Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Имам Матуриди сенімінде Алла Тағаланың ақыретте көріну мәселесі

Имам Матуриди сенімінде Алла Тағаланың ақыретте көріну мәселесі

2015-10-27 2459

 

Ру'иәтуллаһ сөзінің мағынасы Алла Тағаланың ақыретте пенделерге көрінуі. Бұл әһлі cуннә уәл жәмаға мен мұғтазила ағымының арасында пікір қайшылығын тудырған ақидалық мәселелердің бірі. Әһлі суннә ақидасы бойынша, ақырет күні Алла Тағаланың дидарын мүміндердің көретіні анық. Яғни, мұны бізге Құран, сүннет білдіруде. Сонымен қатар, бұл ақылға да теріс емес. Алайда, Алла Тағаланың ақыретте көрінуі қандайда бір пішінге немесе бағыт пен ара-қашықтыққа тиеселі болмайды. Алланы көреміз. Бірақ, қалай көретініміз бізге беймәлім.

 

Құран мен сүннет арқылы бекітілген бұл мәселені мүлдем жоққа шығаратындар да бар. Олардың қатарында мұғтазила және одан әсерленген нәжжария, хауариж, жаһмия және рауафид сияқты ағымдар бар. Олардың айтуынша Алла Тағала көрінеді дейтін болсақ, онда Оған белгілі бір пішін беріп, жаратылысқа ұқсатқан боламыз. Бұл Алла Тағаланың ұлықтығына кемшілік тағу болып табылады. Олар Алла Тағаланың дидары көрінетіндігін баяндайтын аят-хадистерді бұрмалап, өз түсініктеріне сай жорамалдайды [1, 215 б.].

Енді, мұғтазила ағымының аталмыш көзқарасының қате екендігін және олардың осы мәселеге қатысты аяттарды жалаң, бір жақтылы түсінетіндігін әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдарының аяттарға берген түсіндірмелерімен салыстыра отырып қарастырып көрелік.  

 

Біріншісі: Мұғтазила ағымының көзқарасы бойынша, адам бір затты көру үшін сол затпен адамның арасында арақашықтық болуы және қарсы алдында тұруы шарт. Сонымен қатар зат өте кішкентай яки өте үлкен немесе алыста болмауы керек. Ал, бұл сипаттар болса Алла Тағаланың затына лайық емес. Бұл сипаттарсыз көру процес жүзеге аспайды. Демек, ақыретте Алла Тағаланы  көру мүмкін емес» дейді. Дәлел ретінде қасиетті Құрандағы: «Көздердің Оны идрәк етуге (нақты бейнеде көруге) шамасы жетпейді. Бірақ, Ол барлық көздерді көреді»(Әнғам сүресі, 103-аят) аятын келтіріп, Алла Тағаланы көздер көре алмайтынын айтады [2, 124-127 бб.]. 

 

Әһлі суннә уәл жәмағаның ақидасының негізін қалаушы ғалымның бірі имам Матуриди: «Көздердің Оны идрәк етуге (нақты бейнеде көруге) шамасы жетпейді. Бірақ, Ол барлық көздерді көреді» (Әнғам сүресі, 103-аят) аятын былай түсіндіреді. Алла Тағаланы ақырет күні көрмейтін болсақ, «идрәк етуге шамасы жетпейді» деп, тыйым салудың ешқандай хикметі болмағаны ма? Жоқ, олай емес. Аяттағы «идрак» сөзі бір нәрсені жан-жағынан, нақты келбетін көруді білдіреді. «Идрәксіз» деу, арқылы мүміндердің Алла Тағаланы шектеуі бар бір кейіпте көрілетіндігін кесіп-пішіп айтудан тыяды. Бұл мүлдем көрінбейді деген сөз емес. Біздің сенімімізде Алла Тағаланың көрінетіндігі ақиқат. Сондай-ақ, Оның көрінуі «идрәксіз» (яғни, бірнеше жағы, бағыты жоқ) және «тәпсірсіз» (яғни, бұл дүниедегі сияқты бетпе-бет келуі, арада бір қашықтықтың болуы және көз жанарының жетуі сияқты емес)» [3, 141 б.] деп, араб тілінде «идрәк» сөзімен «ру'иәтун» (көру) сөзінің арасында айырмашылық барын айтады.

 

Имам әл-Бабурти: «Расында идрәк, ол – бір нәрсені жан-жағынан бірдей көру. Аяттың мағынасы болса, идрәк дәрежесінде көре алмауды білдіріп тұр. Бұл идрәк деңгейінде болмаған көруді жоққа шығармайды» [4, 145 б.] деcе, имам әл-Бәздәуи: «Расында адам бір затты бағытсыз көре алмайтын болса да, бізге Алла Тағала ешбір бағытсыз көрінеді. Себебі, Алла Тағала үшін бір бағыт жоқ» [5, 92 б.] деп түйіндеген.

 

Демек, ақырет күні Раббысының дидарын кейбір көздердің көретіндігін ашық білдіретін: «Ол күні (қиямет күні) кейбір жүздер қуаныштан бал-бұл жайнайды. Раббыларынан көз алмайды» (Қиямет сүресі, 22-23 аят) сынды аяттармен жоғарыдағы аятта келген «идрәк етуге шамасы жетпейді» сөзінің арасында қарама-қайшылық жоқ. Немесе жоғарыдағы аят идрәк дәрежесінде көре алмауды білдірсе, басқа аяттарда идрәк деңгейінде болмаған бір көрудің болатындығы айтылған.

 

Жалпы, имам Матуридидың ұстанымын ұстазы Әбу Ханифаның жолы деуге әбден болады. Имам ән-Нисабури: «Әбу Ханифа кейбір адамдарға жазған хатында: «Сен жәннаттықтар Алла Тағаланың жамалын көрмейді – депсің. Субхәналлаһил Азыйм! Мен айтпаған сөзді, сен қайдан айтып жүрсің. Алла Тағала Құранда: «Ол күні (қиямет күні) кейбір жүздер қуаныштан бал-бұл жайнайды. Раббыларынан көз алмайды»(Қиямет сүресі, 22-23 аят) деген тұрса. Сен: «Олар (Алланы) көре алмайды десең, онда Алла өтірікшілерден болды», – дегенің. Әрі сен менің: «Олардың Алла Тағаланы көру жаратылыстың бір-бірін көруіне ұқсамайды» деген сөзімді бұрмаладың» [6, 134 б.] деп, Алла Тағаланың ақырет күні Өзінің Ұлылығына сай көрінетіндігін айтқан.

 

Екіншісі: Мұғтазила ағымының өкілі әл-Кәғби: «Мұса межелі жерге Біз белгілеген уақытта келді. Сүйтіп, Раббысы онымен тілдесті. (Раббысымен тілдесіп, ерекше күйге бөленген Мұса Оны көруге деген ынтызарлықтан өзін-өзі ұстай алмай): «Уа, Раббым! Маған көрінші, Жамалыңа бір қарайыншы!», - деді. Сонда Алла: «Сен Мені (бұл дүниеде мынандай жалаңаш көзбен) көре алмайсың. Одан да, мына тауға қарағын. Егер ол орнында бәз-баяғы қалпында міз бақпай тұра алса, онда Мені көре аласың», - деді. Содан Раббысы тауға сәл ғана көрініп еді, оны күл-талқан етті. Мұса болса, (төбесіне жәй түскендей) есінен танып, сұлап түсті. Есін жиғанда: «Уа, Раббым! Сен мінсізсің, жаратылғанға ұқсаудан, кемшілік атаулыдан адасың. Орынсыз өтінішім үшін бір Өзіңе тәубе етіп, кешірім тілеймін. Сондай-ақ, мен бұл мәселеде елдің алды болып Өзіңе иман келтіремін», - деп жалбарынды» (Ағраф сүресі, 143-аят) аятын негізге ала отырып, былай дейді: «Мұса (ғ.с)  Алла Тағаладан Өзін танытатын белгілер жайлы білімге ие болуды сұрады. Әрі оның бұл сұрағы дұрыс сенім негізіне қайшы болғандықтан Раббысына тәубе етті. Демек, Алла Тағаладан дидарын көруді сұрауы дінге қайшы, дұрыс емес». Әл-Кәғби бұл сөзімен Мұсаны (ғ.с) қателік жасады деп айыптап отыр.

 

Оның бұл көзқарасының дұрыс еместігін имам Матуриди: «Сен Мені көре алмайсың» деуі, Мұсаның (ғ.с) Раббысын танытатын белгілерді сұрамағанын көрсетеді. Өйткені, бұдан бұрын да Мұсаға (ғ.с) асатаяқтың жыланға айналуы, қолының ағаруы және теңіздің қақ жарылуы сияқты мұғжизалар берілген болатын. Уахи беріліп, елшілік секілді қасиетті міндет жүктелген Хақ пайғамбары хақында «Жаратушысын толық танымайды, Ол жайлы білімі таяз» деген сөздер айту болмақ. Мұсаның (ғ.с): «Уа, Раббым! Маған көрінші, Жамалыңа бір қарайыншы!» деуі, Алла Тағаланың жамалын көрудің дінде бар екендігін, мүмкін екендігін білдіреді. Егер Алла Тағаланың дидарын көру мүмкін емес немесе тыйым салынған іс болғанда Мұса (ғ.с) пайғамбары оны сұрамас еді. Ал, оның тәубе етуі болса, ақыреттік іске асығыстық көрсеткен ағаттығы үшін болды» [7, 6/48 б.] деп жауап береді.

 

Үшіншісі: Мұғтазила ағымы Құрандағы: «(Әй, Исрайыл ұрпақтары! Кезінде сендер): «Әй, Мұса! Біз Алланы анық (яғни, өз көзімізбен) көрмейінше саған сенбейміз», - деген едіңдер. Сол мезет төбелеріңнен жәй түсті де, сұлап түскен бойда қимылдауға шамаларың келмей, көздерің шарасынан шығып кетердей қарап қалдыңдар»(Бақара сүресі, 55-аят) аяты төңірегінде былай дейді. Алла Тағаланы көру мүмкін болғанда, олардың төбелерінен жай түсіп, қатты азапқа душар болмас еді» деп, Алла Тағаланы көрудің мүмкін еместігін алға тартады.

 

Олардың бұл уәжінің қисынсыз екенін айтқан имам Матуриди: «Бұл аят Алла Тағаланың жамалын көруді жоққа шығармайды. Бәлки, Алла Тағаланың дидарын көруді растайды. Яғни, Мұса (ғ.с) Раббысының жамалын көруді сұрады. Оның сұрағы Раббысына иман етпей, сенбегендіктен болған жоқ. Сол себепті, Мұсаның (ғ.с) сұрағына тыйым салынбады әрі азап та жібермеді. Керісінше, ол әрдайым Алла Тағала тарапынан қолдау тауып отырды. Ал, қауымының талабы Раббысын мойындамаудан, ақиқатқа қарсы қасарысудан туындады. Оларға мен-мендігі үшін жай түсті» [7, 1/132-133 бб.] деп, азапқа себеп боларлық сырды ашып түсіндіре отырып, ақылға қонымды жауап береді.

 

Төртіншісі: Мұғтазила ағымының тағы бір қате көзқарасы мынандай. Олар: «Қадим* болған Алла Тағала кез-келген бір уақытта көрінетін болса, біз Оны (Алланы) бұл дүниеде де көруіміз уәжіп болар еді. Алайда, біз Оны дүниеде көре алмаймыз» - деп, ақыретте Алла Тағаланың көрінуін дүниелік көзқараспен өлшеп, жоққа шығарады.

 

Бұған байланысты имам Матуриди: «Расында Алла Тағаланың дидарын дүниеде көру жүзеге аспағанымен, мүмкін іс. Оның дүниеде көрілмеуінің бір сыры бұл дүниенің перделі, михнатқа толы және жауапкершілік тіршілігі болуында. Алла Тағала бұл дүниеде көрінсе, онда жауапкершілік пен михнаттан тұратын дүние тіршілігінің ешқандай мәні қалмас еді» [3, 144-148 бб.] десе, имам әл-Бәздәуи: «Қасиетті Құранда: «(Раббысының өзін көріп, бақылап тұрғанын терең сезіне отырып) үнемі игілік жасап, жақсылық істегендерге ең керемет сый (жәннат) және одан да артық сый (Алланың жамалын тамашалау) бұйырады», - делінген. Яғни, аяттағы «зияда» сөзі тосыннан болатын артық сыйды білдіреді. Сондай-ақ, ақырет күні мүміндер күнәларынан құлан-таза айығып, жәннат сыйымен марапатталады. Жәннат нығметтерінен есі шыққан мүміндер Алла Тағаланың тағы бір тосын сыйына бөленеді. Ол – Алла Тағаланың жамалын тамашалау болады. Имам Бәздәуи пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Ақиқатында мүміндер жәннәтқа кірген сәттерінде Алла Тағала оларға: «Мен сендерге бұл ұлы нығметті сыйладым. Және де сендер үшін арнайы сақтаған бұдан да артық сыйым бар», - дейді. Сонда олар: «Бізге бүкіл нығметтерді (жүзімізді жарқыратып, пейішке кіргіздің, тозақ отынан құтқардың) бердің. Одан да артық қандай сый болуы мүмкін?», - дейді. Олардың жүздеріндегі перде көтеріліп, Алла тағаланың жүзіне қарайды», - деді» хадисімен аяқтайды [5, 87 б.].

Бұл дүние – адамның иманын шыңдап, шынайы құл бола білу сынақ алаңы. Ал, ақырет – сый-сыяпаттың берілетін немесе ауыр азапқа тартылатын шешуші алаң. Алла Тағаланың мүміндерге ақыретте көрінуі – Өзін көрмесе де, күмәнсіз иланған иманды құлдарына әзірлеген айрықша бір тартуы болмақ. Бізше, Алла Тағаланың бұл дүниеде көрінбей, ақыретте көрінуінің айырмашылығы осы болса керек.

 

Қорыта айтар болсақ, мүміндердің ақырет күні Раббысы Алла Тағаланың жамалын тамашалайтынғы жайлы мутәуәтир* дәрежесінде келген көптеген хадистер бар. Имам әл-Бәснәуи бұл мәселеге қатысты имам әт-Тирмизидің: «Алла Тағаланың жамалын тамашалау мүмкін екендігі туралы хадисті Ибн Мәсғуд, Ибн Омар, Ибн Аббас, Суһайыб, Әнас, Әбу Мұса әл-Ашғари, Әбу Һурайра, Әбу Сағид әл-Хұдри, Аммар ибн Ясир және Жәбир ибн Абдулла әл-Ансари сынды ғалым жиырма бір сахаба жеткізеді әрі олар бұл мәселеде бір ауыздылық танытқан. Сол хадистерден бір мысал келтірер болсақ, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Сендер Раббыларыңды тоған айды көргендерің сияқты көресіңдер. Оны көру кезінде бір кедергі болмайды», - деді. Және де Әбу Муғин ән-Нәсәфи «Тәбсиратул әдилла» еңбегінде: «Бұларды (сахабаларды) өтірікке шығаруға ешқандай бір жол жоқ» дегенін жеткізеді [8, 169 б.].     

 

Дүниеде көзге көрінетін заттың көз алдында әрі материалдық болуы қажет болғаны сияқты кейбір заңдылықтар шарт етіледі. Ал, Алла Тағаланың заты шектеулі әрі материалды болмағандықтан, Оның белгілі бір кейіпте, ара-қашықтықта тұруы шарт емес. Ақырет күні Алла Тағала Өзінің жамалын сүйікті пенделеріне қалай тамашалатса да, оған құдіреті жеткілікті. Оның сырын да Өзінің шексіз ілімімен жақсы біледі. Бізге тек иманды жандардың ақырет күні Жаратушысының жамалына сүйсіне қарайтындығын сүйіншілеген аят-хадистерuе күмәнсіз сене отырып, сол ерекше сыйдан үміт етеміз. Әш-Шайх Нұриддин Әли Қари өлең шумақтарына берген түсіндірмесінде: «Мұғтазилиттер жәннатқа кірсе де, Алла Тағаланың жамалын көруді жоққа шығарғандары үшін бұл нығметтен махрұм қалады» [9, 100 б.] деген.             

        

Абдусамад Оқан


ПАДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Әл-Ақидатү уә ғилмул кәлам мин ағмалил имам Мұхаммед Заһид әл-Каусари, «Дәрул күтүбил ғилмия» баспасы, Байрут. – 2004, 645 бет.

2. Мұхаммед Халил ән-Науайһи, Әл-Усит фи ақайди имам әл-Матуриди, «Дәрун нұр» баспасы, Йордания. – 2013, 336 бет.

3. Әбу Мансур әл-Матуриди, Китәбут таухид, «Дәру садыр» баспасы, Байрут. – 2007, 538 бет.

4. Мұхаммад әл-Бабурти, Шарху уасияти Әби Ханифа, «Дәрул фатх» баспасы. – 2009, 155 бет.

5. Мұхаммад әл-Баздауи, Ұсулуддин, «Мәктабатул азһария лит-тұрас» баспасы, Қаһира. – 2003, 271 бет.

6. Қараңыз: Мұхаммед Халил ән-Науайһи, Әл-Усит фи ақайди имам әл-Матуриди, «Дәрун нұр» баспасы, Йордания. – 2013, 336 бет.

7. Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Станбул. – 2006.

8. Камалуддин Ахмад ибн Хасан әл-Ханафи әл-Баснауй, Ишаратул марам мин ғибратил имам Әби Ханифа ән-Нұғман, «Дәрул күтүбил ғилмия» баспасы, Байрут. – 2007, 291 бет.

9. Әш-Шайх Нұриддин Әли Қари, Дауүл мағали ғәла манзумати бәдил әмали, «Дәрул Байрути» баспасы. – 2006. 199 бет.

*Ежелден бар. Бар болуының бастауы жоқ.

* Мутәуәтир – жалғандыққа өзара келісіп алулары мүмкін емес бір топтың өздері секілді бір топқа жеткізген хадисі.



Оқи отырыңыз