Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Намазды уақытында орындау

Намазды уақытында орындау

2015-10-14 5491

Намаздарын кемеліне жеткізе, үзбей әрі уақытында оқиды (Муминун сүресі,  9-аят).

Уақыт – Алла Тағаланың адам баласына бұл дүниеде сыйға тартқан ең маңызды капиталы. Дүниедегі сынақтан өту осы капиталды дұрыс қолдануға байланысты. Уақытты дұрыс қолдана білу өмірдегі басты мәселелердің бірі болса, құлшылықтың негізі болған намазды уақытында орындау да сондай маңызды. Өйткені, хадистердің бірінде «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы – намаз»,– деп айтылады. (Тирмизи, Салат 306).

 

Бұл мақалада намазды уақытында оқудың мәні туралы айтамыз.

 

Намаз бен уақыт қатынасы

Құранда намаз туралы бірнеше аятттарда зекетпен қоса айтылып, толық әрі дұрыс оқылуы әмір етіледі. (Бақара сүресі, 110-аят; Фатыр сүресі, 29-аят)

Негізгі хадис еңбектерімен бірге фиқһ және ғылымхал кітаптарына қарайтын болсақ, бұл кітаптарда ең үлкен бөлім - намаз. Осы ең маңызды құлшылықты дұрыс орындауың басты шарттарының бірі – намазды уақытында оқу.

 «Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (өтелсін деп) парыз етілді» деген аятта айтылғанындай, намаз уақытпен белгіленген.

Хадистерде намаздың бес уақытқа қойылғандығы туралы нақты айтылған.

Абдуллаһ ибн Аббастың (р.а.) риуаяты бойынша Меккеде, намаз әлі парыз етілмеген кезде, Жәбірейіл алейһиссәләм Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) келіп, намаздың басталу мен аяқталу уақыттарын түсіндірген және осы уақыттар бойынша өтелу керек екенін айтып кеткен. (Тирмизи, Салат 1; Әбу Дауыт, Салат 2; Нәсәи, Мәуақит 10)

 

Алла Елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Жәбірәйiл (алейһиссәләм) көрсеткен намаз уақыттарын сахабаларына үйретіп, өзі де соған жіті көңіл бөлетін. Осылайша парыз намаздарының күнделікті бес уақытқа бөлінуі жүзеге асты. (Бухари, Мәуақит 11; Мүслим, Мәсажид 237)

 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) намаздарды мүмкіндігінше кірген уақытында оқуға тырысқан. Мұны хазірет Айша анамыздың (р.а.) «Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірінің соңына дейін ешбір намазды соңғы уақытына қалдыруды екінші рет қайталамады»,– деп айтқан терең мәні бар сөзінен аңғаруға болады. (Тирмизи, Салат 127)

 

Намаз арқылы уақытты мәнді ету

Намаз – діннің тірегі. Исламның бес шартының бірі. Мәңгілікке жол тартып бара жатқан қамшының сабындай ғана қысқа өмірде, бірінен соң бірі келіп жатқан уақыт тізбегінде күнделікті бес уақыт намаздың жауапкершілігін сезіну және оны дұрыс орындау – құлшылықтың ең маңызды негізі. Уақытында оқылған намазбен заман берекелі болады, яғни пәни өмір мәңгі жемістер береді. Намаздағы машақат рақымға айналады. Абдуллаһ Ибн Масғуд (р.а.) бірде Ардақты Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Уа, Расулаллаһ! Алла Тағала ең жақсы көретін амал қандай?» – деп сұрады. Сонда Аллаһ Елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Уақтында оқылған намаз»,– деп жауап береді. (Мүслим, Иман 137)

 

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай айтқанын жеткізеді: «Егер адамдар азан шақыру мен алдыңғы сапта тұрып намаз оқудың ізгілігін білгенде, сол үшін таласып, жеребе салатын еді. Намазға ерте барудың ізгілігін білгенде, намазға асығып, бір-бірімен жарысар еді. Құптан мен таң намазын жамағатпен оқудың сауабын білгенде, еңбектеп болса да намазға келетін еді» (Бұхари, Азан 9; Мүслим, Салат 129).

 

Намазды уақыттарына сай оқуда айрықша мән беруді талап ететін намаз – таң намазы. Өйткені таң намазы белгілі бір уақыт ішінде ұйқыдан оянып тұруды және уақыты шығып кетпестен оқылуды керек етеді. Адам баласы үшін ауыр келетін сынақтардың бірі – ұйқыны жеңе білу және ұйқыдан тұрып ғибадатын орындау, жылы төсектен тұрып дәрет алу және Раббысының алдында белін бүгіп құлшылығын жасау. Таңғы уақыттағы осы қиындықтардың ақыретте соған сай жеңілдігі мен нәтижесі де үлкен болады. Сондай-ақ бір хадисте былай айтылған: «Таң намазының екі рәкаты дүниеден және оның ішіндегі барлық нәрседен де қайырлы» (Нәсаи, Қиямул- Ләйл 56).

 

Ал құптан уақытында шаршау, ұйқының қысуы және нәпсіні ғибадатқа салудың қиындығы бар. Сол үшін хадистерде бір жағынан таңғы және құптан намазын оқуға бағыттау болса, екініші жақтан кейінге қалдыру мен уақытынан кешіктіруден сақтандыру бар. Тақырыпқа қатысты тағы бір хадисте: «Мұнафықтар үшін ең қиын намаз – құптан және таң намазды оқу. Олар бұл екі намаздың қайырын білгенде еңбектеп болса да оларды оқуға келер еді. Жанымды уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін! Бір кездері, шынымен де, алдымен отын жиғызып, содан кейін азан шақыртып, содан соң бір адамды жамағатқа имам тағайындап, сосын жамағатты тастап, намазға келмегендердің үйлеріне барып, отырған үйлеріне от қойып түгін қалдырмай өртеп жібергім келген еді»,– деген. (Бұхари, ахкәм 52/ әзән 29; Муслим, Мәсәжид 251)

 

Хазрет Осман (р. а ) мына хадисті жеткізеді: «Кімде-кім құптан намазын жамағатпен оқыса түннің жартысын ғибадатпен өткізгендей болады. Соған қоса таңғы намазды да жамағатпен оқыса түн бойы нәпіл ғибдатпен өткізгендей болады» (Мүслим, Мәсажид 260)

Таң және екінті намаздарын уақытында оқитындарға Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мынадай сүйінші айтқан: «Күн шықпай және батпай оқылатын намазды жіті көңіл бөліп оқыған адам тозаққа кірмейді» (Мүслим, Мәсажид 213).

 

Ал Жәрир ибн Абдуллаһ әл-Бәжәли (р.а.) осындай бір хадис риуаят етеді: «Ардақты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасында едік. Сонда ол толған айға қарап тұрып: «Мына толған айды кедергісіз көргендей, бір күні Раббыларыңды анық көресіндер. Сондай ақ, күн шықпай және батпай оқылатын намазды үзбеуге шамаларың келсе, міндетті түрде кешіктірмей оқыңдар» (Бұхари, Мәуақит 16; Муслим, Мәсәжид 211). 

Табиғин Алә ибн Абдурраһман мынадай бір естелігін келтіреді: «Бесін намазынан шығып Әнәс ибн Маликтің (р.а.) Басрадағы үйіне бардық. Үйі мешіттің жанында еді.

- Екінті намазын оқыдыңдар ма?- деп сұрады.

- Оқымадық,- дедік.

- Екінтіні оқып алыңдар,– деді.

Орнымыздан тұрып екінті намазын оқыдық. Намазды оқып болғаннан кейін Әнас (р.а.) бізге былай деді:

- Расулалладан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай естіп едік: «Бұл намазды (екінтіні) кешіктіріп оқу – мұнафиқтардың әдеті. Өйткені олар отырып алып, күнді күтеді. Күн шайтанның екі мүйізінің арасына кірген (бата бастаған) кезде, жем шоқыған тауық сияқты апыл-ғұпыл төрт рәкәтті оқиды. Алланы өте аз еске алады» (Мүслим, Мәсажид 195).

 

Ислам діні – жеңілдік діні. Пайғамбарымыз әкелген дін адамдардың бостан босқа қиналуына жол бермейді. Сондықтан діни жауапкершіліктер адамның шамасы келетіндей. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) екі нәрсенің бірін таңдау қажет болған кезде, егер харам болмаса, оңай әрі жеңілін таңдайтын және сахабаларына да осылай әрекет етуге кеңес беретін. Мысалы, күн ыстық болса, бесін намазын салқындаған кезде оқу, ал ауа-райы бір қалыпты болса, уақыт кіре сала оқу керек екенін Әнәс ибн Мәлік риуаят еткен. (Нәсәи, Мауақит 4)

 

Дінімізде орын алған жеңілдіктердің тағы бірі, ақшам намазы мен тамақтың бірдей уақытта дайын болған кезінде бірінші тамақты жеу керектігі туралы айтылады. Бұл Ораза ұстағандарға да қатысты. Хадистің бірінде: «Кешкі тамақ дайын болса, тамақты намаздан бұрын бастап, асықпай жеңдер»,– делінеді. (Бұхари, Әтимә 58, азан 42, Мүслим, Мәсажид 54 ). Ал егер уақыт аз қалған болса әуелі намаз оқылады. Осыған қатысты мынадай да ескерту бар: «Тамақ немесе басқа бір нәрсе үшін намаздарыңды кешіктірмеңдер»  (Абу Даут, Ә’тимә 10).

 

Намазды кешіктіру оны тастауға апарады

«Кейінге қалдырғандар опат болды» (Ғазали, Иһъя, 4/58) деген хикметті сөзі бар. Адам жалғыз қалған кезде нәпсі және шайтани түрткілер оны басқа істермен шұғылдандырып намазды кейінге қалдыруға себеп болады. Алғашқыда намазды кейінге қалдырады, ал күндердің бірінде тастайды. Сондай ақ, бір намазды жіберіп алса, одан кейінгі намазды оқу ауыр келеді. Шегерген сайын намаздан суиді. Осылайша ғибадаттан алыстайды. Ақыр соңында күндер, апталар, айлар және жылдарды өткізіп алады да намазға орала алмайды.

 

Мінеки, осындай бұзылудың алдын-алу үшін намазды кейінге қалдырмау керек. Егер кейде намаз ұмытылып кетсе, еске түскен уақытта дереу сол намазды оқудың жолын қарастыру керек. Өйткені хадисте былай деп айтылады: «Кімде-кім намазды ұмытып кетсе, намазын еске түскен сәтте оқысын. Өткізіп алған намаздың бұдан басқа кәффараты (өтеуі) жоқ». (Бұхари, Мәуақит 37; Мүслим, Мәсажид 314).

 

Құранда: «(Ақыретке тиісінше сенбей) ықылассыз намаз оқитындардың жағдайы қандай өкінішті! Олар намаздарында ғапыл» (Ма’ун Сүресі, 4-5 аят) деп айтылады. Кейбір Құран тәпсіршілерінің айтуынша «Олар намаздарында ғапыл» деген аят намазды немесе оның уақытын өткізіп алуды немесе намазды тадили арканға сай оқымауды білдіреді. Намазды кейінге қалдыруды әдетке айналдырудан, намазды рүкіндеріне сай оқымаудан, намазды хушу және худумен (кішіпейілдік) оқымаудан сақтанумыз керек. (Ибн Кәсир, Маун сүресінің тәпсірі).

 

Намазды уақытында оқуға жеті кеңес

Намаз мұсылмандарға күнделікті бес уақытта парыз етілген ең маңызды ғибадат болғандықтан, таңның атып күннің батуымен әр күн мен түнде уақытында орындауға тырысу маңызды. Төмендегі кеңестердің практикалық пайдасы бар:

1. Мүмкіндігінше намаздарды уақыты кірген бойда оқуды әдет қылуға тырысу. Өйткені намазды алғашқы кірген уақытында оқудың адам баласына тигізер көптеген пайдасы бар. Хадистерде намазды кірген бойда өтеу кеңес етіледі. Сахаба әйелдердің бірі Уммү Фәруә (р.а.) риуаятында:

«Расулаллаға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Ең абзал амал қандай?»– деп сұралғанда  «Уақытында оқылған намаз»,– деп жауап берген. (Тирмизи, Салат 127). Абдуллаһ ибн Омардан жеткен хадисте: «Намаздың кірген уақытында Алланың разылығы, ал аяқ жағында кешірімі бар»,– делінеді. (Тирмизи, Салат 127)

 

2. Намазды мешітте оқу. Дінімізде мешіттің маңызды міндеттері бар. Солардың бірі – намаздардың уақытында және жамағатпен оқылуын қалыптастыру. Хадисте айтылғанындай: «Алланың үйі есебіндегі намаз оқылатын жерлерге бару үшін басқан әрбір қадам үшін сауап жазылады, дәрежесі жоғарылайды және күнәлары кешіріледі». (Мүслим, Мәсажид 282).

 

3. Намазды жамағатпен оқу. Намазды мешітте оқуға мүмкіндік болмаса да, үйінде немесе басқа бір жерде жамағатпен оқуға тырысу. Жамағатпен оқылған намаз әрі қабыл болуы әрі сауабы мол болуы тұрғысынан абзал саналады. Хадистерде жамағатпен оқылған намаздың сауабы жиырма бес немесе жиырма жеті есе артық болатыны айтылған.

Намазды екі кісі оқыса да жамағат болып саналады.

 

4. Әрдайым дәретпен жүру. Дәреті бұзылғанда қайта жаңалауды әдетке айналдырған адам, намаздарын уақытында оқи алады. Сонымен бірге дәретпен жүрген кезде ғибадат жасап жатқан секілді сауап алады, Алла Тағаланың рақымы мен періштелердің дұғасына лайық бола алады. Әбу Хурайра (р.а.) бұл мәселені Пайғамбарымыздан былай риуаят еткен: «Намазға тұрған сәтінен бастап, намаз оқып болғаннан кейін де дәретін бұзбайынша және намаз оқыған жерден шығып кетпейінше, періштелер: «Уа, Алла Тағалам! Бұл пендеңді жарылқап, күнәларын кешіре гөр! Оны шексіз мейіріміңе бөлей гөр!» – деп ол үшін дұға жасаумен болады. Сондай-ақ, намазды күтіп отырған кезінде де ол намаз оқып тұрғандай болады». (Бұхари, Азан 30; Мүслим, Мәсажид 272).

 

5. Уақытты тиімді қолдану. Күн мен түнін, күнделікті жұмысын және ұйықтау уақытын дұрыс жоспарлаған адам намазды уақытында оқуға қиналмайды. Егер адам өзіне берілген қысқа ғана ғұмырын осы дүниесі мен ақыреті үшін де дұрыс өткізгісі келсе, берекелі халге келтіруді қаласа, аса құнды уақытын тиімді қолдана білуі керек. Барлық нәрседен де үстем тұратын Алланың разылығына бөлену жолдарының бірі осы.

 

6. Бір намазды оқып болған соң екіншісінің кіргенін күту. Әрі ғибадат үкімінде болады әрі намазды оқуды жеңілдетеді. Бір хадисте: «Алланың қателіктерді кешіріп, дәрежені көтеруіне себеп болатын амалды айтайын ба? Ол: қиын болса да жақсылап дәрет алу, мешітке көп бару және бір намаз аяқталғаннан кейін екіншісін күту. Мінеки, осылар – сіздің рибатыңыз».[1] (Мүслим, Таһара 41).

 

7. Намазды соңғы минуттарында оқуды әдетке айналдырмау. Намаз – уақыты кіргені үшін оқылады. Уақыты шығайын деп қалғанда, асығыспен оқуға қалдырмау керек. Намазды кешіктіріп соңғы уақытқа қалдыру, адамға уақыт қосып бермейді.

 

Қорытынды

Адамның өмірі шектеулі, күні мен түні санаулы. Сондықтан осы қысқа өмірде ең негізгі іс – құлшылық міндетінің орындалуы. Құлшылық жолында иманнан кейін келетін салих амалдардың ішінде әрине бірінші орында намаз тұрады. Ал намаздың толық жарамдылығы – тадил-аркан бойынша уақытында оқылуы.

 

Намазды уақыты кіргеннен оқуға тырысу, кейінге қалдырмау, асықпай оқу – намаздың маңызды екенің белгісі. Бұл да дінге құрмет пен тақуалықтың көрсеткіші болса керек.

 

Әсіресе таңғы намазға айрықша мән беру, оны «соңғы минуттың намазына» айналдырмау керек. Хадистер бойынша, екіжүзділіктен аулақ болу таңғы және құптан намаздарын оқуды керек етеді.

 

Ислам тарихында намазын өмірінде жамағатсыз оқымаған, соның ішінде имамның ифтитах тәкбірін жіберіп алмаған қаншама намаз қаһармандары бар. Ғибадаттың дұрыс орындалуы үшін еш күмәнсіз ниет пен ерік жігердің рөлі басым болып келеді. Адам баласы ерік күшінің ақысын беру үшін уақытын тиімді қолдана білуі керек. Дүниелік істердің көптігі немесе шаршатып қажытуы, намазды кейінге қалдыруға себеп болмауға тиіс.

 

Мақаламызды хадиспен тәмамдайық. Хазірет Али былай айтқан: «Алла Елшісі маған осындай ескерту жасады: «Уа, Әли. Үш нәрсені кешіктірме! Уақыты кірген намазды, дайын болған жаназаны, қызды лайықты біреумен үйлендіруді» (Тирмизи, Салат 127)

 

www.akikat.kz


[1] Рибат – Алла Тағаламен байланыс



Оқи отырыңыз