларға): «Аллаға һәм елшісіне бағыныңдар», ‒ деп айт. Егер олар (бағынудан бас тартып) сырт айналып кете барса, онда (кәпірлер біліп қойсын), шүбәсіз, Алла кәпірлерді жақсы көрмейді»[13] делінеді. Осылайша Расулаллаға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) еру христиандардың хазірет Исаны тәңір етіп алғаны секілді әрекет деген шүбәнің қисынсыз екендігін көрсетті. Аллаға деген сүйіспеншілікті үшке бөлмей, «Мен өзімді Аллаға тапсырдым» деп терең сүйіспеншілігіңді жан-тәніңмен Раббыңа арнап, Оған берілу, Оған ғана мойынсұну қажет. Ал, хазірет Пайғамбарымызға мойынсұну болса – оны Алланың тағайындаған елшісі, дінді жеткізушісі деп біліп, Ұлы Жаратушының бұйрықтарынан хабар беруші болғандықтан оған Алла үшін мойынсұну керек. Қандай да бір елшіні қабылдау оның жіберушісін де қабылдауды білдірсе керек. Келген елшіні қабылдамау болса, оны жіберген мемлекетті және оның басшысын қабылдамау деген сөз. Олай болса Алла елшісін қабылдамау Ұлы Жаратушыны теріске шығару һәм Оған деген құрметсіздік болады[14].

 

Сүннеттің мәнін ұғыну

Сүннеттің адам өміріндегі атқаратын қызметін ұғыну – сүннеттің түпкі мәнін түсіну және оның өмірде жол сілтеп, бағыт-бағдар беретіндігін білу болмақ. Бұл сүннетің бағасы мен қадір-қасиетін түсінген адам үшін маңызды. Әрбір адам өзінің өміріне қажетті болған немесе өзі үшін құнды деп тапқан нәрсесін жақынырақ танып-білуге ұмтылары, ол үшін барын салары анық. Сондықтан да санасында «Бұл не? Не үшін? Қалай?» деген сұрақтар самсап тұратын, өмірдің мәнін ұғыну талпынысымен жүрген саналы адам үшін алғашы маңызды қадам. Бұл өзіміздің қадір тұтып, қастерлейтін Пайғамбар сүннетін жан-жақты ұғынуымызға ықпал етері сөзсіз. Себебі сүннетің мәнін түсіну өмірімізді жүйелеп, реттеуде айтарлықтай маңызды рөлге ие.

 

Ғылыми негізі жоқ нәрселердің ғұмыры қысқа болары белгілі. Сол себепті адам баласы әр нәрсені ілім мен тәфәккүрдің негізінде қабылдауы қажет. Әйтпесе сенімінде, өмір салтында көптеген күдіктерге жолығып, соққыға төтеп беруде әлсіздік танытары хақ. Мұсылмандық өмір салтының негізі саналатын сүннетті тарихта да, қазіргі таңда да ішкі-сыртқы дұшпандар айыптап, тыраштанғандарын білеміз. Дүниенің арбауы мен зайырлылық түсінігінің біздің бет-бейнемізді танытатын төл құндылықтарымызды, сүннетке сай Ислами ұғымдарды әртүрлі ағымдар негізсіз дәлелдерді келтіріп, сынға алуды және айыптауда. Адамдардың санасына «сүннетпен өмір сүру – заманауи өмірге сай келмейді» деген тезисті орнықтыруға тырысып бағуда. Ал, негізінде адамдар тап болған бүгінгі таңдағы түрлі проблемалардың Батыстан келген модернизм ұғымынан туындағандығы белгілі. Соған қарамастан мұның баламасы, шешімі жоқ секілді көрсетілуде.

Сүннетке негізделген өмір сүру салты – адам табиғатымен астасып жатады әрі оған ешқандай жасанды принциптер бұғау салмаған. Мұндай өмір сүру салтының жоғарыдағы аталмыш проблемалардың пайда болуында ешқандай да үлесі жоқ.

 

Қазіргі таңдағы адамзат қоғамының басты проблемаларының қатарында саналатын экономиканың дұрыс жүргізілмеуінің салдарынан туатын «кедейлік», білім берудің жүйесіздігінен пайда болатын «надандық», ғаламдық мәселеге айналған «террор» мен алауыздыққа итермелейтін «ұлтшылдық» секілді проблемалардың шешімі – сүннеттің жалпыға ортақ ұстанымдарына негізделген өмір сүру салтына бейімделу. Ал ол өз кезегінде сүннеттің түпкі мағынасын ұғынып, оның қандай принциптерді алға тартатындығын білумен және сүннетке негізделген ойлау тәсіліне қол жеткізумен жүзеге аспақ. Батыстық дүниетанымнан мейлінше әсерленген бүгінгі таңдағы заманауи адам өмір сүру салтыма сай келмейді деген түсінікпен сүннетті қабылдамауы, оны бұрмалауы және оған күмәнмен қарауы бек мүмкін. Сондықтан да көзқарасымызды дұрыс бағытқа бұрып, сүннеттен кемшілік іздеудің орнына табиғат пен қоршаған ортамызды жермен-жексен еткен, тойым білмейтін эгоизм мен прагматизмнен іздеу орынды болмақ. Болашағымызға қатер төндіретін міне осы.  

 

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кезеңінде жүзеге асқан сүннетті қабылдағысы келмей одан бері қаншама заман өтті, сондықтан да кейбір мәселелер қазіргі күнде іске асуы әсте мүмкін емес деп күмән мен күдікке жол ашу – бұл өзімізге және өзіміздің төл мәдениетімізге қарсы жасалған ең ауыр әділетсіздік болады. Батыстық миссионерлер мен ориенталистердің жымысқы жоспарларын жүзеге асыру мақсатында ойлап шығарған күдіктері бізді сүннетке негізделген өмір салтымыз бен түсінігімізге деген адалдығымыздан айырмауы керек. Асылында сүннет қиялдан туындаған мәдени дүниетаным емес. Оның негіздері нақты әрі іс жүзінде жүзеге асқан, ол қаншама халықтың өз-өздерін танып-білулеріне ықпал еткен иләһи кеңшіліктің бір көрінісі. Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннетіне ерген арабтардың ширек ғасыр уақыттың ішінде мәртебесі артты. Бұл сүннет – селжүктерді білім мен мәдениетте шыңға шығарды, Османдықтарды ғасырлар бойы жетістіктен жетістікке жетеледі. Сүннет жолы – имам Әбу Ханифа, имам Бұхари, имам Тахауи, имам Матуриди, имам Ғазали, Абдулқадир Гейләни, Мәуләнә Жалаладдин Руми, шах Нахшибанди, имам Раббани сынды дүниені біліммен сусындатып, әлемді жарық нұрға бөлеген өресі биік алыптарды адамзатқа сыйлаған ұлы мәдениет

 

Бүгінгі таңдағы мұсылман қауымының мойнындағы міндет – өткен тарихтағы осы жетістіктерімізді санамалап мақтану емес, сүннеттің барлық ғасырлардағы түйткілдерді шешуге қабілетті екендігін, оның өмірімізді жақсы жаққа өзгерте алатынын және қандай жағдайда болмасын соған жүгінетінімізді көрсету.

 

Бұл жердегі бізді қатты қынжылтатын нәрсе сүннетті сөз жүзінде құрмет тұтып, маңыздылығын тілге тиек етумен шектелуіміз, іс жүзінде қолға алып, өмірімізге енгізе алмауымыз. Сөзіміз бен ісіміздің бір жерден шықпауы. Ал негізінде сүннетке деген құрметтің бір ғана жолы бар – ол Алла елшісінің бұйрықтары мен ескертулері негізінде өмір сүру. Өткен тарихымыздан алатын басты сабағымыз осы болса керек.

 

Сүннетің сырына үңілу және оны іске асыру

Ұлы Жаратушының пенделеріне жіберген жолдауы мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннетінің сырына «Бақыт ғасыры»* атмосферасы тұрғысынан және ширек ғасыр ішінде жасалған мұғжизалық рухани төңкеріс тарапынан тағы бір рет жаңадан үңіліміз қажет.

 

«Жаңадан үңілу» сөзі арқылы айтқымыз келген нәрсе – бүгінгі таңдағы мұсылмандардың басындағы түйткілдердің түйінін шешіп, шарасыздықтан құтылуларына себеп болатын бір шешім іздеу. Заманымыздың озық ойлы ғалымдарының бірі Бәдуиззаман Саид Нұрси ұсынған тәсілмен үңілу һәм оқу, яғни бір жағынан иләһи ескертулердің мән-мағынасына терең ой жүгіртіп оқу, екінші жағынан Алла Тағаланың бұл дүниеге орнатқан заңдылықтарын яғни, жаратылыс кітабын да дәл солай жіті көңіл бөліп оқу. Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннетіне зер салып талдап қарайтын болсақ, оның сол құтты заманда осы әдісті қолға алуында екі кітаптың да тура сондай дәрежеде терең оқылуы керек екендігін білдіретінін байқаймыз. Мекке кезеңінің саяси шиеленіске толы қиын-қыстау жағдайында жоқ жерден шешім тауып, «Жамандықтың қарымын әрдайым жақсылықпен қайтару»[15] секілді ұстанымы арқылы небір қиындықтарды Ұлы Жаратушының жәрдемімен қамырдан қыл суырғандай етіп шеше білді. Мысалы, Бәдір шайқасында Хубәб ибн Мунзирдің ұсынысымен әскерін құрайыштықтарға ең жақын құдықтың басына орналастыру арқылы соғыстың ұтқыр стратегиясын қолданған[16]. Ал Хандақ шайқасында «Соғыс – тактика мен жаңылдырудан тұрады»[17] деп дұшпанды састыратын тәсіл қолданудың маңыздылығын білдірген. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) осы секілді көптеген ұтқыр әрекеттері оның Алла Тағаланың жәрдемі мен қамқорлығын жан-тәнімен қалауының нәтижесі. Сонымен бірге өзі де ерік-жігерін барынша дұрыс пайдаланып, себеп-салдар заңдылығын қатаң сақтағандығын көреміз.

 

Сүннетті қазіргі таңдағы ислам әлемінің түйткілдерін шешуде ең басты құрал ретінде ұсына отырып, жоғарыда аталып кеткен шариғат пен табиғат заңдылықтарын бірге қарастыруды қолға алған жөн. Жалпы дұрыс оқи білу, дұрыс түсіну және оны жүзеге асыру – материалдық һәм рухани жетістікке жетудің төте жолы болып табылады. Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұсынған осы тәсілінен мұсылмандар соңғы бірнеше ғасырда алыстағандықтан өкінішке орай орын алған қиыншылықтардың және материалдық тоқыраудың негізгі себебі дін немесе діндер деп есептелді. Ал негізінде бұл қателіктің себебі шариғатты біліп, алайда табиғат заңдылықтарына және себептерге тиісінше көңіл аудармаған біздерге, яғни адамдарға байланысты. Сенімі қанша жерден дұрыс болса да табиғат заңдылықтарына көңіл бөлмеген адам міндетті түрде қателікке ұрынады. Мысалы, жаратылысы судан тұратын бір мақлұқ суға мұқтаж екендігін біле тұра суды ішуден бас тартар болса, онда ол бұл өмірден қош айтысады. Себебі ол заңдылықты сақтамады. Сондықтан да суннәтуллаһты, яғни Алланың орнатқан бұл дүниедегі заңдылықтарына бағына отырып Оған сыйыну, Оның қолдауы мен қорғауын сұрау – өмірді және Пайғамбар сүннетін дұрыс оқу, оған дұрыс үңілу болып табылады.

 

Ғасырдың проблемаларын сүннет арқылы шешу

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһ уә сәлләм) заманында оның басшылығымен (сүннетімен) өз шешімін тапқан надандық, кедейлік және алауыздық секілді проблемалар қазіргі таңда да шешілуі кезек күттірмес мәселе болып отыр. Бүгінгі таңда мұсылмандар осы түйткілдердің шешімін іздеп шарқ ұруда. Бұған қатысты Саид Нұрси «Біздің дұшпанымыз надандық, кедейлік және алауыздық. Бұл үш мәселені өнер, мағрипат және бірлік арқылы шеше аламыз. Сонымен қатар бізді осы мәселеде жетістікке жетелеп, қырағығы болуымызға себеп болатын бауырларымызбен және айналамыздағы көршілерімізбен қол алысып дос боламыз. Себбеі араздықтың түбінде жамандық жатады, біздің біреуге дұшпандық жасауға уақытымыз жоқ»[18] деген болатын. Бұрын басқаға жәрдем қолын соза алатын мұсылмандардың қазіргі таңда қайыр сұрап, тіленшілік жағдайға түскендігі, сол арқылы Ислам әлемінің іргесі шайқалып, аянышты хәлге жеткендігінің негізгі себебі жылдар бойы «жаратылыс кітабын» оқуға мән бермей, селқостық танытқандығы. Енді Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) осындай түйткілдердің түйінін қалай шешкендігіне назар салып көрейік.

 

Пайғамбар қаласы саналған Мәдина да бұл проблемалардан ада емес еді. Һижреттің алғашқы жылдарында жоқшылықта өмір сүрген суффа сахабаларының* жағдайы Пайғамбарымызды алаңдататын. Бірде ауыр тұрмыстың салдарынан қолдары күс болып кеткен қызы Фатима (р.анһа) Алла елшісінен бір қызметші сұрайды. Сонда ол: «Суффа сахабалары таршылық көріп жатқанда саған қызметші бере алмаймын қызым. Олардың жыртығын бүтіндей алмай жатырмын. Құлдыққа түскендерді сатып, одан түскен қаражатты суффалықтардың қажеттіліктерін өтеймін», – деп жауап берген еді[19].

 

Расулалланың ошағында апталап, тіпті айлар бойы қазан асылмайтын. Суффа сахабаларының бірі Әбу Һурайра мен Әбу Зәррдің (р.анһумә) айтуынша олар кеш батқанда Алла елшісінің үйіне келеді екен. Пайғамбарымыз оларды үйінде қонағына берер азығы бар бірлі-жарым сахабалардың үйіне жібереді де, қалғандарын өзі тамақтандырады екен[20]. Бұл ұлы тұлғалардың сол кезеңде жоқшылықпен сыналғанына Мәдина көшелері куә. Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Бүлігінен сақта деп Аллаға сыйынған»[21], «Мұқият болмаса, күпірлікке итермелейтінін»[22] айтқан осы кедейлік мәселесін шешу үшін – бірінші кезекте мүміндердің өзара бірлігін қамтамасыз етіп, қолындағы барын Меккеге тастап келген мұхажирлер мен оларды құшақ жаю күтіп алған ансарлардың арасында бауырластық орнатты. Осы бауырластықтың нәтижесінде ансарлардың мұхажирлерге демеу арқылы өзі мұқтаж бола тұра қолындағы барын беріп, жомарттық жасау олардың жараларының жазылуына жақпа майдай әсер етті. Сөйтіп нәтижеде Мәдинада жаңадан құрылған мұсылман мемлекеті экономика саласында алдыңғы қатарға шықты. Мұхажирлердің ұйытқы болуымен құрылған Мәдинада бой көтерген базар Ислам экономикасының сауда-саттыққа байланысты принциптері нақтыланып, яһудилердің саудадағы үстемдігін уақыт өте келе әлсіретті[23]. Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жасаған бұл әрекеті – себептерге сүйене отырып, кедейлік пен жоқшылықтан құтылуда қолғанған тәсілі.

 

Һижреттің алғашқы жылдарында сахабалар арасында оқу-жазу білетіндердің саны тым аз еді. Құранның арабтарды умми халық екенін баяндауының бірден бір себебі осы болса керек[24]. Пайғамбарымыз бұған қатысты: «Біз арабтар үмми (оқу, жазудан бейхабар, сауатсыз) бір қауымбыз» – деген болатын[25]. Осы себептен оқып жаза алатын адамдардың санын арттыру ісіне алғашқы күннен бастап көп күш жұмсалғандығын байқаймыз. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдинаға бара сала алдымен мешіт салдырады, сол жерде жүргізілетін білім мәжілістерінде сахабалардың оқып үйренуін қадағалайтын ұстаздарды тағайындайды. Мешіттің бір бұрышына көлеңкелік баспана жасатып берген суффалықтарға Құран тәлімі мен оқу жазуды үйрету үшін Убәдә ибн Самитті тағайындайды. Абдуллаһ ибн Саъд әл-Аса (р.анһу) хикмет ілімімен айналысатындығы үшін оған «хикмет мұғалімі» лақабы берілді. Бәдір шайқасында қолға түскен Меккеліктерді он балаға оқу-жазу үйреткен жағдайда босататындығы туралы келісім Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының оқып, үйреніп білім алуы үшін қандай мүмкіндік болса соны қалт жібермей қолданғанын көрсетеді. Расулаллаһ оқып-үйренуде тың жоспарлар жасап надандықты жеңудің бірден-бір жолын ашып көрсетті және қазіргі таңда еріктілер әрекетінің төрткүл дүниеге таралып бейбітшілік жолында жасап жатқан дастандарға бергісіз жанқиярлық әрекеттерінің де шабыт алар қайнар көзі болды.

 

Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығынан бұрын араб әлемінде ру-тайпаға бөліну, сол кездегі қауымдардың арасындағы алауыздықтың басты себептері болатын. Расулуллаһтың келуімен Мәдинада өмір сүрген Әус және Хазраж тайпалары арасында да тура осы жағдай бар еді. Исламды танып білместен бұрын өшпенділік, өкпе, кек дұшпандық сезімдерімен жүз жылдық қан кегі үшін бір-бірін өлтіру, мал-мүлкін тартып алу әрекетті орын алған. Бір жерде бас қосып тұра алмайтын дәрежеге жеткен. Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) биат етуден* бірнеше жыл алдын Буас соғысында бір-бірін аяусыз қырып, жаншыған осы екі тайпа, Алланың игілігі мен қолдауының арқасында бір-біріне сүйіспеншілікпен қарайтын, құшақтары айрылмас бауырларға айналды. Алла ол мүміндердің жүректерін жарастырды[26] және барлығы тек бір жүрекке айналып тыныштыққа қол жеткізді. Олар Алла елшісінің иләһи ескерту ретінде ұсынған «Расында, мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса, (жүз шайсып, ат құйрығын кесіскен) бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ (бауыр ақысына келгенде) Алладан қорқыңдар (һәм үкіміне қарсы келуден сақтаныңдар)! Міне, сонда Оның рақымына бөленерсіңдер![27] бұйрығына бойсұнуы арқылы бақытсыздықтан құтылған еді. Олар әз Елшінің: «Уа, адамдар! Алла жалғыз, барлықтарың Адам атаның ұрпағысыңдар. Ал Адам болса топырақтан жаратылған. Арабтың араб еместен, ақ нәсілдінің қара нәсілдіден тақуалықтан басқа нәрседе артық бола алмайды. Адамдар бір-бірінен тақуа дәрежесіне қарай үстем бола алады», ‒ деген өсиетіне[28] соншалықты адалдық көрсеткен және осы жетістіктердің тек қана иләһи қолдаудың нәтижесінде ғана іске асқандығын ешқашан ұмытпаған. Мәдинадағы бұл бауырластық пен бірлік, сезімнен бұрын ақыл, логика және ерік күшімен жүзеге асқан бауырластық еді.

 

Сүннеттің бүгінгі күндегі мұсылмандар үшін беретін ең басты насихаты – сүйіспеншілік пен ауызбірлікте тек сезіммен ғана шектеліп қоймай жан дүниесімен, бар ой-санасымен, сенімі тұрғысынан біріккен саналы бауырластыққа ұмтылу. Сондықтан да Саид Нұрси кез-келген мәселенің әрдайым логикалық қыры мен динамикасын назарға алып отырған. Мысалы, «Жаратушыларың бір, барша мүліктің иесі болған тәңірлерің бір, құлшылық ететін құдайларың бір, ризықтандырушыларың да бір, бір, бір мыңға дейін бір. Сонымен қатар Пайғамбарларың бір, діндерің бір, құбылаларың бір. Бір, бір, жүзге дейін бір, бір...», – дейді. Сондықтан адам баласы осы секілді жүздеген ортақ нәрселерді назардан тыс қалдырмай татулық пен бауырластықтың қаншалықты маңызды екендігін ұғынуы керек және оның қалыптасып, әрі қарай жүзеге асуы үшін барын салуы қажет[29].

 

Қорыта айтқанда, сүннеттің өміріміздегі рөлін ұғыну өте маңызды болмақ. Мұны тиісінше түсіну үшін сүннетке деген мұқтаждығымызды жан дүниемізбен сезініп, оған көңіл қою, маңыздылығын ұғыну, өмірімізді дұрыс арнаға бұру үшін қандай негіздерге сүйену қажеттігін одан үйрену, сонымен бірге үйреніп қана қоймай оны тіршілігіміздің қайнар бұлағына айналдырып, одан қанып ішу, сөйтіп өмірімізге жандандыру арқылы мүмкін болады. Әсіресе Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «мәнһәлул-ъазбил-мәурид» (тәтті су қайнар көзін) қазіргі таңдағы мұсылмандарға ұсынып, оны әрі шариғат, әрі жаратылыс заңдылықтары тұрғысынан түсіну һәм қарау маңызды. Міне, осындай таным көкжиегі арқылы сүннеттің нұрлы жарығы шеңберінде кешегі күні қалайша өркениет құрып, адамзаттың игілігіне жараған болсақ, Алланың қолдауымен бүгінгі күні де, ертең де іске асуы мүмкін іс. Сондықтан да біздің басты міндетіміз – Алланың нұрын сөндіруге тырысып баққандардың пайдасыз әрекеттеріне мән берместен, сүннетті шын көңілден құрмет тұтып, оны басымызға тәж етуіміз. Хикметі мен терең сыры арқылы бізді жарық нұрға бөлеп, өзімізді тани түсуімізге ықпал еткен сүннетті жанымыз бен тәніміздің негізгі сәулетшісіне айналдыру.  

 

www.akikat.kz

 


[1] Тин, 4-аят.

[2] Ибраһим, 33-аят.

[3] Бақара, 30-аят.

[4] Мүминун, 78-аят.

[5] Қиямет, 36-аят.

[6] Зарият, 56-аят.

[7] Қараңыз: Фетхуллаһ Гүлен, Кенди дүниамыза доғру, 132-бет.

[8] Әхзәп, 21-аят.

[9] Хужурат, 1-аят.

[10] Әли Имран, 32-аят.

[11] Ниса, 59-аят.

[12] Әли Имран, 31-аят.

[13] Әли Имран, 32-аят.

[14] М.Хамды Иазыр, Хак дини Куран дили, 2 том, 343-бет.

* Бақыт ғасыры – (عَصْرُ السَّعَادَةِ) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өмір сүрген кезеңді білдіреді.

[15] Раъд, 22-аят.

[16] Ибн Саъд, Табақат, 2 том, 15-бет.

[17] Бухари, Жиһад, 156.

[18] Саид Нұрси, Тарихче-и Хайат, 57-бет.

* Суффа сахабалары – Пайғамбар мешітінің жанынан құрма ағашымен көлеңкелеп жасалған баспанада өмір сүрген, туған-туыс, жақындары мен дүние-мүліктері жоқ кедей сахабалар. Олар өмірлерін Құран үйреніп, Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тәлім алу жолына арнады. Олардың қажеттіліктерін Алла елшісінің өзі және дәулетті сахабалар қамтамасыз етіп отырды.

[19] Ахмәд ибн Ханбал, Муснәд, 1 том, 106-бет.

[20] Әбу Нуғайм, Хиләту әл-әулиә, 1 том, 352-бет.

[21] Бухари, Дағуат, 39.

[22] Әли әл-Муттақи, Кәнзу әл-Уммәл 6 том, 210.

[23] Хусейн Алгүл, Муахат, ДИА, ХХХ том, 308-бет.

[24] Жұма, 2-аят.

[25] Бухари, Саум, 13.

* Биат ету ‒ басшылығын мойындап, бағынуға серт беруі.

[26] Әнфәл, 63-аят.

[27] Хужурат, 10-аят.

[28] Ахмәд ибн Ханбал, Муснәд, 6 том, 411.

[29] Фетхуллаһ Гүлен, Кырык Тести 9, (Калп ибреси), 88-бет.



Оқи отырыңыз