Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Сүннет жолы > Расулалланың ғибадаты

Расулалланың ғибадаты

2015-10-05 2558

Ол бүкіл өмірінде дінді Аллаға арнап, тек қана Оған құлшылық қылды... Жүрегі тек Оның жаратушылық шеберлігін ардақтап соқты... Көзі барлық жерде Оның жаратқандарына бағытталды... Бүкіл сезімі Одан келген рухани байлыққа беріліп шалқыды... Ол Хаққа ұмтылып, ақиқаттан айнымады және жан-тәнімен құлшына тек "Aллa" деумен өмір сүрді.

 

Алланың бұйрықтарын орындау, Оған құлшылық қылу және құлшылықтың мәнін түйсіну секілді мағыналарды білдіретін «ғибадат» және «убудият» ұғымдарын кейбіреулер бір мағына білдіреді дегенмен, бұл сөздердің айтылуы басқа-басқа болғаны секілді мағыналары да бөлек. Ғибадат «Ұлы Алланың бұйрықтарын орындап өмір сүру және құлшылық жауапкершілігін сезіну» мағынасын білдіретін болса, убудият «құлдық ұру және құлшылықтың мәнін естен шығармау» дегенге саяды[1]. Қалай болғанда да, ғибадат пен құлшылық Құдіретті Алланың адамға бағыштаған ең үлкен мәртебесі.

 

Сондықтан да, Алла Тағала сүйікті пайғамбарын шаһадат кәлима* секілді қасиетті сөйлемде атағанда әуелі «عَبْدُهُ – құлы» деп, артынша «رَسُولُهُ – пайғамбары» деп мәртебесін асыра көрсетеді. Және де Ол мәртебелі пайғамбарды Миғражға шақырғанда «Құлын (Мұхамедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз (мұқтаждық пен дәрменсіздіктен, кемшілік атаулыдан ада)». (Исра сүресі, 1-аят) дейді және бұл арқылы убудиятының артықшылығы мен өзгеше екендігін нұсқайды. Негізі осы теңдессіз көк сапарында мадаққа лайық мыңдаған сипатының арасынан құлдығы алға тартылып: «فَأَوْحَى إِلَى عَبْدِهِ مَا أَوْحَىМіне, осылайша (Алла) құлына уахи етуді қалаған нәрсесін толық уахи етті.» (Нәжм сүресі, 10-аят) деуінің де айтарлықтай маңызы бар!

 

Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) – біздер үшін өмірдің барлық саласында қандай өнеге болса, «ғибадат пен құлшылық әлемінде» де ең көркем үлгі. Оның Аллаға құлдық ету үлгісін толық ұғына білу үшін өмірінің кей кезеңдеріне көз жіберу қажет. Өйткені, құлдық ету қай жағынан алғанда да, өмірді тұтас қамтитын, өте ауқымды мағыналар жиынтығынан тұрады.

Сол себепті де, Оның құлшылық пен ғибадатқа байланысты өнегелі өмірін 1) зікір және ғибадат өмірі, 2) тақуалық өмірі (дүнияуи өмірге көзқарасы), 3) Алладан қорқуы секілді жақтардан талдау арқылы ашып көрсетуге тырысайық.

 

Зікір және ғибадат өмірі

Аллаға құлдық етудің ең маңызды сипаттарының бірі, Оны шүбәсіз еске алу және зікір ету. Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құлшылығын, жүрегіндегі Аллаға сүйіспеншілігін Оны үнемі еске алу арқылы көрсеткен. Алла Расулы қашан да, әр бір тынысында, тұрғанда, отырғанда, жатқанда, орнынан тұрарда, ұйықтарда, оянғанда үнемі Алламен бірге екенін естен шығармай, Оны еске алумен болған. Берген бұйрығы, салған тыйымы, орнатқан қағидасы, шығарған үкімі, істеген амалы, Алланың  есімі мен сипаттарына қатысты сөз, дұғалары Оның Алланы зікір етуі ретінде танылады.

 

Пайғамбарымыздың зікір және ғибадат өмірі, бұл тұрғыда шектен аспай және артта қалмай, Алланың ризалығына сай өмір сүргісі келетін мүміндер үшін таптырмас үлгі. Ол (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұл мәселеде, әсіресе кей нәрселердің орындалуын жіті қадағалайтын: Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Алланы ойлап, еске алуға арналған бас қосу жиындарды «жәннат бағы» ретінде бағалап, олардан барынша нәтиже шығаруды қалаған (Тирмизи, Даават, 82). Ең  өнегелі сақабалардың бірі Әбу Саид әл-Худри (р.а.) баян қылған бір хадис шарифте Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп бұйырады: «Бір қоғам Алланы еске алу үшін жиылатын болса, оларды періштелер қоршап, үстерінен рақым нұры жауады, оларға жан рахаты бағышталады және Алла оларды жанындағыларға (періштелер, т.б.) мақтанышпен айтады» (Мүслим, Зікір, 39).

 

Түнгі ғибадаттарына көрсеткен ынта, ықыласы

Алла Расулы күн сайын түнде оянып Алланы еске алған, дұға қылып,  намаз оқыған. Ұлы Алла Расулына қарата түнді өте жақсы үлгіде пайдалануын айтып бұйырады: «(Уа, Мұхаммед!): Түн ішінде тұрып, Құран оқы һәм өзіңе парыз ретінде міндеттеген тәһәжжуд намазын өте. Сонда Раббыңның сені Мақаму Махмудқа (ең биік һәм ең ауқымды шапағат тұғыры болған  Мақтаулы тұғырға) шығаратындығынан үміт ете аласың.» (Исра сүресі, 79- аят).

 

Мәртебелі пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабалары мен мүміндерді де түнгі ғибадатқа шақырып, түнімен еш оянбай ұйықтауды дұрыс көрмеген. Ең көп хадис баяндаумен аты шыққан сахабалардың бірі Әбу Хүрайра жеткізген бір хадис шарифте Пайғамбарымыз: «Адам ұйықтағанда шайтан оның желке тұсына үш түйін салады, оянып Алланы еске алған кезде бұл түйіндердің біреуі шешіледі, ал дәрет алып намаз оқыған кезде түйіннің қалған екеуі тарқайды»,- деп айтқан (Бухари, Тәһәжжүт, 13).

 

Сахаба Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша, ол бір күні түнде Расулалланың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасында қалады. Түн ішінде Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оянып, әуелі мисуәкпен тісін тазалап, дәрет алады, артынша Әли Имран сүресінің кей аяттарын оқиды, содан соң үш рәкат намаз оқиды, Хазірет Біләлдің таңғы азан шақыруы басталысымен тұрып екі рәкат намаз оқиды және бұдан соң мына дұғаны айтады: «Уа, Аллам! Менің жүрегіме нұр, тіліме нұр, құлағыма нұр, көзіме нұр, арқама нұр, алдыма нұр, үстіме және астыма нұр бағышта! Уа, Раббым! Маған нұр бере гөр!» (Бухари, Даават, 10).

 

Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кей түндерде аяқтары күп боп ісіп кеткенше намаз оқып, Алланы еске алатын. Сахаба Мухире бин Шубе (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Алла сенің жасаған, жасайтын бүкіл күнәларыңды кешірсе* де, неге әлі өзіңді мұнша қинайсың?»,- деп сауал бергенде, «Шүкір етуші бір құл болмайын ба?»,- деп жауап қатады (Бухари, Рикак, 20).

 

Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) нәпіл ғибадаттар үшін көбіне түн мезгілін таңдайтын. Бұл күндізгі уақыттың басым бөлігі мемлекет істері және адамдармен өтіп Оның бар уақытын алуына байланысты болса керек. Бұған қоса, түнгі ғибадаттың жарық кезде қылған ғибадаттан игілігі артық екендігін де Пайғамбарымыз атап көрсеткен (Нәуәуи, Эзкар, 83-84 б.). Алла Расулының үтір намазын түннің басында, ортасында немесе таңға жуық оқыған кездері болған (Әбу Дәуіт, Тәфриу әбуілбил-витр, 7-8).

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) күндіз де нәпіл ғибадатын қылатын. Әуелгі парыз намаздарын немесе кейінгі сүннет намаздарын, күн шыққандағы намазын, жаңбыр дұғасы мен намазын, күн мен ай тұтылғанда оқылатын намазды, сапар намазын, мешітке кірерде оқылатын намаз секілді нәпіл намаздарын да қалдырмайтын. Расында, Хазірет Айша анамызға Оның нәпіл ғибадаттары жайлы сұрағанда, ол былай жауап берген: «Алла Расулы түскі намаздың парызын орындамай тұрып, үйде төрт рәкат намаз оқитын (яғни түскі сүннет). Сонан соң мешітте асхабына парызын орындататын, үйге келгеннен кейін қайтадан екі рәкат намаз қылатын...» (Әбу Дәуіт, Татавву, 1).

 

Ғибадат, зікір және дұға етумен уақыт өткізу жүректі сусындатып, дүниенің бәсін түсіреді, оған менсінбей қарауды үйретеді. Сондықтан да адам дүниеден айырыламын деп ренжімеуге және ие болдым, олжаға кенелдім деп қуанбауға тиіс. Алланың мүмін құлы ғибадат ниетімен орындаған амалдар арқылы қол жеткізер рухани, о дүниелік пайданың Алла құзырында қайыры мен сауабы  әлдеқайда молырақ екенін естен шығармағаны жөн. «Кімде-кім ақирет жемісін мақсат тұтса (яғни, бұл дүниеде шын ниетпен істеген игі істерінің жемісін о дүниеде көруді қаласа), Біз оның ақиретте көрер жемісін арттыра түсеміз. Ал кімде-кім қу дүниенің жемісн мақсат тұтса (яғни бар қызықты осы дүниеде көруді қаласа), оның жемісінен оған да береміз. Алайда оған ақиретте ешқандай несібе бұйырмайды.» (Шура сүресі, 20 - аят).

 

Үздіксіз және қалыпты ғибадат үлгісі

Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) түні бойы немесе бүкіл уақытты ғибадатпен өткізуге кеңес бермеген (Несаи, Сыйам, 35). Тіпті сахабалардың түнде нәпіл намазын оқу үшін үнемі мешітке баруын да құп көрмеген.

 

Екі дүние пайғамбарының уахи хатшыларының бірі Зәйід ибн Сабиттің айтуынша, Хазірет Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ораза айында бірнеше күн тарауих намазын сахабалармен бірге жамағатпен оқиды. Кейін арада уақыт өтіп жамағаттың көбейгенін көрген соң, мешітке бармайтын болады, сосын оларға былай деп айтады:

 

«Байқаймын, жамағатпен тарауих намазын оқуға ықыластарың өте зор. Бірақ бұл ғибадатты осылайша жамағат болып орындап жүргенде, бұл намаз парыз етіліп, ал парыз етілген жағдайда бәріңнің бірдей бұл намазды жамағатпен орындауға шамаларың келмей ме деп қорқамын. Сондықтан да, уа, адамдар! Сендер бұл намазды үйлеріңде оқыңдар. Өйткені, парыз намаздан тыс, адамның ең игі намазы – өз үйінде оқыған намазы.» (Бухари, Итисам, 3).

 

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кейде түн мезгілінде еткен ұзақ ғибадаттарынан бөлек, Хазірет Айша анамыздың айтуынша, Оның түнімен таң атқанша намаз оқып, ғибадат еткен, Рамазан оразасынан тыс үздіксіз бір ай бойы ораза ұстаған кездері болмаған (Мүслим, Мүсафирин, 141). Бұған қоса, ғибадат мәселесінде шектен шығудан және олқылық жіберуден сақтану керектігін ескертеді: « (Ғибадат пен амалдарыңда) тым артық кетуден және кем қалудан сақтаныңдар! Мынаны естен шағармаңдар, (Алланың мейірімі болмаса,) ешкім де атқарған амалдары арқылы Жәннатқа кіре алмайды. Алланың құзырында амалдардың ең ұнамдысы, аз да болса, үздіксіз орындалғаны». (Бухари, Рикак, 18).

 

Сол себепті де, Алла Расулы адамдардың іс-амалдарына сенудің орнына, өз шамаларына қарай атқарған амалдары арқылы Аллаға жақындаудың, Оның рақымына бөленудің жолдарын ойлағандарын тілеген. Мүмін пенде, аз да болса, үздіксіз, әрі шын ниетпен орындалған ғибадат пен бойұсынушылықтың жағымды іс екендігін білуге тиіс. Бұлай болғандықтан, Аллаға ғибадат пен зікір – тек Оған құлшылық етудің, Оны ардақтаудың, Оның алдында өзін әлсіз сезінудің, Оған шексіз құрмет көрсетіп, бойұсынудың ең ақырғы нәтижесі.

 

Зүһд өмірі (дүниенің пәнилігіне көзқарасы)

Зүһд – дүниеге және пәниге ұмтылыс пен ынтаны, тілекті тәрк ету мағынасын білдіреді. Зүһд деп аталатын бұл хал-күй бір затқа тілек, ниетіңді одан да жақсысына аудару.

Алладан басқа ештеңеге мән бермейтін адам толық мағынада зүһд жан саналады. Сонымен қатар, адамның өзі мен жауапкершілігі мойнындағы басқа кісілерді (жанұясы) қамтамасыз етуге жетерлік пайда табуы және мүлікке ие болуы зүһдке жат емес. Алайда артығын мұқтаж жандарға беру зүһдтің шарты.

 

Зүһдтің негізін Құран Кәрімнен іздеген жөн. Ұлы Алла дүниеге көзқарастың қандай болуы керектігін бірнеше аятта түсіндіреді: «Ол кәпірлердің бір бөлігіне оларды сынау үшін берген дүниедегі тіршіліктің жылтыраған сән-салтанатына қызығып көзіңді сүзбе! Раббыңның (өзіңе нәсіп еткен) нығметі мен ақыретте беретін ризық-несібесі әлдеқайда қайырлы һәм баянды (мәңгілік) болмақ.» (Та-һа сүресі, 131-аят), «Кімде-кім ақирет жемісін мақсат тұтса (яғни, бұл дүниеде шын ниетпен істеген игі істерінің жемісін о дүниеде көруді қаласа), Біз оның ақиретте көрер жемісін арттыра түсеміз. Ал кімде-кім қу дүниенің жемісн мақсат тұтса (яғни бар қызықты осы дүниеде көруді қаласа), оның жемісінен оған да береміз. Алайда оған ақиретте ешқандай несібе бұйырмайды.» (Шура сүресі, 20-аят).

Құранда дүние нығметтерінің сынақ үшін екендігі, дүниенің пайдасының өте аз, ал Алланың берерінің (сауабының) әлдеқайда қайырлы екендігі түсіндіріліп, шындығында адамның мына өмірді қалай танып-білу керектігі көрсетіледі (Мүминун сүресі, 56-аят; Ниса сүресі, 77-аят; Касас сүресі, 80-аят).

 

Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) адамзаттың ең заһиді еді. Көптеген жеңіс бұйырып, айтарлықтай мөлшерде дүние-мүлік қол астында тұрғанда Ол отбасының нәпақасы жолында «қалқаны Яхудиге кепілдікке қойған» күйі дүниеден өткен. (Бухари, Буйу, 15).

Бір адам Пайғамбарымыздан Алланың және адамдардың сүйіспеншілігіне бөленуге жол ашатын бір амал айтып кеңес беруін сұраған. Алла Расулы оған: "Дүниеге қызықпа, сонда Алла сені жақсы көреді. Адамдардың қолындағыларға (нығмет пен мүмкіндік) қызықпа, сонда олар сені жақсы көреді",- дейді (Ибн Мәже, Зүһд, 1).

 

Хазірет Айша анамыз Пайғамбарымыз бен отбасы мүшелерінің Мәдинаға қоныс аударғаннан бастап Алла Расулы дүниеден өткенше үш күн қатарынан тойғанша нан жемегендерін айтады (Бухари, Рикак, 17). Пайғамбарымыздың үйінде кейде бір ай бойы от жанбайтын және осы уақыт аралығында қоректері тек кепкен құрма мен су болатын (Mүслим, Зүһд, 26). Пайғамбарымыздың дүние қызығына алданбай тақуа тірлік кешкені және дүниелік байлыққа емес, көңіл байлығына ұмтылғаны анық (Бухари, Рикак, 15). Өйткені, Алла Мекке алқабын алтынға айналдырып билігіне беруді ұсынғанда Ол (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұдан бас тартып, мынаны сұраған: «Уа, Аллам, ашыққан кезімде Саған жалынып-жалбарынамын, тойған кезімде де Саған шүкір етіп, мадақ айтамын». (Тирмизи, Зүһд, 35).

 

Құран Кәрімде: «Сонда олар өздеріне мал-мүлік пен бала-шағаны молынан беріп, әулетті де, дәулетті қылғанымызға қарап бізді өздеріне тек жақсылық жасау үшін жан ұшырып жүр, деп, ойлады ма? Әсте олай емес! Олар еш нәрсені де сезіп жүрген жоқ.» (Mүминун сүресі, 55-аят) деген аят арқылы бұл жайында ескерту жасайды.

 

Алайда бұл аят пен хадистер басқа біреуге алақан жайып тіленуге ұрындырар жоқшылыққа ұмтылу керектігін айтып тұрған жоқ. Өйткені, Ислам қорлық көрер кедейшілікті оң көрмейді. Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жоқшылық михнатының азабынан, ештеңе ойлатпас кедейлікке ұрынудан Аллаға сыйынып (Ибн Ханбел, Мүснед, 6/57), жоқшылықтың тіпті күпірге барабар болатынын ескертеді (Бейхаки, Шуаб-үл-Иман, 5/267).

Негізі, зүһд – Алла сүйіспеншілігінің, жүрек пен көңіл рахатының, қайыр иеленудің, хикмет пен бақыттың, дүниені қор санап ақиретке ұмтылудың, адамдарға мейіріммен қараудың, солайша адамдарды сүюдің бастау көзі.

 

Алладан қорқуы

Қорқыныш, бір қарағанда, Алла сүйіспеншілігіне қарама-қайшы секілді көрінгенмен, шынында Аллаға деген сүйіспеншіліктен көп айырмасы жоқ. Сүйіспеншілік Алланы жақсылап тану білімінің жемісі, ал қорқыныш Алланы дұрыс танудың нәтижесі. Алланы тану өрісі (марифәт) кеңейген сайын, Алладан қорқыныш та сонымен бірге ұлғая бермек. Хазірет Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Ант етейін, араларыңдағы Алланы ең жақсы таныған және Одан ең қатты қорқатын Менмін!» (Бухари, Әдеп, 72) деген сөзі соған меңзейді.

 

Алланы толық танып, тек қана Одан қорқатындар өмір сүру шаттығына бөленіп, өмірдің ләззатына кенелмек. Алладан қорқатын адам қорқыныш атаулыны жеңіп, Оған жақындау мәртебесіне қол жеткізеді. Марифәт (Алланы тану өрісі) пен қорқыныш Алладан именіп, Оны ұлықтауды, бағалауды, сүюді және бойұсынуды, Оған ғибадат қылып, Оның ризашылығын алуды және Оның бұйрығына бас июді талап етеді.

 

Алла қорқынышы Оған деген құрмет пен сүйіспеншіліктің бір нәтижесі тақуалыққа апарар жол. Тақуалық бүкіл амалдарымызды қамтитын сапа мен қасиеттен тұрады. Қасиетті кітабымыз Құранда Аллаға сүйіспеншілікпен қатар Алладан қорқу жайы да баяндалады. Бұл тұрғыда Ұлы Алла: «Шынтуайтында, Алладан құлдарының арасынан тек ғұламалар ғана шын именеді». (Фатыр сүресі, 28-аят), «Әйтсе де, оларды һәм ондағы астарлы ақиқатты шынайы ғалымдар ғана пайымдай алады». (Анкәбут сүресі, 43-аят) деп бұйырады. Пайғамбарымыздың айтуынша да, адамға білім ретінде Алладан қорыққаны жеткілікті (Дарими, Мукаддиме, 30).

 

Пайғамбарымыздың ағасының ұлы Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Шынайы ғұлама Алланың барлық нәрсеге құдіретті екенін білетін, Оған ештеңені серік қоспайтын, адал еткенін адал, харам еткенін харам деп мойындайтын, Алланың бұйрығы мен айтқанын орындайтын, Оның алдына барып, білімінің есебі сұралатындығына толық сенетін адам». (Ибн Кесир, Тәфсир, 6/531).

 

Қасиетті Құран тура жол мен қайырымның Алладан қорқатындардың қасиет, сипаты екендігін ескертеді. (қар. Араф, 7/154). Және «Алла оларға разы, олар да Аллаға дән риза. Міне, осынау разылық мәртебесі Раббысына тиісінше тағзым етіп, Одан шын именетін ізгі жандарға нәсіп болады». (Бәйинә сүресі, 8-аят), «Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың)!» (Хужурат сүресі, 13-аят).

 

Ардақты Пайғамбарымыздың бойында болған Алладан қорқынышы –  Құранның осы жайындағы баяндарының ең тамаша үлгіде Оның өмірінен көрінуі. Сүюші сүйіктісіне жақпайтын бірдеңе істеп қоюдан қорқып тартынады. Мұндай қорқыныш таза сүйіспеншілікке байланысты. Пайғамбарымыздың өмірінде байқалған қорқыныш күйі болса, Оның бойындағы Алла сүйіспеншілігіне барабар. Сүйіспеншілігі, қорқынышы және бойұсынуы марифәттің, яғни Алланы танып-білуінің нәтижесі. Алла Расулының «Хикметтің басы – Алладан қорқу»[2] деген сөзінен осы мақсат байқалады.

 

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Алладан қорқып көз жасын төгеді, жылауға кеңес беріп, мұның күнәлардың кешілуіне және Жәннатқа кіруге себеп болатынын айтып бұйырған. Әбу Үмамә (р.а.) Пайғамбарымыздың былай дегенін жеткізеді:  «Ештеңе де Алланың құзырында мына екі тамшыдан артық жағымды болмақ емес: бірі Алланың азабынан қорқып жылаған адамның көз жасы, ал екіншісі Алла жолындағы соғыста аққан қан.» (Тирмизи, Федәйл-үл-жиһад, 26).

Алла Расулы үнемі мұңға, ойға шомып, уайым үстінде жүретін. Расында Ол былай деп бұйырады: «Уа, Мұхаммед үмметі, Алла атына ант етейін, менің білгендерімді сендер білсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер.» (Бухари, Кусуф, 2).

 

Табиғатта болатын кей оқиғалар қашан да Алла Расулының мазасын қашырып, уайымға түсірген. Бар уайымы тікелей тек Алла қорқынышымен ғана байланысты. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көктен қара бұлт көре қалса, өңі қашып, кейде оған көз тіге қарап, сосын үйге кіріп қайта шығатын. Бұл қатты абыржығанының белгісі еді. Алла Расулы аталмыш жайға орай былай деген: «Бәлкім бұл қара бұлт (Ад қауымының басына келген кездегідей) бір азапқа себеп болар. Олар көрген қара бұлттарын жаңбыр бұлты деп ойлаған, ал сол бұлт оларға ауыр азап әкелген-ді.» (Мүслим, Истиска, 14). Осы жай Ардақты Пайғамбарымыздың әрдайым алаң көңілмен жүретіндігін және осыны басқаларға да үйреткісі келетіндігін көрсетеді.

 

Алла Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) күнделікті өмірде алдан шығар кез келген оқиға кезінде ешқашан қорқып көрмеген. Басқа жанда ұшыраспайтын дәрежеде асқан батыл, өте жүректі болған. Рахым нұры Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ондай қорқыныш түрлерінен Аллаға сыйынған. Сахабалар Пайғамбарымыздың батылдығына майдан шебінде куә болған. Хунейун соғысында әскер ыдырап, қорқып қаша бастағанда, асқан жаужүректік үлгісін көрсетіп, Алланың игілігі арқасында әскердің қайта басын біріктірген (Бухари, Жиһад, 52).

 

Мақаламызды Хазірет Алидің (р.а.) Пайғамбарымыздан жеткізген бір хадис шарифпен қорытындылалық: «Марифәт – байлығым, ақыл – дінімнің арқауы, сүйіспеншілік – негізім, (Аллаға) ұмтылысым – көлігім, Алланы зікір – серігім, шындық – қазынам, мұң – жолдасым, ілім – қаруым, сабыр – киімім, қанағат – табысым, әлсіздік – мақтанышым, зүһд – өнерім, яқин (терең иман) – күш-қуатым, бойұсынушылық – маған жеткілікті нәрсе, жиһад – ахлақым, намаз – көзімнің нұры.»[3]

 

Адамзаттың мақтаныш, абыройы Пайғамбарымызға шексіз дұға және сәлем болсын!

www.akikat.kz

 


[1] M. Фетхуллах Гүлен, Kaлбин зүмрүт тепелери, 1/86

* куәлік сөзі, Алладан басқа Тәңірдің жоқ екендін және соңғы пайғамбар Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігін тілмен айтып, жүрекпен бекіту (ауд.)

* Бұл жерде «күнәлардың кешірілуі» күнәсіздікті білдіреді. Өйткені бүкіл пайғамбарлардың ортақ сипаттарынан бірі – исмет, яғни күнәсіздік.

[2] Исмаил бин Мухаммед әл-Ажлуни, Кешф-ул-Хафа уә Музил-ул-Илбас, 1/421.

[3] Кади Ійаз, әш-Шифа би Тарифи Хукук-ил-Мустафа, 1/289.



Оқи отырыңыз