Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Ахлақ  

Ахлақ  

2015-10-15 3741

Мінез, болмыс деген мағынаға келетін «хулюқ» ұғымы – жаратылыстың ең маңызды мақсаты және оның шынайы тереңдігінің көрінісі болып табылады. Сонымен қатар, хулюқ – адам баласының өзіндік ерік күшін иләһи ахлаққа негізделген жаратылыс ақиқатына мойынсұндыруы дегенді де білдіреді. Адам өзінің саф табиғи болмысын иләһи мінез-құлықпен көмкеру арқылы ізгілікті істердің баршасын оңайлата алады.        

 

Арап тіліндегі «халк»[1] және «хулюқ» сөздері бір түбірден келеді және түбір сөз ретінде бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Дегенмен, мағынасы тұрғысынан «халк» – көзбен көруге, сыртқы сезім мүшелерімен сезінуге болатын көрініс, пішін, келбет, бейне, мүсін дегенге саятын материялық мағынаны білдірсе, «хулюқ» – жүрекпен ұғынып, сезімдермен  білінетін, рухқа негізделген өзек, мазмұн немесе мағына дегенді білдіреді.

 

Адамның  шынайы кісілігі сырт келбетімен білінбесе де, өзінің мінезі мен болмысы оны білдіріп қояды. Адам қанша жерден ішкі дүниесін бүркемелеп жасырса да, оның мінез-құлқы бір күні оның шынайы бет-бейнесін ашып салады. Жахилия[2] кезеңіндегі бір ақынның даналық тұнған өлеңі де осынау ақиқатты паш етеді:

 

     وَمَهْمَا تَكُنْ عِنْدَ امْرِئٍ مِنْ خَلِيقَةٍ وَإِنْ خَالَهَا تَخْفٰى عَلَى النَّاسِ تُعْلَمِ

 

 «Кез-келген адамның жұрттан жасырған бір мінезі болса. Ол оны жасырып-ақ бақсын. Алайда, ерте ме кеш пе мінезі бәрібір ашылатын болады»[3].

Яғни, сырт келбет алдаған жерде, мінез бұл жаңылысты түзейді және адамның ішіндегі құпиялардың сырын аша салады. Ал енді, «хулюқ» ұғымы көркем мінез дегенді біліргенімен, адамдағы кейбір қасиеттердің уақыт өте келе оның кісілік табиғатына айналатындығын ескерер болсақ, адам бойында жақсы қасиеттермен бірге жаман қасиеттер де қалыптасып бекиді. Осы себептен адам бойында қалыптасқан жақсы қасиеттерді «ахлақ хасанә» деп атасақ, жаман қасиеттерді «ахлақ сәйиа» деп атаймыз. Хулюқ сөзін екі мағынада қарастыруға болатындығына қарамастан біз бұл мақалада оны тек көркем ахлақ тұрғысынан ғана қарастырамыз.   

 

Тасаууыфтың ең мықты өлшемі – хулюқ, яғни ахлақ. Мінез-құлқы бойынша өзгелерден озық тұрған жан тассаууыфта да алда саналады. Таңғажайып ахуалдар, бас айналдырар мәртебелер, адам баласының табиғаттан тыс кереметтері көркем мінездің жемісі мен нәтижесі болғанда ғана құнды саналады. Ал енді, мұндай кереметтер ахлақпен үйлесім таппаса оның ешбір құны болмақ емес. Тіптен, мұндайға мән беріп, назар салудың да қажеті жоқ.

Негізінде Ардақты Пайғамбарымыз осыған қатысты бір хадисте: «Иманы тұрғысынан қандай мүмин ең абзал?» деген сауалға أَحْسَنُهُمْ خُلُقًا «Мінезі ең көркем болғаны»[4] деп жауап беруінің астарында да үлкен тағылым бар.

 

Расында да, Алла Тағала ең бірегей құлы Ардақты Пайғамбарымыздың бойында көптеген иләһи нығметтің болғанымен, Оның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жанына жұбаныш беру, алаңдаудан арылту және мақтап-мадақтау мағынасында  وَإِنَّكَ لَعَلٰى خُلُقٍ عَظِيمٍ «Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің»[5] деп, Оны (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ахлақи және рухани ерекшелігімен, яғни жаратылыстың мақсат-мұраты, шынайы мән-мағынасы саналатын көркем мінез-құлығына назар аударады. Басқалай айтқанда, Адам атадан бастап Нұр дәуіріне[6] дейін әбден кемеліне келген, сонан соң Пайғамбарымыз арқылы кемелдіктің соңғы биігі бағындырылған Құранға негізделген нағыз көркем мінез-құлыққа назар аударылған. 

 

Негізінде, ахлақ – адам өмірінің тереңнен діннің практикасымен біте қабысуы және Құран Кәрімнің мінсіз орындалуы дегенді де білдіреді. Осыған қатысты бір риуаятта Сағыд бин Хишам Айша анамыздан Пайғамбарымыздың ахлақы туралы сұрағанда, Айша анамыз сауалға сауалмен жауап қатып: «Құран оқымайсыңдар ма?» дейді, Сағыд бин Хишам: «Оқимыз» дегенінде, Айша анамыз: «Оның ахлақы Құран еді»[7] деген жауабының да терең мәні бар.

 

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) осы бір ерекшелігіне қатысты түскен аятта[8] да Оның ахлақының Құранға негізделген, адам баласының таным күші тереңіне бойлауы мүмкін емес екендігін айрықша еске салады. Мұны Алла Тағаланың Қасиетті Пайғамбарымызға жасаған ерекше ілтипаты ретінде пайымдаумен қатар, Оның Құран және «лаһут»[9] тереңдіктегі айрықша мінез-құлығының ешбір ахлақ жүйесімен салыстыруға келмейтін, Алла тарапынан тікелей берілген бірегейлігін ұқтырады. Сонымен қатар, Оның осынау ұлы ахлақының адам санасы бойлай алмайтын тұңғиық тереңдігіне де тікелей ишарат жасайды. Сондай ақ, Расулалланың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жер бетіндегі күллі адамзат арасында теңдесі жоқ ең көркем ахлаққа ие Пайғамбар екендігінің айғағы болса керек.   

 

Алла Расулы өз болмысының материялық әрі рухани қырымен, сыртқы келбеті әрі ішкі дүниесі тұрғысынан, «халқ» және «хулюқ» жағымен бүкіл ізгіліктерге бейімделген, қайырдың әр түріне қол жеткізе алатын және түрлі ұлылыққа бөлене алатын табиғатқа, кабілетке, әлеуетке ие. Ол бойына дарыған осы мүмкіндіктерді шашауын шығармай түгел қолданып «аляи-иллийини-камәләт» деп аталатын кемелдіктің ең биік шыңына шыға білді. Өзі ғана шығып қоймай нәрлі бұлақтан өзгелердің де сусындауына жол ашты. Оның бойындағы осы бір таңғажайып иләһи нығметтер Құран Кәрімде: لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ  «Даңқымның құрметі үшін Алла расулында сендерге ең әдемі үлгі бар»[10] деп сипатталады. Міне, осынау ақиқатты болмысына дарытқан Алла Расулы замандастарын руханият көкжиегіне қарай жетелеп, кемелдіктің асқар асуларын бірге бағындырған еді. Алла Расулы хадистерде:

1. «Иманы ең кәміл мүминдер – ахлақ тұрғысынан да ең кемел жандар».[11]

2. «Адам ғибадат арқылы қол жеткізе алмаған асуларын көркем ахлақ арқылы ала алады».[12]

3. «Таразыға алғашқы тартылатын нәрсе - көркем ахлақ»[13] деп баяндап, адами кемелдіктің шыңына шығудың сырлы формуласын көрсете отырып, артынан ергендерді періштелер әлеміне бойлайтын асыл қасиеттерге қауыштыра білді.

 

Ғалымдар көркем мінезділіктің белгісін тілімен және әрекетімен ешкімге жәбір көрсетпеу, өзіне жәбір көрсеткендердің әрекетіне мән бермеу немесе ұмыту, өзіне жамандық жасағандарға жақсылықпен жауап қату сынды өлшемдермен түсіндіреді. Осылайша, وَإِنَّكَ لَعَلٰى خُلُقٍ عَظِيمٍ «Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің»[14] деген ерекше иләһи ілтипатқа бөленген Ардақты Пайғамбарымыз осы өлшемнің ең жарқын мысалы болып табылады. Ол Өзінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жанына келген бір кісінің «Әділ бол» деген[15] әдепсіз сөзіне, арқасынан шапанынан сілкілеп жәбір көрсеткен[16] жанға, басына құм-топырақ шашып, қорлық көрсеткен[17] адамға, тіптен өзінің періштедей пәк жарына жала жапқан[18] жалақорға да өкпелеп, ашуға берілген емес. Өкпеге салыну былай тұрсын, сол адамдардың бірі ауырып төсек тартып қалғанда оның көңілін сұрай барды,[19] өлген кезінде жаназасына барып ақтық сапарына шығарып салғаны тағы бар.[20] Өйткені, көркем ахлақ Оның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)  табиғатының түсі, болмысының ажырамас бөлшегіне айналған еді.    

 

Өмірде небір сыпайы, жұмсақ мінезді, гумманист болып көрінетін жандар бар. Мұндайлардың өмірінде көркем ахлақ пен сыпайылық – бейімделген бипаз жалған және тез сынатын кристалл іспетті. Болмашы бір өкпе, аз ғана дөрекілік, жанына бататын бір қыршаңқылық олардың шынайы жүзі мен  пиғылын әшкерлеуге жеткілікті.

 

Ал енді көркем мінезбен көмкерілген жүрек жаһаннамға жіберілген күннің өзінде бойындағы асыл қасиеттерінен танбайды. Тозақтың жан күйзелтер азабына түссе де ешқашан өзінің байсалды, сабырлы қалпын жоғалтпайды. Тіптен зәбәнилермен[21] сырлас болып, басына түскен ауыр халдің өзін кең пейілімен жеңе біледі.

 

Көркем ахлаққа ие адамның жансарайы кең болады. Басына таудай бәле-жала, зіл-батпан дерт туса да жансарайында өкпесі мен ашу-ызасын көміп тастайтын орын таба біледі. Ал мінезі жаман, пейілі тар жандар болса, олар әлгі Абылды өлтіріп алып не істерін білмеген, қарғадан да ақымақ Қабыл мінезділер. Осынау кең ғаламның өзінде жағымсыз сезім, ашу-ыза, кек, өшпенділіктерін көметін жер таба алмайды.[22]

Біз:                     

اَللّٰهُمَّ عَفْوَكَ وَعَافِيَتَكَ وَرِضَاكَ وَتَوَجُّهَكَ وَنَفَحَاتِكَ وَأُنْسَكَ وَقُرْبَكَ

وَصَلِّ وَسَلِّمْ عَلٰى مَنْ أَرْسَلْتَهُ رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ وَاٰلِهِ الْغُرِّ الْمُحَجَّلِينَ.

«Адам баласының кемелдігі ахлақ арқылы болмақ.

Ғаламның үйлесімі ахлақ арқылы болмақ»,- дей отырып, кәзірше сөзімізді осы жерден тәмәмдайық...

Дереккөз

 


[1] Халқ – жарату (арап.)

[2] Жахилия – надандық, қараңғылық дегенді білдіреді, Ислам діні келерден алдын пайғамбарымыз өмір сүрген арап қоғамы мен дәуірінің аты.

[3] Зухәйр ибн Әби Сүлма, Диуан 6 бет; Әл-Бақыллани, Ижазул-Құран 1/89.

[4] Ибн Мажә, Зухд 31; Ахмад ибн Ханбал, Әл-Мүснәд 4/278. Ардақты пайғамбарымыздың ешбір сауал қоймастан-ақ дәл осы мәселеге қатысты айтқан риуаяттар бойынша қараңыз: Бухари, Әдеп 38; Тирмизи, Рада 11.

[5] «Қалам» сүресі, 4-аят.

[6] Ислам діні алғаш жайыла бастаған және ардақты пайғамбырымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) дәуірі.

[7] Мүслим, Салатул-мусафирин 139; Әбу Дауыд, Татаууыу 316; Нәсәи, Кыйамул-ләйл 2.

[8] «Қалам» сүресі, 4-аят

[9] Лаһут – Илаһи әлем

[10] «Ахзаб» сүресі, 33/21.

[11] Тирмизи, Рада 11; Әбу Дауыт, Сүннет 16; Ибн Мажә, Зүхд 31.

[12] Әт-Табарани, Әл-Мужәмул-Кәбир 1/260; Әл-Мужәмул-Әусат 6/236.

[13] Ибн Әби Шәйба, Әл-Мусәннаф 5/212; Абд бин Хумәйд, Әл-Мүснәд 452 бет.

[14] «Қалам» сүресі, 4-аят.

[15] Бухари, Мәнәкыб 25, Әдеп 95, Иститабә 4; Мүслим, Зекет 148.

[16] Бухари, Либас 18, Фарзул-хумус 19; Мүслим, Зекет 128.

[17] Әл-Бухари, Әт-Тарихул-Кәбир 8/14; Әт-Табарани, Әл-Мужәмул-Кәбир 20/342, 22/438.

[18] Бухари, Шәхадат 15; Мүслим, Тәуба 56.

[19] Әбу Дауыт, Жәнәиз 4; Ахмад ибн Ханбал, Әл-Мүснәд 5/201.

[20] Бухари, Жәнәйз 78, Тәфсиру Сурә (9) 12, Либас 8; Мүслим, Сыфатул-мунафықин 2-3.

[21] Зәбәнилер - жаһаннамға түскен жандарды азапқа салатын тозақ періштелерінің атауы.

[22] Осы жерде сөз болатын аят туралы қараңыз: «Маида» сүресі, 5/31.



Оқи отырыңыз