Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Адам және ғалам > Бейәлеуметтік тұлға

Бейәлеуметтік тұлға

2015-10-14 2552

Қазіргі таңда көп кісілерде кездесетін жеке бастың бұзылуының бір түрі – «бейәлеуметтік тұлға». Оның белгілері: заңды мойындамау, қалағанын қалаған кезде істеу, өзгені ойламау. Бойында бұндай дерті бар адамдар ойлаған нәрсесін дереу іске асырғанды қалайды. Жеке басына тіршілік етіп, өмір сүре алатындай өздерін күшті санайды. Айналасындағылармен қарым-қатынасында дөрекілікке бару олар үшін әдеттегі жағдай. Бұл әрекеті үшін өздерін еш айыпты сезінбейді. Сол себепті олардың кінәлі істерге баруы қиынға соқпайды. Кейбіреулер балалық шағында өтірік айту, ұрлық жасау, оқудан қашу, жұқсыздық жасап басқа балаларға зиян шектіру секілді қилы әрекеттерге барады. Ішкілік пен есірткіге бейім келеді. Адамдардың өзі туралы ой-пікірлері оны қызықтырмайды. Еш кедергісіз ішінен келген нәпсі түрткілерінің дегенін орындайды. Мінеки, бұлар осылайша қылмыс істеуге бейім келеді. Берілген жазалар мен басына келген қиыншылықтардан сабақ алмайды, керісінше, өзін ақтау үшін әлекке түседі. Мысалы: қылмыс жасаса немесе бұзақылыққа барып тұтылса, өзін отбасыға немесе қауымға тән екенін алға тартып, кінәсін соларға артуға тырысады. Мұндай жандар кейде ата-аналарын кінәлап, оларға зарар беріп, тіпті, өлімдеріне себебші болуға дейін барады.

 

Аталмыш адамдардың түсініктері «менің ойыма тура келсе болды, ол – дұрыс» деген пікірге құрылған. Бұл пікірдегі адамдар қылмысқа барып, өздеріне һәм айналасындағыларға зиянын тигізеді. Қаламаған нәрсесі үзілді кесілді болмауға тиіс деп сенеді.

 

Бейәлеуметтік тұлғаның қалай пайда болатыны туралы әр қилы пікірлер бар. Жалпы көзқарас бойынша бейәлеуметтік тұлғалық ерекшелік– генарқылы өтеді. Тіпті балалар үйінде өскен балалардағы сияқты: әке-шешесі жоқ болуы мүмкін немесе олардың (әке-шешесінің) да қылықтарында патология бар. Баланың жетілу қарсаңында ата-анаcы болмаса, эгоны қадағалап тұратын ождан және рухани құндылықтар сияқты адами болмыстары толық қалыптаспайды немесе еш дамымайды.

 

Баланың іс-әрекеті алдында әке-шешенің ұстанымдары да бейәлеуметтік тұлғаны қалыптастырушы факторларға жатады. Мысалы: досына зиян тигізгені немесе алдап кеткені үшін жазалаудың орынына әке баласын қолдап қолпаштаса, әке баланың зейініне модель болып қалаптасады және баланың мінезі әкесіне ұқсас түрде қалыптасады.

 

Кейде бейәлеуметтік қылықтар қате үйренуден пайда болуы мүмкін. Мысалы: балаға бөлмесін тазалауы керектігі айтылғанда ол айқайлап, ұрыс шығарады. Анасы баланың бұл қылығына үндемей қоя салуы мүмкін. Осылайша, бала  қарсылық білдіруді, айқай шығаруды пайдалы деп түсінеді.

 

Бейәлеуметтіктен сақтандыру

Ең алдымен, бейәлеуметтік тұлғалық сипаттың өршіне себеп болатын ортаны жою керек. Адамда есеп беру сезімін оятып, үнемі бақылауда екенін ұғындыру. Қай жерде болса да қадағалануда екенін ожданға салатын ахлақ (этика) моделдерін ұялату. Барлық жерде әрдайым қасыңнан табылатын және баршаның ең нәзік сезімдері мен ойларын білетін Құдай Тағаланың бар екенін үнемі түсіндіру. Ешбір әрекет, ешбір ой Алланың назарынан тыс қалмайды. Бұл жайлы ұлы кітап Құранда былай дейді:

 

«Айтайын деген сөздеріңді қаласаңдар, іштеріңе бүгіп қалыңдар, қаласаңдар, ашық айтыңдар (Алла үшін бәрібір). Өйткені Ол Алла көкіректегі (яғни жүрек түкпіріндегі) бар сырды біледі»[1]

 

«Ендеше, кімде ­кім зәредей (мысқалдай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады. Ал кімде ­кім зәредей (мысқалдай) жамандық жасаса, соның жазасын тартады»[2].

 

Өлшемдер мен шектеулер қою

Ислам діні адамға өте кең іс-әрекет аясын бергенімен, белгілі өлшемдермен шектеулер де қойған. Халал және хараммен байланысты әртүрлі шектеулер қоюмен қатар жалпы қарым-қатынаста әсірешілдіктен қашып, орта жолды ұстануды насихаттайды. Құран Кәрімде «Діндеріңде ақиқаттың шеңберінен асып, жөн-жосықсыз шектен шығушы болмаңдар. Бұдан бұрын тура жолдан адасып, өздері адасқанмен қоймай көптеген адамдарды да адастырған қауымның, сондай-ақ бүгінгі таңда да тура жолдан тайғандардың әуейіліктеріне ермеңдер»[3] деп адам өзін әрдайым қадағалап, есеп беріп жүруін бұйырады. Осылайша психопаттардың жағымсыз істері мен сұрқия қылықтарына тыйым салады. Қоғамға кең тараған бұл аурудың жарасына ем болатын көптеген аяттар мен хадистер бар, солардың бірнешеуін айта кетсек артық болмас.

 

«Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады»[4].

 

«Турашылдық жақсылыққа бастайды, жақсылық жәннәтқа алып барады»[5]. 

 

«Ол азғындар (Аллаға иман етіп, пайғамбарға толық бойсұнуға қатысты) Аллаға берген уәделерінде тұрмай серттерін бұзады. Сонымен қоса, Алла бұйырған (туыстық, достық) қарым-қатынастарды үзіп, азғындыққа бастап, жер бетінде бүлік шығарып, бұзғыншылық жасайды. (Екі дүниеде де) зардап шегетіндер, міне, солар»[6].

 

Қоршаған ортаға бейімдеу

Қоғамның татулығы, отбасы мүшелерінің өзара түсіністігі, кітап оқу әдеті, алға мақсат қою – жасөспірімнің бейәлеуметтік тұлға болып қалуынан сақтандырады. Сол секілді жастайынан намаздарын жамағатпен оқу, көршінің ақысына абай болу, ауырғанның көңілін сұрап, қайтыс болғанның жаназасына бару, кездескен адамға сәлем беру, беретін садақаны баланың қолына ұстатып балаға бергізу – жоғарыда айтылғандарға көмекші факторлар.

     

Үйлену мен отбасылық өмірге шақыру

Дініміз баланың жақсы тәрбие алып, қайырлы ұрпақ болып жетілуін ата-ананың жауапкершілігіне берген. Отбасының татулығы баланы әртүрлі психологиялық ауытқулардан сақтайды. Уақыты келгенде жастарды үйлендіру тастанды балалардың дүниеге келуіне тосқауыл болады. Осылайша қоғамда бейәлеуметтік тұлғалар азаяды.

 

Қоғамға пайдалы болуға шақыру

Жақын туысқандардан бастап көршілерге, әлеуметтік жағдайы төмендерге, сондай ақ бүкіл адамдарға қол ұшын беріп, садақа, зекет секілді ізгі істермен мұқтаждардың қажеттілігін өтеуді Ислам діні бейәлеуметтікке қарсы тосқауыл немесе бейәлеуметтікті жоюшы әдіс ретінде насихаттайды. Өзге жандарға көмегін тигізу үшін күйіп-жанған адамның бейәлеуметтік тұлға болуы мүмкін емес. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтуынша өзгелерге күлімсіреп қарау, өзін басқаларға зиян беруден қорғау садақа болып есептеледі.

 

Алға үлкен мақсат қою

Мақсат пен идеалдар адамды агрессиядан тыяды. Алға қойған мақсатқа байланысты адам өмірге мән береді және айналасымен қарым-қатынасын түзету керектігін сезінеді.

 

Жаман әдеттердің алдын алу

Бейәлеуметтік тұлғалар темекі, арақ секілді зиянды заттарды қолдануға пейілді болады. Бұл жайт өз-өзін дәлелдеу комплексі, әлеуметтік ережелерге бағынбау сияқты факторлардың әсері. Ішкілік бұндай кісілерді әсіре батырлыққа, зорлыққа және қызбалыққа соқтырады.

 

Оқуға үгіттеу

Кітап оқудың ашу-ызаға тосқауыл болатыны туралы талай еңбекте жазылған. Құранның ең бірінші түскен аяты оқуға бұйырады. Дініміз ілімге шақырады. Бұлар қоғамда бейберекеттік пен агрессияның орнына бейбітшілікті, бейәлеуметтіктің орнына әлеуметтік жүйені қалыптастыратын негіздер болып табылады.

 

Сөз түйіні, дініміздің құндылықтары тіршілігімізге толықтай сіңген кезде, қоғамда бейәлеуметтік тұлғалыққа қарсы қамал өздігінен құрылары сөзсіз.

 

 www.akikat.kz

 


[1] Мүлк сүресі 13

[2] Зилзәл 78

[3] Мәйдә 77

[4] Мәйдә 33

[5] Бухари (5743) Муслим (2606)

[6] Бақара 27



Оқи отырыңыз